07 Желтоқсан, 2011

Қазақ химиясының атасы

1586 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Өткен ғасырда ғылымды өркендеткен тұлғалардың бірі және бірегейі Батырбек Бірімжанов болды десем, бұл сөзімде еш қоспа жоқ. Өйт­кені, осынау өз заманының алып тұлғасы қазақтың ұлттық химия ғы­лымының негізін қалап, қалып­тас­тырып, дамытып, талай талантты шә­кірт тәрбиелеп, қазіргі әл-Фараби атындағы университеттің химия факультетін отыз жылға тарта уақыт басқарған еді. Оның кеңес дәуірінде қудаланып, түрмеде қамалғанын, азапты күндерді бастан өткергенін көпшілік біле бермейді. Талантты жас жігіт өз атамекені көне Торғай жерінен алыста өмірге келіп, сыртта өссе де оның ресейлік империя зама­нындағы патшаның мара­патта­рына ие болған Шақшақ Жәнібектен та­райтын Бірімжановтардың тікелей ұрпағы екендігі жас таланттың ая­ғына да, қолына да кісен болғандай. Орайы келгенде айта кетейік, «Ақтабан шұбырынды» заманында ел қорғаған танымал батырлардың бірі Жәнібек Қошқарұлына кейіннен Қазақ хандықтары Ресей империя­сына қосылған соң ақ патша тархан атағын берген. Бұл генерал шені болатын. Міне, осы тархан атағы әкеден балаға мирас ретінде Дәуіт­байға ресми түрде қалдырылады. Қазақтың ескі дәстүрі бойынша Дәуітбай руының келіндері аталары­ның атын атамай, Тархан деп кетуі сол себептен көрінеді. Міне, осы Дәуітбайдың тікелей ұрпағы Мұса-Шеген-Бірімжан-Қорғанбек-Дәурен­бек болып өрбиді. Қорғанбектен Ахмет, Ахметтен Батырбек, Батыр­бек­тен Рүстем, Рүстемнен Дәурен туа­ды. Шақшақ Жәнібектің шөбересі Шегеннің қызы Айменде Балқожа бидің немересі ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің анасы. Мінеки, осындай текті тұқымның жалғасы болып менің ардақты ұстазым өсіп жетіледі ғой. Десек те сталиндік репрессия заманында ол қуғын-сүргін көруі былай тұрсын, абақтыға да қамалған. Бар айыбы – императорға жаққан тұлғалардың ұрпағы болуы және Алаш зиялыла­рымен жақсы қарым-қатынас жа­сағандығы. Әлихан Бөкейханов, Мұс­тафа Шоқай секілді Алаш арыс­тарымен бұл кісі отбасылық қарым-қатынаста болған. Бірақ бұл жағын ардақты ұстазым менен басқа қанша адамға айтты ол жағын білмеймін. Өйткені, «большевиктердің абақты­сы» ол кісіні әбден «жуасытқанын» өз басым өмірде талай көрдім. Әділдік, адалдық, ар тазалығы дегенде алдына жан салмайтын осынау сом тұлға «партиядан сескенуді» өмірлік серігі етіп кеткендей. Бұл сөзімнің талай мысалын ұстазыммен аралас-құраластықта жүріп айқын байқадым. Мәселен, ғылым әлемінде жастай «көзге түсе бастаған» мені сол кезде «комсомолдық қызметке» тартуды қалағандар болды. Ал өз басым одан қашқалақтайтынмын. Әбден не істерімді білмей қалған кезде ақылшы әкемдей болып кеткен ұстазыма барып мән-жайды түсіндір­генімде, әділет пен адалдықты ұдайы жақтап жүретін Батырбек Ахметұлы «партияны ерегістірме» дейтін. Оның «Партияны ерегістірме» деген осынау сөзін талай-талай естідім. Алға­шында Химия ғылымдары инс­ти­­тутында лаборатория мең­­герушісі болып жүрген мен университет «химфагының» профессорлығынан бас тартқанымда ол «партияны ерегістірме» дегенді тағы да айтқан. Сонан соң осындағы кафедра меңгеру­шісі қызметінен, декандықтан, уни­вер­­­ситеттің бірінші проректорлығы қызметтерінен бас тартқан кезімде де әлгі сөзін қайталаған еді. Өзім отбасылық жақындық жа­ғынан ерекше араласқан ағайым жа­зушы Зейін Шашкиннен ұста­зым­­ның осынау сөзді неге қайталай беретінін сұрағанымда «Доктор Дар­­ханов» романының авторы бы­лай деген: «Ол текті тұқымнан шық­қан­дықтан, партияның таяғын жеді. Абақтыда бірге отырдық. Содан өзі көрген қиындығын сен көр­месін дегендігі шығар». Иә, Ба­тыр­бек Ах­метұлы большевиктер пар­тиясы­ның абақтылық азабын бастан кешсе де, мойымай табиғи та­лантын жар­қы­ратып көрсетіп, нә­тижесінде қа­зақ­тың ұлттық химия ғылымына негіз қалап, ақыр ая­ғын­да сол қызметі үшін сол партия мен сол өкіметтің небір марапаттарына ие болған сом тұлға. Бұл оның ерлікке пара-пар өмір жолының тек өз басына ғана қатысты бір тар­ма­ғы. Ал мен ол кісімен университет хим­фагына түс­кен­­нен кейін ерекше қамқорлығын өз өмірімде сезініп өс­кен адаммын. Жалпы алғанда Ба­тырбек Ахметұлы талантты да, та­лапты шәкірттерінен қамқорлы­ғын аяған жан емес. Ол кісі «талай бұ­лақтың көзін ашты». Ал ол «көзін ашқан бұлақтар» қазақтың ұлттық химия ғылымы болып бү­гінгі әле­ует­ке жетті. Осы жолда ол тын­дыр­ған істер айта алсақ, том-том ро­ман­ның өзегі болары сөзсіз. Иә, Батырбек Ахметұлының өмірі мен қызметі айтуға тұрарлық, ғиб­раты мол әңгіме. Оның ата-тегі торғайлық зиялылар екені баршаға белгілі. Ал өзі 1911 жылдың оныншы желтоқсанында бұрынғы Самара губерниясының Бұзылық қаласында дүниеге келген. 1919 жылы кейіннен қазақтың тұңғыш дәрігер қызы болып шыққан Аққағаз Досжановадан және Мәскеудегі Семашко атындағы инсти­туттың профессорлығына дейін көте­рілген Лиза Бөкейхановадан үйінде дәріс алады. (Лиза – Әлихан Бөкей­хановтың қызы) 1928 жылы бітірген соң Батырбек Ахметұлы Орынбордағы халыққа білім беру институтына түсіп оқиды. Институтта оқып жүрген ке­зінде-ақ, яғни 1930 жылы ол Қазақ КСР халық комиссарлар кеңесінің Ақмола округындағы Нұра ауданы бойынша сауатсыздықты жою жөнін­дегі төтенше және өкілетті өкілі қыз­метін атқарады. Ал 1931 жылы ха­лыққа білім беру комиссариатының өкілі ретінде Шалқар ауданында міндетті бастауыш білім жүйесін енгізеді. Ол 19 жасының өзінде мамандардың жетіспеушілігі себепті техникумдарда химиядан дәріс оқып, жастарды жоға­ры оқу орындарына әзірлеу курсында оқытушылық қызмет атқарады. 1936 жылы Бірімжанов Ленинград мемлекеттік университетінің аспиранты бо­лып қабылданады. Ол алғашқы ғы­лыми ізденістерін профессор С.­А.Щу­каревтің жетекшілігімен жүр­гі­зе бас­тайды. Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті ашылған 1934 жылдан бастап, ол өз өмірін осынау білім-ғы­лым ордасымен ұштастырады. Мұн­да ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, профессор, декан қызметтерін атқарды. 1940-1950 жылдар аралығында Бірімжанов оқытушылық қызметін ғы­лыми-зерттеу жұмыстарымен тікелей байланыстыра жүргізеді. Ол Қазақ­станда химия өнеркәсібін дамыту ісіне ден қояды. Сөйтіп, Әбікен Бектұ­ров­пен бірігіп, Қаратауда жаңадан ашыл­ған фосфорит кенін қышқылсыз өңдеу, өндіру саласын зерттейді. 1946 жылы Батырбек Ахметұлы «Қазақстан шикі­за­тынан термофосфат алудың ең тиімді жолы» деген тақырыпта кан­ди­дат­тық диссертация қорғайды. Республика өнеркәсібі табиғи тұз­дарды көп қажет ете бастайды. Сон­дық­тан осы қажеттілікті қамтама­сыз ету жолдарын ғылыми іздестіруге Б.Бірімжанов өзінің біраз уақытын бөлді. 1949 жылы академик Г.Оразов­тың жал­пы басшылығымен жүргі­зілген профессор И.Лепешковтың Арал экс­педициясына қатысады. Елуінші жыл­дарда Батырбек Ахметұлы Балқаш мыс қорыту зауытының тап­сырысы­мен көптеген экспедиция­лар­ға бас­шылық жасап, Балқаш ма­ңын­дағы жүзден астам көл суының физикалық-химиялық қасиеттеріне ғы­лы­ми талдаулар жасайды. Бұл жұ­мыс­тар көп ұзамай, нақты нәтиже берді. «Аралсульфат» комбинаты үшін кондицияға жеткізілмеген меробилитті байыту тәсілі жасалады. Ал Қарашы­ғанақ суль­фат кенішінде ға­лымның келесі бір ғылыми жаңалығы өндіріске енгізіледі. Онда тенардитті көлдерді пай­даланудың ғылыми жол­дары жасалған. Қаз КСР Ғылым академиясы Химия ғылымдары институтының қыз­меткер­лерімен бірлесе отырып Батыр­бек Ахметұлы 1952 жылы Балқаш металлургия комбинатында күкіртті натрийді үзіліссіз өндіру технологиясын өндіріске енгізеді. Бір таңғаларлығы сол, Батырбек Ахметұлы химияның сан саласын зерттеп, жақсы нәтижелер алған ғалым. Мәселен, ол табиғи тұздарды қолданбалы химия ғылымы жолымен зерттей жүріп, құрлықтық тұздардың пайда болуын теориялық жағынан анықтауға ерекше көңіл бөлген. Осындай кең ауқымды зерттеулер барысында ғалым Балқаш пен Алакөлді, сондай-ақ жүзден астам тұзды көлдерді, 15 өзенді, 39 өзен құймаларын ғылыми сүзгіден өткізіп, құрлықтық тұз жүйесінің түзілуі жайлы ғылыми теориясын толығымен аяқтап шығады. Оның бұл ғылыми зерттеулері докторлық диссертация­сының өзегі болады әрі дүниежүзілік ғылымға қосылған сүбелі үлес еді. Кейінгі жылдары Батырбек Ахмет­ұлы Сырдария, Іле, Шу, Тобыл, Есіл, Талас және басқа көптеген өзендерді, осы өзендердің суларын жинау арқы­лы пайда болған жасанды Бұқтырма, Қапшағай, Шардара, Сергеев су қой­маларын ғылыми-зерттеу нысаны­на айналдырды. Ол табиғи суларды ха­лық шаруашылығында пайдалану­шыларға ғылыми кеңес беретін арна­йы топтарды басқарды. Жасанды су қоймалары мен су электр стан­саларын жобалау, салу барысындағы комис­сияның құрамында ғылыми-зерт­теу­лерді негіздеу жұмыстарымен айна­лысты. Мәселен, оның басшы­лығымен суармалы егістік жерлердің тұздану себептері анықталды. Осылай­ша Іле өзені бойындағы суармалы егіс ша­руашылықтарына мұндай кеселді болдырмаудың ғылыми жолдары нұс­қау ретінде ұсынылды. Ертіс – Қарағанды каналын жобалау кезінде де Батырбек Ахметұлы бастаған ғылы­ми топ атқарған жұмыс айтарлықтай. Екібастұздағы жылу электр орталығын салқындату жүйесінде де Батырбек Ахметұлының ғылыми ұсынысы қол­данылған. Бұл енді көрнекті ғалымның ғылыми ізденісіндегі бір сала. Б.Бірімжанов айналысқан келесі бір сала Қаратау фосфориті. Сондай-ақ Ақтөбедегі фосфорит кенішін де өндірістік бағытта тиімді пайдалану ісі ғалымның еңбегі еді. Ауыл шаруа­шылығындағы тыңайтқышқа сұра­ныс­тың өскелең дамуы оның бұл саладағы ғылыми ізденісіне түрткі болды. Келесі кезекте ол өнеркәсіптік негізде өн­діріліп жатқан фосфорит кенінің қалдықтарын жою мәселелерін өз ғы­лы­ми-зерттеулеріне өзек етіп алды. Осы кен қалдықтарының зиянды затқа айналмай, пайдалы материал болу жолдарын қарастырды. Ақыры бұл зерттеулер тыңайтқыштар кенінің фи­зикалық-химиялық қасиеттерін зерт­теуге ұласты. Келесі бір ғылыми-зерт­теу жұмыстарын көрнекті ғалым Индер кенішінде жүргізді. Онда сұйық тыңайтқыштар және құрамында қорек­тік заты мол тыңайтқыштар алудың ғылыми жүйесін жасады. 1960 жылдан бастап Батырбек Ахметұлы органикалық емес қышқыл­дар мен органикалық амидтер ұқсас­тығын және айырмашылықтарын зерттеу жұмысымен айналысты. Химия­дағы осынау мүлде жаңа сала теория­лық және қолданбалы химия ғылы­мының ұштастырыла пайдаланы­луы арқылы күрделі қосылыстардың жүз­ден астам жаңа түрін синтездеп, гербидциттік, фунгидциттік және ты­ңайтқыштық қасиетін анықтады. Кей­бірінің тыңайтқыштық қасиеті қос суперфосфаттан да артық еді. Бұл ғы­лыми-зерттеулер физика-химия ғы­лымдарының соңғы жетістіктерін пайдалану арқылы аса жоғары сапада өтті. Механикалық квантты есептер де осы жерде қолданылды. Сөйтіп, ол химия ғылымының жаңа дамуының бас­тауында тұрды. Б.Бірімжанов ғылымдағы теңдессіз еңбекқор жан болды. Ол өзі жетекшілік жасайтын бейорганикалық химия кафедрасының ғылыми қызметкерле­рінің ғылымның соңғы озық талап­тары бойынша жұмыс істеуін қада­ғалады. Ол кісі аса талапшыл болды. Ғылыми ізденісте барлық мүмкіндікті жұмылдыру қажеттігін өз басым осы Батырбек Ахметұлынан үйрендім дей аламын. Механикалық квантты есептерді, тәжірибені математикалық жү­йе­де жоспарлауды, нәтижелерді ста­тистикалық есепке алуды отандық химия саласында өндіріске енгізген Батырбек Ахметұлы болатын. Ол ра­диациялық химия саласына да көп көңіл бөлді. Оның осы жолдағы қыш­қылдану-түзілу бойынша жүретін тізбекті реакция кезіндегі кинетикалық мәселелер бойынша зерттеулері кейіннен жалғасын тапты. Б.Бірімжанов бейорганикалық химия саласында көрнекті ғалым болып қалыптасты. Ол әрқашанда ғылымның өндіріспен тығыз байланыста дамуын ойластырды. Мәселен, ультра дыбыс­ты пайдалану арқылы өндірістік жү­йені басқару туралы жаңалығы Шым­кенттегі «Фосфор» өндірістік бірлестігінде, «Южказ» мемлекеттік өндірістік кәсіпорнында, «Микроудобрения» өн­ді­рістік бірлестігінде қол­данылды. Оның жетекшілігімен өмірге жолдама алған минералдық шикізатты ультра дыбыс көмегімен өңдеу тәсілі кейінгі ізбасарларына ғылымның жаңа соқ­пағын көрсетіп бергендей. Жоғарыда айтып кеткеніміздей Ба­тырбек Ахметұлы ғылымда өте ау­қымды жұмыс тындырды. Оның тікелей өзі және жетекшілік еткен ғы­лыми тобы 600-ден астам ғылыми мақалалар жариялаған екен. Оның көбі ғылым­дағы ерекше еңбек ретінде Д.­И.Менделеев атындағы бүкілодақ­тық химия қоғамының дипломда­рымен аталып өтілді. Ол сан рет бүкілодақтық және халықаралық ғы­лы­ми конференциялар мен симпозиумдарда баяндама жасады. Батырбек Ахметұлы әрқашанда «ғы­лымның болашағы – талантты шәкірттерде, ғалым шәкіртімен мәуелі бәйтерекке айналады» деп отыратын. Сондықтан университетке оқуға түс­кен студенттер арасынан ғылымға бейімдерін ерекше қырағылықпен бай­қап, таңдап алушы еді. Ол отызыншы жылдардың өзінде қазақ жастарының сауатын ашу ісімен айналыса жүріп, химия пәнінің қазақ тіліндегі оқулы­ғын жасауға ерекше көңіл бөлді. Мәселен, он оқулықты жеке өзі қазақ тіліне аударды. Алты оқулықты редак­циялауға қатысты. Бұлардың бәрі де еліміздің орта және жоғары оқу орындарында бағдарламаға енгізілген пәндік оқулықтар болып шықты. 1962 жылы Б.Бірімжанов қазақ тілінде «Жалпы химия» оқулығын баспадан шығарды. Бұл біздің ана тілімізде шыққан жоғары оқу орындары үшін жалғыз оқулық болды. Бізден кейінгі жастар соны оқып өсті. 1970 жылы автор еңбегін қайтадан өңдеп, толық­тырып оқырманына жаңа еңбегін ұсынды. Бірнеше ғалымдармен бірігіп, қазақ тілінде «Химиялық байланыс­тар», «Ерітінділер», «Атом құрылысы және периодтық заң», «Кешенді қо­сылыстар», «Жалпы және бейор­гани­калық химияның теориялық бас­тауы», «Металл еместердің химиясы» атты еңбектер басып шығарды. Бұл тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілінде химия ғылымын сөйлетуге қайнар бұлақтай әсер ететін кешенді еңбектер екені даусыз. Ұстазымның кеңес заманында-ақ ана тілімізде осындай еңбектер шығуына ұйытқы болуы түптің-түбінде қазақтың тәуелсіз мемлекетін құруы мүмкін екендігін болжап, сол тәуелсіз елдің жастары ұлт тілінде химия ғылымын сөйлетуге қинал­масын деп жасап кеткен мақ­сатты бір ісі ме деп те ойлаймын. Қалай болғанда да ол игілікті істің бастауында тұрды. 1976-1977 жылдар аралығында Батырбек Ахметұлының редакция­лауы­мен «Бейорганикалық химияның практикумы» деп аталатын еңбектің алғашқы екі бөлімі шықты. Осыларға қоса ол мұғалімдер мен оқушыларға көмекші құрал ретінде пайдаланы­латын бірнеше шағын кітапшаларды жазған ғалым. Ұзақ жылдар бойы «Білім және еңбек» журналында редакция алқасының мүшесі болды. Оның бір ерекше қасиеті ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда жасалған баяндамалардың, ғылыми ізденістер нәтижелерінің мерзімдік басылым­дарда жариялануына ұйытқы болуы еді. Осындай қасиеттері жетелеген ол «Прикладная и теоретическая химия» және «Сборник работ по химии» деп аталатын журналдардың жауапты ре­дакторы болды. Өзінің негізгі жұмы­сына қосымша осындай ауқым­ды қоғамдық міндеттерді қатар атқа­руы Батырбек Ахметұлының отандық химия ғылымына шын мәнінде жанашыр болуының бір көрінісі еді. 1970 жылы Б.Бірімжанов Үкіметтің қаулысымен Қазақ кеңестік энцикло­педиясы бас редакциясының мүшесі, оның химия тарауы бойынша редак­циялық кеңе­сінің төрағасы болып тағайындалды. Сондай-ақ, ол Қазақ ауыл шаруашы­лығы энциклопедия­сының бас редак­ция­сына мүше болды. Оның химиялық ғылыми терминдерді қазақшаға аудару қабілеті ерекше еді. Бұл ғалымда ана тілінен сөздік қордың мол екендігін көрсетті. Сөйтіп, химия ғылымы саласы бойынша терминдердің қазақша-орысша сөздігі баспадан шықты. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы терминоло­гиялық комиссияның мүшесі болды. Өз өмірінде көрнекті ғалым отызға жуық диссертациялардың жетекшісі болды. Қазақ мемлекеттік университетінде химиядан докторлық, канди­даттық диссертация қорғау жөніндегі ғылыми кеңесте ұзақ уақыт бойы төраға қызметін атқарды. Бір емес, химияның жеті саласы бойынша ғылыми кеңес төрағасы болу аса сирек таланттардың ғана еншісі екенін білу қиын емес шығар. Ол 27 жыл қатарынан Қазақ мемлекеттік университетінде химия факультетінің дека­ны қызметін атқарды. Осы уақыт ішінде алты жаңа кафедра ашты. Оның басшылығымен химия факультеті университеттегі ең нәтижелі жұ­мыс істейтін буын ретінде бірнеше рет жеңімпаз атанды. Осы жылдар аралығында Батырбек Ахметұлы қа­зақтың химия ғылымын жаңа таланттармен толықтыруға сүбелі үлес қосты десек, артық айтқандық емес. Ол студенттермен аудиторияда ұстаз­дай сөйлессе, күнделікті тірлікте әкелеріндей қамқоршы бола білетін. Бір ғана химия ғылымымен шектеліп қалмаған ерекше тұлғаның ой-өрісі, дүниетанымы да ерекше кең еді. Онымен кез келген тақырыпта сөй­лесіп, оңай тіл табысуға болатын. Сондықтан да болса керек, ол сол кездің ең жоғары Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құр­мет грамотасына ие болды. Оған Қа­зақ КСР-ның ғылымына еңбек сіңір­­­ген қайраткер атағы берілді. Мен осынау ұлағатты ұстазымды еске алған сайын әрқашанда оның мейірім шуағын сезінгендей боламын. Ол маған әрқашанда «Еділ, енді сенің Отаныңа қызмет етуің – химия ғылы­мын қаншалықты алға басты­руыңмен өлшенеді» деп тұрғандай. Өйткені, менің химия ғылымын қу­ған­дағы алғашқы ұстазым да, «енді сенің білі­мің бар, ғылымды байқап көр» деп қолымнан жетелеп, химия ғылым­дары институтына әкелген де осы Батырбек Ахметұлы болатын. Содан бергі өзім қуған салада жеткен жетіс­тіктерімнің барлығында Батыр­бек Ах­мет­ұлы мен Сағид Рауфовичтің еңбегі бар деп ойлаймын. Олар болмаса мен дәл бүгінгідей дәрежеме жетер ме едім, жетпес пе едім. Сон­дықтан ұстазым жайлы естелік айту мен үшін бір ғанибет. Оның үстіне шынайы жақсы адамдарды сол қал­пында тағы бір санаңа, көз алдыңа әке­лудің өзі жүректі елжірететін бір іс қой. Оны «Қазақ химия ғылымының атасы» деп мен батыл сеніммен ай­тамын. Өйткені, Батырбек Ахмет­ұлы ұлттық химия ғылымындағы ал­ғашқы ғалымдардың бірі ғана емес, бірегейі еді. Әлі есімде, универси­теттің алғашқы курстарында оқып жүрген мені Химия ғылымдары инс­титутына жетелеп әкеліп, институт­тың сол кездегі директоры Әбікен Бектұровқа «Еділдің ендігі ғұмыры ғылымда, ғылым бұл жігіттен талай игілікті көреді» дегені күні бүгінге дейін құлағымда сыңғырлап тұрған­дай. Ол мені ғана емес, талай студентін «ғылымға бұрған» ұстаз еді. Факультетте қанша студент болса, соның бәрін баласындай көре жүріп, олар­дың қайсысынан ғалым шығатынын дөп басып анықтай алатын. Ал «осы­дан ғалым шығады» деп түйген­дерін әуелі факультет лаборатория­сында сынақтан өткізіп, сонан соң инсти­тутқа жетелеп апару оның әдетті жұмысындай болды. Мұндай ұстаз әр студентке бұйырмайтын бақыт. Өмір­дің талай «нәубетін» көре жүрсе де, бойындағы қанмен біткен ұлтжан­дылық, мейірімділік, қайы­рым­ды­лық қасиеттерін сол қалпында сақтап, көптің игілігіне жарата білген мұндай тұлғаның шәкірті болу да ғанибет екен. Ол бізге әрдайым: «Ұстаз мәуелі бәйтерек. Бәйтеректен толып жатқан бұтақтар нәр алып өсіп шыға­ды, олардан жапырақтар өнеді. Сөй­тіп, бәйтерек саялы болады. Ұстаз да сол бәйтерекке ұқсауы керек. Шәкірт­теріңе әкедей қамқор болың­дар» деуші еді. Ол бұл сөзін «өсиет» ретінде айтып қана қоймай, сонымен бірге өз өмірінде жүзеге асырып кеткендіктен де біз оны өзімізге үлгі тұттық. Қазақ химия ғылымы бұл күндері алып бәйтерек секілді сан бұтақты, сан жапырақты бір әулет десек, оның алтын діңгегі осынау алып та аяулы ұстазым екені даусыз. Қазақстан химиктерінің басым көп­шілігі сол діңгектен өріп шыққан бұтақтар мен жапырақтар. Биыл қазақ химия ғылымының негізін қалаушы Батырбек Ахмет­ұлы Бірімжанов 100 жасқа толды. Біз­дер, химиктер әулеті үшін ар­дақ­ты ұстаз­ды елжіреген жүрекпен еске алу бір ғанибет. Қазіргі биіктен қарап отыр­сақ, ол тындырған іс ұшан-теңіз деуге лайық екен. Өйт­­кені, тәуелсіз Қа­зақстан Рес­пуб­ли­ка­сына әлемнің ең иықты мемлекеттерімен бәсе­келесе ала­тын әле­уетті химия ғылы­мын «жасап беріп кеткен» осы ұстаз бо­ла­тын. Егер әрбір адам осындай іс істей алса, ұлттың бүгіні мен бола­­шағы ба­қытты деуге болар. Бірақ ондай ұлан-ғайыр игілікті жасау тек қана санаулы тұл­ғалардың қо­лынан ғана келеді. Батырбек Ах­метұлы Бірімжанов дәл осын­­­дай са­нау­­лы тұлға­лардың бірі. Еділ ЕРҒОЖИН, академик. Алматы.