09 Желтоқсан, 2011

«Ақтөберентген»: серпінді жоба – сенімді қадам

518 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
«...Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрық­­ша назар аудару қажет. ...Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сонд­ық­­тан біз оны да­мытатын боламыз. Жұмыл­­ғыш медици­на­лық кешендер-автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет. Оларды шығару Қазақстанда жүзеге асы­рылуға тиіс.»

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН КӘСІПОРЫН

«Ақтөберентген» АҚ ТМД елдеріндегі рентген техникаларын шыға­ратын бірден-бір ежелгі және беделді кәсіпорын болып табылады. Ал еліміздегі медициналық және өнді­­­рістік осындай техникалар шығара­­­тын жалғыз кәсіпорын. Үстіміздегі жылы кәсіпорын өзінің 69 жыл­­­дығын мерекеледі. Осы жылдарда кәсіпорын шағын зауыттан рентген қондырғыларын шығаратын бірден-бір ірі компанияға дейінгі өндірістік қалыптасу жолынан өтті. Ұжымда өндірістік мол тәжірибе жинақтал­ды, бұл зауытқа осы заманғы әлем­дік стандарттарға сай сапалы меди­циналық өнімдер шығаруға мүмкін­дік берді. Экономикалық байланыс­тар үзілген кездегі азғантай уақыт шаруашылық конъюнктуралық тұ­­рақ­­­­тандырудан кейін кәсіпорын қар­қын­ды дамуға бет бұрды. «Қазақ­­стан Даму банкі» АҚ-пен бірлесе отырып, бірқатар Еуропа елдерінің, Канада мен Жапонияның осы за­манғы озық қондырғыларымен жаб­­дықталған жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды. Мұнда өндірісті терең жаңғырту жүргізілді. Ол өндірілетін өнім сапасын анағұрлым жақсартуға және оларға деген тұтынушылар сұранысының артуына ықпал етті. Жаңғырту үдерісінде кәсіпорын бірінші кезекте өндірістік процестің экологиялық тазалығына, өнімдері­нің бәсекеге қабілеттілігіне, жоғары өнімділігі мен болашақтағы мүмкін­діктеріне бағыт ұстады. Мысалы, қазір мұнда Батыс Қазақстанда үздік гальваникалық технологиялық желі пайдаланылады. Онда экологиялық таза, лас қалдықсыз сумен қамта­масыз етудің толық айналымы қа­рал­ған. Жоғары вольтті тораптар өндірістік желісінде вакуумдық қон­дырғылар пайдаланылады. Бұл бұ­рынғы Кеңес Одағына қарасты елдердегі осы заманғы рентген-диаг­­ностикалық қондырғыларын ш­ыға­ру жөнінен үздігі болып отыр. Өт­кен жылы кәсіпорын респуб­ли­калық индустрияландыру картасы аясында ірі инновациялық жобаны жүзеге асырды, мұнда 16 қималы компьютерлік тамограф шығаратын жоғары технологиялық өндіріс пай­далануға берілді. Бұл жобаны жү­зе­ге асыруда әлемдік деңгейдегі өнім­дерді көптеп шығарумен белгілі болған ең үздік «GENERAL ELEC­TRIC» трансұлт­­тық компаниясы сенімді серіктес болды. Бұндай өн­дірістің Қазақ­стан­да теңдесі жоқ. «KAZNEX» корпо­рациясы бастама­сымен Англияның «HEMINGFORD INTERIM MANA­GE­MENT» компа­ниясы жүргізген аудиттің нәтиже­сінде акционерлік қоғам өз өнім­дерін экспортқа шы­ғаруға анағұр­лым дайын қазақ­стан­дық он машина жасау кәсіпорын­дарының қата­ры­на кірді. Кәсіпорын өндірісті әртарап­тан­дыру үдерісін белсенді жүргізуде. Пайдаланылатын технологиялық про­­цестер оған жоғары сапалы ғылыми негізделген бұйымдар шығаруға мүмкіндік береді. Елбасы Нұр­­сұл­тан Назарбаев осында болғанда кә­сіпорынның қазіргі ұстанып отыр­ған өндірістік-технологиялық бағы­тын жоғары бағалаған болатын. Мұнда кәсіби шеберлігі жоғары зертеушілер, конструкторлар, инженерлер еңбек етеді. Арнаулы конс­трук­торлық бюро компанияның жүрегі десе де болғандай. Мұнда дүниеге келген батыл идеялар өндіріске жол тартып, өмірде жүзеге асырылып жатады. Кәсіпорынның басты ба­ғыт­тарының бірі ИСО9001, ИСО 13485 халықаралық стандарттары мен 9342ЕС директивалары талап­та­рына сәйкес сапа менеджменті жү­йесінің нәтижелілігін тұрақты арттыру. Бұл бағыттағы ізденістер де табысты бола түсуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ.

КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФ ӨЗІМІЗДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Біздің зауытта шығарылатын 16 қималы компьютерлік томо­граф­­қа елімізде балама жоқ. Бізде шығарылған алғашқы осындай компьютерлік томографты Ақтөбе қаласындағы медициналық меке­­менің біріне өткіздік. Қазір осы өндірісті игеруге технологиялық дайындық пен оны дербес бө­лек­теуді жалғастырудамыз. Біз игеріп жатқан инновациялық жоба Ел­басы тапсырмасын орындаудағы сәтті қадам болып табылады. Кә­сіпорын өндірісті кең көлемде жаңғыртумен бірге өндірісті әрта­раптандыру жұмыстарын да белсенді жүргізуде. Жылжымалы флюо­­рографиялық кешендерді шы­­ғару бойынша бай тәжірибе негізінде және қашық және бару-келуі қиын елді мекендерде тұратын тұрғындардың стоматологиялық тексеруге зәрулігін ескеріп, зауыт «ЗиЛ» және «КамАЗ» автомобильдеріне орнатылған жылжымалы стоматологиялық кабинеттер өнді­­­рісін жолға қойды. Алғашқы нұс­­­қалары сынақтан ойдағыдай өтіп, жұмыс істеген дәрігерлерден ла­йық­­ты бағасын алды. Кешенді автомобильге орнатылған өз алдына дербес стоматологиялық кабинет деуге әбден болады. Ол Фран­цияның, Швейцарияның, Герма­ния­ның және Чехияның осы за­манғы қондырғыларымен жарақ­тан­ды­рылған. Бұл қондырғы­лар­дың көмегімен аурулардың диаг­ностикасының, терапиясының жә­не хирургиясының барлық түрле­рін орындауға болады. «Стом­кар-У» деп аталатын кешен зау­ыт­та шы­­ғарылатын 19-шы өнім, өзі тектес төртінші жылжымалы кешен. Марс МАХМУТОВ, «Ақтөберентген» АҚ атқарушы директоры.

ЕКІНШІ ҮЙІМ ІСПЕТТІ

Мен орта мектепті бітірісімен-ақ осын­­да жұмысқа орналастым. Мұнда ағам, апа­ларым жұмыс істейтіндіктен осы зауыт тартты да тұрды. Оған қазір еш өкінбеймін. Зауыттағы жұмысқа тез төселдім. Білмегенімді сұрадым, қолымнан келмегенін үй­рендім. Еңбегім бағаланып, мақтау-мара­­паттарға да ие болдым. Рентген аппара­тураларының электронды бөлшектерін құ­растырудың өзіндік қиындықтары да бар. Тәжірибе жинақтай келе, оның да ұңғыл-шұңғылын игеріп кеттім. Алайда, кешегі өтпелі кезеңде бұл кәсіпорын да қиын­дыққа кезікті. Тұрмыс құрып, балалы бол­ғаннан кейін, басқа да себептермен біраз уақыт жұмысымда үзіліс болды. Қазір бұ­рынғы жұмысыма қайта кіріскеніме де бес-алты жылға айналды. Жұмысым өзіме ұнайды, үйренген ұжымым. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа сапары кезінде біздің кәсіпорынға келіп, жұмысшылармен кездесті. Мен Елбасы алдында сөз сөйлеп, алға қойылған міндеттерді абыроймен орындайтынымызды жеткіздім. Бұл менің Елбасымен алғашқы жа­қынырақ жүздесуім еді, біраз толқыдым. Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпорын ұстанып отырған инновациялық бағытқа риза­шы­лығын білдірді, оның қайтарымды бола­ты­нына сенім артты. Шындығында да, мұнда соңғы жылдары экспортқа бағытталған өнімдер шығаруға мүмкіндік беретін ин­дустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Басқасын былай қойғанда, Ел­басына көрсетілген компьютерлік тамо­граф­тың өзі неге тұрады. Мұндай компьютерлік тамограф еліміз бойынша бізде ғана шығарылады. Оның болашағы зор, сұра­нысқа ие медициналық қондырғы екені сөзсіз. Қазір біз құрастырған рентген аппа­раттарына, жылжымалы медициналық кешендерге еліміздің өңірлерінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден тапсырыс түсіп жатқанына көңіл марқаяды. Тапсырыс болса, жұмыс та ырғақты жүреді, табыс та болады дегендей. Біз ертеңгі күнге деген сеніммен еңбек етудеміз. Ақжарқын ОМАРОВА, электр-монтаждаушы.  

ЕҢБЕК ЗАҢДЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Шыны керек, экономикалық байла­­­ныс­тардың үзілуі өңірдегі ең ежелгі кәсіпорын болып табылатын біздің зау­­ытты да айналып өтпеді. Алайда, эко­­номикалық дағдарыс жағдайында да негізгі өндірісшілер мен инженер-техни­­­­калық құрамды сақтап қалуға қол жеткізілді. Бүгінгі таңда кәсіпорын аяғынан тұрып, дамудың жолына түсті деуге болады. Қазір зауытта 200-ден астам адам еңбек етеді. Олардың 90 пайыздан астамы кәсіподақ мүшесі болып табы­­лады. Мұнда өзге өндіріс орында­рын­­дағыдай кәсіподақты басы артық буын деп қарамай, бұрыннан қалыптасқан дәс­түрге адалдық танытты. Экономи­ка­лық күрделі жағдайда да ардагерлерімізге әлеуметтік қолдау көрсетуді ұмыт­­­қанымыз жоқ. Оның қасында қазіргі жағдайымыз шүкіршілік деуге келеді. Сондықтан акционерлік қоғам басшы­­­­лы­ғы кәсіподақ жұмысына қолдау-кө­мек көрсетуден қашпайды. Ұжымдық келісім-шартқа сәйкес жеңілдіктер, қа­жет ететіндерге материалдық көмек қа­рас­тырылған, ардагерлерімізді ешқашан естен шығармаймыз. Жұмысшыларға ар­­­наулы киім мен тамақ беріледі. Олар­ға еңбек өтіліне қарай қосымша дема­лыс күндері қосылады, әйелдерге бала­лы болғанда, туысқандары қаза бол­ған­дарға ақылы демалыс қарастырылған. Жоғары оқу орындарында өндірістен қол үзбей оқитындарға, олардың ма­ман­дығы зауытқа қажет болса, ақылы еңбек демалысы беріледі. Ұжымдық ке­лісім-шарт үш жылға жасалып, әр жар­ты жыл сайын тексерулер жүргізіліп, қа­жет бол­ған жағдайда өзгерістер мен то­лық­ты­ру­лар енгізіледі. Мұның бар­лы­ғы да еңбек жағдайын жақсарту және еңбек өнім­ділігін арттыруға бағытта­ла­ды. Осын­да 25 жыл жұмыс істеген зау­ыттың ардагерлері, ал 40 жыл жасаған ер адамдар мен еңбек өтілі 35 жылға толған әйел­дер «Құрметті ардагер» ата­ғына ие бо­лады. Зейнет жасына тол­ған­дарға 25 ай­лық есептік көрсеткіш көле­мінде сый­лық беріледі. Зауыттың жұ­мыс­шыла­рының басым бөлігі еңбек ардагерлері. Бұған дейін жастар мұнда келмеді, станокта тұруды ауырсынады. Токарь, фрезеровщик, электр құрасты­рушы маман­дықтарына төселіп кету үшін кемі бес жыл қажет. Сонда ғана еңбекақысы жо­ғарылайды. Жастар болса тез көп қар­жы тапқысы келеді. Де­ген­мен соңғы жылдары жастарды қа­былдап жатыр­мыз. Кәсіпорын жұмыс­шы­ларының орташа еңбекақысы алғаш­қы жарты­жыл­дықта 90 мың теңгеге жетті. Кәсіподақ комитеті жұмыс беру­шінің еңбек және өндіріс заңдылығын сақтауын қадаға­лай­ды. Бұл бағытта акционерлік қоғам басшылығымен өзара түсіністік қа­лып­тасқан. Бұдан басқа да мәдени-спорт­тық шараларға ұйытқы бо­лып, ұжым­ның ұйымшылдығын ны­ғайту бағы­тын­да жұмыстар атқарылады. Сергей БОНДАРЕНКО, кәсіподақ комитетінің төрағасы.

НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШ – САПА

Менің саналы өмірім осы зауыт­пен тікелей байланысты. Орта мектепті бітіргеннен кейін осында еңбек жолымды қайраушылықтан баста­­­дым. Кеңес армиясы қатарында әске­­ри борышымды өтеп келген соң Саратов политехникалық институтын өн­дірістен қол үзбей жүріп оқып, тә­мамдадым. Конструктор, шебер бол­­дым. Зауыт басшылары осы бөлімді басқаруға сенім артты. Бас технолог бөлімі өндірісті жаңа бұйымдар шығаруға дайындаумен айналысады. Жаңа қондырғылар мен техноло­гия­ларды шығаруға және енгізуге жұ­мыстанамыз, ЧИП станоктарына бағ­дарламалар құрамыз. Барлық жаңа өнімдердің сызбасын сызып, қалай дайындалуы қажеттігіне бас-көз бо­­­­ла­мыз. Бұл өте жауапты да күрделі мін­дет. Есептеулер мен сызбалардан мүлт кетуге болмайды, ондайда жұ­­­мыс үдерісінде кідіріс болады, ал ол өнім сапасына әсер етеді. Бөлім қыз­­меткерлері тәжірибелі , білікті мамандар, өз ісінің шеберлері деу орынды. Сондықтан да жұмыста қолайсыздық болмайды. Жүрек қалауымен таңда­­ған мамандықтарына деген адалдық­тан болар ұзақ уақыт туған кәсіп­­орнынан табан аудармай жұмыс істегендер қатары көп. Бір-бірімізді иша­радан-ақ түсініп жатамыз. Еңбек жағ­дайы жақсы, өнімді жұмыс істеудің барлық мүмкіндіктері қарастырыл­ған. Біз «Медкарь», «Стомкарь», «Мамокарь» сияқты халықтың денсау­лы­ғын жақсартуға қызмет көрсететін рентген-диагностикалық аппараттар шығаратын беделді кәсіпорында жұ­мыс істегенімізді мақтаныш тұтамыз. Сондықтан да өз ісімізге асқан жауапкершілікпен қарауға дағдыланғанбыз. Зауыт маркісі біздің әрқайсымыз үшін өте қадірлі. Себебі, бұл біздің екінші үйіміз, күнкөрісіміздің көзі, еліміздің атын шетелдерге танытып отырған озық өндіріс орны. Ақтөбе­рен­тгендіктер мұны орынды мақ­та­ныш тұтады. Абай БАТАНОВ, бас технолог.

ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ДАМУ

Қазіргі уақытта зауыт бес түрлі мобильді рентген жүйесін және 16 ста­цио­нарлық медициналық рентген аппаратт­а­рын шығарады. Зауытта металдарды ал­ып, электронды жинақтау және металл тораптарын дайындаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістің толық циклі атқарылады. Өнімдер жоғары ха­лықаралық сапа стандарттары бойынша сертификатталған. Мемлекеттік тапсырыс болса жұмыс қарқынды жүреді. Соңғы екі жылда тапсырыстар көптеп түсіп, жұмыс көлемі артты. Үстіміздегі жылы отызға жуық мобильді кешендер жеткізуге ке­лі­сім-шарт жасалды. Кәсіпорында тағы бір бірегей жоба қолға алынды. Ол Қа­зақ­­стандағы апаттық медицина қызметі үшін көп салалы жылжымалы медициналық кешен, яғни медициналық госпиталь құ­рас­тыру болып табылады. Бұл госпиталь – ірі төтенше жағдай кезінде қолданы­ла­тын кешен. Апатты жағдайда зардап шеккендер мен ауруларға сауатты медиц­ина­лық көмек көрсету, оларды уақытша госпитальдау, базалық емдеу және басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Болашақта хирургиялық, урологиялық және басқа рентген-диагностикалық техникалар шығару көзделуде. Біздің өнімдерімізге ішкі рынокта ғана емес, сыртқы рынок та көз тігуде. Соның ішінде зауытта шығарылатын палаталық рентген аппаратураларына Болгария қы­зығушылық танытып отыр. Басқа шетелдер де бізбен әріптестік қатынас орнатуға ынталы бола түсуде. Үстіміздегі жылғы он айда ғана 2,5 миллиард теңгенің өнімдері өткізілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен анағұрлым көп. Жалпы, кәсіпорында жаңа өнімдер шы­ғару, бұрынғыларын жетілдіру бағы­тын­да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұ­ның өзі акционерлік қоғам алар асулар­дың алда да аласармайтынын көрсетеді. Борис КАМЫНИН, стратегиялық даму жөніндегі директор.  

ҚАЛАҒАН КӘСІБІМ – ӨМІРЛІК НӘСІБІМ

Менің зауытта жұмыс істегеніме 42 жылдың жүзі болыпты. Әрине, осы жылдарда кәсіпорын адам танымас­тай өзгерді десем артық айтқандық болмас. Жаңа техникалар сатып алынды, бәсекеге қабілетті өнімдер шыға­ры­луда. Цехтағы қондырғылар Жапониядан, Германиядан әкелінген. Токарлық станоктар да жетілдірілген, сапалы да жаңа. Жоғары технологиялық рентген аппаратураларына орнатылатын бөлшектер де әлемдік стандарттарға сай болуы керек. Жалпы, токарлық мамандықтың қыр-сыры көп, ең мықтымын деген шебердің өзінің білмейтіні болуы бек мүмкін. Сондықтан әр бөлшекті жонғанда ұқыптылық пен байқампаздық керек. Сонда ғана сапалы болады. Токарлыққа жастар келмейді. Олар бұл жұмысты ауыр­сынады, еңбекақысына көңілдері толмайды. Біз осы ма­ман­дықпен өз өмірімізді сабақтастырғандықтан осыдан ар­тық жұмысқа көңіліміз де аумайды. Мұнда қазір жолдасым да еңбек етеді. Біз зейнет жасындамыз. Алайда, кәсіпорын басшылары жұмыс жасай беруімізді қалайды. Ал, еңбек етіп қалған адамның қарап отыра алмайтыны белгілі ғой. Еңбек жағдайымыз жақсы, жалпы, ардагерлерге деген кө­з­­­қарасқа да ризамыз. Зауыт көзге де, көңілге де ыстық. Сон­дықтан кәсіпорынның жаңа жағдайда жұмыс істеп, бә­се­кеге қабілетті өнім шығаруына, қарқынды дамуына үлес қосып жатқанымыз көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Нұрлан АЙТЖАНОВ, 2-цехтың 5-разрядты токарі, құрметті еңбек ардагері. __________________________ Айқарма бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.