09 Желтоқсан, 2011

Жападан жарық өндірген

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Етті төгіп, сүт бұлағын селдеткен Зеңгі баба тұқымы енді электр энер­гия­сын өндіреді. Былтырдан бері Қа­расу ауданы орталығының іргесінде төбесі шошақ алып пира­ми­даны еске түсіретін, бір жағынан ша­тырды елес­тететін қондырғы пайда болды. Ал барлық «гәп» осы қон­дыр­ғыдан 400-500 қадам жерде ор­наласқан мал бордақылау алаңын­да­ғы сиыр тезегінде екенін білгенде таңқалмасқа та­ғы болмайды. Электр энергиясын атом­нан, көмірден, желден, судан емес, органикалық заттан – сиыр жа­па­сынан өндіретін болған соң да, ол биогаздық қондырғы деп аталады. Ма­мандардың айтысы – экологиялық таза өнім. – Бірінші ферментаторға мың тек­ше метр су жинадық. Негізі оған екі мың текше метр су құюға бола­ды. Оны 38 градусқа дейін жы­­лы­тып, 600 тоннадай сиыр кө­ңін сала­мыз. Осы жұмыстарға он күндей уақыт керек. Әлгі суға са­лынған тезек 30-35 күндей тұрып, боржиды. Әбден бор­жып, «бабы­на» келген соң, оны екінші фер­мен­таторға ай­дай­мыз, осы үде­ріс­тің арқасында әлгі «пирамида-ша­тырдың» ішінде метан газы тү­зі­леді. Газ түзіліп жатқанда бірінші фер­ментаторға үстемелеп, тәулігі­не 44 тонна көң салып отыру керек. Ал метан жеткілікті көлемде жинал­ған­да генератор іске қосы­лып, электр то­гын өн­діреді, – дейді биогаздық қон­дыр­­ғының бүге-шігесіне дейін білетін білікті инженер, биогаз қондыр­ғысы кеше­ні­нің бастығы Сергей Рудаков. «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік ком­паниясы мал шаруашылығын интенсивті дамытуға бағыт ұстап отыр. Қа­зір компания шаруашылығында 4700 асыл тұқымды ірі қара бар. Тіпті өткен жылдың аяғында компания 2,5 мың бас мал ұстайтын жаңа бор­дақылау алаңын салды. Етті тө­гіп беретін қазақтың ақ бас сиы­ры­ның салмағы орта есеппен 400 ки­ло­ға жеткенде, оны компанияның Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол кентінде орналасқан ет өңдеу кешеніне өткізеді. Заманауи жабдықталған кәсіпорында ет ең соңғы технологиялармен өңделеді. Ал жылына 16-17 мың тонна көң керек ететін биогаздық қондырғы үшін әр сиыр тәулігіне 9 кило жапа тастайтыны да есептелген. Ет те бар, жапа да мол, жарық та бар. – Биогаздық қондырғы толық күшімен жұмыс істегенде ком­па­ния­ның мал базаларының бар­лы­ғы, ме­ханикалық қырман, орталық машина-трактор шеберханасы, жа­нар-жа­ғар май стансасы электр энергия­сы­мен қамтамасыз етіледі, тіпті жарық малшылар отырған ауылға да жетеді, – дейді мал шаруашылығымен ай­налысатын «Қараман и К» ЖШС директоры Серік Қажиев. Бұл ерекше жобаның құны осы істі бастаған Қарасу ауданындағы «Қа­расу» сауда-өнеркәсіп компа­ния­сына 2 миллион АҚШ дол­ла­ры­­на түсті. Бірақ компания жұм­са­ған бұл қаржы 4-5 жылда орнына келетін көрінеді. Компания жетекшісі Алмат Тұрсынов электр энер­гиясын өн­ді­ру­дің бұл балама жо­ба­сын Герма­ния­дан әкелген болатын. Ауыл шаруашы­лы­ғын, оның ішінде мал шаруашы­лы­ғын интенсивті дамыту үшін оның шы­ғыны ба­рынша азаюы керектігін бі­лікті әрі үнемі ізденісте жүретін кәсіпкер жақсы біледі. Жергілікті ақ­па­рат көздерінен білгеніміздей, ша­руа­шылық қазірге дейін электр энер­гиясының бір ки­ло­ватын 13 теңге 18 тиыннан сатып алады. Сонда «Қа­расу» сауда-өнер­кәсіптік ком­па­ниясы қыстыгүні мал шаруа­шы­лығы бөлім­шелері пай­да­ланған электр энер­гия­сы үшін айы­на 2 миллион теңге тө­леп отырады. Ал осы кәсіпорынның өн­ді­рістік учас­к­елерінің пайдаланған элек­тр энер­­гиясы жыл тәулігінде бір миллион киловатқа жетіп жығылады екен. Сонда оның ақысы қайда бармақ? Міне, енді Зеңгі бабаның жапа­сы жарық болғалы компания мал шаруашылығын дамыта түсуге құл­­шы­нып отыр. Өйткені, мал басы өс­кен сайын көң де көбейеді, ал ши­кі­заты – көң мол болған са­йын метан газы да көп жиналады, газ гене­ра­тор­ды айналдырады, нәти­жесінде электр энергиясының қуа­ты да арта түседі. Ауыл жарық, ал жарық ауыл бәріне де қарық болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Қарасу ауданы.