Ауылдың иесі облыстық мәслихаттың депутаты Александр Касицин. Таңқалдырған шаруашылық. Осы жерді Отаным, елім деген ауылда өскен неміс, орыс, украин ұлты өкілдері тұрады. Серіктестік 1998 жылы құрылған. 2004 жылдары серіктестікте 5 мыңға жуық қара мал, 200 шошқа, 300 жылқы, 4 мыңдай құс болды. Инкубатор жұмыс жасады. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық аталған соң, сүтті мол беретін ірі қараның симменталь тұқымы және қазақтың ақ бас сиырларын өсіре бастады. Сөйтіп, шаруашылықтағы ірі қара мал тұқым ерекшеліктеріне орай, элита-рекордты, бірінші элиталық класс бағаларын да алып үлгерді.
«Мұндай бағаға біз мал шаруашылығына озық технологияларды енгізу және ісімізді дұрыс ұйымдастыру арқылы қол жеткіздік» дейді шаруашылық басшысы.
Мұнда әрбір жаңа туған төл ерекше күтімге алынады. Содан кейін тұқым ерекшеліктеріне сай күтіп-бағылып, жем-шөптің арнайы құрамы бойынша азықтандырылды.Үш адамға 300 бас сиыр бөлінеді. Мал қоралары кең де жарық, таза. Жұмыстың бәрі механика күшімен атқарылды. Малға кәдімгі су жылытып беріледі. Соңында осындай күтімде бағылған малдың тірідей орта салмағы 400 килодан кем болмайды екен.
Серіктестікте 3489 сүт беретін ірі қара мал, 643 жылқы, 400 шошқа, 5 мыңдай қаз өсіріледі. Жылына 412 тонна сүт, 519 тонна ет өндіріледі. Мал басынан жылына 1087 бұзау, 158 құлын алынса, инкубатордан 20 мыңдай қаз балапандары өсіп шығады.
Осындағы, тәулігіне 30 тонна сүт өндіретін «Клевер» атты қондырғы, ол сүттің құрамын тексеріп, бес минөт ішінде оның тазалығын, майлылығын анықтап береді. Мал қоралары, мал семірту алаңдары, жем-шөп цехтары, малдәрігерлік бөлімше, инкубатор, автогараж, қырман, қоймалары, электр цехтары, ағаш шеберханасы қаз-қатар тізілген алып кешенді құрайды. Айналада шашылып жатқан бір бұрау жоқ, тап-таза. Қалада асфальт үстінде жүргендейсің. Серіктестік 22,6 мың гектар жерге жүгері, күнбағыс, тары, қарақұмық, бидай, басқа да астық дақылдарын сеуіп, жаз бойы баптап өсіреді. Шетелдік техниканың егін егетін, жүгері жинайтын канадалық дейсіз бе, немістікі дейсіз бе түр-түрі, 132 тракторы, 110 мәшинесі, 66 жүгері жинайтын комбайндары, канадалық егін салу кешендері бар. Жерге аса бір ұқыптылықпен қарайды. Уақытылы тыңайтқыштармен тыңайтылып, қар тоқтатылып тұрады. Бүкіл ауыл тұрғындары осы шаруашылықта еңбек етеді.
СҮТ ФЕРМАСЫ – ЖАҢА ЖОБА
Мұндағы барлық тірлік автоматтандырылған. Өткен жылы желтоқсан айында «Галицкое» серіктестігінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы инвестициялық жоба шеңберінде 500 сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасы ашылды. Ферманың жобалық қуаты заманауи стандарттарға сай жылына 2000 тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді. Тауарлы сүт фермасына «Агрализ» аталатын мал тұратын орын, «Елочка» атты сауылатын алаңша, «Брацлав» атты құрал-жабдықтары жинақталымы Германияның, Украинаның ең жаңа технологияларымен қамтылған. Осы жобаның іске асырылуы арқасында қосымша 13 тұрақты жұмыс орны ашылып, сүт өндірісінің көлемі ұлғайды. Жобаның құны 415,8 млн. теңге. Сауылған сүт облыс орталығындағы «Павлодармолоко» АҚ-қа күнделікті жеткізіледі. Қазіргі таңда фермада алғаш бұзаулайтын 300 құнажын бар, алдағы уақытта оларды 500 басқа дейін жеткізу жоспарлануда. Олар жыл бойы байлаусыз, жайылымсыз-ақ, қысы-жазы кешен ішінде таза жерде бағылады. Жем-шөп, жем және сүрлем беріледі. Малға қызмет көрсетушілер ферма меңгерушісі, 4 сауыншы, 4 малшы, 1 техник-ұрықтандырушы, 1 жиыстырушы, зоотехник, мал дәрігерінен тұрады. Сонда 500 малға бар-жоғы оншақты адам қарайды. Алдағы уақытта заманауи бұл сүт-тауарлы фермасы өнім өндірісін ұлғайтады, шығындарды азайтады, еңбек өнімділігін арттырады деп жобаланып отыр. Малды да техника, компьютер басқарған заман дегеніміз міне, осы. Бар болғаны 4 сауыншы басқару тетігінде отырып, автоматты қолдану арқылы 500 сиырдан бір сәтте-ақ сүт сауып алады.ҒАЖАЙЫП ҚАЛАШЫҚ
Александр Касицин басқаратын «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты ауыл өркениетті. Мұнда бәрі де қаладағыдай. Ауыл шетіндегі тауарлы сүт фермасының қаз-қатар тізілген кешендері де әдемі көрініс беріп тұр. «Осындай жаңа заман ауылын жасау, суы көкке шашырайтын фонтандар орнату, менің бала кезгі арманым еді, көріп тұрғандарыңыздай сол арман жүзеге асқандай» дейді Александр. Ауылда мәдениет үйі, орталық мұражай, емхана, зәулім мектеп, маңайы бау-бақшаға толып тұрған ақ шаңқан сәнді үйлер, шаштараз, монша, спорттық орталық жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулаторияда күндіз келіп жатып емделетін бөлмелер бар. Учаскелік полиция және үш қоғамдық сақшы ауылдықтар тыныштығын қорғайды. Галицкоеда бәрі өзінде. Анау-мынау іздеп қалаға барудың қажеті де жоқ. Мәдениет үйі мен балалар орталығының алдында мөлдір сулы фонтандар атқылап тұр. Айнала таза. Асфальтті түзу көшелер. Барлығына шамдар тартылған. Ал, кешкілік ауыл кішігірім жарқыраған қалашықты көзге елестетеді. Наубайханасы, макарон цехы, тоқаштар, тәттілер пісіретін кондитер цехы ауылдықтар қажетін өтеуде. Алқап-алқап егін, жейтін наны өзінікі, бидай дегенің жетеді, артылғанын сатады. Жүгері, қарақұмық, күнбағыстан мол өнім алады. Өткен жылдары екі-үштен үш-төрт пәтерлі тұрғын үйлер салып алды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасады. От жақпайды. Орталықтандырылған жылу жүйесі бар, су үйге келіп тұрады. Қаладағыдай коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Жылына 7 мың тонна көмір жағады. Ауыл әкімі Кеңес Жандосовтың айтуынша Галицкоеда 2 мыңдай адам, оның ішінде, 105 қазақ, 615 орыс, 402 украин, 212 неміс, 258 әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Тату-тірлікті, бірлігі жарасқан ауыл деп осыны айт. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Успен ауданы.