09 Желтоқсан, 2011

Ауылды қолдау нәтижелері

769 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстан Республи­ка­сы­ның Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жыл­дарға арналған мемлекеттiк бағдарла­ма­сын іске асыру аяқталды. Осы жылдары ауыл­дық елді мекендердің әлеу­меттік және инженерлік инфрақұрылым­дарын дамытуға қаржыландырудың бар­лық көздерінен 976,0 млрд. теңге бағытталды. Мемлекеттік бағдарламаның шеңберін­де атқарылған бұл жұмыстар ауыл хал­қының әл-ауқатын арттыруға жағдайлар жасайтын әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауылдардың орналасуын үлгілеу және мамандардың табысын арттыра отырып, оларды ауыл­дарда тұрақтандыру жөніндегі шаралар кешенін қамтиды. Ауылдық аумақтарды әлеуметтік-эко­номикалық дамытудың нысаналы инди­ка­торларының бірі даму әлеуеті жоғары ауыл­дардың санын арттыру болып белгіленді. Ауылдық елді мекендердің 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытын­ды­сына жүргізілген мониторинг әлеуеті жоғары АЕМ санының өсу үстінде екендігін көрсетті. Мәселен, 2004 жылмен са­лыс­тырғанда даму әлеуеті жоғары ауыл­дар­дың саны 1409 бірлікке көбейе түскен екен. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында ауылдық елді мекендерді білім беру нысандарымен қамтамасыз ету дең­гейі өсіп, ауылдық мектептердің материал­дық-техникалық базасы нығайтылды. Со­ның ішінде бірыңғай ақпараттық кеңістік құру үшін ауылдық білім беру ұйымдарын Қазақстанның бірыңғай білім беру жү­йе­сіне телекоммуникациялық желілер және интернет арқылы қосу жөнінде көптеген жұмыстар атқарылды. Ауылдарды денсаулық сақтау нысан­дары­мен қамтамасыз ету көрсеткіші жақ­сарып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, ауылдық учаскелік және аудандық орталық ауруханалар олардың емханалық бөлімшелерімен бірге бекітілген нормативтерге сәйкес медициналық құрал-жабдықтармен және санитарлық автокөлікпен қамтылды. Аудандық және облыстық орталық ауруханаларда халқы­ның саны аз шалғай орналасқан елді мекендерге қызмет көрсету үшін штаттық жылжымалы дәрігерлік амбулаториялар құрылды. Ауыл халқына көрсетілетін ме­ди­циналық қызметтің сапасын және қол­жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдардың тәжірибесіне телемедицина енгізілді. Орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар ауылдық елді мекендердің үлесі 13 пайызға өсіп, ондағы ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Ал тасы­мал­ды суды пайдаланатын ауылдардың саны 517-ден 189 бірлікке дейін кеміді. Ор­талықтандырылған электр қуатына қо­сыл­маған ауылдардың саны азайып, та­биғи газбен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендердің саны артты. Барлық ауылдар телефон байланысымен қамтыл­ды. Ауылдарды заманауи телекоммуни­ка­ция­лық қызметпен қамтамасыз ету үшін каналдар санын көбейте отырып, шалғай аудандарда «Дама» спутниктік жүйесі енгізілді. Бүгінгі күні еліміздің барлық ауылдары радиохабарлармен және теле­көр­сетіліммен қамтылған. Осы жылдары ауылдық пошта байланысының материал­дық-техникалық базасы едәуір күшейтіле түсті. 2009-2010 жылдары «Жол картасы» бойынша ауылдық жерлерде мәдениет нысандарына, кентішілік жолдарға, суару каналдарына, білім беру, денсаулық сақ­тау нысандарына және жергілікті маңыз­дағы автокөлік жолдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген ауылдар абаттандырылды. Ауыл халқын оңтайлы жайғастырудың үлгісін әзірлеу бойынша бірқатар жұмыс­тар атқарылды. Олардың шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің тара­пынан 50-ден астам нормативтер мен әдіс­­темелік ұсынымдар әзірленді, статис­тикалық есеп нысандарына өзгертулер енгізілді. Әрбір ауыл бойынша ауыл тұр­ғындарының табыстарының көрсет­кіш­терін статистикалық есепке алу жөнге кел­тірілді, олардың әлеуетті сыйым­дылы­ғы анықталды. Осы жылдары ауылшаруашылық өн­дірісін дамыту үшін қолданылған мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік көр­сет­кіштері елеулі өсті және бұл ауыл тұр­ғындарының табысының өсуіне оң әсер етті. 2010 жылы ауылдық жерлерде табы­сы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 10,5 пайызды құрады, бұл 2004 жыл­ғы көрсеткіштен 3 есе төмен. Жұ­мыс­сыздық деңгейі 2,1 пайызға төмендеді. Осы шаралардың ықпалымен ауылдық жерлерге келетін әлеуметтік сала маман­дарын мемлекеттік қолдаудың заңнама­лық негізі де жасалды. 2009 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың тар­а­пы­нан көтерме жәрдемақы төлеу мен тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беру түріндегі әлеуметтік қолдау ша­ра­ларының топтамасын ұсыну арқылы ауылдық елді мекендерге денсаулық сақ­тау, білім беру, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру, мәдениет және спорт мамандарын тарту және оларды тұрақтандыру бойын­ша шаралар қолданылуда. 2011 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ауылдық жерлерге барлығы 14 110 маман келді. Олардың 10 666-сы немесе 76 пайызы – ұстаздар, 2 727-сі (19%) – денсаулық сақтау мамандары, 450-і (3,5%) – мәдениет қызметкерлері, 149-ы (1,3%) – спорт мамандары, 118-і (0,7%) – әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің ма­мандары. Олардың бәріне әлеуметтік қол­дау көрсетілді. 2011 жылдың соңына дейін ауылдарға тағы да 4 500 әлеуметтік сала мамандарын тарту жоспарлануда. Соңғы 3 жыл ішінде ауылға маман­дар­дың көптеп келуі өткен жылдардың көр­сеткіштерімен салыстырғанда едәуір өс­кендігін көрсетеді. Атап айтқанда, ауыл­ға келіп жұмысқа тұрған ұстаздардың саны 1,8 есеге, дәрігерлердің саны 2,7 есеге өскен. Оларға берілетін бюджеттік несие мөлшері 630 еселік айлық есептік көрсет­кіштен 1500 еселік айлық есептік көр­сет­кішке көбейді. Ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту мәселелері жаңадан қабылданатын мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдар­ла­малар аясында одан әрі іске асырылатын болады. Санат ТҰҢҒЫШБЕКОВ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері комитетінің төрағасы.