07 Желтоқсан, 2011

«Нағыз Тәуелсіздік теңге айналымға кірген күннен басталады»

474 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазақстанның жаңа тарихи шежіресінде ұлттық валютаның енгізілгені шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. Нақ 1993 жылдың қарашасында біздің еліміз нағыз экономикалық және қаржылық тәуелсіздік алды. Теңгенің енгізілуімен бізде егемен мемлекеттің соңғы белгісі пайда болды. Теңгені жасаушылардың бірі, суретші-дизайнер, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВПЕН сұхбат барысында ұлттық валютамыздың қалай дүниеге келгені жайлы қызықты әңгіме өрбіді. – Хайролла Мағауияұлы, ұлттық валюта­ны ұлт азаматтарының алдын ала өте құпия жағ­дайда ойласып, ұжымдық тұрғыда ту­ғыз­ғанын білеміз. Теңгенің тұңғыш дизайны ту­ра­лы сөз қозғалғанда сізді аттап өте алмаймыз. – Теңгенің негізгі авторы – 1992 жылы еліміз рубль аймағында болған кезде өз валюта­мыз­дың болуы керектігі жайлы күрделі саяси шешім қабыл­даған Қазақстан Президенті болып табы­ла­ды. Тағдыр дегеніңіз, менің аса жарқын әсер­лерім­ді Қазақстан тарихының қызықты сәт­тері­нің бірі – өз валютасының тууы­мен байланысты етуге ұйғарыпты. Тағ­дырға мо­йын­ұсыну бар да, өз болмысыңды жасау бөлек әңгіме. Сондықтан, «Әрекет, әрекетке – берекет» дейді. Тәуелсіз ел болдық. Бабалар арман­даған бостандыққа куә болу­ды біздің ұр­паққа нәсіп етіпті. Егемендік алысымен елтаңба, әнұран, жалауымызға байқау жарияланды. Дегенмен, тарихта біздің өз елтаң­ба, жалауларымыз да болды ғой, бұл басқа әңгіме. Бірақ, тәуелсіздікті алғанымызбен эконо­ми­ка­лық тәуелсіздігімізге қол жеткізбегеніміз анық еді. Ресейдің 1 рублін алып, 65 тиынын қай­­тарып беріп отыруға мәжбүр болдық. Жаңа­дан құрылған отбасы да өз қазан-ошағы мен ыдыс-аяғын түгендей бастайтыны сияқты әрбір мемлекеттің өз валютасы болуы керектігі анық байқалды. Осы мәселе көтеріле бастағанда біз өз эскиздерімізді сыза бастадық. Алғашқы нұсқа­ларын сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Ғалым Байназаровқа көрсеттік. Бұл қызметке Бай­назаровтың төраға болып келгеніне бірнеше ай ғана болған. «Сіздерге мұны жасауға кім тап­сырыс берді?» деп сұрады ол кісі. Біз өз бетімізше әрекет етіп жатқанымызды айттық. Бірнеше рет жолығып, жақын танысқан соң, валютаның әртүрлі нұсқаларын жасай баста­дық. Купюра жасау ол «ашық хат» суретін салу емес. Валюта­ның айырмашылығы – қағаздың, бояудың құра­мы, технологиялық басу үдеріс­тері, ішкі-сыртқы құпиялары ескерілуі тиіс. Осы технологиялар сақталмаса, ол темірге қай­та-қайта басылғанда қағаз жүн болып та кетуі мүмкін. Мұның бәрін шетелге барғанда арнайы оқып, үйрендік. Теңгенің түрлі-түрлі нұсқалары жасалды дедім ғой. Қызыл кітапқа енген Қазақстандағы жан-жануарлардың да суреттері салынды, жаңа да ескі сәулет өнері ескерткіштері, табиғат кө­рі­ністері, өсімдіктер де болды. Бәрін қарай келе Ерік Асанбаев, Сауық Тәкежановтар бастаған комиссия портреттік галереяға тоқтады. Осы жұ­мысқа кіріскенде қазақ халқы әлемдегі ха­лық­тар­дың ішінде ерекше ел екеніне көзім жете түс­ті. Жер көлемінің үлкендігін айтпа­ғанда, терең, бай тарихымыздың ғажайып күрделілігі көрінді. Көптеген ру, тайпалардан бірігіп, ұлт болып ұйысып, мемлекет құраған халықпыз. Ұлан-ғайыр даланың төрт тарабын ескере оты­рып, тарихи тұлғаларды таңдадық. – Тұңғыш ұлттық валютаның негізі 7 купюрадан құралған. Бұл кездейсоқтық па? – Бұл кездейсоқтық емес. Жеті күн, жеті қабат жер асты, жас бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді, деген сияқты, бұл санның киесін көптеген халықтар мойындайды. Осы санның қасиеті егемендігімізді жебесін деген ырым болды да, қазақтың ұлттық валютасы – теңгенің негізі 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 теңгеден құралды. Қал­ғандары инфляциялық ақшалар болып есептеледі. Сонымен бірінші әлемге әйгілі Әл-Фарабиді алдық. Жер жәннаты – Жетісу болса, Сүйін­бай­ды таңдадық. Нағыз қазақ қазақ емес – дом­быра дейтін болсақ, батыстан күй атасы Құр­ман­ғазы­ны салдық. Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра деп, жас та болса аққан жұл­дыздай жарқын із қалдырған Шоқан Уәли­хановты таңдадық. Абайдан асқан ақын жоқ. Ол туралы бірдеңе айту артық. Жиырма теңгелікке ұлы ақын бейнесі салынды. «Ақтабан шұбы­рынды» кезінде қазақ халқын жоқ болып кетуден аман алып қалған Әбілқайыр хан да әлі толық зерттелмеген тұлға. Әбілқайыр хан бо­лып сайланып жатқанда бір жылдан кейін дү­ниеге келіп, 17 жасында қол бастап, қалың жоң­ғарларға қарсы соғысқан соңғы хан – Абы­лайымыз бар. Әр купюраға сол жергілікті жер­лердің ою-өрнектері егжей-тегжейлі ойласты­рылып алынды. Ұлттық валютамыздың 17 түр­лі қорғаныштық қасиеті болды. Сол кездегі ең озық технологиялар пайдаланылып, теңге Қа­зақ­станды дүниежүзілік қаржы жүйесіне алып шықты. Қазақ теңгесі әлемдегі ең мықты он­дықтың ішіне кірді. Мұның дәлелі теңгені жасауға атсалысқан Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» фирмасы осы сапалы жұмысы үшін және Англия мен Қазақстанның экономикалық қарым-қатынастарын жолға қойғаны үшін ағылшын Королевасының Алтын белгісін алды. Айта берсең, бұл жерде әңгіме көп. Сол кезде бизнеспен айналысып жинаған 900 мың рубльдей жеке қаражатымды теңгенің дүниеге келуіне жұмсаппын. Ол кезде бұл орасан көп ақша болатын. Түсінікті болу үшін 15 мың рубльге су жаңа «Жигули» алуға болатын. Бірнеше адам Англияға қайта-қайта ұшып бара­мыз. Қонақ үй, жүріп-тұру сияқты шығындар көп еді. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Енді екі елдің арасында банкноттарды басу үшін келісім-шартқа қол қоятын кез келді. Сол кезде менің есімде қалғаны Ұлттық банк ал­дында банкноттар саны қанша болуы керек деген сұрақ туды. Келісім-шарттың бағасы осыған тәуелді болатын. 1 теңгенің құны қанша болу керек? 1 теңгеліктен қанша, 3 теңгеліктен қан­ша басып шығару керек? Ешкім білмейді... Майда ақша көп, ірі ақша аз басылуы керек қой. Осы­ны есептеу қажет болды. Англиядан док­тор Пэйн деген үлкен маман шақырылып, ол Қазақ­стан халқы санын, экономикалық ахуал­ды, ел аумағын есептеп, 1 теңгеден мұнша, 10 теңге­ден сонша дегендей есеп-қисап жасап шықты. Сонымен 1 теңге 1 маркаға тең болсын деген де ұйғарым жасалды. Өйткені, марка сол кезде әлем­дегі ең тұрақты және құнды валюта бола­тын. Айтқандай, Кеңес өкіметі кезінде 1961 жылы ақша ауысқаннан бері Қазақстанда қанша ақша айналымда болғандығы салысты­ры­лып, тексерілді. Егер Англияның фунт-стер­лингі 6 жыл бойы жасалса, Елбасының өзі қадағалап отыр­ған тапсырмасымен біз 6 айда теңгені жа­саппыз. Жарты жыл бойы күн демей, түн демей Ұлыбританияға шапқылаумен бол­дық. Сол кезде көптеген жауапкершілікті мой­ныма алға­нымды білемін. Осылайша теңгенің алғашқы үлгісін Елбасына алып келіп бергенімізде Ел­басы­ның рухтанып, қуаныштан нұр­ланған жүзін көрдік. Бұл сәт бізді де қанат­тандырды. – Ал монеталар ше? – Тиынмен айналысқан жігіттердің жұмысқа немқұрайлы, жүрдім-бардым қарағанының сал­дары сәтсіздікке ұшыратып, өз уақытында шықпағандығынан қағаз тиындар шығаруға тура келді. Темір тиындар 2-3 жылдан кейін шықты, бірақ мұның құны «көк тиын» болды да, шыққан тиындар эшелонымен Ұлттық банктің қоймасына кетті. Сол кезде «марка деген не, бізге Ресей керек, 1 теңге Ресейдің 500 рубліне тең болсын» деген білгіштер пайда болды. Ал ол уақыт рубльдің үлкен инфляцияға ұшырап жатқан кезі болатын. Сол кезде 1 дол­лар – 4 теңге 35 тиынға тең болды. Бірақ, дұ­рыс шешім қабылданбау салдарынан 1 доллар бір айдан кейін 20 теңгеге, бір жылдан соң 50-60 теңгеге көтеріліп кетті. Теңгенің құлдырауы осыдан басталды. Кейін шыққан 200, 500, 1000 теңгеліктердің барлығы инфляциялық ақшалар болып саналады. – Бірақ, 12 жылдан кейін теңге ауысты ғой. Осының басты себебі неде еді? – Әлемдік тә­жі­рибеге қарағанда, мемле­кет­тің валютасын осындай қысқа уақытта ауыстыру үшін үлкен бір себеп болу керек еді. Өйткені, тұңғыш валютамызды шығаруға Қазақстанның сол кездегі жағдайында доллармен жүздеген мил­лион­даған қаражат жұмсадық қой. Олай іс­теу­ге болмайтын еді. Неге бұлай болды? Әу баста Англияда теңге басылғанда сәлделі Әл-Фара­би­дің суретін салғызуға қарсылық туған болатын. Өйткені, осы арқылы біз Қазақ­станды әлемге мұсыл­ман мемлекеті ретінде таныттық. Біз бұл бейнені бар күшімізді салып, өз идеямызды қорғап шықтық. Өйт­кені, Әл-Фараби әлемдегі ұлы ғұламалардың бірі. Ол біздің терең тари­хы­мыздың бөлшегі. Ал тарихын білген ел тобыр болмайтыны анық. Қарап отырсақ, сол кезде Батыс мемлекет­терінің біздің елімізге көз тіккенін енді байқап отырмыз. Екі алыптың ортасын алып жатқан Қазақстан қай жағынан болса да ғажайып географиялық ендікте орналасқан болатын. – Валюталардың тағы бір жауы – жасанды, жалған ақшалар емес пе? – Бүкіл әлем валюталарының жалған нұсқалары жасалып жатады. Ұсталып та жата­ды. Егер ауқымды көлемде жалған валюталар істелініп, оны мамандар ажырата алмай жатса, онда оны жалған ақша жасалды деп айтуға болады. Теңгенің көшірмелері жасалса, дереу ұсталады. – Теңге қазақ халқына не алып келді деген риторикалық сұрақты қойғым келіп отыр. – Қазақ халқы тәуелсіздігін теңге арқылы алды. Қазақстан теңге арқылы өз етек-жеңін жинап, сол күннен бастап нағыз егемендігіне аяқ басты. Өтпелі кезең, өліара шақта күйзеліп отырған халқымызға теңге ғажайып серпіліс әкелді, рухани күш-қуат берді. Өйткені, біздің ұлтымыз үшін қай кезде де рухани байлық бірінші кезекте тұрады. «Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады» деген халықпыз. Біздің ел қайғысыз адам қара суға да семіреді дейтін терең философия мәнін біледі. Осыны ұмытпау керек. – Ұлттық валютамыздың қалай жасал­ғандығы жайлы мемуарлық дүние немесе кітап жазып көрдіңіз бе? – Теңгенің туылғанына 10 жылға жақын­дағанда Ғалым Байназаровқа хабарласып, не істелініп жатқанын сұрастырдым. Ештеңе де жасалынып жатқан жоқ деді. Содан кейін Дәулет Сембаевқа хабарласып, осы мәселені қаузадық. Ұлттық банкті басқарып отырған Григорий Марченконың теңгеге жаны ашымай, қол қусырып отырғанына іштей наразы болып, теңгенің тарихын жазуды шұғыл қолға алдым. Содан сол кездегі Үкімет басшысы, Жоғарғы Кеңес Төрағасы болған, Ұлттық банкті басқар­ған және осы іске араласқан басқа да адам­дардың бәрінен естеліктер жинап, 2 ай бойы күндіз-түні тапжылмай отырып, «Теңге» деген кітапты өз қаражатыма шығарып, бүкіл кітапханалар мен зиялы қауым өкілдеріне тегін тараттым. – Тәубе, тәуелсіздігіміз тұғырлы! Теңге қалтамызда. Дегенмен, өз тағдырыңыз әрі қарай қалай жалғасты? – Мен қара басымның қамын күйттеген адам емеспін. Ұлтқа қызмет істеу, ұлттың ұлы болуды Алла тағала жұрттың бәріне нәсіп етпеген. «Егемен Қазақстан» газетіне Қойшығара Салғарин мен жайлы «Ұлттың ұлы» деген мақала жазған. Тұлғалы азамат­тың өз жүрегі­мен жазып, маған берген осы бағасы – мен үшін үлкен бақыт. Осы тірлігіміз үшін ешкім басымнан сипап, марапат берген емес. – Теңгенің қасиеті сізді қолдаған болар? Ақшаның буы да, киесі де болады деседі. Жеті купюрадағы жеті тұлғаның әруағы қол­­дады ма екен? «Меценат Хайролла қажы көптеген оралман отбасыларына әсем Ала­тау­дың баурайынан үй салуға жер сатып алып берді. Қаскелең қаласындағы иман­ды­лық үйін салуға 1 гектар жерді сый­ға тартты. Ата-бабасы туып-өскен Ақтөбе облысының Ойыл қаласына өзіндік құны 40 миллион теңге тұратын, мұнарасы көк тіреген, алыстан көз тартарлық ғажап сұлу көріністі мешіт салдырды» дейтін деректер бар... – Өз өміріме келсем – еркін адаммын. Адал еңбекпен жүріп жатырмыз. Осы уақытқа дейін қазақ тарихы жайлы 40 томдық ғылыми кітап шығардық. «Алаш» тарихи-ғылыми этноло­гиялық журналын шығарамыз.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.

Алматы.