Аталған орталық бұған дейін Өскеменнен Алакөлге пойыз 15 сағатта жететінін, билет бағасы плацкарт – 2800, купе 4000 теңге болатынын айтқан еді. «Пойыз бағыты 15 маусымнан бастап іске қосылады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 114 миллион теңге субсидия бөлінді. Жол кестесі мамырдың соңына дейін дайын болады. Сонымен қатар, туристерді станциядан көл жағасына дейін жеткізетін автобус мәселесі де шешілген», - дейді туристік ақпараттық орталықтың директоры Сымбат Рамазан.
Облыс әкімі Даниал Ахметов жақында Үржар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында биылғы суға шомылу маусымында Алакөлге (Жалаңашкөл ст.) тек Өскеменнан ғана емес, Семейден де пойыз қатынайтынын, Мақаншы мен Жалаңашкөл бағытындағы жолға орта жөндеу жұмыстары қолға алынып жатқанын, Қарабұлақ пен Қабанбай ауылдары арасындағы 16 шақырым жол да жақын уақытта жөнделетінін жеткізген болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы