09 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Он бесінші күн (10 желтоқсан): АСТАНА

698 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерден Қазақстан үшінші мың­жыл­дықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың республика Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінен.

1997 жыл, 10 желтоқсан.

 

НАЗАРБАЕВ СЫЙЛЫҒЫ

немесе Азаттықтың қазақстандық ескерткіші

1994 жыл. 6 шілде күні Жо­ғар­ғы Кеңестің кезектен тыс жалпы оты­рысы өткізіледі. Оған Президент Назарбаев қатысады. Депутаттар түгел болуы тиіс. Каникул содан соң... Елге әне-міне қайтамыз деп жүр­генде жүдә, сонша не боп қал­ды екен?.. Президенттің сессияға қаты­суы жаңалық емес қой. Ол кісі оты­рыс­тарда жиі болатын. Кейбір мәселе бойынша айтыс-тартыс ши­ры­ға шиеленісіп, тұйыққа тірелгендей тұс­тар­да барша жайды ба­йып­пен талдап, түйіндерді түйт­кіл­сіз шешіп тастай­тын. Заң жоба­ларын талқылау бары­сына мейлінше сергек қарап, нендей бір пайда­лы идея қылаң берсе, жедел қолдау білдіретін... Бәлкім,  бұл жолы күн­нен-күнге тереңдеп келе жатқан экономикалық реформаға байла­ныс­ты кезек күттірмес бір мәсе­ле­ні заң­мен жүйелеу үшін алға тартар? Онда алдын-ала жасалған жоба қолға тиюі керек қой. Ол жоқ... Әрқайсымыз осындай әртүрлі, қайда бұрсаң да тұйыққа тіреле берер долбарлар жасағанымызбен әң­гі­ме мүлде басқаша болып шық­ты. Күн тәртібіне тым тосын да батыл мәселе қойылды: Мемлекет аста­на­сын Алматыдан Ақмола қа­ла­сына көшіру туралы... Әуелгі әзірде дауыл алдындағыдай тыл­сым тыныштық ор­най қалса да аздан кейін «Ау, дағ­дарыстан дағ­дарып отырған елдің жағдайы болса мынау. Бұл не сонда?.. Қызық үшін айтылар қияли әң­гіме ме?.. Новый «кремлевский мечтатель» появился, что ли?..» дегендей кү­бір-күңкіл күмбезді залды кер­несе, әлі айтылмай, ағытылмай жатқан сөз де ұшы-қиырсыз секілденді. – Мен сіздерге өзім он ойла­нып, жүз толғанған толғақты мәсе­ле­мен келіп отырмын. – Сөзін осы­лай бастаған Президент өз пайым­дауларын, уәждарын, болжам­да­рын баяндай бастағанда алғаш­қы­да әр сананы сағалаған сан-са­палақ ой-пікірлердің бірі-бірін кесіп түсердей қиғаштық қырлары жұқарып, жұмсарып, алқын-жал­қын көңілдер де сабадан саябыр тап­қан­дай хал бірте-бірте айқындала түсті. Елбасының айтуынша, Алматы аумағы алып Қазақстанның бір бү­йіріне әрі шетелдерге тым жақын орналасқан. Оның үстіне қала ра­бай­­сыз, жөн-жосықсыз далиып өсіп, жаңа заман, жас мемлекетке ла­йық аса сәулетті ғимараттар тұр­ғы­зып, кең көшелер тартуға да тар­шылық етеді. Экологиялық ахуалы да аса ауыр... Ал, Ақмола болса, ел­дің қақ ортасына орналасқан, тоғыз жолдың торабы. Алдын-ала 32 параметр бо­йын­ша жасалған зерт­теулер нәти­же­сінде астана болу та­лаптарына то­лы­қ жауап беретіні анықталып отыр. Географиялық жа­ғынан ғана емес, елдің геосаяси, экономикалық мүд­де­леріне де сай келеді. Негізінен инвестиция тарту арқылы салынатын жаңа елорда халықтың республика аумағына біркелкі қоныстануына да жағым­ды ықпал жасайды... «Біркелкі қоныстану...» Асылы, ел басқарған қайбір саясаткер де қолында керемет құдірет бола тұра турасынан аттап емес, абайлап ай­налып өтуге мәжбүр болатын бө­ге­сіндер көп болады-ау тәрізі. Ішкі, сыртқы шетін жағдайлар туралы айт­пағын ашықтан-ашық жайып сал­мастан ишарамен, емеурінмен жет­кізуге итермелей ме, қалай... Әйт­пе­се, әлгі жатық та жуастау сөз­дердің астарындағы ащы шын­дық­тарды – отаршыл саясаттың салдарынан, әсі­ресе, теріскей об­лыстарда қазақ­тың үлес салмағы күрт азайып кеткенін, кей жерлерде барының өзі ұлттық рухани бол­мыс-келбетінен айырыла бас­та­ға­нын, осы өрескел көріністі жөнге келтіруге, көпшілігі оңтүстік белдеуде шоғырланған қандастары­мыз­ды бар аймаққа біркелкі жай­лас­тыруға астананың Алатауда емес, Арқада болуы шешуші ық­пал жа­сай­ды, басты мақсаттың бірі де осы деп дәл қазір ашып айтып көрсін­ші... Мына залда шығатын шулыған сөз бе, ел ішінде, әр қада­мымызды аңдып отырған, «орыс тілділердің бәрі отан­дасымыз, олар­дың мүд­де­сін қандай жолмен болса да қор­ғай­мыз!» деп да­был қақпаса да даң­ға­засы күнде құ­лақ тұндырып жатқан алып көршінің қабағынан қар жауса қалай бол­мақ? Есіл мен Ертістің, Жайықтың жаға­сы­нан мезгіл-мезгіл естіліп қалатын арандатқыш қоқан-лоқ­қы­ға қарамас­тан негізінен негізгі ұлт­тың ақ пейілдігі мен Елбасы­ның сарабдал ақыл-парасатының  арқа­сын­да сақталып отырған елішілік ын­тымақтың, түп­теп келгенде, тәуел­сіздіктің тағдыры талқыға түсіп кетпей ме?.. Кім қалай шабаланса да шын­дық­тың дәмі удай еді, демогра­фия­лық ахуалымыз аяныштылау еді. Сол­­түс­тік аймақтарда өзім көр­ген бір жайлар еріксіз еске түсті.  60-шы жыл­дар­дың аяқ кезінде Қазақ ра­диосы­ның тілшісі ретінде Целиноград об­лысының «Новоры­бин­ский» кең­ша­ры­на барып, басшы­ларынан сөзін жа­зып алатын бір озат қазақты атауы­н сұрағанымда олар бөлім­ше­лердің біреуінде бі­реу­дің бар екенін әрең еске түсір­ген. Онда да аты-жө­нін білместен «скотник» дей салған. Оң­түс­тіктен барған маған сонда ал­ғаш рет «Қа­зақсыз да Қазақстан бо­ла­ды екен-ау!» деген сұмдық бір ой түскен... ...Президенттің әлгі «біркелкі қо­ныстану» деген астары аса қа­лың сөзі еріксіз шомуға себеп болған ой­ды қызу басталған депутаттар тал­қысы бөліп жіберді. Жақтап та жатыр, қарсылар қарасы да аз емес. Жақтаушылар Прези­дент­тің осынау тарихи ұсынысына бүгінгі күннің ғана тұрғысынан, жағдаятынан қа­рау қате, елдің ер­теңін, тіпті, алыс бо­ла­шағын жан-жақты ойлау қажет десе, екінші жақ­тың алдымен алға тартары – экономикалық, қар­жы­лық терең дағдарыс, әлеуметтік сілкіністер туғызарлықтай ауырт­па­лықтар... Ақыры, пікірлер біршама ай­қын­далып, астананы Алматыдан Ақ­молаға көшіру жайы дауысқа салынды. Аз ғана басымдықпен ма­құлданған қаулы, былайша айт­қанда, болашақ Астананың тууы туралы куәлігі қабылданды. Ертеңіне бейресми дейтін ба­сы­лымдардың көкайылдау біреуі «Жо­ғарғы Кеңес астананы Ал­маты­дан Ақ­молаға көшіру туралы ұсынысын қол­дап Президент На­зар­баевқа оның ту­ған күніне орай сыйлық ұсын­ды» деп мысқылдай, қыжырта жазды. Расы керек, өз басым жас кез­ден-ақ Ленин, Сталиннің туған күн­дерін білсем де тұңғыш Ел­ба­сымыздың туған күнінен бейхабар екенмін. Қалай болғанда да ұсы­ны­сын жақтап, дауыс бердім... 24 қараша 2011 жыл. Қазақ­стан. Астана. Есілдің жағасы. Алты-жеті жыл бұрын ас­тана­дағы қызметті тәмәмдап туған өл­ке­ге оралғалы бері Талас бо­йын­дағы Таразда жүрсем Есіл бо­йын­дағы Аста­на­ны сағынатын әдет пайда болған. Бұл жолы да сол сағыныш алдыма тү­сіп Астанаға алып келген. Бір-бірі­не ұқсамайтын, сәулет-сал­танаты бір-бірінен асып түсетін ғи­ма­раттар еріксіз таңдандырды. Ақ­орда, Парламент, министрліктер ғи­мараттары, «Бәйте­рек», Пирамида... Триумф секілді тұ­тас тұрғын үйлер кешені, «Хан ша­тыр», алтынмен апталған күмбезі күнге шағылысқан, рухани таза­лық­тың сыртқы бейнесіндей әппақ зәу­лім мешіт, кең де  кербез көшелер... Жә, қайсы бірін айтып тауысарсың. Ал, Есілдің оң жағалауы... Сәні мен салтанаты жарас­қан сәулет туындысы! Жалғыз бұл ма. Президенттің бұдан он жеті жыл бұрын Жоғарғы Кеңесте жаңа астанаға қатысты айтқан уәж-болжамдарының бар­лы­ғы да бүгінде айна-қатесіз ақи­қат­қа айналғанын көріп, ертеңгі күнге сенімің кәміл бола отырып, қазірде әлемдегі ең бір беделді бас­шыға айналған Елбасының дана­лы­ғына, көрегендігіне, туған хал­қы­ның көсегесін көгертуге жұмсап жүрген орасан қажыр-қайратына қайран қаласың, тәнті боласың... Көз алдыма Американың «Азат­­тық статуя­сы» елестеді. Сонау жы­лы соған қарап отыр­ған­дағы өзі­міз­дің елде де Азат­ты­ғы­мыз­ға ға­жайып бір ескерткіш орнатылса-ау деген арман мен үміттің қоспасы ойға оралды. Ескерткіш... Тоқтай қал... Ау, мына Астанамыздың өзі біздегі Азаттық­тың ескерткіші емес пе?! Әрине, солай! Нұрсұлтан На­зар­баевтың бас­тауымен, хал­қы­мыз­дың қолдауы­мен, қазақ жас­тары­ның құрыш қолымен дүниеге келген мәңгілік ескерткіш!.. Осындай ой толқыны кенет тағы да өткенге ойысып кетті: Құдай-ау, сонау 1994 жылғы 6 шілдеде біз, депутаттар, Назарбаевқа емес, қайта керісінше, Назарбаев біз арқылы Қа­зақстан халқына сыйлық жасапты ғой, асқақ Астана сыйлапты ғой! Мың да бір рахмет!.. Арғынбай БЕКБОСЫН, Қазақстан Республикасы бұрынғы Жоғарғы Кеңесінің және тұңғыш Парламент депутаты. АСТАНА – ТАРАЗ. _____________

Дерек пен дәйек

* 1961.20.03 – Ақмола қаласының атауы Целиноград болып өзгертілді. * 1994.06.06 – Целиноград қаласына ежелгі тарихи атауы – Ақмола аты қайтарылды. * 1998.06.05 – Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының ас­та­насы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жар­лығы шықты. * 1999.16.07 – ЮНЕСКО шешімімен Астана қаласы – «Бейбітшілік қаласы» деген құрметті атаққа ие болды. * 2011.30.03 – Халықаралық астаналар және ірі қа­ла­лар ассамблеясының бастауымен өт­кізілген «ТМД жә­не ЕурАзЭҚ-тің үздік қаласы» атты ІІІ халық­ара­лық қа­лалық тәжірибелер байқау конкурсында Астана қа­ла­сы 81 қаланың ішінен үздік шығып, жеңімпаз атанды. * 2011.01.10 – Астана қаласы халқының саны ағымдағы есеп бойынша 730 804 адамды құрады. * 2011.01.10 – Астана қаласында қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 13 309 сәби дүниеге келді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бала туу 2,7 пайызға артты. * 2002.30.08 – «Бәйтерек» монументі ашылды. Оның жалпы биіктігі 35 қабат үймен тең. Темірден жасалған жалпы діңінің биіктігі – 105 метр, салмағы – 1 мың тоннадан астам. * 2008.06.07 – елордада «Қазақ елі» монументі ашылды. Ескерткіштің биіктігі – 91 метр. Бұл тәуелсіздіктің тұсауын кескен жыл болып табылады. Монументтің жалпы аумағы 5,2 гектар жерді алып жатыр. * 2007 жылы желтоқсан айында бас қаладағы Тәуелсіздік сарайының іргетасы қаланды. Оның жалпы аумағы 18 мың шаршы метрді құрайды. Бұл көлемінің үлкендігі жағынан Еуропа мемлекеттері бойынша 4-ші ғимарат болып саналады. * 2006.01.09 – Бейбітшілік және келісім сарайы­ның тұсауы кесілді. Пирамиданың биіктігі – 62 метр. Архитекторы – әйгілі сәулетші Норман Фостер.

 * * *

ТАРИХИ ТАҢДАУ ОСЫЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ

Осыдан тура он жеті жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде Елбасы және елорда деген егіз ұғым алғаш рет тарих сах­насына шығып, қазақ санасында мәң­гі­лік сал­танат құрды. Дәл сол күні тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парламент сессия­сының жалпы отырысында елор­даны Ал­матыдан респуб­ли­каның орта­лық өңірі Ақ­молаға көшіру жө­ніндегі тарихи идеясын паш етті. «Ас­та­наны көшіру иде­я­сына белді біржолата бекем буа тұрып, мен ортаға бәрін сала­тынымды, яғни өзім­нің саяси ман­са­бымды, тіпті, мүмкін, өмірімді бәйгеге тігетінімді сөз жоқ түсіндім», дейді Елбасы «Еуразия жүрегінде» атты ең­бе­гін­де сол күндер туралы толғана тебіреніп.

1994 жыл, 6 шілде.

Астана Алматыдан Ақмолаға көшетін болды. Пре­зиденттің таңдауы, Парламенттің шешімі осындай. «...Бүгін Парламенттің пленарлық мәжілісі өтті. Депутаттар күн тәртібін бекітіп, менің Астананы көшіру туралы баяндамамды тыңдады. Парламентарийлердің көптеген сұрақ­тарына жауап қай­тар­дым. Мәселе талқыланғаннан кейін тарихи шешім қабылданды. Астананы Алматыдан Ақмолаға көші­ру туралы ұсынысым, сөйтіп қолдау тапты».

Президент Н.Назарбаевтың Жоғарғы Кеңес сессия­сында жасаған баяндамасынан.

Иә, Елбасының ерен ерік-жігерінің арқасында Қазақ елі тарихының шежіресіне алтын әріптермен жа­зылған ұлы бастама бастау алды. Ғасыр соңында қа­лыптасқан ел өміріндегі күрделі қиындықтарға қарамастан Қазақ елі тарихи таң­дауын жасап, егемен елдің жаңа елор­да­сының іргетасын қа­лау жолындағы қа­жырлы жұмысқа кірісіп кетті. Тоқырау за­манынан қалған кіреу­келі тоң жібімей тұрып, жас Тәуелсіз Қазақстан болашаққа деген берік үмітін үкілеп, бір сенім, бір күдікпен ғасыр жоба­сын іс жүзіне асырып, үшінші­ мың­жыл­дықтың жұлдыз­ды мегаполисін тұрғызу міндетін қолға алды.

1994 жыл, 2 қыркүйек

«Иә, астананы ауыстыру оңай шаруа емес, бұл сая­­си мәні зор, үлкен мерзімде жүзеге асар күрделі шаруа. Ал енді қаржы жағына келетін болсақ, халық бар, халық сайлаған Парламент бар, өздері шешеді. Қай қаржыға, қашан және қалай салы­на­тынын да халықтың өз билігіне қалдыр­ға­ны­мыз жөн шығар. Бір білетінім – жаңа астана бүгінгі сіңірін сорып отырған елдің есебінен емес, ертеңгі өрісті, ырысты күндердің есебінен болашақта атқарылатынына сенемін. Түптің түбі ондай ресурс­тар республикада болуы тиіс қой...

Президент Н.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан.

1995 жыл, 15 қыркүйек

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қа­зақ­стан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы жарияланды.

1996 жыл, 27 желтоқсан

«Астананы көшірудің алғашқы кезеңінде 3700 пәтер қажет. Оның ішінде үйлері бұзылатын ақмолалықтар да осы­ның есебінен пәтер алуға тиіс. Тұрғын үйлердің бірінші қа­бат­тарын бизнесмендерге беруді кешіктірмеу керек. Өйткені, олар үйлерің ал­ғаш­қы қабаттарын қазіргі сәулеткерлік сал­та­натына сәйкес тиісті түрде безендіріп үлгереді. Ақмоланы көріктендіру мақсатында жаңа гүл­зарлар, фонтандар, ескерткіштер, тағы басқа шағын сәу­лет өнерінің туындыларын жасау қажет. Құрылысты ұлғайтқан кезде қазір өсіп тұрған жасыл алаңдарды сақтап қалудың қажеттігі зор.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмолада өткен кеңесте сөйлеген сөзінен.

1997 жыл, 20 қазан

Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақ­мола қаласын Қазақстан Республикасының аста­на­сы деп жариялау туралы» Жарлығы жарияланды. Онда Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 жел­тоқ­санынан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып бекітілді. Ақмола қаласының Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өт­кізілетін болды. Сөй­тіп, Ақмола қаласында тәуелсіз Қазақ­стан­ның елор­да­­сын құру жөніндегі қауырт та тарихи жұмыстар басталды.

1997 жыл, 8 қараша

Тәуелсіз мемлекеттің рәміздері Ақмолаға жеткізілді «... Бүгін жаңа астанаға көгілдір Туымыз, Елтаң­ба­мыз, басқа да белгілеріміз жеткізілді. Ол – біздің мем­лекет­тігіміздің, Тәуелсіздігіміздің рәміздері. Қазірдің өзінде Ақ­молада мемлекеттік басқару органдары өз жұмысын бастап кетті. Бір сөзбен айтқанда, Ақмола еліміздің басты қала­сы­на айналды, енді ең жауапты шешімдердің бәрі осы жерде қабылданады».

Президент Н.Назарбаевтың Ақмолаға Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін жеткізген салтанатты жиында сөйлеген сөзінен.

1998 жыл, 21 қаңтар

Ата-бабаларымыздың қанымен қорғап, аманат еткен қасиетті мекені «...Ең басты оқиға – тәуелсіз елдің астанасы Ал­матыдан Ақ­молаға қоныс аударды. Сөз жоқ, осынау үлкенді-кішілі жұ­мыстарда мемлекеттік аппараттың атқаратын рөлі орасан зор. Жаңа астананы абат­тандыру жұмысы жалғасып, маусымның 10-да дүние жүзіне астананы таныстырудың рәсімі өткізіледі. Жаңа астана Ақмолада жүріп жікшілдікке, ру­шыл­дыққа, тамыр-таныстыққа бөлінбеулерін  қатаң талап етемін. Бұл да өзіміздің ата-бабаларымыздың қаны­мен, жанымен қорғап, бізге аманат етіп тастап кеткен қазақтың жері. Үйреніп, үйлесімді жұмыс істейтін мезгіл жетті...».

Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Үкімет пен Парламент аппараттары қызметкерлерінің Ақмолада өткен бірлескен кеңесінде сөйлеген сөзінен. 

1998 жыл, 6 мамыр

Бас қала – Астана қаласы атанды Ғасыр тоғысындағы осы бір тарихи күнде Қазақ­стан Республикасы Президентінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақ­стан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы шықты. Сол күн­нен бастап төрткүл дүниені түгел таңдан­дырған Тәуел­сіз Қазақстанның бас қаласы – Астана­ның ғасырлардан ғасырларға ұласатын ұлы тарихи шежіресі басталды. Иә,   заманауи реформатор, Тұң­ғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың ерен ерік-жігерімен өмірге келген ғасыр жобасы, Елба­сының төл перзенті – Астана қаласының шежіресі осылай басталған еді. _____________________________

АСТАНА ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

Мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлердің елорда туралы пікірлері

Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Ресей президенті: Осы жерде тура көз алдымызда елдің жаңа бет-бейнесі қалыптасып келеді және қазіргі заманғы тарихы жазылып жатыр... Сөз жоқ, мұндай елеулі көрсеткіштердің арғы жағынан Қазақстан халқының зор еңбегі бой көтереді. Және, әлбетте, оның Көшбасшысы – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажыр-қайраты тұр. Біз оның  бұл қалаға тек күш-жігерін жұмсап қана қоймай, жанын салғанын білеміз. Бүгін Астананы оның бел баласы, орасан жетістігі және даусыз мақтанышы деп батыл айтуға болады.  Абдулла ГҮЛ, Түркия президенті: Астана – аймақтағы және бүкіл әлемдегі бейбітшілік,  төзім­ділік, келісім мен тұрақтылық жағдайында мемлекетті дамытудың тамаша көрінісі. Астана Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінен туған өнер туындысы екендігіне еш күмән жоқ. Осы жерде тұрып қана ел мен бүкіл Еуразияның жүрек соғысын сезіне аласыз. Ильхам ӘЛИЕВ, Әзербайжан Республикасының президенті: Мен жаңа Астананы көрдім. Мені құрылыстың қарқыны, адам қолымен сомдалып жатқан сұлулық қайран қалдырды. Бұған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор, ол күллі қазақ халқының күш-жігерін жұмылдырып, іс жүзінде жаңа қала, жаңа астана орнатты. Біз бір-бірімізге жақын, туысқан елдерміз, халықтармыз. Біз сіздердің табыстарыңызға әрдайым қуанамыз. Қазақстан халқына тың табыстар, бейбіт өмір және мол игілік тілегім келеді. Махатхир МОХАММАД, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі: Жаңа елорда, сөз жоқ, мемлекет экономикасының тұрақтылығы мен даму факторларының бірі. Мен бүгінгі күні табыспен жүзеге асқан өте батыл саяси шешімі үшін Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назар­баевқа қайран қаламын. Сіздердің жаңа елордаларыңыз – Қазақстанның болашағы. Астана әрқашан әлемнің ең әдемі қалаларының бірі болғанын, ал Қазақстанның гүлденген елге айналғанын тілеймін. Михаил СААКАШВИЛИ, Грузия президенті: Астананы көріп, мен қайран қалдым. Астана – бұл жазық даланың төсінде бой көтерген ғажайып қала ғана емес, бұл саяси күш-жігердің жүзеге асқан символы. Бұл болашақты болжай білген саяси батыл қадам. Федерико МАЙОР, ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас хатшысы: Егемен Қазақстанның елордасын Алматыдан Астанаға көшірген кезден бастап екі жыл ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Астана муниципалитеті ғылымның, мәдениеттің және білім беру­дің орталығы ретіндегі мемлекеттің жаңа елордасының қалып­тасуы мен салынуына зор күш-жігер жұмсады. Астана жас мемлекет – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің нышанына айналды. Кисе КУРОКАВА, Жапон сәулетшісі: Алдына нақты мақсат қойған ел ғана табысқа жетеді. Сол себепті, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты көреген саясаткер дер едім. Біз Президентпен Астананы жобалау мәселесі жөнінде заманауи сәулеттің жергілікті дәстүрге лайықталуы туралы көп ақылдастық. Бірде, біздің әңгімеміз үш сағатқа дейін созылды. Президент әңгімелесіп отырған адамының пікірін мұқият әрі зейін қойып тыңдай біледі, сондай-ақ батыл шешім қабылдай алады. Меніңше, өзім кездесіп жүрген түрлі ел басшыларының арасында Президент Назарбаев – жарқын тұлға. Левани УЧАНИЕШВИЛИ, Голливудта қызмет атқаратын грузин актері, режиссер: Ертегі әрі фантастика деп Қазақстанның жаңа Астанасы жайлы айтуға болады. Аз жыл ішінде кең далаға мұндай қала салу таңғаларлық жағдай! Бұл дегенің болашақтың қаласы, басқа да галактикадан қонақтарды қарсы алатын қала. Мен сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевқа және Үкімет басшыларына, мұндай таңғаларлықтай жаңа Астананы салуға қолдау көрсеткен басқа да адамдарға шынайы рахметімді айтқым келеді. Біз өзімізбен бірге Астананың ертегідей бейнесінен алған әсерімізді алып кетіп бара жатырмыз.  Және біз осы ертегідей жерге тағы келуге құштар екенімізді жасырмаймыз.  Егор КОНЧАЛОВСКИЙ, режиссер. Кеңес тұсындағы Целиноград менің есімде жоқ. Бірақ мен Астана елорда болысымен онда болғаным бар. Содан бері Астанаға жиі барамын. Әрбір жолым түскен сайын гүлденген көркем қаланың келбетін көремін. Қазақстанның басшылығы тарапынан, бірінші кезекте, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз тарапынан қаланы көркейту жолында ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылды. Шаһар құрылысындағы қазақ­тар­дың еңбекқорлығы мен жұмыстарының ауқымдылығы таңғалдырмай қой­майды. Сөз жоқ, Астананың қазіргі келбеті орасан бейнеттің арқасында келді. Ендеше болашақ ұрпақ соны бағалай білсе керек-ті!         _______________________________

КҮШ АУҒАН ЖАҚҚА БАҚ АУАДЫ

Еңселі елордамыз күн санап көркейіп келе жатқаны барша­мыз­ға белгілі. Қазіргі таңда әлем­ге танылып үлгерген жас Ас­та­на­ның қаншама маңызды ірі бас­қосуларды өткізіп, дүйім жұртты аз ғана уақыттың ішінде өзіне там­сандырып жатқанына біз қа­шанда қуанамыз. Астанаға арман қуып келіп, мақсатына талпынған біздердің ару қалаға деген ықы­ласымыз тіптен ерекше. Ес білгелі алдыма тіс дәрігері болсам деп мақсат қойған едім. 1998 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданындағы бұрынғы «Коммунизм» совхозында Қ.Сәтбаев атын­дағы қазақ орта мектебін бітіре салы­сы­мен, облыс орталығы Тараз қала­сын­дағы медицина колледжіне түсіп, ортапед-тіс технигі маман­дығы бойынша өмірге жолдама алдым. Алайда мамандығыма деген құштарлық мені Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы медицина университетіне жетеледі. Сөйтіп, аталған университеттен тіс дәрігері мамандығын алып шыққан менің алғашқы еңбек жолым Тараз қаласындағы «ДиАл» тіс емхана­сында басталған-ды. Осы кездері мені үлкен қалада тәжірибелер ал­масып, біліктілігімді жетілдіре түссем деген ой жиі мазалады. Алдымда екі таңдау тұрды. Біріншісі өзім бес жыл бойы білім нәрімен сусындап, дос арт­тыр­ған әсем Алматы, ал екіншісі елі­міздің жүрегі Астана бол­ды. Мен мінген тәуекелдің жел­қайы­ғы болашақтың қаласы Ас­танаға бет алды. «Көрмеген жердің ой-шұ­қыры көп», демекші алғашқы кез­дерде аздаған қиыншылықтар кездескені рас. Бірақ мұның бар­лығы да уақытша екенін түсініп, алға қойған мақсаттар жолында жұмысымды жалғастыра бердім. 2007 жылы елордадағы «7 карат» тіс емханасына жұмысқа орна­лас­тым. Мұнда да біраз тәжірибе жинақтаған соң былтырдан бастап « Ел Деnt» тіс емханасында же­місті еңбек етудемін. Бұйырт­са, алдағы уақытта өзімнің жекеменшік тіс емханасын ашуға ниеттену үстіндемін. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, ол күнге де жетеріме сенім мол. Мамандығыма деген адал ниетім Астананың азаматы болып қала беруіме өз септігін тигізді. Мен бұған қашанда шүкіршілік деймін. Ипотекамен үй алып баспаналы бол­дым. Үйленіп, әке болу ба­қытын сезіну де Астанада бұйы­рыпты. Сол үшін де астана­лықпын деп мен қай кезде де мақ­­танышпен айтып отырудан жа­лық­паймын. Отбасы бақыты мен сүйікті кәсі­бің­нен алған ләз­заттың орнын еш­нәр­се де тол­ты­ра алмасы анық. Оған емделушілерден естіген жылы сөз­дерімді қосыңыз. Осындай ба­қыт­ты сәт­терді бастан өткеріп жатқа­ным үшін Астанаға алғысым шексіз. Әрине, бұл ретте Елбасының ерен еңбегін қанша рет қайталап айтсақ та артық болмайды.

Алдағы келе жатқан айтулы мереке – ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­­дық торқалы тойына орай бо­лып жатқан дайындықтың ар­қа­­сын­да бүгінде Астана барлық жа­ғы­нан да құлпырып тұр. Оны көрген менің кеудемді шаттық кернейді. Астана­ға деген шексіз сү­йіс­пеншілігім арта түседі. Рахмет саған, Астана!

Абдуахид ҚОСПАНОВ, тіс дәрігері,  Астана тұрғыны.

_____________________________

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТӨЛ ШАҺАРЫ

Әр нәрсенің салмағын салыстыра отырып саралай­сың. Бүгінгі Астана мен кешегі Ақмола туралы ойласам, арасы жер мен көктей. Бұдан 60 жыл бұрынғы 1950 жылдардың басындағы Ақмола қаласының бет-бейнесін көз алдыма елестететін болсам, аты бар да заты жоқ болып көрінеді. Ол уақытта мен №2 Сталин атындағы ер балалар мектебінде оқимын. Осындай №4 Жамбыл атындағы қыз балалар мектебі болды. Бұл саясатты осы күнге дейін түсінбеймін, неге қыз балаларды ұл балалардан бөліп оқытты? Әрине, кішкентай қазақ ауылынан келген біздерге Ақмола, біздің аудан орталығы Ақкөлмен салыстыр­ғанда әжептәуір үлкен қала болып көрінетін. Үйлері негізінен шатырсыз қолдан соққан балшық кірпіштен салынған. Көбінде тақтай едендері болмайтын, әйнектері кішкентай жер үйлер еді. Ішетін суды су жинайтын орталықтардан талон сатып алып, соған алып, әртүрлі әдістермен үйге таситынбыз. Жол жағдайы өте нашар болды. Тас жолдың не екенін білмейтінбіз. Қазіргі М.Әуезов атындағы көше ол кезде Октябрь көшесі деп аталатын. Осы көшеге ғана тас төселген еді. Қаладағы ең үлкен үй қазіргі Абай мен Жеңіс көшесінің қиылысындағы үш қабатты Ақмола темір жол басқармасының ғимараты болатын. Осы темір жол басқармасының жанынан 4-5 вагоны бар паровозға тіркелген пойыз (оны «ветка» – деп атайтын) темір жол вокзалына қатынайтын. Ұмытпа­сам қала ішінде жүретін жолаушы көліктері болған жоқ. Әлі есімде, ескі базардың жанынан орталықтағы мектепке жаяу қатынайтынмын. Өзім оқитын мектептен басқа 3-4 мектеп қана бол­ды. Қалада педучилище, темір жол, көлік, зоове­тери­нарлық техникумдар ғана болды. Бір де бір жоғары оқу орны болған жоқ. Мәдени ошақтарға келетін болсақ, 3-4 кинотеатр, теміржолшылардың мәдениет үйі, 2-3 кітапхана жұмыс істейтін. Ұлттық мәдени ор­та­лық болған жоқ. Қазақ әртістерін, өз тіліміздегі кино­ларды көру арман еді. Анда-санда астанамыз Ал­матыдан келген әртістер, жазушылар, ақындарды көргенде қатты қуанып, ұзақ уақыт есімізге сақтап, айтып жүретінбіз. Өткен ғасырдың 50-ші жыл­дары­ның ортасында елді астықпен қамтамасыз етеміз деген желеумен Кеңес Одағының басшысы Н.Хрущев Қазақстанның солтүстік облыстарын орыстандырып, түбі Ресейдің қарамағына беріп жіберу үшін тың жерлерді игеру туралы жымысқы саясатын жүзеге асыра бастады. Сол астарлы саясаттың «астанасы» Ақмола қаласы болды. Қалада ол кезде 15 пайыздай ғана жергілікті ұлт өкілдері тұрды. Онда да көбі қаланың шет жақтарындағы жер үйлерді мекендеді. Ақмола тың өлкесінің орталығы болып жарияланып, қазіргі «хрущевка» деген онша жайлы емес көп қабатты үйлер салына бастады. Сол үйлерден анда-санда біздің ұлт­тың өкілдеріне пәтерлер берілсе, не бірінші қабаттан немесе соңғы қабаттан тиетін еді. Негізінен тың өл­ке­сінің, Ақмола облысы мен қаласының басшы­лары келімсек, басқа ұлт өкілдері болды. Осындай әдіс­терімен қазақтарды төмен дәрежедегі халық ретінде ұстауға тырысты. Н.Хрущев бір келгенінде қаланың тарихи атын өзгерткізіп, Целиноград деп қойғызып кетті. Қаланың орталығында қазіргі қалалық әкімдік, Конгресс-Холл (ол кезде Тың игерушілер сарайы – деп аталатын), Мәскеу қонақ үйі сияқты санаулы ғимараттар салынды. Ауылшаруашылық, медици­на­лық, инженерлік-құрылыс институттары ашылып, бой көтерді. Тың өлкесі жабылып, Хрущевтің арам ойын іске асырмауға бетпе-бет қарсы тұрған қазақтың аяу­лы азаматы Жұмабек Тәшеновтің арқасында Қазақ­станның тұтастығы сақталып қалды. Одан кейінгі об­лыс басшылары Н.Кручина, Н.Морозов, А.Браун­ның тұ­сында да қаламыз онша көркейе қойған жоқ. Осы­лардың бәрін жазып отырғаным, тәуелсіздіктің құр­дас­тары, одан кейінгі ұрпақ Ақмоланың өткен бет-бей­несін біліп, тарихқа кішкене үңілсін деген ниет еді. Егемендік алғанға дейінгі Ақмола қандай, бүгінгі Астана қандай?! Ақмола Ақмола болғалы өз дәре­жесінде дамымаған қала небәрі 10-15 жылдың ішінде адам танымастай өзгеріске ұшырады. Қаншама зәулім үйлер салынып жатыр. Бұрын Американың кино­ларынан ғана көретін 30-40 қабатты үйлер өзімізде пайда болды. Ондағы шетелдік лифтілер дыбыссыз бірнеше секундта ең жоғарғы қабатына алып барады. Көптеген ақмолалықтардың тұрғын үй жағдайлары жақсарды, біраздары екі-үш қабатты коттедждер салып алды. Түнгі қаламыз өте әдемі көрінеді, да­мыған елдердің қалаларымен бой таластырады. Қаламыз әкімшілік орталық қана емес. Білім, ғылым, мәдениет, спорт орталығына айналды. Көптеген жоғары оқу орындары ашылды. Олардың көшбасшысы – «Назарбаев Университеті». Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында бірнеше халықаралық дәрежедегі медициналық ғылыми-зерт­теу институттары ашылды. Соның шапағатын көр­ген­дердің бірі – өзіммін. Бұдан төрт жыл бұрын менің жүр­е­гіме күрделі операция жасады. Соның арқасында балалар мен немерелерімнің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмын. Осы мақаламды пайдаланып, кардиохирург Ю.В.Пя мырзаға зор алғысымды жеткізгім келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы халқымыздың 30 пайызы спортпен айналысу керек деген тұжырымы қаламызда кең етек алып жатыр. Көптеген спорт кешендері салынды, онда халық­ар­а­лық жарыстар өтуде. Осының бәрі – тәуелсіздігіміздің арқасы. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың болашақты болжай білген көрегендігінің жемісі.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, зейнеткер, қала тұрғыны.

_________________________

ТЕРЕҢ БІЛІМ, ТҰҒЫРЛЫ ТЕХНОЛОГИЯ

Міне, ұлан даланың еркін елі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын қарсы алғалы отыр. Осы жылдар ішінде біздің еліміз ерен жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жаңа елор­дасы Астана қаласы бой көтерді. Астана – шын мәнінде тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналды. Тағы бір айтатын мәселе, тәуел­сіздік арқасында қол жеткізген жетістіктеріміздің маңыздысы – білім саласындағы тәуелсіздік. Қа­зір­гі заманда нағыз еркіндік тек ғылым және білім арқылы ғана жү­зеге аспақ. Сондықтан біздің жас тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты да табысты дамуының бірден-бір сара жолы – терең білім, тұғырлы технология болмақ. Астанамызда бой көтерген жа­һан­дық дәрежедегі Назарбаев Университеті осы жолдың көш­басшысы болатын бірегей жоғары оқу орны. Мен осы университет қабырғасында білім алып жүр­генімді мақтан тұ­тамын. Әлемдік жоғары білім жүйе­сінің ең озық үлгілерін өз тәжіри­бесіне арқау етіп отырған Назарбаев Уни­верситетінде студент үшін мүм­кіндік шектері жойылған. Әлемнің Кембридж, Сорбонна сияқты атақты оқу орындарынан келіп дәріс оқи­тын белгілі ғалымдар, жаңа технол­о­гия­мен жабдықталған зертханалар студенттерді заманауи білім тұ­ны­ғынан сусындатады. Университет ережелері өмір ере­жесіне сай «егер үлгермей қал­саң, ешкім сені күтпейді». Осы екі жылда университет қабыр­ғасында білім алып жатқан мыңға жуық студент үшін бұл заңдылыққа ай­нал­ған. Өзім химия ғылымы бо­йын­ша оқып жатырмын. Мектеп қабырға­сын­да жүрген кезден өзіме ең қиын, ең қызықты пән болып көрінетін хи­мияға қазір мүлдем басқа көзқа­рас­тамын. Бұған себеп – Назарбаев Университетінің про­фессорлары өз пәнінен шын мәнін­де ғылыми тұрғы­да дәріс береді. Химия өмір туралы ғылым болған­дықтан, біз оны өмір­мен байла­ныс­тырып түсі­не­міз. Те­рең­дей білім ал­ған сайын осы ғы­лым­ның нағыз күш-қуатын сеземіз. Қазіргі таңда ғылым тілі, әлем ға­лым­­дарының ортақ тілі – ағылшын тілі. Бізге Мэл Сигэл, Марк Лоуренс, Масаеши Канеда, Скотт Овермайер, Дэ­вид Рэйс және басқа ғылым жо­лын­да жоғары жетістіктерге жет­кен шетел профессорлары дәріс оқиды. Университеттің бізге берген тағы бір керемет мүмкіндігі ғасыр ғажа­йы­бы – Астана қаласындағы қызық­ты студенттік өмір. Сан-алуан әлем­дік оқиғалар ордасына айналған Ас­тананың әрбір күні ұмытылмас әсер қалдырады. Елі­міз­дің Тұңғыш Президентіне, ту­ған халқыма осын­дай әлемдік дә­ре­жедегі Университет ашып, жа­һан­дық білім алуға мүм­кіндік жа­сағандары үшін шексіз ал­ғысымды білдіремін.

Дана ХАМЗАБЕК, Назарбаев Университетінің студенті. 

_____________________________

Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».