10 Желтоқсан, 2011

Білімді ғылым жетістіктерімен ұштастырамыз

454 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен Қазақстан ғалымдарының форумы отандық ғылымның, еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық даму болашағын жаңаша ұғынуға мүмкіндік берді. «Біз Тәуелсіздік алғаннан бері ғылымды өркендетуге күш салып келеміз. Елдігімізді дамытуға ғалымдар үлкен үлес қосуда. Олар ғылымды дамытып, жаңа мектептер қалыптастырды. Сондықтан, тәуелсіздік жылда­рын­дағы біздің басты жетістіктеріміздің бірі – ғылыми әлеуетімізді сақтап қалуымыз болды», деді осы жиында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Өндірісі өркендеген облысымызда ғылымның белсене араласуын күтіп тұрған салалар аз емес. Түсті металлургияның, құрылыс материалдары өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының, мәшине жасау саласының заман талабына сай дамуына ғылым жетістіктерін енгізу Қазақстан экономикасын ырғақты дамытып, әлеуметтік ахуалды онан әрі жақсартуға септігін тигізер еді. Ел мүддесінен туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатымен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қа­зақстан мемлекеттік университеті ғылыми-зерт­теу, білім беру және инновациялық үдерістердің басын біріктірудің жаңа жолдары мен механизмдерін талдау жасап, іске асыра бастады. Аймақтың және тұтас республика экономикасының маңызды тармағы ретінде жоғары оқу орнын зерттеуші университетке айналдыруды көздейді. Ол үшін барлық алғышарттар бар. Техникалық университеттің ғы­лым-білім беру қызметі экономиканың базалық салаларымен, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен тығыз байланыста. Университет ірі өнеркәсіп орындарымен ынтымақтастық келісім-шарт аясында әріптестік негізде жұмыс істейді. Білім мен ғылымның «университет – технопарк» ғылыми-білім беру моделін жүзеге асыруда басын біріктірудің жинақталған тамаша тәжірибесі бар. Заманауи талаптарға сай дамыған иннова­ция­лық инфрақұрылым жұмыс істеп тұр. Универ­си­тет­тің кампусын жоғары технологиялар аймағына ай­нал­дыруды көздеудеміз. Бұл аймақтың жобасымен былтыр күзде өткен Қазақстан мен Ресейдің VII ай­мақ­аралық ынтымақтастық форумына қатысқан екі мемлекет басшылары таныстырылған. Ғылыми-ин­но­вациялық жаңа нысандар салу мүмкіндігі туып отыр. Мемлекеттік бағдарламада белгіленген сегіз басым бағыттағы саладан университет өзі шұғыл­данатын жеті ғылыми-зерттеу бағыты бойынша жұмыс істеуде. Олар: мәшине жасау, аспап жасау және технологиялық үдерістерді автоматтандыру; эко­номика және Қазақстанның инновациялық да­муы; экологиялық қауіпсіздік, табиғатты тиімді пайдалану мен табиғи ресурстарды барынша өңдеу; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; балама энергетика; нанотехнология мен жаңа материалдар; сәулет және жаңа құрылыс технологиялары. Бұл шаруада қол жеткен жетістіктеріміз бар. Негізгі мақсатымыз – ғылымды көп қажетсінетін жаңа өндірістер жасау. Олар жаңа құрылыс материалдары мен компоненттері, жылу беретін сорғы қондыр­ғы­ла­ры, энергоресурстарды есептеудің интеллектуал­ды картасы бар құралдары, бериллий тотығынан жасалатын қыш бұйымдар, композициялық және қыш материалдары. Студенттердің инновациялық жобаларын жүзеге асыру аясында биыл алғаш рет «Инновация-2011» жаңа байқауы өткізілді. Конкурсқа студенттерден 50-ден аса инновациялық идея түсті. Байқаудың қо­рытындысы республика Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғына арналған ғылыми-практикалық конференция қарсаңында қараша айының соңында шығарылды. Алғашқы үш орын алған жүлдегерлер «Алтын Грифон», «Күміс Грифон», «Қола Грифон» медаль­да­ры­мен және мақтау қағаздарымен марапатталып, грант­тар берілді. Бұл жобалардың негізінде университетте үш инновациялық кәсіпорын ашу жоспарлануда. Оларға үш жыл мерзімге «Алтай» технопаркінде өндіріс алаңы беріледі. Бұл «Қазақстанның инно­вациялық дамуына – жастардың шығармашы­лығы!» ұранын іске асырудың нақты мысалы болмақ. Зерттеуші ғалымдар мен студенттердің табысты жұмыс істеуі үшін бізде барлық жағдай бар. Уни­верситеттің инновациялық-зерттеу инфрақұрылымы уақыт талабына сай жасақталған. Технопарк пен студенттердің бизнес-инкубаторынан тыс білім ор­дасында «Іргетас» аймақтық инженерлік зертханасы төңірегіне шоғырланған ғылыми зертханалар мен орталықтар кешені бар. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов «Іргетас» зертханасының жұмысымен танысқанда: – «Іргетас» инженерлік зертханасында атқары­лып жатқан жұмыстардың өндірістік кәсіпорындар үшін ерекше маңызы бар. Бүгін ғылым өнеркәсіп кәсіпорындарымен тығыз байланыста және инно­вациялық құрамдастықта болуы керек, – деген. Таяуда университет технопаркі мен Ұлттық инвестициялық қор бірлесіп, «Техникалық диагностика, сертификаттау және энергоаудит», «Автомобиль жолдарын пайдалану сенімділігі» атты екі инновациялық бағыттағы зертхананы іске қоспақ. Университет қызметінің басты бағыттарының бірі халықаралық ынтымақтастық болып табылады. Қазір университет әлемнің 20 елінің елуден астам жоғары оқу орнымен және компанияларымен бірлесе жұмыс істеп келеді. Біз шетелдік әріптестерімізбен бірқатар бірлескен бағдарламалар мен жобалар бойынша жұмыс атқарып келеміз. Атап айтқанда, Хосео (Корея) университетімен инновациялық кәсіпкерлік, Отто фон Гуэрике университетімен техникалық физика ма­ман­дығы бойынша PhD докторантурасы, Миннесота университетімен ақпараттық жүйелер, Ұлы­бри­та­ния­ның табиғаттану тарихы мұражайымен геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау, Германияның Клаусталь университетімен металлургия салаларында қоян-қолтық іс атқарудамыз. Сон­дай-ақ ШҚМТУ Шанхай ынтымақтастық одағы уни­верситетінің «IT-технологиясы» мамандығы жө­­нін­дегі Қазақстандағы базалық оқу орны болып отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігінің баста­ма­сымен және қаржылай қолдауымен биыл шетел университеттері мен ғылыми орталықтарының профес­сорларын, зерттеуші ғалымдарын жұмысқа тарту мүмкіндігіне ие болдық. Жыл басынан бері университетімізде АҚШ-тың, Германияның, Италияның, Оңтүстік Кореяның, Жа­понияның, Ресейдің, Чехияның профессорлары жұмыс істеді. Тау-кен металлургия факультетінің студенттері мен оқытушылары Акита (Жапония) университеті минералдық және энергетикалық ресурстар сала­сын­дағы халықаралық зерттеу және білім беру ор­талығының ғалымдары Мизуто Тошио, Бешо Масахико, Такахаши Иошиюки және Тахакаши Шим­пеи­дің Жапонияның және басқа елдердің кен орындары құрамының ерекшеліктері туралы дәрістерін қызыға тыңдады. Геодезия, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының студенттері мен магистрант­тары, жас ұстаздары Штутгарт техникалық универ­ситетінің қолданбалы геодезия институтынан доктор Мартин Мецнердің дәрістеріне қатысты. Шетелдердің жетекші ЖОО мен ғылыми орта­лықтарының интеллектуалдық пәрменіне кең жол ашылуы өзіміздің ғалымдарымыздың да өрісін ке­ңей­туге игі әсер етеді. Халықаралық «Цифрлық жер» қо­ға­мының вице-президенті, халықаралық кар­тогра­фия­лық ассоциациясының экс-президенті, ғы­лым док­торы, профессор Милан Конечны (Чехия) цифр­лық картография және жер кадастры көп мақсатты автоматтандырылған ақпараттық жер жүйесі пәндері бойынша оқыған дәрістерінің бергені мол болды. Оның дәрісіне Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі Шы­ғыс Қазақстан департаментінің қыз­меткерлері қаты­сып, дағдарыс жағдайларында ақ­па­рат­тық техноло­гияларды пайдалану жайында жақсы мағлұмат алды. Флоренция университетінің профессоры, ғылым докторы Клаудио Борри техникалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын аккредиттеу тақырыбына оқыған дәрісін аудитория жылы қабылдады. Амери­калық ғалым көшелер мен үйлер салудағы жаңа­лықтарды көрсете отырып, бірнеше сабақ өткізді. Үстіміздегі оқу семестрінде Корея университетінің профессоры, Оңтүстік Корея ІТ-қоғамының президенті Чангдок Юнг ІТ-қоғамы туралы түсініктер жүйесіндегі өзгерістер туралы, ал америкалық доктор, профессор Янг Кьюн Ким АҚШ-тағы өткізгіш­сіз технологияларды өнеркәсіптік зерттеу тәжіри­бесі, Сан Паоло (Бразилия) университетінің профес­соры Хосе Роберто жоғары жылдамдықтағы есептеу желілері, трафикті модельдеу жөнінде дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргізеді. Жаһандану заманында өмір сүріп отырған­дық­тан, білім беру саласында өз қазаныңда ғана қайнай беру аздық етеді. Әрине, өзіміздің профессорлар мен оқытушылардың күшімен де шәкірт тәрбиелеп, диплом беруге болады. Бірақ әлемдегі үдерісті аң­дамау, шетел ғалымдарының тәжірибесіне сүйенбеу дипломымыздың әлемдік бәсекеде осалдық таны­туы­на әкеп соғады. Ал шеттен лектор шақырғанның жөні осы екен деп, кез келген профессорға да ша­қыру жібермейміз. Шетелден келетін әрбір ғалым­ның өз саласында әлемдегі алатын орнын анықтай­мыз, ол туралы жан-жақты мағлұмат алып барып, ШҚМТУ-да сабақ беруін өтінеміз. Олардың дәріс­те­ріне, өткізген тәжірибелік сабақтарына да талдау жа­сап, өз бағамызды береміз. Біздің басты талабы­мыз – әрбір шетелдік ғалым университетімізде оқы­ған лекцияларымен, практикалық сабақтарымен, оқу­лықтар шығаруға үлесімен, оқытушыларымызға ұсынған жаңалығымен із қалдыруы керек. Біз осындай биік талаптар қойып қана мемлекет беріп отырған қаржының қайтарымын аламыз. Декандар, кафедра меңгерушілері шетелдік әріптестерінің қызметіне жоғары жауапкершілікпен қарауының бір сыры осында. Білім сапасын жақсартуда, іргелі ғылымды да­мы­туда жоғары оқу орындарының тәжірибе алм­а­суы­ның, бір-бірінің жетістіктерін көзбен көруінің де рөлі зор. Үстіміздегі жылдың көктемінде облыс де­легациясы Баварияның астанасына сапары кезінде біз Мюнхен техникалық университетінің басшы­лы­ғымен келіссөз жүргізіп, әріптес екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығын кеңейту жөнінде шешім қабылдағанбыз. Соның нәтижесінде мюнхендік профессорлар Вернер Ланг, доктор Герхард Хаусладен, доктор Йоханс Жунгвирт ШҚМТУ-да жұмыс істеп жүр. Таяуда бавариялықтардың Шығыс Қазақстан об­лысына жауап сапары кезінде Баварияның Федерация және Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік ми­нис­трі Эмилия Мюллер ханым екі аймақтың ынты­мақтастығының орталық буыны Мюнхен мен Шы­ғыс Қазақстан техникалық университеттері екенін атап көрсетті. Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ және жапондық ғалымдардың ынтымақтасуы «Іргетас» аймақтық инженерлік зертхана жасақталған кезде басталған. Алғашқыда жоғары дәлдіктегі зертхана қондыр­ғы­ла­рын шығаратын атақты «Gеоl» фирмасы «Іргетас­қа» осы заманғы электрондық микроскоптар, рентген дифрактометр және басқа қондырғылар әкеліп, орнатқан. Мамандарымызды бұл аспаптарда жұмыс істеуге үйретті. Соның нәтижесінде ШҚМТУ ға­лымдары қысқа мерзімде алтынның наноматериал­да­рын, полиметалдар, сирек металдар, материал­та­ну­ды зерттеу саласында тамаша нәтижелерге жетті. Үстіміздегі жылы Акита университетінің деле­гациясы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне арнайы сапармен келген. Жапондық профессорлар ЖОО-ның оқытушылар және студенттерімен кездесіп, сапар қорытындысында екі жақ академиялық ұтқырлық, ғылым саласындағы ынты­мақ­тастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойған. Құрамында геология және тау-кен ісі кафе­дра­сының меңгерушісі М.Мизерная, химия және түсті металлургия кафедрасының меңгерушісі Н.Куленова бар ШҚМТУ делегациясы Акита университетіне барып қайтты. Сапар мақсаты – ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын жалғастыру, оқытушы­лар мен студенттер арасындағы мәдени, білім беру және кәсіби өзара іс-қимылды одан әрі дамыту. Тараптар өзара мүдделі академиялық ұтқырлық, ғылыми-зерттеу ісіндегі ынтымақтастық, студенттер мен мамандарды оқыту бұған дейінгіден әлдеқайда қызу жүргізілуін қалайтынын білдірді. Біз Токиода «Интерактив-Корпорейшн» компа­ниясының жетекші өкілдерімен өткен жиынға қаты­сып, ШҚМТУ-дың «Іргетас» инженерлік зертха­на­сын заманауи қондырғылармен жасақтау мәселесін талқыладық, біздің мамандарымызды «Geol» фирма­сының жоғары дәлдіктегі қондырғыларында жұмыс істеуге Жапонияда баулу мәселесі шешілді. Біздер оқу орнымен танысқан соң, жапондық сту­денттер мен әріптестеріміздің алдында дәрістер оқы­дық. Мен ШҚМТУ жайында жан-жақты мағ­лұ­мат беріп, «Тұтқыр сығылмайтын сұйықтың қозға­лысын сипаттайтын Навье-Стокс теңдеулерін сан­дық шешу» деген тақырыпта дәріс оқыдым. Шетелдік әріптестерім бірқатар сұрақтар қойып, өткен ғасыр мен бүгінгі күндердің проблемасына айналған есепке қызығушылық танытты. Осы теңдеумен цунами қозғалысын сипаттауға болатынын атап өтті. Сондай-ақ М.Мизернаяның Орталық Азияның қатпарлы белдеулері құрылымындағы Үлкен Алтай­дың геотектоникалық позициясы, Н.Куленованың ынтымақтастықтың болашағы туралы дәрістері де тартымды шықты. Қазір Акита университетінде біздің магистранттарымыз Арман Қожамбердинов пен Данияр Елғазинов оқып жүр. Біздің делегация тарапынан Кенді Алтай мен Куроко (Жапония) полиметалл кен орындарының зат­тық құрамы мен геологиялық-құрылымдық ерекшеліктерін зерттеп, салыстыру; кремний өнімі өн­дірісі үшін өте таза концентраттар алу мақсатымен Шығыс Қазақстан мен Жапониядағы кварц және кремний кен орындарын зерттеу; көміртотықты кен орындарының заттық құрамын зерттеу; литий-бериллий минералдық шикізатының әрқилы типтерін өңдеудің перспективалы әдістерін жасау; литий мен бериллийдің жоғары сортты қосындыларын алудың тәсілдерін жасау, төмен сортты минералдық және техногендік шикізаттан мыс айырудың техноло­гиясын жасау жөнінде ұсыныстар енгізілді. Акита университетінің президенті Нобору Иошимурамен білім беру және ғылыми әріптестік аясында қосым­ша келісім қабылданды. Біз оқу мен тәрбиені ұштастыра жүргізгенде ға­на сегіз қырлы, бір сырлы маман әзірлей алатыны­мызды естен шығармаймыз. Уақыт бізден жаңа әлеуметтік-тәрбие бағдарламасын талап етеді. Университетте студенттердің өзін-өзі басқаруы дамуда, кадр саясаты бүгінгі күннің ерекшеліктеріне сай жүргізілуде, моральдық және материалдық ынталан­дыру механизмі жетілдіріліп, шәкірттер мен жас ғалымдардың баспана мәселесі шешілуде. «Қазақстан Республикасының 20 жылдығына – 20 жарқын іс ұраны» аясында биылғы 1 қыркүйекте 220 орындық студенттер үйі ашылды. Алдағы жылы 500 орындық студенттер жатақханасының құрылы­сын бастауды жоспарлап отырмыз. Отандық және шетелдік компаниялардың біздің түлектерімізге деген сұранысы жыл сайын артып келеді. Түлектеріміздің 95 пайызы жұмысқа орнал­аса­тыны көп нәрсені аңғартса керек.

Шығыстағы техникалық білімнің қарашаңырағы – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті ұжымы алдағы міндеттердің аса жауапты екенін есте ұстай отырып, заман талабына сай маман даярлауда жарты ға­сыр­лық тәжірибесін, ғылымның жаңалықтарын оңтай­лы пайдалану арқылы инженер кадрларын оқыту сапасын арттырып, отандық ғылымды одан әрі дамытуға үлес қоса береді.

Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі.