08 Желтоқсан, 2011

Қаржыгерлер қауымына құрмет

480 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Қаржы министрлігінде Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы­на орай Қазақстан қаржы жүйесінің ардагерлері мен үз­дік қаржыгерлері марапатталған салтанатты шара өт­ті.  Оларды Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко және басқалар құттықтады. Мерекелік марапаттаулар «Тә­уел­сіздіктің 20 шыңы – 20 жұлдызды күн» күнтізбесіндегі «Алтын теңге» күніне орайлас өтті.  Бұл күні 150-ден астам қаржыгерлер, оның ішінде 70 үздік қызметкер «Қаржы қыз­метінің үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты. Сондай-ақ осы күні барлық облыс орталықтарында 800-ден астам қаржы қызметкерлеріне сый-сыяпат ұсынылды. Алдымен Қаржы министрі Болат Жәмішев ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан қаржы жүйесінің ардагерлерін құттықтады. Бүгінде әр­қай­сымыз ел экономикасының өр­кендеуіне куә болып отырмыз. Қазақстан экономикасының қазіргі дамуы сатысында қаржы секторы жаңа сапалы деңгейге көшті. Елі­міздің қаржы жүйесі ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда ең үдемелі жүйе ретінде танылды. Мұны халықаралық жетекші сарап­шылар да растап отыр.  Тәуелсіздік жылдары осы жетістіктерге борыш­тарын абыроймен атқарған және қаржыгерлердің кейінгі буынына өз білімдерін берген біздің ардагерлеріміз негізгі үлес қосты, деді Б. Жәмішев. Министр ардагерлерге және Қаржы министрлігінің елеулі еңбек еткен қызметкерлеріне елімізде тұңғыш рет тағайындалып отырған «Қаржы қызметінің үздігі» атты ведомстволық наградаларды табыс етті. Ал Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің еліміздің қаржы жүйесінің екі қанаты секілді ұзақ жылдар бойы бірге табысты жұмыс жасап келе жатқандығын атап өтті. Ұлттық банкте қызмет еткен кадрларымыз кейінірек Қаржы министрлігінде, болмаса Қаржы ми­нистрлігі мамандары біздің сала­ға ауысып та абыройлы жұмыс ат­қарып келеді. Ұлттық банк басқа­ратын өзге де есепшоттарды есепке ала отырып, Қаржы министрлігінің біздің құрметті, қадірлі клиентіміз екенін еске салғым келеді. 15 қарашада Қаржыгерлер күні өтті, теңгемізге 18 жыл толды. Осы ша­ралардың басы-қасында жүрген­ді­к­тен, мен үшін де орны ерекше. Ос­ындай мерейлі күні сіздерді Ұлттық банк ұжымы атынан Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен, өткен кәсіби мере­келеріңізбен құттықтаймын, деп аяқтады өз сөзін. Қаржыгерлерді марапаттаудан соң Ұлттық банк төрағасы журналистерге сұхбат берді. Қазақстан 2011 жылды жақсы қорытындымен аяқтап отыр. Экспортталатын шикізат құны жоғары, ал бюджет кірісі шығыстардан асып түсті, деп бас­тады сөзін төраға. – Ең басты жетістігіміз – Қазақстан қаржы жүйе­сінің қалыптасып, осы уақыт ішінде дамып отырғандығы болып отыр. Көпшілік 1991-1992 жылдар­дағы жағдайды ұмытып үлгерді. Ол кезде шынында да Қазақстан тәу­елсіз мемлекет ретінде қалыптасып, аяғынан тұрып кетеді дегенге кейбіреулер сене қоймады. Ал бізде озық деңгейлі қаржы жүйесі бола­ды дегенді ешкім ауызға да алмады. 1994 жылдары өткен баспасөз мәслихаттарында менің инфляция деңгейі жылына 10 пайыз болады дегеніме бетіме тура күлгендер бол­ды, құнды қағаздар рыногы қандай болатындығын айтқанымда одан да қатты күлкіге қалдым. Кәсіпорындарды орталықтан­ды­рыл­ған несиелеуге жүгінбейтін несиелеу жүйесіне де ешкім сенбеді. Қазір тәуелсіз ел болдық, банк секторы мен зейнетақы жүйесінен, сақтандыру секторынан, лизингтік сегменттен және құнды қағаздар рыногынан тұратын қаржы жүйеміз бар. Егер 18-20 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, жетістіктеріміз көп екендігін байқаймыз. Қазақстанда алғашқы кезде 200-ге тарта банк болды, бірақ олардың барлығын қосқандағы активі 1 млрд. долларға ғана жетті. Қазір бізде 39 банк бар, олардың барлық активтерін санасақ, 80 млрд. дол­ларға жетеді. Мені 1999 жылы Ұлт­тық банкке басшылыққа тағайын­даған кезде алтын-валютаның жи­ын­тық активі бар-жоғы 1 млрд. дол­лар болса, қазір 7,6 млрд.дол­лар­ды құрайды. Бұл сандардан көп мәлімет түсінуге болады, деді ол. Ал келесі жыл қаржы секторы үшін қандай болмақ деген сұраққа Ұлттық банк басшысы барлық жағ­дайдың сыртқы рынокқа тәуелді екен­дігін жеткізді. «Барлық болжамдар Еуропадағы, АҚШ-тағы мә­­­­селелерге байланысты болып отыр. Қазақстанға келсек, бізде оған еш­қандай алғышарттар жоқ. 2011 жыл жақсы аяқталуда, түбегейлі өзге­ріс­тер орын алмайды деп сеніммен айтуға болады. Экспорттық шикізат құны жоғары сақталып, ІЖӨ 7 па­йызды құрады. Төлемақы балансы­ның жағымды сальдосы, бюджет жетіспеушілігі орын алған жоқ. 1 желтоқсандағы деректер бойынша, инфляция 7,8%, яғни өзіміз болжа­ған деңгейде. 3 жылдан бері жа­ла­қы мен зейнетақы өсуде. Жағдай жағымды сақталып отыр. Біз еуро­палық саясатшылар өз мәселелерін шеше алады деген үміттеміз, сонда 2012 жыл 2011 жыл секілді жақсы өтеді, дейді Г.Марченко. Көптеген әлемдік сарапшылар жазға қарай келеді деп болжап отырған дағда­рыстың 2 толқыны туралы да пікірін айтып өтті. 2008-2009 жылдар­ғы қаржы дағдарысы соңғы 60 жыл ішінде болған дағдарыстардан асып түсті. Бұл кезеңнен өту үшін біздің мемлекетіміз Ұлттық қордан 10 млрд. доллар жұмсады. Қазір біздің қорымызда 43,5 млрд. доллар бар, бұл қаржыны Ұлттық банк Қаржы министрлігі үшін басқарады.  Бұл сома толықтай шетелде орналасқан. Біздің тарапымызға қаржыны дұ­­­рыс басқармайды деген сын жиі тағылады, бұл орынсыз. Грекия­ның, Ирландияның және Португалия елінің құнды қағаздарын біз 2009 жылдың мамырында-ақ сатып, ешқандай зиян, шығын шекпедік. Ал Испания мен Италияның қағаз­дарын осы жылдың қазанында сат­тық, зиян келмеді. Біз ұлттық қор қаржысына аса сақтықпен қарай­мыз және Ұлттық банк оларды жеткілікті түрде кәсіби деңгейде бас­қа­рады. Қаржы дағдарысы туа қалған күннің өзінде осы қордан қаржы жұмсауымызға әбден болады. Оны қаншалықты көлемде бөлуді Мемлекет басшысы мен Үкімет шешеді. Егер осындай мұқтаждық туа қал­са, біз Ұлттық қордан 20 млрд. дол­лар бөле аламыз. Бұл сома дағ­да­рыс қанша ұзаққа созылса да және қиын болса да жеткілікті болмақ, деп атап өтті ол.

Венера ТҮГЕЛБАЙ.