09 Желтоқсан, 2011

Отандық киноның онкүндігі

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы мен Министрліктер үйінің конференц-залында қазақ киносының ел Тәу­елсіздігі тойына арналған көрсетілімі өтуде. Желтоқсанның 6-сы күні Ұлттық академиялық кітапханада бір топ өнер шеберлерімен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, «Жас ұлан» әскери-патриоттық сериалы мен мектеп жасындағы балалар­ға арнап түсірілген Қазақстан тарихы туралы көп сериялы анимациялық фильмнің, сондай-ақ «Қазақ киносының анто­ло­гиясы» DVD дискілерінің тұсаукесері өтті. Көпшілікке осы кеш­те «Бәйтерек» фильмін ұсынған онкүндік 15 желтоқсанға дейін жалғасады. БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәсли­ха­тына Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтым­баев, Игорь Вовнянко сынды қазақ кино­сы­ның майталмандары, ал кейінгі толқыннан Рүстем Әбдіраш, Гүлнәра Досматова, Берік Айтжанов, Әсел Сағатова сияқты танымал өнерпаздар қатысса, «Қазақфильм» кинос­ту­диясының президенті Ермек Аманшаев қазақ киносының қазіргі хал-жағдайы мен көрермен қолдауына ие болып жатқан жекелеген кейбір фильмдер туралы әңгімелеп берді. Соңғы жылдары әсіресе, ұлттық өнім­дердің сапалық деңгейінің едәуір өскені байқалады. Мұны «Қазақфильм» киносту­дия­сындағы материалдық-техникалық жаб­дық­тардың жаңғыртылуымен сабақтастыр­ған президент табыстың тағы бір себебін әлемдік деңгейдегі шетелдік актерлермен ты­ғыз байланыс орнатыла бастауымен тү­сіндірді. Мәселен, соның бірі ретінде «Жиде. Кешіккен махаббат» фильмін айтып өт­кен жөн. Астана жұртшылығына ұсынылған бұл фильм француздың белгілі актері Жерар Депардьенің қатысуымен қызғылықты. Және де мұнан басқа осындағы басты кей­іпкердің бірін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевтың Анападағы ки­нобәйгеде «Ең үздік ер адам рөлі» но­ми­нациясына ие болуы фильмнің әлемдік дең­гейдегі жеңісінен хабар беріп тұрғандай. Он күн бойына елорда жұртшылығына ұсыны­латын үздік фильмдер туралы ойлар ортаға салынды. Атап айтар болсақ, «Бәйтерек», «Серпін», «Жиде. Кешіккен махаббат», «Сіз, кімсіз, Ка мырза?», «Қызғылт қоян туралы ертегі», «Ликвидатор», «Біржан сал», «Жер­ұйық», «А-ға» оралу», «Балалық шағымның аспаны» фильмдері елдік тойға арналған нағыз рухани шашу болмақ. Әр көрсетілім алдында картиналардың авторларымен, шы­ғар­машылық топпен кездесулердің ұйымдас­тырылуы халық пен өнер арасын жақын­дас­тырудың, отандық кинодан гөрі шетелдік ки­но­туындыға көңілдері ауып бара жатқан кейбір жастардың бетін төл дүниеге бұ­ру­дың бастауы іспетті түйілуде. Қазақ киносы­ның болашақ көрермендерді төл туындыға баулу талпынысы қуантады. Бұл ретте бас­тауыш сынып оқушыларына арналған «Қа­зақ елі» анимациялық фильміне қоса соңғы үш жылда түсірілген «Кенже батыр», «Зәй­түн-қарлығаш», «Қошқар мен теке», «Мо­мын мен қарақшылар», «Сайғақ», «Кім патша болады?», «Тазша бала», «Алтын сақа» секілді бірталай анимациялық фильмдердің «Қазақстан», «Балапан», сондай-ақ аймақ­тық телеарналар қорын толықтыруы елдің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болып сана­лады. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойын­ша 2009-2011 жылдары «Көшпенділердің музыкалық мұрасы», «Тамғалы» петроглифтері», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Баба-Ата» сарай-қамал кешені», «Аққойлы» мешіт-медресесі» сияқты тарихи ескерткіштер мен қазақ халқының көрнекті тұлғаларына арналған 20-дан астам деректі туындының дүниеге келуінің өзі ұлттық кино өндірісінің жанрлық серпілісін аңғартады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.