Білім • 18 Мамыр, 2018

Қазақ математиктерін мойындайтын кез жақын

1702 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда 29 жастағы қазақстандық математик Дурвудхан СҰРАҒАН халықаралық The Ferran Sunyer i Balaguer Prize марапатына ие болды. Аталған сыйлықты Азия елдерінен тұңғыш рет алып отырған ең жас ғалым Каталония зерттеу институтында өткен марапаттау кешінен оралған соң «Егемен Қазақстан» редакциясында қонақта болып, ғылымдағы соңғы реформалар жөнінде кеңінен әңгімелеп берген еді.

Қазақ математиктерін мойындайтын кез жақын

– Дурвудхан, математика саласындағы үздік деп танылған монографияның ғылыми жаңалығы неде?

– Аталған сыйлық «Біртекті топтардағы Харди теңсіздіктері» деп аталатын монографиямыз үшін беріліп отыр. Әріптесім Михаил Ружанский екеуіміз конкурсқа еңбегімізді ұсынған кезде қандай да бір атақ алуды ойламадық. Тек осы салаға қатысты белгілі ғалымдардың сын-пікірін білгіміз келді. «Жеңімпаз болдыңыздар» деп аяқ астынан шақырту жібергенде таң қалдық. Алдымен Барселона университетінде кітаптың таныстырылымына қатысты семинар өткізіп, дәріс оқыдық. Содан соң Испаниядағы Каталония зерттеу институтында арнайы кездесу өтті. Онда жергілікті, халықаралық математиктер, арнайы шақырылған салалық әріптестер болды. Кітап жазардан бұрын Лондон Империал колледжіне барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Басты мақсатым бір-бірінен алыстап кеткен математикалық салаларды қиюластырып, жаңа математикалық теория тудыру болатын. Ісіміз алға басып, бірнеше жаңа нәтижелерді ала бастадық. Осы салаға қызығушылық танытқан сарапшылар мен мамандар кітап шығару жөнінде ой тастады. Кітап осылай жазылды. Жалпы, кванттық механикада физикалық жүйені сипаттайтын анықталмағандық қағидасы (Гейзенберг қағидасы) деген бар. Математикалық теңсіздік арқылы жазылатын Гейзенберг қағидасы математикалық құралдар арқылы дәлелденеді. Атомдық масштабтағы құбылыстарға қатысты қолданылатын теңсіздік заңдылықтарын алгебраға қатысты топтар теориясына әкеліп, дамыттық. Ең маңыздысы, біз құрған жаңа теория біріншіден, математиканың осы уақытқа дейінгі қалыптасқан бөлімдерінде жаңа нәтижелер мен әдістер береді. Біз дербес, жаңа теория дамыттық. Қазіргі күні заманауи математика үлкен-үлкен бөлімдерден тұратын тәуелсіз, дербес салаға айналды.

Premis FFB Suragan D

Каталония зерттеу институтындағы марапаттау сәті, Испания, 2018 жыл. Сурет жеке архивтен алынды

– Арнайы дәріс өткізіп, жаңа теорияны көпшілікке таныстырдық дедіңіз. Өзге әріптестеріңіз қалай қабылдап жатыр?

– Таңқаларлығы, түрлі математикалық журналдардағы мақалалар біздің әлі кітап ретінде жарыққа шығып үлгермеген теориямызды дереккөз ретінде пайдаланып, нәтиже ретінде сілтеме беріп жатыр екен. Математиканың аясынан шығып, теориялық физика саласында қолданыс тауып жатқаны бізді қуантты. Солай халықаралық сарапшылар арасында жоғары бағаланды. Ал аталған сыйлық бір жылда бір ғана еңбекті лайық деп таниды. Кей жылдары берілмейтін кездері де болған. Бағалаудан кенде болып жатқан жоқпыз.

– Еліміздегі заманауи білім орталығы Назарбаев университетіне келіп жатыр екенсіз. Ендігі ғылыми ізденістеріңізді қай төңіректе жалғастырасыз?

– Кез келген университеттің табысты болуы оқытушы-профессорлар құрамының сапасына байланысты. Заманауи ғылым белгілі бір зерттеу ұжым бірлігімен іске асатын дүние. Назарбаев университетіне орта мектепті бітірген ең талантты студенттер түседі. Сондықтан талантты жастармен біріге отырып, жаңа теорияларды бірге зерттесек деймін. Харди теңсіздіктері бойынша жаңа теорияны зерттеуді әрі қарай жалғастыра беремін. Спектралдық геометрия деп аталатын басқа бір жаңа салада тағы бір кітап жазуды жоспарлап отырмын.

– Алдағы уақытта Назарбаев университетінде белсенді жас математиктердің ортасы қалыптаса ма?

– Қысқа тарихына қарамастан Назарбаев университетінің бітірушілері Кембридж, Гарвард сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне бакалаврдан соң тура PhD мамандықтарына қабылданып жатыр. Бұл мұндағы білім халықаралық биік талаптарға сәйкес келетіндігінің айқын дәлелі. Университет қазірдің өзінде жоғары білім саласының ұлттық брендіне айналып үлгерді. Өйткені еліміздегі кез келген өжет оқушы осы университетте білім алғанды қалайды. Алдағы жылдары университет қабырғасында жас математик ғалымдардың тобы пайда болатынына сенімім кәміл. Себебі университеттің зерттеушілерге жасап жатқан жағдайы әлемдік деңгейде. Сәйкесінше талап та осал емес. Біздің соған сай ғылым жасауымыз керек. Дей тұрғанмен, қазір қазақстандық математика халықтың алдында есеп беруге толық дайын. Мысалға, былтыр ғана физика-математика ғылымдарының докторы Станислав Харинге математикалық әдістерді электрөткізгіштерге қолданғаны үшін Ragnar Holm Award деп аталатын халықаралық сыйлық берілді. 1972 жылдан бері физика-математика саласындағы озық зерттеулер мен ғылыми жобаларға беріліп келе жатқан бұл сыйлыққа Станислав Харин ТМД аумағында ие болған алғашқы ғалым. Мысалы, Мұхтар Өтелбаевтың кім екенін, қай елден екенін шетелдіктер біле бермеуі мүмкін, бірақ «Өтелбаев функциясы» деген мәнмен олар жақсы таныс. Ал әлемдік қауымдастықты таң қалдырған Уалбай Өмірбаев Американың математикалық қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығына ие болды. Бұл бергі жағы ғана, отандық математиктер дайындаған мектеп оқушылар мен студенттер қаншама халықаралық жүлделерге ие болып жатыр. Шетелдік профессорлардың пікірінше, қазақ жастары ғылымға, әсірісе, математикаға бейім келеді.

– Канадалық журналист Малкольм Гладуэллдің «Таланттар мен аутсайдер» туралы кітабында ормандағы діңі берік ағаш туралы мысал келтіретіні бар. Яғни, оның биіктеп өсуіне дарақ кезінде күн сәулесінің жақсы түсуі, топырағы құнарлы болуымен қатар, отын бұтаушының назарынан тыс қалуы сияқты жанама себептер әсер етті дейді. Сол сияқты сіздің ғалым болуыңызға табиғи бейіміңізден басқа қандай факторлар ықпал етті?

– Менің ғылымға келуім кездейсоқ емес. Маған математиканы мал шаруашылығы үйретті. Отбасым Моңғолиядағы көп малшы қазақтың бірі болды. Есімді білгелі санай алдым, себебі санай алу керек болды. Өйткені алдыңа салып берген қозының саны түгел болмаса, кешке үлкен сұрақтың астына қаласың. Көшпенді қазақ болған соң, тиіп-қашып орта мектепті де тұрақты оқи алмадым. Ел қатарлы мектепті бітірген соң, Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түстім. Мен ғалым боламын деп әсте ойламағанмын. Тіпті жоғарғы оқу орнына түскенде де мамандығым математика емес, механика саласында болды. Ал ғылым жолына келуіме университеттегі ұстаздарымның тәрбиесі тікелей әсер етті. Қазақ Ұлттық университетінде 1973 жылдан бері әр бейсенбі сайын математика семинары өтеді. Әуелі математик ғалымдардың сол отырысына бара бастадым. Басында театрға барғандай ештеңе ұқпастан таң-тамаша болатынмын. Кейін ынтамды байқаған болу керек, академик, профессорлар Балтабек Кангужин, Айдархан Қалтаев, Тынысбек Кәлменов сынды жетекшілерім түрлі есептер шығарта бастады. Осылайша, ғылымға келдім. Олар мені әу бастан еркін ұстады. Мені математика ғылымына баули отырып, еркіндік берді. Себебі маған студент кезімде-ақ түрлі гранттық стипендиялар тағайындап тұрды. Ғалым үшін еркіндік рухани тұрғыдан ғана емес, материалдық тұрғыдан өте маңызды. Сондай-ақ рухани тұрғыдан ерекше әсер еткен жандардың қатарында танымал ғалымдарымыз Мұхтарбай Өтелбаев пен Асқар Жұмаділдаевты атар едім. Одан кейін шетелде жүргенімде көп жақсылығы сіңген Ари Лаптев есімді ұстазымды айтпасам ұят болар. Қазір ол Швециядағы Корольдік технологиялық институтының директоры.

Suragan D

– Ғылымдағы мақсатыңыз қандай?

– Өте қарапайым. Жақсы шәкірт тәрбиелеп, халықаралық деңгейде маман болу. Ғылым атақ, ақша, мансап үшін жасалмауы тиіс.

– Математика саласында іштей болсын алсам деп армандайтын сыйлығыңыз бар шығар?

– Fields сыйлығын айтып отырсыз ғой. «Қазақстандық математиктер Fields сыйлығын қашан алады?» деп менен көп сұрайды. Демек біз (Қазақстан математиктері) мәреге жетуге таяп қалған сияқтымыз. Америкада, Англияда жүрген Fields сыйлығын алуға лайық талантты қазақ математиктерінің бірнешеуін білемін. Алдағы ширек ғасырда бұл сыйлықты да алып қалуымыз ғажап емес.

– Ал осы жас ғалымдардың көбі шетелге кетіп жатыр деп арагідік айтылып қалып жатады.

– Бұл – табиғи үрдіс. Шетелге кетпеуі тиіс деп, жолын жауып тастауға тағы болмайды. Американың жастары Англияда, англиялықтар Германияда жүр. Талантты жастар оқып жатыр, кетіп жатыр. Ал дәл солай қаншама жас ғалымдар елге оралып жатыр. Тек тепе-теңдік бұзылмауы тиіс. Барынша көп келуіне жағдай жасауымыз керек.

– Қоғамды іргелі ғылым ғана құтқарады, гуманитарлар қоғамды алға сүйреуші негізгі күш емес деп жатады. Іргелі ғылым мен қолданбалы ғылымның аражігі қандай?

– Мәңгілік ел болу үшін мәңгілік ғылым болуы керек. Іргелі ғылым дегеніміз жоғары білімнің тірегі. Іргелі ғылымды дамыту арқылы елдің интеллектуалдық әлеуетін тез көтереміз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканың түзелуі, халықтың әл-ауқатының артуы іргелі ғылымның салдары ғана. Көрмеден көрме ұйымдастырып қолданбалы ғылымды іргелі ғылымның алдына шығаруға болмайды. Қолданбалы ғылымның негізгі мақсаты – іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік-практикалық мәселелерді шешуге қолдану. Соңғы кезде технологиялық өндірістік бейімдеуді, түрлендіруді ғылыммен шатастырып жүргендер бар. Іргелі ғылым мемлекетіміздің басты құндылығына айналуы тиіс. Атауының өзіне зер салыңызшы, түбірі ірге, түп, негіз дегеннен бастау алады. Ал бұл терминді мен ойлап тапқан жоқпын. Іргелі ғылымды дамыту әдебиетті ысырып тастау дегенді білдірмейді. Әдебиет – біздің ұлттық құндылығымыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ая ӨМІРТАЙ,

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»