09 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Он төртінші күн (9 желтоқсан): АУЫЛ

303 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР – СЕНІМДІ БОЛАШАҚ

Елбасы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында агро­өнер­кәсіп кешенін дамытудың отандық экономиканы әртараптандыруда маңызды рөл атқаратынын айрықша атап көрсеткен. Аграрлық кешеннің серпінді дамуы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан еңбек өнімділігін 2014 жылға дейін екі есе ұлғайту аграрлық сала­ның алдына қойылған басты міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі күні отан­дық ауылшаруашылық саласындағы еңбек өнімділігі көптеген шетелдермен са­лыс­тырғанда біршама артта қалып отыр. Жағдайды түзеу үшін дүние жүзіндегі азық-түлік тауарларына деген сұранысты басшылыққа ала отырып, аграрлық өн­ді­ріс­тің тиімділігін арттыратын жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу қажет.

ЖАҢАШЫЛДЫҚ – ДАМУДЫҢ БАСТАУЫ

Өнеркәсібі дамыған мемлекеттерде ішкі жалпы өнімнің өсімі 80 пайызға дейін өндірістік тәжірибеге енгізілген жаңа технологияларға тәуелді. Яғни өн­діріске ғылыми-техникалық жаңа­лық­тар­ды енгізу экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі тарапынан бөлінетін ин­вес­ти­ция­лар­дың негізгі ағымы, ең алдымен, аг­рар­лық саланың сапалы дамуы үшін кәсіп­орындарды техникалық және техно­ло­гия­лық қайта жарақтандыруға бағытталған. Холдингтің несиелендіру қыз­меті­нің негізгі мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерінің импортынан арылу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық ауылшаруашылық тауар­ларын экспорттауға ықпал ету, соған бағытталған инвестициялық жоба­лар­ды қаржыландыру. Бүгінгі күнге дейін холдинг 180-нен астам жобаны іске асыру­да, оның 117-сі пайдалануға берілді. «ҚазАгро» инвестициялық бағдар­ла­масының аясында жүзеге асырылған жобалар болашақта бірқатар оң өз­ге­рістің бастауы болады. Мәселен, мау­сымаралық кезеңдегі жабық топырақта өндірілген көкөніс тапшылығы 30-40 пайызға, көкөніс қоймаларының жетіспеушілігі 30 пайызға азайып, сүт өнім­дерінің импортына тәуелділік 15 пайыз, ал құс етінің сырттан әкелінген көлемі 42 пайыз төмендейді. Оңтүстіктегі оң өзгеріс Серпінді жобалардың қатарында тамшылатып суару технологиясын қол­да­натын шаруашылықтар бар. 2008 жылдан бері холдинг Алма­ты және Оң­түстік Қазақстан об­лыс­тарында бұл тех­нологияны ендіруді қаржы­ланды­рып, жеміс-көкөніс өндірісіне арналған екі бірдей ірі жобаны іске асыруда. Атап өтсек, Жетісудағы Шең­гел­ді кен­тінде алдағы уақытта 1440 гектар жер игеріліп, жеміс-көкөніс түрлерін өсіру­мен қа­тар оларды өң­деу, сақтау, сатуға шы­ғару жол­ға қойы­ла­ды. 10 гектар жерде бау-бақша бой көтеріп, 150 гектар ал­қап­та пияз, 100 гек­тар­ға картоп егілуде. Ша­руа­шылық израильдік тамшылатып суару техно­ло­гия­сын қолданады. Бұл әдіс тек суды үнем­деп қана қоймайды, арықпен су­арудың дәстүрлі тәсілімен салыс­тыр­ғанда өнім­ділікті 50-70 пайызға арттырады. Жобаның жалғасы ретінде сыйым­ды­­лығы 13 000 тоннаны құ­райт­ын көк­өніс сақтау қой­ма­сын салу қолға алын­ған. Нә­ти­жесінде, өсірілген өнім мау­сым­аралық кезеңге дейін сақта­лып, ры­ноктағы баға тиімді бол­ған кезде саты­лымға шы­ға­рылады. Бұл – өсімдік ша­руа­шылы­ғын­дағы инновациялық техно­ло­гияларды жан-жақты қамтыған кешенді жоба.

ОТАНДЫҚ ҚҰС ЕТІ КӨБЕЙЕДІ

Қазақстан – ауыл шаруашы­лығы­ның қай саласында да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар ел. Десек те, ішкі рынок әлі де құс етінің импортына тәуелді болып келеді. Жыл сайын елімізге АҚШ, Түркия, Германия, Венгрия жә­не басқа да шетелдерден 130 мың тон­наға жуық құс еті тасымалданады. Бұл олқылықты жою үшін холдинг құс етін өндіруді қолға алған кәсіпорын­дар­ды қаржыландырып келеді. Мұндай жо­ба­лардың бірі – рес­публиканың оңтүс­ті­гін­дегі «Ордабасы құс» ЖШС. Бүгінгі күнге дейін елімізде күрке­тауық­тың еті өнеркәсіптік деңгейде шы­ғарылмайтын. Ал Ұлыбританияда бір адам жылына 7 кг., АҚШ-та – 9 кг., Израйльде 15 кг. күркетауық етін тұтынады. Бұл еттің дәмділік және диеталық артықшылығы мол, одан сан түрлі өнім даярлауға болады. «ҚазАгроның» қар­жы­лай қолдауының арқасында Оңтүс­тік Қазақстан облысының Ордабасы ау­данындағы жаңадан ашылған құс фаб­рикасы жылына 4800 тонна күр­кетауық етін өндіруді қолға алып, алдағы уақыт­та бұл көрсеткіш 10 000 тоннаға дейін артатын болады. Болашақта, тіпті, күр­кетауықтың отандық кроссын шығару да жоспарланған. Сол арқылы шетелдік рынокқа тек күркетауық етін ғана емес, асыл тұқымды құсты экс­порт­тауға жол ашылады.

ДӘСТҮРЛІ КӘСІПТІ ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢҒЫРТУ

Сонымен қатар, Елбасының аграр­лық саланың алдына қойған міндеттеріне сәйкес 2014 жылға дейін азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыз­дан астамын отандық тамақ өнімдері құ­рауы тиіс. Бұл ретте басымдық ауыл ша­руашылығының ең ма­ңызды саласы болып табылатын мал шаруа­шы­лығына берілмек. Мал шаруа­шы­лы­ғы саласындағы ин­вестициялық бағыт­тар­дың бірі – ірі қара мал етінің экспорт­тық әлеуетін дамыту, 2016 жылға дейін сиыр етінің экс­портын 60 мың тоннаға дейін жеткізу үшін толық жағдай жасау. Бағдар­ла­маның міндеті – асыл тұқымды мал ба­сын арттыру және малдың өнім­ділік са­пасын жақсарту. Осы мақсатта асыл тұ­қым­ды малды сатып алу, мал репрод­у­к­­торлары желісі мен бордақылау алаң­дары жүйе­сін құру жөніндегі жобалар қаржы­лан­дырылуда. Асыл тұқымды мал басын арттыру үшін АҚШ, Канада, Австралия, Еуропадан жоғары генетикалық әлеуеті бар мал әкелінуде. Бұл, негізінен, дүние жү­зінде кеңінен танымал ангус және герефорд етті мал тұқымдары. Бұл тұ­қым­дардың артықшылығы – малдың жел мен суыққа төзімділігі мен тез сал­мақ қосуында. Осы жылы холдингтің еншілес компаниялары қаржы­лан­дыр­ған жо­ба­лар аясында «Crown Батыс», «Щучье қалалық сүт-ет зауыты», «SC Food», америкалық «Global Beef» ком­пания­сымен бірлесіп құрылған «ҚазBeef» кәсіпорындарына шетелден 5 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелін­ген болатын. Жануарлар жергілікті жағ­дай­ға жақсы бейімделіп, төлдеу нәтижесі 98 пайызды құрап, жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Мал төлдері келер жыл­дың басында сатылымға шығарылатын болады. Еліміздегі етті мал шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырылып жат­қан ірі жобалардың бірі – Батыс Қа­зақстан облысындағы жан-жақты ин­фра­­құрылымы бар мал бордақылау ала­ңы. «Crown Батыс» ЖШС негізінде жү­зеге асырылып жатқан жоба аймақ­тық индус­трияландыру картасына енген. Мұн­да 8 мың бастан аса ірі қара малды бор­да­қы­лау жоспарлануда. Алынған өнім­нің 80 пайызын сыртқы рынокқа шы­ғару көз­дел­ген. Бүгіннің өзінде Мәс­кеудегі сауда орындарымен 5 мың тонна етті жеткізу бойынша келісімге қол қойылған. Ет Ресей астанасына жөнелтілді. Бұл шаруашылықта малды бағудың суық әдісі қолданылады, яғни мал жыл бойы ашық алаңда еркін жайылады. Сон­дықтан шығыны көп қоражай құ­ры­­лы­сының қажеті болмайды. Жоба тұрақты түрде өте сапалы ет өндіруге мүмкіндік беріп, малды өнеркәсіптік деңгейде бор­да­қылаудың айқын үлгісі болып табылады. Осыған ұқсас тағы бір жоба өткен жылдың қыркүйек айында іске қосыл­ды. Елорданың азық-түлік белдеуіне енетін Ақмола облысының Қорғалжын ауданы, Сабынды ауылында ет өңдеу ке­шені са­лынды. «Астана Агропродукт» ет ком­би­наты жылына 5000 тонна ет және шұжық өнімдерін шығаруға ба­ғыт­талған. Мұн­да­ғы салқындатылған ет, вакуумды және ет­ті бұзылудан сақ­тайтын арнайы газы бар қап­та­ма­лар­дағы ет өнімдері, шұжық секілді жүз­ден астам өнім түрі даяр­ла­нады. Зауыт ИСО 9001-2009, ИСО 22000-2006 (ХАССП) халықаралық талаптарына және «БАҚАРА» сауда белгісімен «Халал» ережелеріне сай тауар өндіреді. Бұл кәсіпорынның да өнімдері Ресей Фе­де­рациясына экспортқа шы­ғарылмақ.

АСТЫҚ ЭКСПОРТЫ ҰЛҒАЯ ТҮСЕДІ

Үстіміздегі жылы Жер-ана айрықша жо­­­марттық танытты. Қазақстандағы биыл­­­­­ғы астық түсімі 29 миллион тоннадан асып отыр. Астықтың орташа шы­ғым­дылығы гектарына 17,1 центнерді құ­рап, өткен жылдың деңгейінен 2 есе артты. Мұндай түсімі мол жылдары елімізде астық сақтау қоймаларының жетіспеушілігі ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет тарапынан қазіргі заманға сай астық қоймаларының құрылысына 8 жылға дейінгі мерзімге жылына 6 пайыздық үстемемен арзандатылған несие беру қарастырылған. Қазірдің өзінде ортақ сыйымдылығы 400 мың тоннаға жуық заманауи технологиядағы 15 жаңа астық қоймасы пайдалануға берілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы елдің агроөнеркәсіптік кешенінің алдына отан­дық астықтың экспорттық әлеуетін ұл­ғайту міндетін қойып отыр. Осы бағытта Каспий маңындағы елдердің рыногы айтарлықтай маңызды болып табылады. «ҚазАгроның» дағдарыстан кейінгі кезеңде республикамыздың экономи­ка­лық өрлеуіне ықпал ететін осы және өзге де жобаларды жүзеге асыруға бағыт­талған қызметі болашақта өз жалғасын табады. Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы.