10 Желтоқсан, 2011

Жасампаз жиырма жылдың жылнамасы

485 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-тың құрас­тыруымен жарық көрген «Тәуелсіздік» кітабының тұсаукесері өтті. Оған белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері, студент-жастар қатысты. Осыған дейін бас басылым әзірлеген «Елбасы» (2010), «Салтанат» (2011) атты толымды жи­нақ­тар оқырманмен қауышса, тың туынды сол дәс­түрдің жалғасы іспетті деуге болады. Жиырма жылдық торқалы тойға арналған саяси журналистиканың тұңғыш трилогиясына сан ғасырлар ата-бабаларымыз аңсап өткен азаттықтың қадір-қасиеті, тағылымды тарихы мен жеңіс-жемісі баянда­ла­тын әр жылдардағы мақалалар, әңгіме-сұхбаттар мен толғаулар еніп отыр. Тәу­елсіз Қазақстанның өтпелі кезеңнің кедергілерін жеңіп, әлемдік қоғам­дас­ты­қ­қа та­нылуы алдымен ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сая­са­ты­ның ар­қасы екенін Қазақ елі түгілі өзге жұрттар мойындағалы қашан. Мұны айтып отыр­ғандағы себебіміз, бас басылымды әр кездерде басқарған басшылардың Ел­басымен жүргізген әңгіме-сұхбаттарын кітаптан оқи бастағанда, өткен кезеңдер келбетімен бетпе-бет келіп отырасыз. Жинаққа сонымен қатар Ә.Кекілбаев, М.Жолдасбеков, Ө.Байгелди, К.Сағадиев, Қ.Саудабаев, Қ.Сұлтанов, Қ.Мәми сияқты бірқатар танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков, Әбдеш Қалмырзаев секілді қаламгер тұлғалардың тәуелсіздік жайындағы сыр-толғаулары оқырманды әсерлі әлемге жетелейді. Бір айта кететін нәрсе, «Тәуелсіздік» жинағы кітапханаларға таратылып, ел тарихын білгісі келген оқырманға баға жетпес байлық болмақ. «Тәуелсіздік» кітабының тұсаукесері мерекелік рәуіште, Президенттік мәдениет ор­та­лығы ұлт-аспаптар ансамблінің орын­дау­ын­дағы шаттық күйлерінің екпінінде бастал­ды. Экраннан тың туындыны бейнелі бедерлейтін тарихи суреттер алма-кезек сырғып отырды. Тұсаукесер рәсімді «Егемен Қазақ­стан» рес­пуб­ликалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов кіріспе сөзбен ашты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңы түрлі шара­лар­ға толы бола­тыны белгілі. Соған қарамастан, уақыт тауып келген лауазымды тұлғаларға, көрнекті қоғам қайраткерлеріне, жалпы оқыр­ман қауымға алғысын білдіре келіп, кітаптың мән-жайы туралы түйінді ой қоз­ғады. «Тәуелсіздік жеңісі өз астанамызды өзіміз таңдаудан басталды. Астана 20 жыл ішіндегі ең сәтті шыққан жоба деу­ге болады» деп ел құндылықтарын ай­рықша құрметтеген басылым басшысы осы арқылы Қазақ елінің өз жеріне толық мағынасында ие болғанын көруге болатынын айтып өтті. Кітапты шы­ғаруға демеушілік жасағаны үшін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика­лық уни­верситетінің ректоры, профессор, газеттің белсенді авторы Оңалбай Аяшевқа арнайы алғыс білдірді. Тәуелсіздік кітабына тілекті әуелі Сенат Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов айтты. «Бұл кітап шын мәнінде тәуелсіздік толғауы болып отыр. Тәуелсіз еліміздің 20 жылғы даму жолы «Егемен Қазақстан» газетіндегі журналистер мен қызметкерлердің қажырлы еңбегінің арқасында тасқа басы­лып, жаңа тарихымыздың шежіресі жасалды. Бұл кітап ұлтымыздың рухани қазынасына қосыл­ған қомақты үлес деуге толық хақымыз бар», дей келіп, одан әрі ол ғасырға бергісіз жарқын жылдарда атқарылған қыруар ең­бекке тоқтал­ды. Өзіміздің ішкі және сыртқы саясатымызды дербес жүргізіп, біз үшін мүлдем жаңа әрі ашық қоғамның есігін аш­қан, жеке мемлекет ретінде демокра­тия­лық, зайырлы елдің заңдық негіздерін құрған кезеңдердің орны қашанда бөлек болып тұратыны айтылды. Осыдан 20 жыл бұрынғы егемендіктің елең-алаң шағын­дағы көрініс­терді еске салды. Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен батыл шешімдерінің арқасында бүгінгі ынтымақты ел болып, татулық пен тыныштықты берік орнықтырған қадамдарды қайта қаперге салып өтті. Сол кезеңдер аралығында еліміз едәуір өркендеп, эконо­мика дамыды, Арқа төсінен сәулетті елорда бой көтерді, Қазақстан халықаралық қоғам­дастықта беделді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына қосылды. Барша қазақстандықтар ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Оған нақты дәлелдің бірі – дамыған Қазақстан, өркендеген еліміздің бүгінгі келбеті, игілік жолында қажырлы қыз­мет еткен отандастар өмірі. Осы орайда «Егемен Қа­зақстан» газетінің ерлікке толы жиырма жыл туралы газетте жарық көрген мақала­ларды жинақтап, арнайы кітап етіп шығаруы мерекеге лайықты тарту, деді. Ел шежіресі шегеленген жинақ туралы Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев әңгімені тереңнен қозғады. «Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Дүниеде кіріптарлық дәмін татпаған бірде-бір мемлекет жоқ. Әлемді гегемонизм әлденеше рет күйретті. Ежелгі Эллада мен Рим де ондай күнді айналып өте алмады. Дү­ниені дүр сілкіндірген Араб Халифаты мен моңғол езгісі де осының кебін киді. Тіпті қазіргі жер-құдірет саналатын АҚШ, Ұлы­британия, Испания, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Үндістандардың бәрі де отар­шыл­дықтың қандай болатынын бастан кешіп көрді. Алайда әлемдік империя идеясы адам­затты әзәзілдей азғырды да тұрды», деп талай алпауыт елдер бастан кешкен тарихи оқиғ­а­ларды баяндай келіп, ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік империализм жайындағы пай­ым­ды алға тартты. Әлемдік мұхитты баса-көктеген ағылшын, француз, испан, португал, орыс теңізшілері дүниені қайта бөліске са­луға жанталасты. Оған неміс пен жапонның қапы қалған әскери күштері де ерекше мүд­делі еді. Бірақ соны мақсат еткен алғашқы дүниежүзілік соғыс атымен кері нәтижеге жет­кізді. Ұлт-азаттық қозғалысының дәурен­деуі басталды. Ұлттар лигасы құрылған тұста жиырма шақты дербес мемлекеттер табылса, екінші дү­ниежүзілік соғыстан кейін құрылған БҰҰ-ға 86 мемлекет мүше болды. Ұлт-азаттық қозға­лы­сының әлемдік демократияның құ­рам­дас бөлігіне айналуы бұл үдерісті жеделдетті. Қа­зір аталмыш ұйымның мүшелері 200-ден асып жығылады. Ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқы демократия мен ұлт азаттығы ұласқан осы үшінші кезеңде Тәу­елсіздік алды, булық­сыған демократиялық күштері сірескен тота­литаризмнің ірі бекінісі – КСРО-ны күйретті. Еуропа мен Азияның ондаған халықтары саяси егемендік алды, деп азаттықшыл халықтың соңғы 260 жылын бодандық бұғауында өткіз­ге­нін тілге тиек етті. Жер тұтастығынан, ел тұтастығынан айы­рылғанын, Астрахан, Ор­ын­­­бор, Омбы, Ташкент губернаторлықтарына ыды­рап, жаппай кіріптарлықта күн кешкенін, сонда да тілінен, ділінен, еркіндікқұмар­лы­ғы­нан айнымаға­нын, ұлттық тәуелсіздікке құш­тар болғанын, «Алаш» партиясын құрып, Алаш-Орда үкі­ме­тін орнатқанын шежіреге қосты. Саясат сах­на­сына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сы­нов, Міржақып Дулатов, Халел, Жанша Досмұхамбетовтер, Мұстафа Шо­қай, Тұрар Рысқұлов сынды қайраткерлер есімінің тә­уелсіздік тойы аталып жатқан тұста осындай келелі әңгімелер өзегіне айналуы заңды еді. Қаламгер қызыл тоталитаризмнің, ұлт­сыз­дандыру саясатының халыққа қанша­лық­ты қауіп-қатер төндіргенін жеткізді. Қа­зақ­станда қазақтардың саны 39,7 пайызға дейін құлдырауы соның нақты дәлелі іспетті. Осы кезеңді «Бұл расында да біз үшін ажал ал­дындағы аяқ серпу кезеңі еді» деп сипаттады. Содан бері халқымыз 62 пайызға жетіпті. Бұл орайда дүниенің төрт бұрышынан оралған отандастардың орны бөлек. Армияның құры­луы, шекараның бекітілуі өзгелердің тәуелсіз Қазақ елін танып, мойындауына бірден-бір себеп болса, мұны ЕҚЫҰ жиыны мен Азия қысқы спорт ойындарының өтуі нықтай түс­ті. «Қазақ даласының үсті өріс, асты кеніш болушы еді» деп келетін кестелі суреттеуден соң биылғы жылғы табыстар сөз етілді. Қа­зақстан даму қарқыны жағынан бұрынғы ке­ңестік республикалар арасында алдыңғы ор­ынды иеленетіні, индустриялық-инновация­лық өрістің көңіл марқайтатыны, жаңадан салынған темір жолдар мен күре жолдардың, зауыттар мен фабрикалар шығарған отандық өнімдердің көбеюі, заманауи жаңаруымыз­дың зор табысы – Алматы метросының іске қосылуы сынды табыстарды тасада қал­дырмады. Тарихтың тау-тасты, ойқы-жойқы жолдарында өз теңдігіне жете алмай бейнет шеккен басқа халықтардың қиындығын еске түсірмеу тағы мүмкін емес. Бұл ретте Батыс­та бір кезде бүкіл ислам дүниесін крест көте­рушілер жорығынан сақтап қалған әйгілі Салах-ад-Динді дүниеге әкелген курдттардың отансыздық зардабын тартып жатқанын мы­салға келтіруі тегін емес. Бір кездері Шыңғыс ханға жол үйреткен ұйғырлардың бастан кешіп отырған тауқыметі тарих беттеріне тағы бір үңіле түсуге итермелейді. Ырыс пен несібеге кенде қылмаған ата-бабалар рухына тағзым ете келе, «Бәрінен бақ асыру міндет емес, бәрінің бабын табу – міндет, барды бағалай білу – міндет. Құдайдың бергенін ұқсата білетін ынта мен ыждағат керек», деген қанатты ұғымға ұйытты. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди: «Жалпы, елдің бас газеті – «Егемен Қазақстанды» өміріміздің айнасы деуге болады. Өйткені, күнделікті болып жат­қан оқиғалардың бәрі осы басылымда айна-қатесіз көрініс тауып жатады, түбі шындық­ты іздеген ұрпақ келешекте өзіне керегін осы газеттің бетінен табады деп ойлаймын», деп әуелі газетке тоқталған автор тәуелсіздіктің оп-оңай келген олжа емес екенін, оны көздің қарашығындай сақтау әр адамның парызы екенін еске салып өтсе, сенатор, академик Ғарифолла Есім: «1961 жылы Байқоңырдан жердің тартылыс күшін жеңіп, Юрий Гагарин космосқа ұшты. Бұл енді сол кезде үлкен оқи­ға болды. Сол кезде балқар ақыны Кай­сын Кулиев өлең жазды. Онда ол ғарышқа ұшу, жалпы ғылым мен техниканың мәселесі адам таңғалатын нәрсе емес. Мүмкін таңға­луға да болар, бірақ ол мүмкін нәрсе. Ал енді дәл қазір қасыңда отырған, өзіңмен бірге жүрген адамға ұшып жету мүмкін еместігін, бұл қиынның қиыны екенін алға тартты. Біздің өмір-бақи мәңгілік мәселеміз осы – айналамыздағы адамдарды түсіну. Біз сол қасымыздағы адамдарға ұшып жетіп жатыр­мыз ба? Сол сияқты Қазақ елі үшін тәуел­сіздік – ғарыш. Енді осы ғарышқа біз жетіп жатырмыз ба деген мәселе тағы бар. Тәуел­сіздіктің кемелді болуы үшін мынадай бір шарттары керек. Ол үшін әрбір Қазақ елінің азаматы тәуелсіз болуы, санасы азат болуы керек. Сол кезде ол тәуелсіз де­­ген сөзді толы­­­­ғы­­­мен түсінетін бола­ды. Мен азат сана деген ұғымның ге­­нетикалық бастау­­ын атамекен идея­­­сы деп ойлаймын. Біз, қазақтар ба­қыт­ты халықпыз. Біз өзіміздің атамекенімізде өмір сүріп жа­­­тырмыз. Шыңғыс хан шапқын­шы­лы­ғына дейін біз өзі­міздің атамекеніміз­­­де мемлекет болып тұрғанбыз. Бірақ сол ата­ме­кеннің тари­хында әртүрлі жағ­дайлар болды. Ал қазіргі кезде осы атамекенде Қазақ елі, демократиялық жолмен, халықтың қалауы­мен Президент болып Нұр­сұл­тан Назарбаев отыр. Бұл – атамекен идеясының ре­­нес­сансы. Атамекен идеясының бір формуласы Асан Қайғы бабамыз айтқан жерұйық бола­тын», дей келіп, «оралман» сөзінің түпкі мәні­не тоқ­талды. Газеттің белсенді авторы оралман деген сөз адам ұғымын бермейтінін алға тарт­ты. Бұл бір кезде шашырап кеткен ыры­сымыз, құтымыз, берекеміз еді. Енді сол құт-берекеміз оралып жатыр. Оралман деген ол – біздің ойымыз, арманымыз. Олар атамекеніне, сол жерұйы­ғына оралып жатыр деді. Ақын Серік Тұрғынбекұлының оқыған «Тәуелсіздік толғауы» өлеңі тың туынды рухымен үндесе өрілді. Тәуелсіздік – Бір жұтым су екенсің. Татып едім, Кетпедің таңдайымнан. Тәуелсіздік – Қолдағы ту екенсің. Күнде желпіп тұратын маңдайымнан. Тәуелсіздік – Бір биік тау екенсің. Емін-еркін шыға алмас басына жан. Тәуелсіздік – Гүл бақша-бау екенсің. Жемісімен жұртымды асыраған, – деп ерекше екпінмен оқылған жыр шумағының түйін­делуі де әсерлі. Тәуелсіздік – Көгілдір түс екенсің. Көк бөрінің оралған сарынымен. Тәуелсіздік – Сен бақыт құсы екенсің. Басқа қонған Алланың әмірімен.   Жаудырамын сол үшін алғысымды, Серт беремін: Талықсып, талмасын деп! Алақанда баптаймын сол құсымды, Аңдаусызда ұшырып алмасын деп. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазу­шы Әнес Сарай егемендіктің басы-қасында жүрген адамдардың бәрін қаһарман деп есептейтінін айтса, Мемлекет тарихы инсти­туты­ның директоры, тарих ғылымдарының докто­ры Бүркіт Аяған саяси тұлға туралы жазу кемшін түсіп жатқанын тілге тиек ете келе, трило­гияны сол орынды толтыратын тамаша еңбек деп білемін, деді. Президенттің баспа­сөз қыз­меті жетекшісінің орынбасары, тарих ғылым­дарының докторы Дархан Қыдырәлі аз уа­қытта мұндай үш кітаптың жарық көруі бұрын-соңды болмаған оқиға, елдің тәуел­сіз­дік жылдарындағы бүкіл тарихы түркінің тас­қа басқан таңбасындай осы кітаптан табы­ла­тынын айтты. Тарихты жасайтын ел бола­ды және де жазатын ел болады. Өкінішке орай, бұрын көп нәрсе жазылмай қалды. Бі­рақ тәу­елсіздіктен бері барлық тарихымыз жазылып жатыр деп есептеуге болады. Сол себепті де бұл кітап әркімнің кітапханасында тұруға лайықты еңбек деп ойын қорытты. Газеттің белсенді авторы Оңалбай Аяшев Қазақстанды көршілес Өзбекстанның жағ­да­йы­мен салыс­тыра отырып сөз етті. Бүгінгі жү­ріп өткен жо­лымыздың бәрі кейінгі жастарға сабақ болуы керек. Елдің жиырма жылдық тарихы егжей-тегжейлі жазылған жылнаманы сондықтан да алдымен жастар оқуы тиіс, деп тәуелсіздік қадірін кейінгі жастардың жете бағалауына мән берді. Тәуелсіздік тойына тартылған рухани сый­дың тұсаукесерінде ән шырқалып, күй тар­тыл­ды. Белгілі әнші Гүлмира Сарина «Бәйтерек», «Бұлбұлым» әндерін шырқаса, Олжас Мыр­за­бекұлы Шалмырза Тоқболатұлының, Қазан­ғап­тың күйлерін шебер орындап, терең сырды теңдессіз өнермен сабақтастырды.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.

–––––––––––––––––

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.