Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Маңғыстау облысында қуатты қос жоба жүзеге асырылады

469 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Желі өткір, күн сәулесі мол түсе­тін Маңғыстау – жел мен күн энер­гия­сын өндіруге қолайлы өңір. 

Маңғыстау облысында қуатты қос жоба жүзеге асырылады

Астана қа­ла­сында «Болашақ энергиясы» ұраны­мен өткен ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі Маң­ғыс­тауда инвестиция тарту, технологиялық жаңару және қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға серпін берді. Тұрақты қуат көздерін жұртшылық назарына ұсыну мақсатындағы бастама Маңғыстаудың табиғи мүмкіндігімен сай келіп, өңір­де «жасыл экономика» бағдарламасы бойынша бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Түпқараған ауданы­ның Ақшұқыр ауылынан қуатты­­лы­ғы 5МВт жел электр стансасын және қуаттылығы 42МВт жел электр стансасын салу, Қарақия ауданындағы тәулігіне 50 000 текше метр су тазалай­тын тұзсыздандыру зауыты құры­лысы, «МАЭК-ҚазАтомпром» ЖШС аума­ғынан сыйымдылығы 250 МВт құра­ма циклдағы зауыт салу сынды ма­ңызды жобалар сараланды. Солар­­дың бірі Маңғыстау ауданының орта­лы­ғы Шетпе ауылынан және Мұнай­лы ауданының Батыр ауылынан күн электр стансасын салу болатын. Мамыр­дағы достық, бірлік мерекесі аясында Батыр ауылындағы жобаның тұсауы кесілді. Күн сәулесінен 2 Мвт электр қуатын ала­тын стансаның жалпы ауданы – 36,05 га болса, жоба құны – 1,2 млрд теңге. «Биз­­нес­тің жол картасы-2020» бизнесті қол­­дау және дамыту бағдарламасы арқы­лы қар­жы­ландырылған жоба отан­дық өнді­ріс­­тегі күн батареяларында жұмыс істей­тін тұңғыш электр стансасы болуымен де маңызды. Электр стансасын пайдалану үшін орнатылған 8580 күн панельдері Қазақстанда және отандық кремнийден өндірілген, яғни отандық өнім. Жаңа қондырғы арқылы 300-ге жуық үй таза электрмен қамтамасыз етілетін болады. 

Мереке аясында Маңғыстауда тағы бір маңызды жобаның іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстарына бас­тама берілді. Бұл – Құрық ауылын­дағы теңіз суын тұшы­татын зауыт құрылысы. Құны 39 млрд теңге деп есептелген және тәу­лігіне 50 000 текше метр су өңдеу қуатты­лығы­мен жұмыс жасайды деп межелен­ген зауыт жеке инвесторлардың қара­жаты­мен са­лы­нады. 2020 жылы құры­лыс жұ­мыс­тары аяқталып, іске қосы­ла­ды деп жоспарланған зауыт құры­лы­сы­на 300 адам жұмысқа тартылса, пай­далану­ға берілген соң 150 адам жұмыспен қамтылады. 

– Құрық ауылында теңіз суын тұшыту зауытының жобалау-іздестіру және құрылыс жұмысы басталуы облыс үшін маңызды оқиға. Бұл арқылы біз Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Мұнайшы, Құрық, Шетпе елді мекендерін ауыз сумен қам­тамасыз ету және ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту мәселесін толықтай шешуге қол жеткізетін боламыз, – деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазқстан»

Маңғыстау облысы