10 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шежіресі. «Егемен Қазақстан». 1999 жыл. Бейсенбі, 16 желтоқсан.

645 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

ЕЛ БІРЛІГІ – ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ

15 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты мәжіліс болыпты. Оған Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысқан. Мәжілісте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбайұлы сөз сөйлепті. – Бәріміз көріп отырмыз. Тарих көші тағы да бір асқар белеске таяп қалды. Уақыттың аяқ алысы ширай түсті. Баршамыздың жүрек лүпіліміз күшейе түсті, – деп бастапты сөзін Әбіш Кекілбайұлы. – Өтешек мыңжылдыққа да, жүз жылдыққа да өкпеміз жоқ. Біреуі қос құрлықтың астасар тұсында талай қосылып, талай шашылып келген басымызды ұйыстырып, ұлтымызды сомдап берді. Біреуі жарық жалған түгел танып, барша адамзат тегіс мойындаған іргелі мемлекеттікке ие етті. Бұл – біз үшін үстіміздегі мың жылдықтың да, жүз жылдықтың да  ең басты оқиғасы, бізге сыйлаған ең үлкен қуанышы. Біле білсек, біздің халқымызға мұндай мерей бұрын-соңды бұйырып көрген емес. Кім қалай десе, олай десін, ұлттық тарихымыздың ең шырайлы күндері мен жұлдызды сағаттарын қазіргі жер басып жүрген ұрпақ – мына біздер бастан кешіп жатырмыз. Сол бақытымыз құтты және мәңгілік болғай, ағайын! Әбіш Кекілбайұлы осылай дей келе, қазақ халқы үшін Тәуелсіздіктің қадыр-қасиетіне тоқталыпты. «Тәуелсіздік орнамаса, өз төрімізге өзіміз ие болып, астана тұрғызып, қалған дүние атының басын әдейі бұрып келер жаңа нысанға айналмақ түгілі, өз үйіміздің қай босағасында қалай тізе бүгерімізді біле алмай бүгежектеп өтер едік» депті. Мұнан кейін сол тәуелсіздіктің жемісі енді біліне бастағандығын атап көрсетеді. «Бәлкім, әзір қораш көрінгенімен, көңілге үміт оятарлық оң нәтижелер қазірдің өзінде баршылық. Үстіміздегі жылы ішкі жалпы өнімнің көлемі өткен жылдың көрсеткіштерінен 0,3 пайызға асып түсті. 11 ай ішінде өнеркәсіп орындары былтырғыдан 1,5 пайызға артық өнім өндірді. Былтырғыдан 2,1 есе көп, яғни 15,9 миллион тонна астық жинадық. Шағын кәсіпкерлік нысандарының саны өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсіп, онда істейтіндер саны 11 пайызға көбейді. Қараша айында мемлекеттік бюджетке салық жинау 103,3 пайызға орындады. Жергілікті бюджеттердің жалақы жөніндегі қарызы жылдың басынан бері 54,5 пайызға азайды. Бұл, әрине, үлкен еңбекпен келген нәтижелер. Оларды одан әрі бекіту одан да көп күш-жігерді талап етері түсінікті» дейді. Баяндамадан біз тәуелсіз Қазақстанның еңсе тіктеп, енді ғана дамуға бет алған шағын байқап отырмыз. Ішкі жалпы өнімнің оның алдындағы жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға өсуі осыны дәлелдейді. Өйткені, мұның алдындағы жылдары бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуінен, мүлдем жаңаша шаруашылық жүргізу жүйесі – нарықтық қатынастарға көшу ауыртпалығын бастан кешіргендіктен Қазақстан  экономикасы құлдырап кеткен болатын. 1999 жыл қорытындысында еліміз өз тәуелсіздігінің тарихында алғаш рет құлдырау құрығын үзіп шыққан екен. Енді жоғарыдағы көрсеткішті қазіргі жағдаймен салыстырсақ, олар бүгінгі даму қарқынымыздың шегіне де тұрмайтыны анық. Соңғы жылдардан бері еліміз ең бері алғанда 7 пайыздық дамумен келеді. Дамудың 10 пайызына шыққан тұсымыз да болды. Осының барлығы сол кездің өзінде-ақ басты бағыттың дұрыс белгіленгендігін білдіреді (ред.). Мұнан кейін баяндамада ел ішінде жүріп жатқан демократиялық, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер жайында айтылады. «Бүгін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына «Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» атты Жолдауы жарияланып отыр. Ол елдің болашағы мен тұрлаулы тағдыр жолындағы ынтымаққа шақырып отыр. Өйткені, біздің келешегіміздің бірден бір кепілі – Тәуелсіздігімізді тек бірлік қана нығайта алады» депті. Өткеннен ащы тағылымымыз бен келешектен күткен мақсат-мүдделеріміз бізді осыны бір сәт те естен шығармауға үндейтіндігін айтыпты.  

ЕҢСЕЛІ ҒИМАРАТ ЕСІГІН АШТЫ

Кеше тұсауы кесілген Министрліктер үйі өз құрылысшыларымыздың да келісті үй тұрғыза алатынын айғақтады «Егемен Қазақстан» га­зе­ті­нің осыдан 12 жыл бұ­рын­ғы 16 желтоқ­сан­да­ғы мерекелік нөмірінде газет тілшісі Самат Мұ­са­ның жоғарыда­ғы­дай та­қы­рыппен ақпа­рат­тық хабары берілген. «Соңғы бірер ай бедерінде елордалықтардың көз қуа­нышына айналып, жаңа Астана ажарын аша түскен еңселі ғимараттардың бірі – Министрліктер үйі еді. Енді, міне, айналасы бір жарым жылдың ішінде бой көтер­ген іргелі мекен түп­кілікті пайда­лануға беріліп, өз иелеріне есігін айқара ашты. Оның тұ­саукесер рәсі­мі­не Ел­ба­сы Н.Назарбаев қатыс­ты» деп бастапты тілші репортажын. «Әуелде 11 қабатты, осы заманғы озық үлгіде салынып жатқан сәулетті құ­рылыс халық ара­сын­да, тап­сырыс беруші сол болған­дықтан да шығар, «Қаржы министрлігінің ғимараты» деген атпен тарады. Кезінде «Осы үлкен шаңырақтың бар­лы­ғын бір ғана министрлік жайлай ма?» деп мұны артық көргендер де, «Е, қалтасы қалың Қаржы министрлігі өзі үшін ақшаны аясын ба?» деп мәселенің байыбына бармай жатып, байбалам салушылар да аз болған жоқ. Шын­дығында мұнда Қаржы министрлігімен қатар, Эконо­мика және Кіріс министрліктері мен Инвестиция жөнін­дегі агенттік қоңсы қоныстана бастапты. Оған «Министрліктер үйі» деп айдар тағылуы да сондықтан» деп аяқтапты өз репортажын газет тілшісі Самат Мұса.  

НАГРАДА ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ӘРІПТЕСТЕР!

«Егемен Қазақстан» гезетінің ұжымы осындай тақырыппен газеттің 80 жылдығына орай «Отан» орденімен марапатталған басылымның бұрынғы бас редакторы, шолушысы Шерхан Мұртазаны, «Құрмет» орденіне ие болған шолушы Мамадияр Жақыпты және «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Мейрамбек Төлепбергенді құттықтапты.  

«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІ РЕДАКЦИЯСЫНЫҢ ҰЖЫМЫНА

Осындай тақырыппен Қазақстан Республикасы­ның Премьер-Министрі Қасымжомарт Тоқаевтың газет редакциясының ұжымын, басылым ардагерлерін және оқырмандар қауымын газеттің 80 жылдық ай­тулы мерекесімен құттықтауы берілген. «Басылым бастауында тұрған алыптарымыздың ақ жолын жалғастырған қаламгерлердің бірнеше буыны мен газеттің қазіргі қаламы ұшқыр, ойы зерек ұжымы дәстүр сабақтастығына әркез адал. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздік туын тұғырға қондырған тұстан бастап «Егемен Қазақстан» жас мемлекетіміздің аяғына нық тұруына бел шешіп атсалысты. Әрқашан да байсалды сөзімен басқа басылымдардан ерекшеленіп тұратын аға газет елдегі саяси тұрақтылық пен бірліктің, азаматтық және ұлтаралық келісімнің баяндылығын бекітуге барынша күш-жігерін жұмсап келеді. Газет  жас ұрпақты ата салты мен дәстүр рухына тәрбиелеуге, ұлтжанды азаматтарды қалыптас­ты­руға көп еңбек сіңіруде. Басылым нарықтық қатынастардың орнығуына және экономикалық реформалардың оң нәти­желерге жетуіне де үлкен үлес қосты. Газет Үкіметтің күн­делікті іс-қимылына, сан қырлы қызметіне  жүйелі түрде назар аударуда», деп атап көрсетіпті өз құттықтауында Қасымжомарт Тоқаев.  

МАҢЫЗДЫ  МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНДІ  ТҰСТАРЫ

Осындай тақырыппен газет тілшісі Сейфолла Шайынғазы­ұлының кең көлемді ақпараттық хабары берілген. «Желтоқсанның 14-15-і күн­де­рі Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі «Жергілікті өкі­мет және Қазақстан Респуб­ли­касының әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуы» деген тақырыпта рес­публикалық семинар өткізді. Айта кету керек, бұл маңызды әлеу­меттік мәселелерді талқылауға ар­налып, үстіміздегі жылы өткізіліп отырған оныншы қорытынды семинар. Бұған дейін олар Тараз, Шым­кент, Павлодар, Ақтөбе, Қа­рағанды және басқа да бірқатар қалаларда ұйымдастырылған бо­ла­тын» деп басталыпты бұл хабар. Мұнан кейін семинарда сөз алған Премьер-Министрдің орын­ба­сары Е.Өтенбаев, ұлттық банк­тің төрағасы Г.Марченко, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Н.Радостовец қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық даму, зейнетақы реформасы, елдегі жұмыссыздық тәрізді көкей­кесті мәселелерге тоқталғандығы айтылады. «Экономиканың негізгі шешуші саласындағы жағдай әлі де күрделі. Кәсіпорындарда қор­да­ланған қарыздар мен өзге де қо­лайсыздықтар инвесторлар тарту­ға елеулі кедергілер жасауда. Ал, ол өз кезегінде салықтардың жи­налуына нұқсан келтіріп, әлеу­мет­тік өтемақылардың төленуіне те­жеу салуда. Бюджет тапшы­лы­ғы­ның ішкі жалпы өнімнің 6 пайы­зын құрауы да осындай олқы­лық­тардың салдары. Осы орайда, вице-премьер бюджетті қысқартуға жиі жүгіне бермей-ақ таяудағы 3 жыл ішінде оның тапшылығын азайту жолдарын ұсынды. Олар: негізгі өндірісті көтеру, мүдде­лі­лікті арттыру арқылы жергілікті билік орындарында бар резервтерді жұмылдыру және көлеңкелі секторды өз ақшасын мемлекетпен бөлісуге мәжбүр ету.  Сол сияқты акциздік ставкаларды өсіру, орын­сыз шығындарды тәртіпке келтіру мәселелері де назардан тысқары қалған жоқ» делініпті хабарда. Аталмыш семинар Қазақстан Республикасындағы зейнетақы ре­фор­масы жөніндегі ІМСС жоба­сы­ның мұрындық болуымен ұй­ым­дастырылыпты. Оған оның төр­аға­сы Пол Пайпер мырза мен жобаның басқа да өкілдері қатысқан.  

«АЛПАМЫС» – БҮКІЛ ТҮРКІ ХАЛҚЫНА ОРТАҚ ҚАЗЫНА

Газет тілшісі Әли­сұл­тан Құланбайдың бұл көлемді хабары Астанада «Алпамыс ба­тыр» дастанына – 1000 жыл» деген тақырыпта өткен халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференциядан репортаж түрінде берілген. Бұл шарада М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ди­рек­торы, профессор Шә­кір Ыбыраев, Ұлт­тық ғылым академиясының корреспондент мүшелері Рахманқұл Бердібай, Сейіт Қасқабасов баяндама жасапты. Ға­лым­дар «Алпамыс батыр» жырының фоль­клорлық архаикалық жанрларына, дастанның бүкіл түркі халықтарына ор­тақ дүние екендігіне, оның қазақ ха­лқы­ның этникалық тарихымен байланыс­тылығына  тоқталыпты. «Алпамыс батыр» жырының қай ға­сырда дүниеге келгенін дөп басып ешкім айта алмайды. Түпнұсқа заман ағы­мы­мымен салт-дәстүрлерге орай өзгеріс­терге ұшырауы әбден мүмкін. Қазіргі кезде дастанның бізде он, өзбектерде отыз нұсқасы бар екен. Сейіт Қасқабасовтың пікірі бойынша, «Алпамыс батыр» жы­рына 1000 жыл емес, ең кемі 1500 жыл болуы ықтимал. Тарихқа жүгінсек, жыр­дың алғашқы нұсқасы VІ-VІІІ ғасыр­лар­да туған деген болжам жасауға жетелейді. Сондықтан оны Алтай версиясы негізінде әрі қарай зерттеу керек. Қоңырат вер­сиясы бойынша зерттеу қателіктерге ұрын­дыруы мүмкін» депті өз хабарында Әлисұлтан Құланбай. Ал, ғалым Рахманқұл Бердібай «Ал­памыс батыр» жырының қазақ тілінде 1899 жылы Қазан қаласында тұңғыш рет кітап болып шыққандығын, биыл оған 100 жыл толып отырғандығын атай келе, «Алпамысты» «Манас» жырымен бір қатарға қою керектігіне тоқталыпты. Ендігі жерде Алпамыс батырға ескерткіш қойып, елордада, тағы басқа қалаларда оған көше аттарын беруді Білім және ғылым министрінің орынбасары Ерлан Арынға құлаққағыс ретінде жеткізіпті. «Ғалым ағамыз мұны жайдан жай ай­тып отырған жоқ. Өзбек ағайындар үсті­міз­дегі жылды «Алпамыс батыр жылы» деп жариялады. Оны ЮНЕСКО көле­мін­де атап өтіп, екі зәулім ескерткіш ор­натып та қойды. Көше аттарын да аямай беріп жатыр. Біз болсақ, ұялған тек тұр­мас­тың кебін келтіріп, жылдың ең со­ңында енді ғана жиын өткізіп отырмыз. Ал өзбек ағайындар «Алпамысты» басы бүтін иеленіп барады» деп түйіндепті мақаласын газет тілшісі Әлисұлтан Құланбай. Конференцияда «Алпамыс батыр» жыры жөнінде басқа да оқытушы-ғалымдар пікірлерін ортаға салып, оның мәні мен маңыздылығына жоғары баға беріпті. Фоторепортаж түрінде жазылған хабардың суреттерін Орынбай Балмұрат түсіріпті. _______________________________ Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.