07 Желтоқсан, 2011

Кеше инновациялық форум өз жұмысын аяқтады

357 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Тәу­ел­сіз­дігінің 20 жыл­ды­ғы­на ар­на­лып Астана­да­ғы Тәу­елсіздік са­рай­ын­да өткен ин­но­ва­ция­лық фо­рум өз жұ­мы­сын одан әрі жалғастырды. Форумның екінші күнінде бірқатар шаралар мен бас­қо­су­лар, баспасөз мәслихаттары бо­лып өтті. Соның ішіндегі ең ма­ңыздылары Елбасының атынан Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсі­мов қатысқан инновациялық жобалар көрмесінің ашылуы және Президенттік инновациялар клу­бы­ның тұңғыш отырысы өткен­ді­гі болды.   Кәрім Мәсімов өзінің орынбасары –  Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевпен бірге көрме жұмысымен танысып өткеннен кейін Президенттік инновациялар клубының тұңғыш отырысы өз жұмысын бастады. Оны Ре­сей­дің «Вести в субботу» бағ­дар­ламасының жүргізушісі Сергей Брилев ашып, жүргізіп отырды. Бұл отырыстағы диалог-әңгіме­лер­ге БҰҰ Еуропалық экономи­ка­лық комиссиясының экономи­ка­лық ынтымақтастық және интеграциялар жөніндегі дирек­то­ры, «Қазақстанның инновация­лық дамуына шолу» жобасының жетекшісі Румэн Добринский, Корея Ғылыми-технологиялық ба­ғалаулар және жоспарлау инс­титутының президенті, доктор Джун Сеун Ли, Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйы­мы (ОЭСР) елдерінің Еуразиялық бағдарламасының жетекшісі Фади Фарра қатысты. Үкіметтің және жергілікті ат­қарушы биліктің өкілдері, ұлт­тық компаниялар мен ұлттық холдинг басшылары, даму институттары мен ҒЗИ, бизнес және инно­ва­циялық кәсіпкерлер, халық­ара­лық сарапшылар мен шетелдік серіктестер қатысуымен өткен осы басқосуда алдымен сөз тізгінін алып, Елбасының атынан жи­налғандарды құттықтаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өз сөзін бүгінгі күні әлемдік қауым­дастықтың қатарында келе жат­қан Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымына мүше елдердің, соның ішінде АҚШ пен Еуропаның алдыңғы қатарлы мем­лекеттерінің индустриялан­ды­ру мәселесіне қайтадан үлкен назар аударып, инновациялауға екпін түсіргендігін атап өтуден бастады. «Әлемнің үлкен елдері, батыстың дамыған мемлекеттері, Қытай мен Ресей, Жапония осы істе барған сайын алға басып, өздерінің инновациялық өнім­де­рін кеңінен таратуға көшті. Біз де оны тек тұтынушы болып қал­ғымыз келмейді. Сондықтан Ел­ба­сының тапсырмасы бойынша инновациялық даму мәселесіне үлкен көңіл бөлу үстіндеміз. Оның алғашқы нәтижелерін жаңа мен көрме жұмысымен танысқан кезінде байқадым. Бұлар – біздің алғашқы табыстарымыз. Біз әлі жолдың басында ғанамыз. Сон­дықтан сіздердің атқаратын жұ­мыс­тарыңызға үлкен табыс тілеймін», деді Премьер-Министр. Осы ретте сөз тізгінін қай­та­дан алған Сергей Брилев Кеңес Ода­ғы тараған шақта өзінің  бұл хабарды Қазақстан жеріндегі Бай­қоңырда іссапарда жүріп естігендігін еске ала келе, сол кезден бастап посткеңестік елдердің ин­новациялық дамуы дағдарысқа түсе бастағандығын айтты. Ал осы аралықта ОЭСР елдері үлкен табысқа жетті. Мұның сыры неде? Жүргізуші Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) елдерінің Еуразиялық бағдарламасының жетекшісі Фади Фарраға қарата осындай сұрақ тастады. Үнқатысу түрінде өткен әң­гі­ме барысында сұраққа байла­ныс­ты сөз кезегі тиген Фади Фарра қазіргі күні әлемдік иннова­ция­лар­дың 30 пайызы осы ұйымның үлесіне тиіп отырғандығын айта келе, қонақтарға өз сөзінің дәлелі ретінде бірнеше диаграммалармен танысуды өтінді. Шешен сөзінен байқалғанындай, ОЭСР елдерінде ішкі жалпы өнімнің 2 пайызы инновациялық дамуға, соның ішінде, ғылыми жаңалық­тар­ды ашу мен игеруді қаржы­лан­дыруға жұмсалады екен. Бұл әлемнің басқа елдерімен салыс­тыр­ғанда жоғары көрсеткіш бо­лып табылады. ОЭСР елдерінің инновациялық табыстарға жетуі­нің бір сыры да осында тұрған секілді. «Бұл елдер инновациялық дамудың бірнеше толқынын бастан өткерді. Сондықтан мұндай жолмен даму оларда әбден қа­лып­тасқан деуге болады», деді ше­шен. Сондай-ақ ол Қазақ­стан­да да бұл істің бастамасы көңіл көншітерліктей екендігін атап көрсете отырып, енді Қазақ­стан­ға бұл бағыттағы реформаның төртінші толқынын өткізу керек деген пікірін білдірді. Мұндай жағ­дайда мемлекет бұл іске не­ғұрлым аз араласып, бастама­шы­лық пен белсенділікті қалып­тас­қан инновациялық ортаға тап­сы­ратындығын айтып өтті. Сергей Брилевтің мұнан кейінгі сауалы Кәрім Мәсімовке бағытталды. «Біз посткеңестік ел­дер ұзақ жылдар бойы бір ішіктің ішінде болдық. Сон­дық­тан біздің көптеген проблема­ла­ры­мыз да ұқсас. Мәселен, Кеңес одағы кезінде бізде халық пен экономикаға үлкен пайдасын тигізген ғалымдардың бірнеше буы­ны тәрбиеленіп шықты. Бірақ заман ауысқан кезде ұрпақтар сабақтастығының проблемасы да болмай қоймайды екен. Сіз осы мәселеге қалай қарайсыз?» деді басқосуды жүргізуші. Қазақстан Премьер-Министрі мұндай проблеманың біздің елімізде де бар екендігін атап өтті. – Кеңес одағы тұсында Қазақ­стандағы инновациялық технологиялар әскери-өнеркәсіптік салада өріс алғандығы белгілі. Ол ғарыштық, атом өнеркәсібі және биотехнологиялық салаларда біршама жетістіктерге жетті. Тіпті, осы салалар бойынша сол кезде әлемдегі алдыңғы қатарда болды деп айтуға да келеді. Бірақ енді бізде басқа салалар да жақсы дамуға бет алды. Дамудың осы қарқынын сақтап отыру үшін бізге енді инновациялар кең кө­лем­де қажет болуда. Біздің бастапқыда бәрін де на­рық өзі реттейді деген түсінікте болғанымыз да шындық. Бірақ олай емес екен. Сондықтан енді мемлекеттің белсенді түрде ара­ласуымен инновациялық дамуды қолға алып жатырмыз. Әзірге бұл мәселенің жауабынан гөрі сұ­ра­ғы көп. Бүгінгі біздің басқо­суы­мыз да сондай сұрақтарға жауап іздеу мақсатын көздейтіндігі анық, деді Премьер-Министр. Сергей Брилевтің айтуынша, БҰҰ-ның Еуропалық экономи­ка­лық комиссиясының қатысуымен әзірлену үстіндегі «Қазақ­стан­ның инновациялық дамуына шолу» бағдарламасы осыған көмек­тесуі тиіс. Ол қандай жұмыс­тарды қолға алып отыр? Бұл сұраққа аталған комис­сия­ның өкілі әрі жоғарыдағы бағ­дарлама басшысы Румэн Добринский жауап берді. Оның айтуын­ша, бұл бағдарлама Қазақстан Үкі­метінің, отандық сарапшы­лар­дың белсене қатысуымен әзір­леніп отырғанымен, ол тәуелсіз жоба болып табылады. Олай болатыны оны әзірлеуге негізінен тәуелсіз халықаралық сара­п­шы­лар тартылды. Олар Ұлттық ин­новациялық қор басшылығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеген. – Біз бірінші кезекте Қазақ­стан­дағы қазіргі жағдайды сыни тұрғыдан талдап, өз бағамызды бердік. Соның нәтижесінде бір­қа­тар проблемалар айқындалды. Соларды шешу жолдары іздестірілуде. Дегенмен, осы арада аталған мәселеде Қазақстанның табыстарының бар екендігін де атап көрсетпекпіз. Солардың қа­тарында инновациялық рынок­тың негізгі ойыншыларының ай­қындалғандығын және олардың әрекет үстінде екендігін атап көр­сетуге болады. Олар Үкімет, ин­новациялық жобаларды қаржы­лан­дыруға бағытталған банктер мен даму институттары, Ұлттық ин­новациялық қор және жаңа­лық­қа ынтық кәсіпкерлер тобы. Ендігі үлкен мәселе осылардың басын қосып, істі белгілі бір жүйеге түсіру және оның ойын тәртібін белгілеу болып отыр. Мен бұл жоба жүзеге асады деп ойлаймын. Соның сенімді бір фак­торы ретінде ел басшылы­ғы­ның, Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың өзінің инно­ва­ция­лық дамуға өте үлкен көңіл бөліп отырғандығын атап көрсе­те­мін. Біздің клубымыздың құры­лып, бүгінгі ашық үнқатысуды жүргізуінің өзі осындай саяси зор ынта-жігердің жемісі деп білемін. Екінші маңызды фактор ин­но­вациялық дамуға оның қазіргі сіңіру мүмкіндігіне сәйкес жеткілікті қаржы бөлініп отырған­ды­ғы. Сондықтан бізге енді істі одан әрі алға жылжыту үшін бірнеше нұсқаулық әзірлеу қажет. Біз қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Соның біріншісі саяси нұсқаулық. Ол ойын­шылардың арасындағы бай­ла­ныс­ты қалайша қалыптастырып бекітеміз, әртүрлі секторлар мен әртүрлі өңірлердегі өзара бай­ланысты қалайша дұрыс жолға қоямыз деген сұрақтарға жауап беруден басталады. Екіншіден, инновациялық кә­сіп­керлікке жеке нұсқаулықтар әзірленеді. Біздің бұл жөніндегі ұстанымымыз бойынша жаңа­шыл табысты кәсіпкерге айналуы керек. Сонда ғана ол аталған мә­селеге барлық күш-жігерін жұм­сай­тын және көлденеңнен кездесетін кедергілерді жарып шы­ға­тын болады. Үшінші нұсқаулық рыноктық сұраныс тудыруға қатысты. Оны мемлекеттік тапсырыстар, Үкі­мет­тің  рынокты реттеу тетіктері арқылы шешуге болады. Менің бұл айтып отырғанымның барлы­ғы біз әзірлеп жатқан жобаның ең қысқаша көрінісі ғана, деді шешен. Оған сіздердің осындай жоба бойынша жұмыс істеу тәжіри­бе­ле­ріңіз бар ма деген сұрақ қой­ыл­ды. Румэн Добринскийдің бұл сұраққа берген жауабына қара­ғанда, олар бұған дейін Беларусь Республикасында дәл осындай жұмыс жүргізген. Екі елдің жағ­дай­ларында ұқсастық бар. Бірақ бұл мәселеде Қазақстанның ин­но­вациялық дамуға қажетті құ­ры­лымдарды құруда алға кеткендігі байқалады. Ал Беларусь елі бұл кезеңнен әлі өтуі керек. Бірақ олардың бір артықшылығы тех­никалық құралдар шығарудағы тәжірибелерінің молдығы. Сөз кезегі Қазақстанда ұлт­тық инновациялық қор тығыз ын­тымақтастықта жұмыс істеп жат­қан Корея ғылыми-техноло­гия­лық бағалаулар және жоспарлау институтының президенті Джун Сеунг Лиге тиді. Ол иннова­ция­лық форсайтты қалай қалып­тас­тыруға болады деген сұрақ төңірегінде әңгіме қозғады. Біздің Корея соңғы 40-50 жылда әлемдегі артта қалған кедей мемлекеттердің бірінен ең алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналып отыр. Өткен жылдардың 70-жылдары ауыр өнеркәсіпті дамыту, соның ішінде, кеме жасау ісін қолға алған едік. Қазір бұл жөнінен әлемде бірінші орын­ға шықтық. Әлемдегі кеме жа­сау өндірісінің 40 пайызы біз­дің үлесімізде. Сондай-ақ элек­троника саласында да алдыңғы орынға  шықтық. Ғылыми жаңа­лық­тарға патент беру жөнінен де бірінші орындамыз. Елімізде жо­ғары технологияландыру деңгейі 82 пайызға дейін көтеріліп отыр. Міне, осы жетістіктердің бар­лы­ғына қалай қол жеткіздік деп сұ­рақ қойған шешен осы сұрағына өзі жауап беруге кірісті. Оның айтуынша, осының барлығы инновациялық форсайтты, яғни инновациялық болжам жасау мен жоспарлауды дұрыс та нақпа-нақ жүргізудің нәтижесі болып табылады. Президенттік инновациялар клубының бірінші отырысы осы­лайша қызықты үнқатысу түрінде өрбіп, оған қатысушылар көкей­леріне көп ой түйіп кеткендей болды. Оның жұмысына Қазақ­стан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов белсене қатысып, көп­те­ген сұрақтарға жауап берді. Тәуелсіздік сарайында өткен форумда Инновациялық жобалар көрмесі ашылып, оны Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов аралап көрді. Көрмеге Қазақстанның бар­лық аймақтарынан жинақталған және экономиканың түрлі сала­ла­рын қамтитын 68 жоба қойылған. Олар инновациялық жобалардың республикалық байқауының қо­ры­тындысы негізінде іріктеліп алынып отыр. Айта кетерлігі, көрмеге ұсынылған 68 орынның әрқайсына 11 үміткер жобадан тіркеліп, олардың арасында өткен өзара сапалық бәсекелестік те қарқынды өткен. Іріктелген жобалар инновациялық жобалар тізбесіне енгізіліп, келешегі айқын­дала түсетін болады. Айта кетерлігі, форум бары­сында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ шетелдік серіктестіктер­дің қолдауымен 2010-2011 жыл­дары Қазақстанда іске асырылған екі бірегей зерттеудің де қоры­тындысын ұсынды. Мұның бірі Корея ғылыми-техникалық баға­лау және жоспарлау институты­ның қолдауымен іске асырылған ең алғашқы ұлттық ғылыми-техникалық жоба болса, екіншісі – БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының қамқорлығымен жүргізілген «Қазақстанның ин­новациялық дамуына шолу» жобасы. «Еліміздің осы даму кезеңінде мемлекет инновацияны дамытуға маңызды рөл атқаруға мүмкіндігі бар және солай істеуі де керек деп білемін. Үкімет, ұлттық компаниялар, барлық деңгейдегі бюд­жеттер инновациялық үдерістің тиімділігін ынталандыруы керек. Ірі, жеке компаниялар, шетелдік компаниялар бұл үдеріске тарты­ла­ды деп сенемін. Ал шағын және орта бизнеске бұл бағыт­тағы инновациялық жобаларда бәсекелесу ауыр болғанымен, әлемдік тәжірибеден ондай сек­тордың да қарқынды дамып отыр­ғанын білеміз. Бұның өзі шағын бизнестің инновациялық компанияға айналуына жол аша­ды», – деді көрмеге қойылған жоба авторларымен пікір алмасқан К.Мәсімов. Бұдан өзге, форум аясында инновация саласындағы үздік жур­налистік материалдарға жа­рия­ланған «Өрлеу ақпараты» республикалық конкурсының же­ңім­паздары марапатталды. Бай­қау қорытындысы бойынша, «Ай­қын» басылымының тілшісі Айхан Шәріптің «Инновациялық экономика құру – жалпыұлттық өрлеу идеясы» атты мақаласы қазақ тіліндегі ең үздік мақала деп танылды. Ал орыс тіліндегі үздік жарияланым бойынша жүл­де «Деловой Казахстан» басы­лымының тілшісі Ирина Лисстің «Катализатор масштабных реформ» атты мақаласына берілді. Интернеттегі үздік материал ата­лы­мы «Қазақ ақпарат агентті­гінің» тілшісі Марлан Жием­бай­дың «Ылғал сақтайтын технология жерден мол өнім алуға мүмкіндік береді» атты мақаласы үшін, ал интернеттегі орыс тілді үздік материал жүлдесі осы агенттіктің тілшісі Серік Сә­бе­ковтің «В текущем году НИФ планирует создать два венчурных фонда» атты мақаласына берілді. Сондай-ақ қазақ тіліндегі үздік радиобағдарламаны қазақ ра­дио­сынан Ләззат Ноғайбай, орыс тіліндегі үздік радиобағдарламаны қазақ радиосынан Шолпан Най­манбаева, қазақ тіліндегі үздік телесюжетті «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан Жазира Досма­ғамбетова, орыс тіліндегі үздік телесюжетті «Жетінші арнадан» Бауыржан Шурманов дайындаған деп танылды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Қанат ЕСКЕНДІР. ------------------------------------- Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ

* * *

ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ

Хидэаки МОКОМИДЗЕ, Ұлттық ядролық энергия агенттігінің атқарушы вице-президенті: – Жапонияның Атом энергиясы агенттігі ұсынып отырған бұл жоба иннова­ция­лық жаңа үлгідегі реа­к­тор­ларды суыту үшін судың орнына инертті газ гелийді қол­данатын жаңа құрылғы. Бұл жобаны Қа­зақстанмен бірігіп зерттеп отырмыз. Әдеттегі сумен суытатын реактордан айырмашылығы бұл құрылғы «газбен салқындататын реактор» деп аталады. Өздеріңізге белгілі, гелийдің тем­пе­ратурасы 950 градусқа дейін көтеріле­тін­дік­тен кәдуілгі реакторлар сияқты судың қуаты мен жылуды ғана беріп қоймай, сонымен қа­тар, сутегімен де қамтамасыз етеді. Ал бұдан бөлінген сутегімен жаңа индустриялық құрыл­ғыларды үлкен шығынсыз әрі табиғи ортаны ластамастан адамзат игілігіне қолдана аламыз. Осы реактор арқылы өндірген сутегімен біз Қазақстандағы жаңа индустрияны дамытуға атсалысамыз деп ойлаймын. Қазіргі таңда біз Қазақ елінің Ұлттық ядролық орталығымен бірігіп, осы инновациялық жобаның талқылау сатысынан өтіп жатырмыз. Бұйыртса, дамудың жаңа сатысына көтеріліп келе жатқан Қазақстанның инновациялық алға басуына біздің де ғылыми жобамыз өз үлесін қосады деп ойлаймын. Қасым МҰҚАНОВ, Ұлттық биотехнологиялар орталығы бас директорының орынбасары: – 1993 жылы құрылған Биотехнологиялар орталық­тың бүгінгі таңда Атырау мен Степногор қалаларында екі ғылыми бөлімшесі бар. Инновациялық көрмеге күйік­тің ауыр түріне қолданылатын жасуша­лық технология арқылы әзірленген фиброспрей атты препаратты ұсынып отырмыз. Бұл препарат қазіргі таңда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Инновациялық патентімен қор­ғалды. Сонымен қатар, республикалық ауруханаларда күйік шалған 10 адамды емдеуге қолданылып, тиімділігінің өте жоғары екендігі анықталды. Мәселен, күйген адамның терісінен жасуша алып, оны зертханалық жағдайда көбейтеміз де, оны зақымдалған жерге кең қол­даныстағы дәріге қосып жағамыз. Нәти­же­сінде бөтен әсері жоқ, қайта науқастың тез айығып кетуіне ықпалы зор емге қол жеткізіп отырмыз. Ғылыми зерттеу барысында бұған дейін қолданып жүрген емге қарағанда осы фи­броспрейді қолдану арқылы күйіктің жа­зы­луы мен терінің қалыпқа келуіне 2 есе әсерлі екендігі дәлелденді. Келешекте бұл әдіс және осы препарат денсаулық сақтау саласында кеңінен қолданылады деген сенімдеміз. Серік ДҮЙСЕНОВ, «Локомотив жөндеу зауыты» АҚ президенті: – Биыл қазан айында «Электровоз құрастыру зауыты» жобасын жүзеге асыру мақсатында локомотив құрастыратын жаңа зауыттың құрлысын бастадық. Осы жоба барысында бізбен бірге Францияның «Alstom Transport» компаниясы мен Ресейдің «Трансмашхолдинг» компаниясы әріптес ретінде жұмыс істейді. Болашақта ел ішіндегі электровозға деген сұранысты түгел жабамыз. Сонымен қатар, ТМД көлемі мен алыс шетелдерді де электровозбен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Жыл басында аталған үш компания зерттеу-сараптау жұмысын жүргізген. Астана қаласындағы тепловоз құрастыру зауытының аумағы мен инфрақұрылымын пайдалана отырып жаңа үлгідегі электровоз шығаруға болатындығына көз жеткізілді. Бұл арқылы инженерлік-коммуникациялық құрылғылар мен көліктік желі тарту шығындарын азайтып, қазіргі жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтар мен еңбек ресурстарын тиімді пайдаланатын боламыз. Жобаға жұмсалатын қаржы 42 пайызға дейін үнемделеді.