07 Желтоқсан, 2011

Сырттай оқудың салдары қандай?

345 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкі­мет отырысы өтті. Онда Білім және ғылым министрі Бақыт­жан Жұмағұлов Елбасы тапсырмасына сәйкес кәсіптік білімнің құ­рылымы мен даму үрдісіне талдау жасап, кәсіптік және жоғары білім беру сапасын арттыру шараларымен таныстырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тап­сыр­масына сәйкес, Білім және ғы­лым министрлігі білім саласы бой­ынша әлемдік тәжірибемен жете танысып, нақты зерттеулер жүр­гіз­ді. Талдау жасау барысында әлем бойынша жоғары білім алушылар саны жыл сайын артып отыра­тын­дығы белгілі болды. Жоғары білімді кадрлар даярлау жылына 6% көрсеткішпен қарқынды дамып келеді. 10 жылда жоғары білім алу­шы жастардың саны 65%-ға, яғни 65 млн.-ға өскен көрінеді. Бұл көр­сеткіш, жалпы алғанда халықтың білім деңгейін арттырғанымен, әлемдік сарапшылар жоғары білім­нің жаппай берілуі білім сапасы­ның төмендеуіне әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Ал дамушы елдерде жұмыссыздықтың көбеюі орын алмақ. Осы орайда Қазақстанның бұл көрсеткіштерді басып озуы алаң­датады. Соңғы 10 жыл ішінде еліміздегі студенттер саны 170%-ға өскен. Экономикалық тұрғыдан шы­найы баға беретін болсақ, Қа­зақ­стандағы студенттер саны тым артық деп бағаланады. Бұған қан­дай үдерістер әсер етеді деген сұ­рақ­қа жауап іздеген сарапшылар күндізгі білім беру жүйесінің инс­ти­туттық элементтерінің ықпалын зерттеген. Сөйтсе, күндізгі жоғары білім беру жүйесі экономикамызға 21% орта білімді, 41% кәсіптік-техникалық, 38% жоғары білімді мамандарды даярлап береді екен. Бұл дамушы елдердің көпшілігінің қызметкерлер құрылымына сәйкес. Алайда біздің жоо-лардағы сырт­тай оқу жүйесінің болуы жағ­дай­ды түбегейлі өзгертіп отыр. Себебі, қазақстандық жоғары білімді студенттердің тең жартысына жуы­ғы (46%) сырттай алады екен. Біз жастардың жартысына жуығын техникалық және кәсіптік білім ма­мандықтарына оқытамыз, бірақ олардың әрбір екіншісі (45%) ма­ман­дықтары бойынша жұмыс іс­теу­дің орнына жоғары оқу орын­да­рына кетіп жатады. Нәтижесінде кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшылар экономикаға қажетті мөлшерде тартылмай қалады да жыл сайын қызметкерлерді толық­ты­рушылардың қатарындағы олар­дың үлесі 27 %-ға төмендейді, деді Б. Жұмағұлов. Тағы бір жағымсыз фактор бар. Дайындығы аз және үлгерімі төмен жастар бұл жолды жоғары білім алуда ҰБТ-дан айна­лып өту үшін және қысқартылған бағдарламамен оқытуға аз қаражат жұмсау үшін пайдаланып жатады. Осылайша жоғары білімді мамандар саны күрт артады. Бұл эко­но­ми­каның құрылымына сәйкес емес, әрі халыққа білім беру құры­лымын теңдестіре алмайды. Бұл жағдай ретке келтіруді қажет етіп отыр. Сондықтан биыл бірқатар шаралар қолға алынды. «Білім ту­ралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жоо-лардың жаңа классификация­сы анықталды. Оларды халықара­лық және ұлттық аккредитациядан өткізу енгізілуде. Биыл сырттай оқу контингенті жоғары талаптар қойылу арқылы 43 мыңға қыс­қарды, деді ол. Министр кәсіптік білім беру жүйесіндегі тепе-теңсіздікті 3 ба­ғыт­ты кешенді шаралар арқылы ше­шуді ұсынды. Алғашқысы – еліміздегі 148-ге жуық жоо санын 100-ге дейін қысқарту. Оларды бірден қысқарту мүмкін емес, сон­дықтан бұл үдеріс 3-4 жыл ішінде жүргізіледі. Өз әлеуеттерін бекіте түсу үшін жоо-ларды біріктіруге, кейбірін колледждерге айналдыру­ға жағдай жасаймыз, деді ол. Бұл шаралар кәсіптік-техникалық білім алғандардың жаппай жоғары оқу орындарына сырттай білім алуға ауысуына жол бермес үшін қарас­тырылып отыр. Сондай-ақ министр орта мектеп базасында білім алған­дар­дың бірден сырттай оқуға тү­суі­не тыйым салуды ұсын­ды. Соны­мен қатар, техникалық және кәсіби білім беру орындары тү­лектерінің жоғары оқу орын­да­ры­на түсу кезінде міндетті түрде ор­та­лық­тан­дырылған тестілеу енгізу ұсы­ны­сы да жасалды. Бүгінде колледждер мен техникалық және кәсіби білім беру орындарын аяқтағандар жоғары оқу орнына ешқандай емтихансыз қабылдануда, деп атап көрсетті Б.Жұмағұлов. Бағдарламаның бүгінгі күнге қажеттілігі жоғары екендігін айта келе Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов министрге 3 бағытқа баса назар аударуды міндеттеді. Біріншіден, ұсынылып отырған оңтай­лан­ды­руға жататын жоғары оқу орын­дарында білім алып жатқан студенттер зардап шекпеуі қажет. Яғ­ни, білім ала бастаған студент­тер­дің басқа жоғары оқу орындарында сол оқуын жалғастыруына жағдай жасау қажет. Сондай-ақ Елбасы ай­қындаған еліміздің даму бағыт­та­ры­на жоо-лардың мамандықтары мен білім алған студенттердің әлеуеті сәйкес келуі керек, яғни білім алған студенттер жұмыс үде­рісіне әлеуетті түрде араласуы қа­жет. Үкімет басшысының үшінші назар аударған мәселесі, жоғары оқу орындарына бағытталатын ре­сурстардың қайда жұмсалатын­ды­ғы болды. Яғни, бұл қаржылар Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылымды дамытуға, білім беру са­пасын арттыруға жаратылуы керек. Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалына жауап беру кезінде Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов 3-4 жылдан кейін елі­мізде 100-ге тарта оқу орын­да­ры қалатындығын, биылдың өзінде 12 жоғары оқу орны қысқаратынын жеткізді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.