07 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Он екінші күн (7 желтоқсан): АЛТЫН ТЕҢГЕ

467 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

АЗАТТЫҚТЫҢ АҚШАСЫ

1992 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. Мемлекеттің дербестігін айқындайтын Елтаңба мен Ту, Әнұран бекітілді. Ал 1993 жылдың қаңтарында Ата Заң қабылданды. Ол кейінірек өзгертіліп, толықтырылған нұсқасы 1995 жылы қайтадан қабылданды. Ал теңгенің енгізілуі ел экономи­касының дамуын жылдамдатқаны сөзсіз. Тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз, дербес эконо­микасының аяғынан нық тұруы үшін жасалған алғашқы қадамдар туралы Ұлттық банктің экс-төрағасы Ғалым Байназаров былай деген бола­тын: «Мені тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк­тің төрағасы қызметіне тағайын­даған кезінде берген басты тапсырмасы – гиперинфляция мен экономикалық рецессия тежелмей тұрған шақта, оның үстіне КСРО держа­васынан енші алған көршілес республи­калар­дың біразы төл валюта­ларын шығарып жат­қанда, ал Ресей Федерация­сының сол кездегі билігі «рубльді тауар ретінде сатып алың­дар», деген сөзді іс-әрекеттерімен түсіндіре бастаған кезде «жағдай­дың түрліше дамуына дайын болуға», әрі-берідесін, ұлттық валютаны шығаруға әзірлік жұмыстарына кірісуге кез келген уақытта дайын болуымызға ерекше мұқият қарау мәселесі еді. Көп ұзамай Нұрсұл­тан Әбішұлы жоғары биліктегі азғантай топтан ұлттық валютаны шығару жұмыстарын мойнына алатын тұлғаларды іріктеді. Барлық іс аса құпия жағдайда өт­ті. Неліктен олай бол­ға­ны баршаға түсінікті шы­ғар. Ең бас­ты­сы, ұлттық валютамыз тәуелсіз­дігі­міздің рәмізі ғана емес, сонымен бірге, тәуелсіз елдің экономи­касын бүгінгідей дәреже­сіне жеткізуші мықты тетік болғандығын айтпақпын», деп еске алады. Ұлттық валюта өте қысқа мерзімде әзірленді. Бір жыл ішінде дизайны мен номиналы, айналыс жүйесі, құны анықталды. Салыстыру үшін айта кетсек, ағылшындар өз валюталары – фунт стерлингті әзірлеуге алты жыл жұмсаған. Ал біздің теңгенің қысқа мерзімде дайын болғанына қара­мас­тан сапалылығына сын тағылмады. Міне, осы­лай­ша 1993 жылғы 12 қарашада Президенттің «ҚР Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Ұлттық банкте бір мысқал алтын немесе бір цент валюта болмаған екен. Сондай жағдайдың өзінде ұлттық валютаны еркін айналымға қосуы нағыз ерлікке пара-пар болды. Қазіргі таңда теңге ұлттық ақша бірлігі ретінде толығымен қалыптас­ты деп сеніммен айтуға болады. Айналысқа енгізілген 18 жылда ұлттық валюта өзінің тарихи қажеттілігін дәлелдеді. Жас валюта уақыт сына­ғынан сәтті өтті. Әлемдік екі қаржы дағдарысына, мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай құлдыраған, сон­дай­-ақ көтерілген кезеңдеріне де төтеп берді. Бастысы, теңгеміз халық сеніміне ие болды.

* * *

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

• Теңге орыстың «деньги» сөзіне айналған «таньга», «донга», «теньга» деген тарихи түркі­лер сөзі. • 1992 жылы тамыздың 27­-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңгенің үлгілерін бекітті. • Тәуелсіз елдің ұлттық валютасын жасап шығарған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтер еді. Олар жұмыстарын Қазақстан мәдениетінің тарихи даму аспектілерін зерттеуден бастаған. • 1992 жылы теңге дизайнындағы бейнелер бекітілді. • Ұлттық валюта атауы да қызу пікірталас өзегіне айналды. «Ақша», «алтын», «теңге» сөздері ұсынылды. • Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби орналастырылды. • Атақты ғалым кейінірек 200 теңгелік банк­нотта, одан кейін соңғы 10 мыңдық ақшаны қоса алғанда барлық ірі ақшаларда бейнеленді. • Алғашында теңгеде Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің бейнелері салынды. • Ең алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабри­ка­сында басылып шықты. • 1993 жылы қазан-­қараша айларында Қазақ­стан рубль аймағынан толықтай шықты. • Қарашаның 12-­сіндегі Президент Жарлы­ғынан 3 күннен кейін теңге айналымға енді. • Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айыр­бастау 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды. • Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған. Кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп 1 теңге 500 рубль болды. • Ал бірінші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңге болды. • 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған 2,5,10,20 және 50 номиналды монеталармен алмасты. • Банкнота (қағаз ақша) – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында дайындалып шығарылады. • Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жер асты қоймалары дайындалған. Оларды төрт ИЛ-86 ұшақтары тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға 18 рет ұшып барып-қайтып келген. • Жаңа валютаның айналысқа енгізілуінің көрші елдерден құпия ұсталғаны сонша барлық құжат­тарда Президент Резиденциясының құрылысы үшін құрал-жабдықтар тасылуда деп жазылған. • Алғашқы теңгелер жер асты қоймаларынан елдің барлық банктеріне 8 күн ішінде жеткізілген. • Қолданыстағы банкнот номиналдары: 200 теңге, 500 теңге, 1000 теңге, 2000 теңге, 5000 теңге, 10000 теңге Айналыстағы монеталар номиналдары: 1 теңге, 2 теңге, 5 теңге, 10 теңге, 20 теңге, 50 теңге, 100 теңге • Теңгенің әлемдік биржада 2006 жылдан бастап төбесінде сызығы бар Т әрпімен белгіленіп келеді. Ұлттық банк жариялаған үлкен байқаудың қо­рытындысы бойынша осы символ үздік деп таны­лып, оны ойлап шығарушылар миллион теңге сыйақы алды. • Жалған ақшаның сапасын жақсы етіп шығарушылар оған 5-6 жыл жұмсайды екен. Сон­дықтан кез келген мемлекет ақшаның қорған­ы­сын қиындатып, дизайнын жиі ауыстырып отырады. Теңге 2006 жылы өз бейнесін өзгертті. Осыған дейін қолданылып келген тарихи портреттердің орнына жаңа дизайн келіп, қорғанысы жетілдірілді. • Әлемдік тәжірибеде банкноттарды қорғау элементтері үш топқа бөлінеді. Оның алғашқысы бұқара халық үшін, кассирлер үшін (арнайы мәшине­лерде тексеруге болады), және орталық банк қызметкерлері үшін. • Қорғаныс элементтерін нақты ешкім білмейді. Қазіргі қолданыстағы заманауи 2 мыңдық, 5 және 10 мың номиналды құны бар теңгелеріміз екі су жаңа қорғаныс элементімен қамтамасыз етілген. Оларды көбейту мәшинелерінде бейнесін түсіру барысында жалған ақшада осы екі элементтің орнына қара дақ қана түседі.

* * *

МАҒЫНАЛЫ МОНЕТАЛАР

Еліміздің Теңге сарайы сапасы жағынан басқа елдердің монета сарайларының әйгілі көрмелерінде жоғары бағаланатын және мамандар мен коллекционерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыратын монеталарды шығаруда. Қазақстандық теңге сарайы бас­қа орталық банктерден монеталар дайындауға арналған тап­сы­рыстар­дың сыртында ха­лық­аралық монета бағдар­ла­ма­лары­на да қатысады. Қазақстанның ұлттық валютасы ай­налысқа енгеннен бергі кезең ішін­де, яғни 18 жылдық тарихында көптеген ескерткіш және мерей­той­лық қым­бат металдан жасалған монеталар айналысқа шығарылды. Бір жағынан, монеталарды тарихи дерек көзі, ескерткіш десек ар­тық айтқандық емес. Оларда тарихи тұлғалардың портреттік га­ле­реясы, түрлі ескерткіш бейнелер, сондай-ақ шақаларда мифо­ло­гиялық бейнелер, тұрмыс-салт көріністері бейнеленіп келеді. Мо­неталар – халық­тың эконо­ми­калық және саяси та­ри­хын, олар­дың материалдық және рухани мәдениетін жан-жақты та­нып-білу үшін таптырмас дүние. Олар елдің қазіргі бейнесін және та­рихын сипаттайды. Ұлттық банк шығарған моне­та­ның әрбір сериясының Қазақ­стан Республикасының дамуын­да өз тарихи орны бар. 1995 жы­лы шыққан «Ұлттық банк ту­ра­лы» заңның 42-бабына сәйкес, монеталар 3 түрге бөлінеді. Ал­ғаш­қысы, инвестициялық монеталар – инвестициялау және жи­нақ­талған ақша қаражаты ны­са­ны болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар. Коллекциялық монеталар – коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып та­былатын, қымбат металдан жә­не қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған ме­рей­тойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар. Айналыста жүретін монеталар – қымбат емес металдан да­йын­далған және қолма-қол айна­лыс­қа арналған монеталар. Соңғы жылдары қымбат металдардан жасалған қазақстан­дық мо­неталарға нумизматтар­дың, сол сияқ­ты қарапайым ха­лық тара­пы­нан сұраныстың өсу үрдісі байқала­ды. Осы орайда Қа­зақстан Тәуел­сіз­дігінің 20 жыл­дығына арналған монеталар дайындалып, олар 1 қа­ра­­шадан бастап айналысқа енгізілді. Үстіміздегі жылдың басында Бер­лин қаласында «World Money Fair» халықаралық көрмесінде Krau­­se Publications монеталар байқауы өтті. Онда бірнеше номинациялар бойынша мемлекеттік органдар шығарған эмитент­тер немесе монета сарайлары соқ­қан жылдың үздік моне­та­лары анық­талды. Еліміздің Ұлт­тық банкі «Ұлы қолбасшылар» сериясы бо­йын­ша шығарған «Аттила» ескерткіш күміс монетасы «Тарихи тақырыптағы үздік монета» номи­нациясы бойынша «Жыл­дың үздік монетасы» награ­дасына ие болды. Сондай-ақ осы сериядағы «Шың­ғыс хан» күміс монетасы да осы наградаға қол жеткізді. Ұлттық валюта банкноттары мен монеталарының дизайны Банк­нот фабрикасы мен Теңге сарайы­ның заманауи технологиялар пай­далануының және дайындау сапа­сы­ның жоғары болуының арқа­сын­да беделді көрмелер мен түр­лі конкурстарда лайықты баға­сын алуда. 2007 жылы Валюта­лық мәселелер жөніндегі халық­ара­лық қауымдас­тық конкурс ұйым­дастырды, оған Ұлттық банк 2006 жылғы үлгідегі банк­нот­тарымен қатысты. «Ең үз­дік жаңа банкнот» номина­ция­сын­да I орын 10 000 теңгелік банкно­та­ға берілді. Ұлттық банк 2007 жы­лы монета өнімінің «Халық­ара­лық Виченза Нумизматика жүл­де­сі» (Италия) конкурсына қа­тыс­ты, онда 16 елден 39 монета ұсынылды. Бұл маңызды нумиз­матикалық конкурс монета са­рай­лары немесе мемлекеттік әкім­шіліктер соққан ең әдемі мо­нетаны марапаттайды. Бұл кон­курсты Ұлт­тық банк «Ғарыш» мо­нета­сы­мен жеңіп ал­ды. «Көш­пен­ділер алты­ны» серия­сы­нан Қа­зақ­станның «Шабандоз» монета­сы «Жыл­дың күміс моне­та­сы» но­ми­на­циясын­да, ал «Қазақ­стан­ның өсімдік әлемі» сериясынан «Регель қызғалдағы» монетасы «Мо­­нета – ең жақсы сый­лық» но­ми­на­ция­сында жеңіп шықты. Сон­дай-ақ ол «Монета жұл­дыз­да­ры-2007» ТМД және Бал­тық ел­дері­нің ең үздік монетасы кон­курсында көрер­мен­дер көзайы­мы жүлдесін жеңіп ал­ды. 2009 жылы Ұлттық банк «Ха­лық­ара­лық Виченза Нумизматика жүл­десі» (Италия) конкурсына және «Монета жұл­дыздары-2009» ескерткіш мо­не­талардың халықара­лық кон­курсы­на (Ресей) қайта қатысты. Қазақстанның «Диадема бөлігі» ескерткіш күміс моне­тасы «Бірегей идеялық шешім» номи­нациясында ІІ орын алып, «Монета жұлдыз­дары-2009» кон­курсы қазы­лар ал­қасының шешімімен дип­ломымен марапат­тал­ды. «Шыңғыс хан» ескерткіш кү­міс монетасы 2009 жылы Италия­да II орын алды. Ол «моне­таның бет жағы сырт жағын­дағы Шың­ғыс ханның айқын бейнесімен үйлесімді жасалған» көр­кем­дігі үшін аталып өтті. Қазылар алқасының шешімімен монета «Vicenza Numismatica» жүл­десімен марапатталды. Бүкіл әлем нумизматтары қымбат металдан жасалған Қа­зақ­станның ескерткіш және ме­рейтойлық монеталарын өте жоғары бағалайды. Венера ТҮГЕЛБАЙ. __________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Венера ТҮГЕЛБАЙ.