06 Желтоқсан, 2011

Үміткерлерді тіркеу кезеңі басталды

460 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.СҮЛЕЙМЕНМЕН әңгіме

– Ләззат Жаңылысқызы, ел назарындағы басты науқан – сайлау үдерістері қалай жүріп жатыр? – Сайлау науқаны басталғанына жарты айдан асты. Осы уақыт ішінде Орталық сайлау комиссия­сы «Сайлау туралы» Заң талап­та­рына сәйкес атқарылуы тиіс бар­лық жұмыстар мен іс-шараларды өз уақытында және белсенді түрде жүргізіп келеді. Мемлекет бас­шы­сы­ның Жарлы­ғы­мен сайлау та­ғай­ындалған күннен бастап Ор­талық сайлау комиссиясы өз өкілеттігін жүзеге асыра отырып, мәслихаттар депутаттарының сайлауын да та­ғай­ындаған болатын. Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы және мәсли­хаттардың кезекті сай­лауы 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленгенін Қазақстан жұртшы­лы­ғы жақсы біледі. Екі сайлаудың да бір күнге тағайындалуы еліміз үшін қаржылық жағынан да, ұй­ымдастырушылық жағынан да аса тиімді. Сондықтан да екі сайлау қатар өткізіліп отыр. – Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының өзіне тән ерекшеліктері қандай? – Мәжіліс сайлауының да, мәслихаттар сай­лауының да өзіндік ерекшелігі мен талаптары бар. Мысалы, Мәжіліс депутаттарын сай­лауда тек саяси партиялар ғана кандидаттар ұсынатын болса, ал мәслихаттар депутаттарына рес­пуб­ликалық, жергілікті қоғамдық бірлестіктермен қатар, жекелеген азаматтардың да өзін өзі ұсынуына құқығы бар. Қазіргі кезде елімізде тіркелген саяси пар­тия­лар съездерін өткізіп, Мәжіліс депутат­тығына кандидаттар ұсыну үдерісін аяқтады. Ор­та­лық сайлау комиссиясына «Нұр Отан», «Ақ жол», Патриоттар пар­тиясы, ЖСДП, Руханият, Әділет, Ауыл, Коммунистік халықтық партия партия­лық тізімдерін ұсынды. Ал мәслихаттар сай­лауы­на келсек, 5 желтоқсандағы мәліметтер бой­ын­ша 1161 азамат өз құқықтарын пай­далана оты­рып, мәслихаттар сай­лау­ына түсуге өз өтініштерін берді. Қа­зіргі кезде елімізде сайлау науқаны қалыпты жағдайда өтіп жатыр. – Сайлаудың іс-шараларына қатысты өтініштер де түсіп жат­қан шығар? – Сайлау саяси науқан болған­дық­тан, әр­қи­лы қиын мәселелердің туындайтынын тәжіри­бе­ден көріп жүрміз. Жалпы алғанда, қазіргі уа­қытта Орталық сайлау комис­сия­сы­на 12 өтініш келіп түсті. Олар­дың 8-і саяси партиялардан, 1-еуі мәслихаттан, 3-еуі бұқаралық ақпа­рат құ­ралдары мен үкіметтік емес ұйымдардан түсіп отыр. Түскен өтініштердің 11-і сайлау туралы заң­наманы түсіндіруге байла­ныс­ты. Оларға қажетті түсініктемелер дер шағында жолданды. Тағы бір өтініш Жалпыұлттық социал-де­мо­кратиялық партиясынан түскен еді. Бұл өтініш Орталық сайлау ко­миссиясының 2 жел­тоқ­сан­дағы отырысында қаралып, партияның өтініші қанағаттандырылды. Осы жерде тоқталып өтейін, Жал­пыұлттық социал-демокра­тия­лық партиясы учаскелік сайлау ко­миссиялары құрамына партия­лар­дың ке­ңес­ші дауыс құқығы бар өкіл­дерін енгізу мерзімін ұзартуды сұраған еді. Комиссия өзінің оты­ры­сында ЖСДП-ның өтінішін қа­рап, нәтиже­сінде бұл мерзімді 15 желтоқсанға дейін ұзарт­ты. Тек сай­лау болатын күні ғана емес, кеңесші дауыспен қатысатын учаскелік сайлау комис­сиясының мү­ше­лері сайлау науқаны басталған­нан бастап осы саяси кезеңнің барлық рәсім­деріне түгелдей қа­тысып, ондағы жұмыстарды бірлесе атқаруы тиіс. – Ал сайлаушылардың тізімдерін жасау да маңызды іс-шара. Осы бағыттағы үдерістер қалай жүргізілуде? – Бұл мәселеде Орталық сайлау комиссия­сы­ның, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар­дың тәжі­ри­бесі бар. Себебі, осы жылдың сәуі­рін­де елімізде президенттік сайлау өтті. Онда сайлаушылардың сайлау учаскелері бойынша тізімдері қалыптастырылды. Дегенмен, еліміздің аумақтарында ішкі көші-қонның белсенді бо­луы­на бай­ланысты бүгінде сайлаушылар тізімдері қайта тағы да пысықталып жатыр. Ондағы мақсат – кәмелеттік жасқа толған әрі Қазақстан аза­ма­ты болып табылатын тұрғын­дар­дың бар­лы­ғын сайлаушылар тізіміне енгізу. Сол арқылы азамат­тар­дың Конституциямен кепілдендірілген сайлау құқығын жүзеге асы­руына мүмкіндік беріледі. Ал сайлау күні тізімге енгізілген сайлау­шы­лардың өз учаскелеріне келіп, дауыс бергендері жөн демекпін. Өйткені, бұл әрқайсымыздың аза­маттық боры­шымыз болып табылады. – Сайлаушылар тізіміне енбей қалып, өкпе-реніш орын алатын жағдайлар да кездесетіні жасырын емес... – Еліміздің Конституциясы мен сайлау ту­ра­лы заңнамасына сәйкес Қазақстан Респуб­ли­касы­ның жасы 18-ге толған азаматтары тегіне, әлеу­меттік, лауазымдық және мү­лік­тік жағ­дайы­на, жынысына, нәсі­ліне, ұлтына қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысуға құқылы. Әрбір сайлаушы өзінің осы құқы­ғын іске асыру үшін аудандық, қалалық әкімдіктер сайлаушылар тізімін қалыптастырады. Бұл ретте әкімдіктердің лауазымды адамдары олардың дұрыстығы үшін жауапты болады. Сайлау тағайындалған күн­нен бастап азаматтар тұрғы­лық­ты жері бойынша әкімдікке барып сайлаушы ретінде тіркеле алады. Ал 2011 жылғы 30 желтоқсан­нан бастап әр­бір сайлаушы сайлау учаскелерінде сайлау­шы­лар тізіміндегі өзі туралы деректерді, сон­дай-ақ өзінің сайлаушылар тізімінде бар не жоқ екендігін білуіне толық құқылы. Жасыратыны жоқ, біздің сайлаушылардың көпшілігі осы мәселеге бей-жай қарайды. Соның салдарынан түсініс­пеу­­ші­лік­­тер, дау-дамайлар туындап жа­та­ды. Оны болдырмаудың ең басты жолы – 30 жел­тоқ­сан­нан бастап сай­лаушылар өздерінің сайлау учас­келеріне барып, тізімдегі өзде­рі туралы мә­ліметтерді тексеруі тиіс. Тегі, өз есімі және әке­сі­нің аты, туған жылы, айы мен күні дұрыс жа­зылған ба, соның бәріне мән бергені жөн. Бұл, әрине, азаматтың белсенділігін талап ететін жәйт. – Тіркеуден өткен саяси пар­тия­лардың үгіт жұмыстары қай күннен басталады? – Жалпы, сайлау тағайындал­ған­нан кейін сайлау үдерістері кандидаттар ұсыну, тіркеу және сайлау өтетін күні кезеңдерінен тұрады. Қазіргі уа­қыт­та сайлаудың кандидаттар ұсыну кезеңі аяқталып, тіркеу кезеңі басталды. Ол 16 жел­тоқсанға дейін жалғасады. Ал үгіт-насихат жұмыстары 16 жел­тоқсаннан бастап, келесі жылдың 13 қаңтары күнгі сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.