10 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Он жетінші күн (12 желтоқсан): ДЕНСАУЛЫҚ

450 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Осы міндеттерді орындау нәтижесінде 2015 жылға қарай қа­зақ­­стан­дық­тардың өмір жасының күтілетін ұзақтығы 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға қарай 72 жасқа дейін ұлғаятын болсын. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін  бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан. ____________________________

БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУДЫҢ ОҢ ҚАДАМЫ

Бұл орталықтың құрылуы ел медицинасының алға басқандығының бір дәлелі десе де болады. Отанымыз бойынша қазір 44,574 мүгедек бала есепте тұрады. Соның ішінде 10 мың баланың диагнозы тірек-қимыл аппарат функцияларының бұзылуынан болатын балалардың церебралды сал ауруы (БЦС). Бұл сырқат туа бітеді. Бұрын ем қонбайды делініп келсе, ендігі жерде медицинаның таңғаларлық нәти­же­ле­рі­нің арқасында жаны жаралы ұл мен қызға көмек беру­дің мүмкіндігіне қол жетті. Жан-жақты ем-домның ар­қа­сында ауруға шалдыққан балаларды қоғамға бейімдеуге, тіпті кейбіреулерінің жүруіне, сөйлеуіне жағдай жасалуда. Ең бастысы, бұл орталық арқылы еліміздің бей­күнә бүлдіршіндерін шетелдерге жібермей-ақ әлемдік медицинаның озық жетістіктерімен өз Отанымызда емдеуге болатын болды. Президенттің Астана қаласында медициналық кластерді құру тапсырмасы аясында салынған «Рес­публикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ осы жұ­мыстарды жоғары дәрежеде атқарып келеді. Біздің орталыққа балалар өңірлерден арнайы жолдамамен келеді. Оларға берілетін квота саны жыл сайын арту үстінде. Мысалы, 2008 жылы – 2675 квота бөлінсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш – 3900-ге жетті. Ал алдағы жылы – 4200 квота бөлу жоспарланып отыр. Орталық санаулы жылдардың ішінде 10 мыңнан астам балаға оңалту терапияларын жүргізді. Емдеу курсы 25 күн ішінде өтеді. Көңілдері жабыққан, көздерінде мұң бар балаларды емдеу ісі оңай емес екені белгілі. Мұн­дай жұмыстарды атқаруда мықты мамандарға жүк­телер жұ­мыс аз болмайтыны мәлім. Ондай кадр­лардың қатарында логопед, дефектолог, еңбек терапевті, ЛФК, тағы басқа мамандар бірлікте жұмыс атқарады. Біздің орталықтағы балаларды емдеуге арналған құрал-жаб­дық­тардың барлы­ғы заман талабына сай жауап береді. Мен бұған Герма­ния­ға барған сапарымда көз жеткіздім. Сол құрал-жаб­дық­тардың қатарында ойын аппараттары, робототехнология, ортездер бар. Шолпан БӨЛЕКБАЕВА, «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ басқарма төрайымы.  

 * * *

«100 АУРУХАНАНЫҢ» БІРЕУІ

20 мың тұрғыны бар Ақжар ауданының тұрғындарын сапалы медициналық қызмет жайы қат­ты алаңдататын. Шалғайдағы об­лыс орталығына дімкәс жан тү­гіл, сау адамға қатынау оңайға түспейтін. Ескі аурухана өте тар­лық ететін. Орынның жетіспеушілігінен науқастар палаталарға барынша тығыз орналасып, емделулеріне тура келетін. Жұртты әбден мезі етіп, сергелдеңге тү­сірген қиын тығырықтан шы­ғу­ға Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей қолдауына ие болған «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы жәрдемдесті. Аудан орталығы Тал­шық кентінде 100 төсектік, бір ауысымда 200 адам қабыл­дайтын ғимарат салу үшін рес­публикалық қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бө­лінді. Сөйтіп, 2007 жылы Тәуел­сіз­д­ік мерекесі қарсаңында 3 қа­батты жаңа аурухана кешені пай­далануға берілген еді. Мақтануға тұратын мұндай емдеу мекемесі бұрын-соңды ешқандай ауылдық жерде болмағанын айта кеткен жөн. Қазір мұнда 160-тан астам жоғары білімді дәрігерлер мен орта буын медицина қыз­мет­кер­лері жұмыс істейді. Меди­цина­лық қызметтің сапасы әлдеқайда жақсарып, алыс елді мекен тұр­ғындары енді алысқа сабылмай­тын болды. Көршілес Уәлиханов ауданының жұртшылығы да еш кідіріссіз қарала алады. Аурухананың сырты қандай көрікті болса, іші де әсемдігімен көз тартады. 1-3 адамға арналған палаталар кең әрі жарық. 8 бө­лім­шеге заманауи медициналық құ­рал-жабдықтар орнатылған. Соң­ғы кездері италиялық рентген аппа­раты, германиялық стоматоло­гия­лық қондырғы, УЗИ, жаңа туған сәбилерді оңалту инку­ба­торы, ЭКГ сатып алынды. Енді мекеменің қаражатына мамограф құрылғысын алуды жоспарлап отырмыз. Сонда сүт бездері нау­қасына ұшыраған жандарды өзі­мізде емдеуге мүмкіндік туады. Ұжымның негізін жастар құрап, ісімізге жаңаша серпіліс тудырғанын баса айтқым келеді. Емдеу орны бой көтергеннен бері 15-ке тарта дипломды маман жұмысқа орналасып, 200 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек алды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында былтыр 3, биыл 2 жоғары білімді дәрігер келді. Оларға 2 миллион теңге жеңілдікті несие беріліп, жайлы баспаналарға қоныстан­ды. Бірқатар дәрігерлеріміз елордада біліктіліктерін көтеріп, тә­жі­рибе алмасып қайтты. Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы шалғайдағы елді мекендерге де нұрлы шуағын төгіп, тұғыр­лана, кемелдене түскенін осы­дан-ақ аңғаруға болады. Қазақ­станды азат ел қатарына жеткізген Нұрсұлтан Назарбаев сынды Елбасымыздың барына бәріміз мақтанамыз. Шолпан СӘБИТОВА, Ақжар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері. Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы.

ТӘУЕЛСІЗДІК СЫЙЫ

Талғар қаласында 150 төсектік және бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа аурухана кешені өз есігін айқара ашты. Мұның өзі талғарлықтар үшін ел Тәуелсіздігі қар­саңындағы үлкен сый болды. Емдеу мекемесінің құрылыстарын жүргізуге респуб­ликалық қазынадан 4,4 миллиард теңге жұмсалды. Физио, рентген, ультрадыбыстық, клиникалық зертхана кабинеттері, от­тегімен қамтамасыз етілетін станса талапқа сай жабдық­талып, осы заманғы медициналық қондыр­ғылар мен құрал-жаб­дықтар қойылған. Салтанатты жиында облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының бастығы Маралбек Мейірбеков, қала тұрғыны Алина Власова, тағы басқалары сөз алып, еңселі денсаулық сақтау ғимаратының бой көтеруі Тәуелсіздік жемісі екенін, саламатты өмір сүру, ана мен бала денсаулығын жақсарту, аса қатерлі аурулардың алдын алу жолдарын ортаға салды. Жаңа аурухананың ұжымына жемісті еңбек тіледі. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. __________________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар