10 Желтоқсан, 2011

Қазақ мектептері көбейіп, мерейіміз тасыды

1100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әлі күні есімізде, 1989 жылы 20 мың қазағы бар Петропавл қала­сын­да тұңғыш қазақ сы­ныбын ашу үшін 15 оқушыны әрең жинап, әб­ден сергел­деңге түскеніміз бар. Басы­байлы ғима­рат табыл­ма­ғандықтан №3 орыс мектебі жанынан қоныс теп­кеніне шүкіршілік еткенбіз. Араға 7 жыл са­лып облыс орталығында алғашқы қа­зақ мек­тебі­нің қандай қиындықпен бой көтер­ге­нін де ұмыта қойған жоқпыз. 1990 жылы іргетасы қаланып, қаржы тапшылығынан мәселе бірнеше жыл бойы шешілмеген өткір күйінде қалды. Білім басқар­ма­сының басшылары 1996 жылы 1 қыр­кү­йек­­те дайын болады деген уәделерін орын­дай алма­ды. 266 оқушы орыс мектебінің бір қана­тын­да жаңа оқу жылын бастауға мәжбүр болды. Тек Рес­пуб­ли­ка күні 320 орынды қазақ класси­калық гим­на­зиясы сал­танатты түрде бой көтеріп, жұрт­шылық­тың қуа­нышына айналды. 12 сынып жинақ­талып, 300-ге тар­та оқушы мектеп парта­сына отырды. Бүгінде гимназия айтулы оқу ор­ны­на айналған. Өткен мерзім ішінде оның қабыр­ғасынан 472 түлек қанат­та­нып ұшты. 17 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Балаларын ана тілінде оқытуды ниет етушілер санының күрт арт­қаны соншалық, оқушылардың саны бір мың­нан асып, екі ауы­сым­да оқуға тура келді. 1935 жылы қазақ мектеп-интернаты ретінде шаңырақ құрып, кейін мұға­лім­дер білімін жетілдіру институты құзырына берілген ескі ғимаратты қазақ мектебіне алуда да көптеген кедергілер кездесті. Арнайы құрылған ынталы топтың тегеурінді белсенділігі арқасында ғана 280 орынды білім ошағына ай­нал­дырылды. Қазір мұндағы оқушылардың саны – 600. Сөйтіп, бір жылда қос мектеп есігін айқара ашты. Осы орайда сол жылдары облыс әкімі қыз­метін атқар­ған Владимир Гартманның ерекше қамқорлығын айта кеткен жөн. Тіл жанашырларының қазақ мектебін ашу тура­лы ұсыныс-өтініштерін облыс басшылары түсініс­тік­пен қабылдап, қал-қадерінше қолдап отырды. Мәселен, облысқа әкім болып келген Даниал Ахметов 1999 жылы бухгалтерлік кең­се­ні күрделі жөн­деу­д­ен өткізіп, 320 орынды мек­тептің кілтін ұстат­ты. Қажымұрат Нағ­манов 2000 жылы иесіз қалған дүкен ғи­ма­ра­тын танымастай жаң­ғыр­тып берді. 2007 жы­лы 1100 орынды қазақ мек­теп-гимназиясы іс­ке қосылып, оқушыларға лық толды. Бұдан тыс­қа­ры Петропавл қаласында об­лыс­тық дең­гей­дегі дарынды балаларға маман­дан­ды­рылған гимназия интернаты, М. Жұмабаев атын­дағы гуманитарлық колледжі жанындағы қа­зақ мектебі және қазақ-түрік лицейі орналасқан. Об­лыс әкімі Серік Біләловтің тікелей қолдауы­мен оқушылар саны азайған орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу үрдісі кең құлаш жай­ған. Бүгінде 11 орыс мектебінде қазақ сы­нып­тары жұмыс істейді. 1990-1991 оқу жылында қазақ балалары­ның 25 пайызы ғана ана тілінде білім алса, қа­зір бұл көр­сет­кіш 57 пайызды құрап отыр. Ұлты басқа 267 оқушы өз еріктерімен қазақша оқуға ынта білдірген. Тәуел­сіз­дігіміздің арқа­сын­да ұлттық білім саласында тамаша табыс­тар­ға жетіп отыр­мыз. Бүгінде қазақ ата-ана­ларының көзқарасы мүлдем басқаша,түбегейлі өз­гер­ген. Петропавл қалалық білім бөлімінің бас маманы Сәуле Әбуқызының айтуынша, мектеп жасындағы 5828 қазақ балаларының 3328-і ана тілінде білім алады. Бұл жалпы үлестің 58 пайызы. Орыс тілді 14 мектепте «Балапан» бағ­дарламасы бойынша 925 орынға лайықталған шағын орта­лық­тар құ­рыл­ған. Жуырда Петропавл қаласында Тұңғыш Прези­дент­тің зияткерлік мектебінің іргетасы қаланды. Ол 740 орын­ға лайықталған. Демек, қазақша оқуға тілек білдірушілер қатары алда еселене түседі деген сөз. Иә, қазақ мектептеріне деген сұраныс өсе түспесе кемитін түрі байқалмайды. Ол түсінікті де. Осыдан 20 жылғы бұрынғы кезең мен қазі­р­гі жағ­дай еш салыстыруға келмейді. Тәуел­сіз­діктің ал­ғашқы жылдарындағы күмән бұлты сейілгелі қашан! Азат елдің ғажап ұрпағы жас шынардай желкілдеп өсіп келеді. Ұлтжанды азаматты бір ғана ой мазаласа керек: ол – еліміздің ертеңі, болашағы. Мемлекеттік, елдік мүдде жолында ана тілін білу­дің, ұлттық құн­ды­­лық­тар мен қазыналары­мызды игерудің ма­ңы­з­дылығын жан-тәнімен түсінген ата-ана­лардың дабыл қағып, қобалжитындай жөні бар. Әлі 970 орынның жетіспеу­шілігі осыны байқа­та­ды. Осы жайттарды ескере келіп, Петропавл қалалық әкімдігі республикалық құ­зыр­лы орындарға хат жолдап, 900 орынды қазақ мектебін салуды өтінген. Өйткені, мониторингтік зерттеуге қара­ған­да, мемлекеттік тілде оқуға ынта білдірушілер қатары жыл сайын қалыңдап келеді. Олар­дың арасында өзге ұлт балалары аз емес. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.