09 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік тартуы

439 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

КЕРБҰЛАҚТЫҢ  КҮЛШЕСІ-АЙ

Ежелден-ақ, «Ас атасы – нан» деп халқымыз оның бір түйірін жерге тастамай қа­дір­леп, қастерлеген. Тіпті, осы та­ғамның қадір-қасиеті жайлы «Алтын, күміс – тас екен, арпа-би­дай – ас екен» деп сонау қи­ын-қыстау кезеңдері ашаршы­лық­қа ұрынғандар бір түйір дәннің қадірін білгендігін айт­сақ та болар. Нарықтық қаты­нас өз билігін жүргізген кезде Шаған тауының етегін жайла­ған Кербұлақ ауданының жұрт­шылығы астықты алқаптың берерін арттыруға жұмылуы тегін емес. Мұнда, сала-сала бол­ған алқаптарда жайқалған дәні баданадай бидайдың және арпа мен сұлының сортты тұқымын өзге аймақтардың диқандары сатып алып, берекелерін та­сыт­қанын көруге болады. Алқаптағы жайқалған би­дайды ұнға айналдырып, наубайхана ашқандар қатарының молдығын осыдан іздеген жөн. Мәселен, астықты аймақтағы орталық наубайхана жеке кә­сіпкер Мұратбек Ахметжанов­тың басшылығымен күні бү­гін­ге дейін жұмысын жалғас­тыруда.  1996 жылы жеке меншікке алынып, содан бері наубайханада нанның тоғыз түрі пісіріліп келеді. Жаңа ғана қа­лыптан шыққан таба нан, батон, тандыр, үй наны, қара нан, бидай наны, Кербұлақ тоқашы, кірпіш, жай нан­ның иісі танауды жарып, тәбе­тіңді ашады. Наубайхана ұжымы күн сайын үш мыңнан аса осын­дай нан түр­ле­рін пісіріп, елді мекендердегі сауда орын­дарына жөнелтеді. Бөлке нанның бағасы 47 теңге болса, ол сауда орын­да­рында 50 теңгеден сатылады. Нан баға­сының мұндай қолжетім­ді­лігі наубайхана ұжымының іскерлігі мен халыққа деген жанашыр көзқарасынан туындаған. Бағаның тұрақты болуын кә­сіп­кердің қанағатшылдығынан іздеген жөн. Мәселен, ұжымдағы 50 адам­ның айлығын, пештің тоқтаусыз жұмыс істеуін, нанның жеткізілуін, жанар-жағармай ба­ға­сының өсуін қосыңыз. Жай ғана есепке жүгінсек, өнімнің өзін­дік құны сатылымдағы баға­сынан әлдеқайда қымбат бола­тынын көреміз. – Ұн бағасы қымбат. Ал, оған нанның дәмді болуы үшін қосы­ла­тын заттар бар. Осыған қара­мас­тан аудан әкімдігінің қол­дауы­мен баға­ны тұрақты ұстауға күш салып келеміз. Нан – қа­сиет­ті тағам. Сон­дық­тан да тұтыну­шы дастарханынан тұ­рақ­ты та­былуы үшін іскерлік та­нытуда­мыз, – дейді наубайхананың инженер-технологы М.Ғабдуллин. Кербұлақ тоқашының дәмі-ай, деген тұтынушы берген баға осының айғағындай. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.

* * *

ҚОРДАЙДАҒЫ ҚОҢЫР ЖЕЛ ҚУАТЫ

Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында қуаттылығы 1500 кВт. Қордай жел электр бекетінің бірінші кезегі іске қосылып, пайда­лануға берілді. Қордай жел электр бекеті еліміздегі жел қуатының алғаш­қы жо­ба­ларының бірі және желді пайдалану арқылы электр қуатын өнді­ре­тін бірінші өнеркәсіптік нысан бо­лып табылады. Қордай ЖЭС-нің  бі­рінші кезегінің құры­лысына «Изен-Су» компаниясы 370 млн. теңге инвестиция  салды.  ЖЭС құ­ры­лысы жобасын іске асыруға 40 жұ­мысшы тар­тыл­ды. Ал 500-ден ас­там отбасы мен олардың жеке шаруашы­лы­қтарының электр қуа­ты­на деген қажетін өтейтін бекетте небары 9 адам жұмыс істейтін болады. Президент Н.Назарбаевтың жаң­ғырмалы қуат көздерін дамы­ту туралы саясаты және елімізде қалыптасқан жағымды инвес­ти­ция­лық ахуал облысқа отандық және шетелдік инвесторларды тартуға жағдай жасауда. Соның нәти­жесінде ал­дағы уақытта  жаң­ғырмалы энергия қуат­тары­ның  11 жобасы жүзеге асы­рылады. Облыста өткен жылы қуат­тылығы  1,5 МВт. Меркі су электр бекеті пайдалануға берілген болатын. Ағымдағы жылы қаржыландыру көздері  арқылы Т.Рысқұлов ауданында  қуат­ты­лығы 2,1 МВт.  Қара­қыс­тақ су электр бекеті және қуат­ты­лығы 9,2 МВт. Шу ауданын­дағы Тасөт­кел су электр бекеті  құрылысы­ның жұмыстары басталды. Бұл 2 су электр бекеттері келесі жыл­дың  төр­тінші тоқсанында іске қо­сылады деп жоспарланып отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.

* * *

ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ

Елбасы жақында облыста бол­ған жұмыс сапарында Жезқазған аймағын дамытуға арналған бағ­дар­лама  қабылданатындығы  тура­лы мәлім еткен еді.  Мемлекет бас­шысының  тапсырмасы бойынша  алдағы бес жылда Жезқазған, Сәт­баев қалаларын  және Ұлытау ауда­нын  әлеуметтік-экономикалық да­мы­тудың кешенді жоспары әзір­ле­ніп,  Үкімет қаулысымен бекітілді. Оның негізгі бағыттарын облыс әкі­мі Серік Ахметов  жергілікті жұрт өкілдерімен өткен кездесуде таныс­ты­рып, жан-жақты баяндап берді. Бұл  бағдарламаны іске асыру шар­аларына 130 млрд. теңге бөлін­ген. Ол 8 тараудан тұрады. Атап айтқанда, минералдық-шикізаттық базаны кеңейту, индустриялық-ин­новациялық дамуды жандандыру, коммуналдық шаруашылық, тұр­ғын үй құрылысын өрістету,  көлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, қоршаған ортаны қорғауды жақ­сарту,   туризмді қалыптастыру қа­растырылған. Соған сәйкес мәсе­лен,  өңір  кен көздеріне  геоло­гия­лық барлау жұмыстары жүргізіледі.  Қазба байлықтардың   қосымша қо­ры анықталып, оларды өндіруді  60-80 жылға дейін ұзартуға мүм­кіндік туады. Сонымен қатар, техногенді ми­нералдық түзілімдерді қайта өң­деу жүргізілетін болады. Мұның өзі  жыл сайын 400 тоннадан аса қо­сым­ша катодты мыс алуға ықпал етеді. Алдағы   жылы  3,4 млрд. теңге кө­лемінде жаңа инвестициялық жо­балар жүзеге асырылады. Соның ішінде Жезқазған кеніштерінен сырт­­қары орналасқан  жерлерде  тау-кен кәсіпорындарын,   құс фаб­ри­ка­сын салу, жеңіл   өндірісті  кеңейту қол­ға алынады. Сондай-ақ  тамшы­ла­та суғару әдісін қолдану арқылы  көкөніс өндіретін жылы­жай шаруа­шылығын құру, бос жатқан кварц кеніштерінде фер­ро­қорытпа өндірісін қалыптастыру  жобаланып  отыр. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық саласындағы қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін Жезқазған жылу-электр орталығы жаңғыртылып, Сәтбаев қала­сын­дағы  №1 жылу стансасы техни­ка­лық жағынан қайта жарақтан­ды­рылады. Жез­қаз­ғанда «Қазақмыс» корпора­ция­­сының өндірістік қуат­та­ры­ның жылу жүктемелерін қамта­ма­сыз ету үшін екі шағын қа­зандықтың, Үйтас, Айдос, Ес­құ­ла  су құбырларының құрылысы аяқталады.  Бұлардан бөлек Жез­қазғанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін   су қоймасы салынады. Қала ішіндегі су құбырлары желісін және   тазалау құрыл­ғы­ла­рын жаңғырту жұмыстарын атқару белгіленген. Бұдан да басқа  жұмыстар   аз емес. Мәселен,  Жезді кентінде бос қалған   ғимараттар, инже­нер­­лік коммуникация мен кө­ліктік инфрақұрылым қалпына келтіріледі.   Ұлытау ауданында туризм дамытылады. Аймақ  келешегіне жарқын жол ашатын аталған бағ­дар­лама­ны жезқазғандықтар жылы қа­былдап, мемлекеттік көмек-қол­дауға ризашылықтарын білдіруде. Айқын НЕСІПБАЙ. Жезқазған.