08 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шежіресі. «Егемен Қазақстан». 1998 жыл. Сәрсенбі, 16 желтоқсан.

947 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

ЖАСАЙ БЕР, ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН!

«Егемен Қазақстан» га­зетінің осыдан 13 жыл бұрынғы 16 желтоқсандағы мерекелік нөмірі Аста­на­дағы Конгресс-холда рес­пуб­ликаның Тәуелсіздік кү­ніне арналған салтанатты мәжілістегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жо­ғарыдағыдай тақырып­пен жасалған баян­да­ма­сы­мен ашылыпты. «Ертең – Ұлыстың Ұлы күні, Қазақстан халқының айрықша ардақты тойы, мемлекетіміздің ең мерейлі мерекесі. Ертең – біздің тәуелсіздік алған күніміз. Тарихта кеткен есеміз еселеніп қайтқан күн, халқымыздың алдынан азат­тықтың ақ таңы қайта атып, исі алаштың баласы бір-біріне құтты болсын айтқан күн» деп бастапты баяндамасын Мемлекет басшысы. «Тәуелсіздігімізге жеті жыл толды. «Жеті» саны жер бетіндегі талай халықтың ұғымындағы бө­лекше сан. Жеті атасын жатқа ай­татын, жеті атаға дейін қан ара­ластырмайтын, жеті ықылымның сырына зер салып, жеті қат аспан­ға қарайтын, жеті қазынаны қас­терлейтін, азаматы өмірден озса жетісін атап, жеті нан құдайы беретін, жеті жұртпен жалғасса мұ­ра­тына жететін біздің қазақ үшін «жеті» деген ұғым тіпті де қа­сиетті. Сол жетіге жеткен Ұлы мерекеміз құтты болсын, халайық!» деген Елбасы жеті санына ерекше мән беретін халқымыздың дәстүр­леріне тереңдей бара отырып, ел тәуелсіздігінің жеті жылындағы жүзеге асқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып өткен. Алғаш­қыда біздің бір-біріне ұқсамайтын сан-салалы мәселелерді бір мезгілде шешуімізге тура келгендігін, Мемлекеттілікті орнату, экономи­ка­ны реформалау, мүлде жаңа дү­ниетанымды қалыптастыру қажет болғандығын, біздің барлық күш-жігеріміздің еліміз үшін сапалық тұрғыдан жаңа нарықтық қаты­нас­тарын осы заманғы жүйесін құруға, экономикамыздың қуатты жекеменшік секторын дамытуға бағытталғандығын атап көрсетеді. «1993 жылдың күзінде ұлттық теңгемізді енгізуіміз тәуелсіз қар­жы-несие жүйеміздің іргесін қа­лау­ға мүмкіндік берді. Елімізге ка­питал тарту үшін барынша қо­лай­лы инвестициялық ахуал ту­ғы­зу­ға ұмтылып отырмыз. Бұл ба­ғыт­та да біз едәуір ілгері жыл­жы­дық. Атап айтқанда, инвесторлар қызметінің заңдық және нормативтік базасы әзірленді, бағалы қағаздар нарығының инфрақұры­лы­мы қалыптасты, Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. 1997 жылдың өзінде инвестициялық салымдардың өсі­мі 11 проценттен асып түсті. Ал 1993-1992 жылдар аралығындағы кезеңде 6,6 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициялары тартылды... Жүргізілген эко­но­микалық реформалар нәти­же­сін­де тұтыну нарығын молық­ты­ру­ға қол жеткіздік. Айталық, би­ылғы қаңтар-қазан айлары ара­лы­ғын­да бөлшек саудадағы тауар ай­на­лымы өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 120 процентке жуық өсті», дейді Президент. Президент дәл осы жылы ауылдағы отандық тауар өндіру­ші­лерді қолдау мақсатында мемлекет әділ бағасына 1 миллион тоннаға дейін астық сатып алу үшін қаражат бөлгендігін, мұндай тәжірибені алдағы жылдарда қол­дана беретіндігімізді айтады. Осыдан көрініп отыр­ған­дай, «Азық-түлік келісім-шарт кор­порациясы» АҚ ар­қы­лы ди­қан­дарды қолдау мақ­са­тында олардан мемлекеттік қор­ға астық сатып алу ісі дәл осы жылдан бастау алған. Қазір оның көлемі 2,5-3 миллион тоннаға дейін жетіп жүрсе, биылғы жылы 5 миллион тоннаға дейін деп межеленгендігі белгілі (ред.). Одан әрі Республика басшысы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік саладағы істерге тоқталған. Әлеу­меттік мұқтаждыққа жыл сайын жалпы ішкі өнімнің шамамен 15 проценті немесе мемлекеттік бюд­жеттің барлық шығыстарының 50 проценттен астамы жұмсалатын­ды­ғын айтқан. «Қазіргі кезде зей­нетақы, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы бойынша берешек негізінен өтелді. Еліміз қысты жылу мен электрі бар жағ­дайда қарсы алып отыр», дейді. Азаматтарға шағын несие беру ісі қолға алынып, оған 9 мың адам­ның ие болғандығын, келесі жыл­дан бастап қоғамдық жұмыстарға 80 мың жұмыссыз адамды тарту көзделіп отырғандығын айтады. Президент келесі жылы Астана құрылысы жаңа қарқынға ие болатындығын, Астананың ауы­суы көптеген қазақстандықтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге жәрдемдесетіндігін, бір жыл­дың ішінде мұнда 12 мыңдай жұ­мыс орны құрылғандығын мәлім­деген. 1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жария­ланыпты. Осыған байланысты елімізде көптеген жұмыстар жүргі­зіл­ген. Халқымыздың тарихы жи­нақтала бастаған, көптеген облыс орталықтарында ғылыми-практи­ка­лық конференциялар ұйымдас­ты­рылған. «Қазақстан мұрағат­та­ры жазықсыз қуғындалған азаматтар хақындағы тарихи әділет­тілікті қалпына келтіру ісімен шұғылдану үстінде. Бүгінгі күнге дейін қуғын-сүргін жылдары жапа шеккен 17 мыңдай азамат пен еріксіз қоныс аударылған 200 мыңдай адам ақталып отыр», дейді Президент осы орайда. Сөзінің қорытындысына таман Мемлекет басшысы халқымыздың алдында тұрған қиындықтың көп екендігін, шелімеген мәселелердің де жеткілікті екендігін айта келе, «Бірақ біз оларды жасырмаймыз. Соларды шешу жолында күн демей, түн демей еңбек етудеміз... Біздің арманымыз – еркін де тәуелсіз Қазақстанның дәулетті де сәулетті елге тезірек айналуы. Сол жолда елім деген, жерім деген әр бір қазақстандық бойындағы бар күш-жігерін, білімі мен білігін аямай жұмсайтындығына сенеміз. Осы қайырлы жолға бірге түсейік, бауырларым. Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасасын!» деп ұран тастапты.

* * *

ОТАННЫҢ ЖОҒАРЫ НАГРАДАЛАРЫ

Осындай тақырыппен берілген ҚазААГ-тің бұл хабарында Қазақстан Республикасы Президентінің желтоқсанның 11-і күнгі Жарлығымен Республикаға сіңірген еңбегі және қоғам өмірінің тиісті салаларындағы жемісті қызметі үшін бір топ қызметкерлердің мемлекеттік наградалармен марапат­тал­ған­дығы хабарланыпты. Солардың ішінде «Па­расат» орденімен – Ә.­Мар­­ғұлан атындағы Археология институ­ты­ның бас ғылыми қыз­меткері Кемел Ақышұлы Ақышев, Құр­манғазы атындағы Алма­ты мемлекеттік консер­ва­то­рия­сы­ның кафедра мең­ге­рушісі Қаршымбай Ахмедияров, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының бірінші орын­ба­са­ры, ғылыми жетекшісі Мұ­рат­бек Қарабаев, Қазақ көз ауру­ла­ры ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты­ның директоры Жанар Ға­би­ден­қызы Мұстафина, Алматы об­лысының Талғар ауда­нын­дағы «Алматы» асыл тұқымды мал зауыты» ауылшаруашылық кооперативі басқармасының төр­ағасы Анатолий Иванович Смы­ков, суретші, Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясының кафедра меңгерушісі Қанафия Темірболатұлы Телжанов, суретші (Алматы қаласы) Гүлфайрус Мансұрқызы Ысмайылова наг­радталған. Сондай-ақ, «Достық» орденімен – Ю.Гагарин атындағы Ресей мемлекеттік ғарышкерлер­ді даярлау, ғылыми-зерттеу сы­нақ орталығы бастығының орын­басары Юрий Николаевич Глазков, С.Асфендияров атын­дағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің доценті Тофик Ашимоглы Курдаев, Татарстан Республикасы мемлекеттік сим­фо­ниялық оркестрінің бас ди­ри­жері және көркемдік жетекшісі Фуат Шәкірұлы Ман­сұров, «Құр­мет» орденімен – А.Бай­тұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының бас ғылыми қызметкері Өмірзақ Айтбайұлы және бас­қалар марапатталыныпты.

* * *

ЖАҢА ҒАСЫРҒА ДА УРАН КЕРЕК БОЛАДЫ

ҚазААГ-тің бұл хабарында желтоқсанның 15-і күні Премьер-Министр Нұрлан Балғынбаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кезекті мәжілісі болып өткендігі айтылады. Мәжілісте «Үлбі металлургия зауыты» ашық тұр­паттағы акционерлік қоғамын қаржылық дағдарыстан шығару жөніндегі тұжырымдаманың жобасы талқыланады. «Негізінен атом энергетикасына қажетті уран шы­ғарумен айналысатын аталмыш кәсіпорынның соңғы жылдары экономикалық жағдайы күрт төмендеп кеткені рас. Мұның объективтік те, субъективтік те себептері бар. 80-жылдардың бас кезімен салыстырғанда уран­ның әлемдік рыноктағы бағасы 5 есе азайып кетті. Әлі үш-төрт жылға дейін әлемдік рынокта сұраныстан гөрі ұсыныс басым болып қала бермек. Алайда 2005 жылға қарай уранның бағасы қайта көтеріледі деп күтілуде. Өйткені, дәл қазір дүниежүзіндегі уран рудниктерінің саны 10 есе азайды. Ал келесі ғасырдың 5 жылына дейін қоймалық өнім таусылмақ. Міне, осы жағдайда Қазақстан уран өндірісімен қай тұрғыда айналысуы керек? Мәжілісте осы мәселе төңірегінде егжей-тегжейлі сөз болып, кәсіпорынды экономикалық және қаржылық тығырықтан алып шығумен қатар, перспективалық проблемаларды да шешудің жолдары жан-жақты қарастырылды» делініпті хабарда.

* * *

«ЕЛІМАЙЛАП» ӨТКЕН ӨМІР»

Осындай тақырыппен шетелдегі қазақтар тарихын зерттеуші ғалым, ұзақ жылдар «Азаттық» радиосының қазақ редакциясын басқарған жазу­шы-журналист Хасен Орал­тайдың осы аттас кітабынан үзінді берілген. Кітаптың «Қы­зыл­өзен өңірі» деген та­рауынан берілген үзінді былай деп басталыпты: «Қытай қол астындағы Шы­ғыс Түркістан өлкесі қазақ­тарының ұлт-азаттық күрес та­рихында Еренқабырға тауынан батсау алып ағатын Қызыл өзеннің белгілі тарихи орны бар. Бұл өңір әкімшілік тұрғы­сынан бұрын Манас ауданына қарайтын. Кейін Сауан ауда­нына қосылды. Ол баты­сын­дағы Қорқыс, шығысындағы Манас өзендерімен салыстырғанда шағын ғана өзен. Бірақ стратегиялық тұрғыдан алғанда, ол өңірде мұның маңызы зор». Осылай дей келе кітап авторы 1936 жылы Қызылөзенде Жүніс қажының басшылығымен жасырын түрде «Ұлтты қорғау ұйымы» құрыл­ғандығын, Жүніс қажыға орынбасар болып Қа­либек Райымбекұлы бекітілгендігін жазады. Сол жасырын ұйымның ықпалымен елдің бір бөлігі жолды білетін Жантас Омар сопының ба­с­тауымен Қарашары аймағын басып өтіп, Такламакан шө­лінен, Гималай тауынан асып, Үндістанға жетуді жос­пар­лапты. Сапар 1938 жылы жүзеге асырылмақ болады. «Жүніс қажының жақын туыстары көшу ісіне қар­сы­лық байқатты. Немерелес аға­сы Ожаубай және бала­лары, сон­дай-ақ құдасы Мыр­за­­бай­лар­дың көшке кедергілік ету жоспарын жаса­ған­дығы кейін анықталды. Әри­не, Қытай әкімшілігі де жан-жақты аңдып, қадағалауда еді. Сонымен ол көш даяр­лығы жүзеге аспады. Ол істің барысынан Қытай үкіметінің толық хабардар болып отырғаны да кейін анықталды. Қытай үкіметі аталған ұйымның белсенді мүшелері Қалибек Райымбекұлы мен Жәдік Мұхаметжан молдаға бірер миллион Шыңжаң доллары жазасын кесті. Олар халықтан үлес қосып, дереу өз арасынан ақшаны жинап беруімен түрмеге жабылу қатерінен құтылды», дейді автор.

* * *

БҰЛ АЙТЫСТЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК

Жуырда Алматыдағы Республика сарайында Желтоқсан боздақтарын еске алуға арналған ақындар айтысы өтті. Газет тілшісі Жұмагүл Қуанышбекқызы осындай тақырыппен берілген мақаласында басында қызықсыздау басталған айтыстың ортаға Құралай Әлкембаева мен Аманжол Әлтаев шыққаннан кейін ғана ықылассыз отырған жұрттың сергіп сала бергендігін айтады. «Бұл екеуінің де отты ой, өткір теңеуге толы сөздері әділ қазылар алқасына да ұнаған екен. Олардың алдағы болатын додаға екі ақынды да жіберу туралы шешімі көпшіліктің де көңілінен шықты. Ал келесі кезекте Айнұр Тұрсынбаева мен Әбілқайыр Сыздықов айтысқан болса, бұл жұптың арасынан қыз өнері басым түсіп, айтыстың келесі кезегіне қатысуға мүмкіндік алды. Бұл күнгі сөз сайысында Балғынбек Имашев, Абаш Кәкенов те өз биігінен көріне алды» дейді. Айтыс ертеңгі күні тағы жал­ғас­қан. Оның қорытындысында Құралай Әлкембаева мен Айнұр Тұрсынбаевалардың бағы жанып, екі қыз да темір тұлпарға ие болыпты.  ____________________________

Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.