Жетісудың Қаратауға иек арта беретін тұсындағы «Малға қоныс, жанға жай» деп ел мақтаған Мойынқұм даласы, әні мен күйі шалқыған Сарысу өлкесі – қазақ жұртының ежелден қоныс тепкен құт мекені. Бұл қазақ хандығы шаңырақ көтерген, Керей мен Жәнібекті ақ киізге салып хан сайлаған киелі топырақ. Қалың қазақ ауызекі сөзде кеңқолтық Сарысуды «Ықылас елі» деп атауды әдетке айналдырған, себебі арғы-бергі заманда бұл жерден қобызшылық өнер үзілмеген көрінеді.
Ескі Сарысу қыстауы бір жағы бетпақтағы Шу өзенінің жағалауын жайласа, екінші жағынан Алатаудағы Талас дариясына да қоңсы қонған, теріскейі – Қаратау, күнгейі – Алатау, түстігінде – Ұлытау, түйіп айтқанда, тауы мен суы, қыры мен құмы иісі қазаққа ортақ отан. «Ауылы аралас, қойы қоралас» болғандықтан Алатау мен Қаратау күйлері де Сарысуға кең тараған. Сөз басы күйшілік өнер туралы болған соң осы өңірдегі дәулескерлердің басты қасиеттеріне тоқталайық. Сарысу күйшілерінің шертісіндегі әп дегенде байқалатын үш қасиет мынау:
Біріншіден, күй әуені қобыз сарындас, не шертілсе де Тіней, Ықылас, Баубек, Сағынтайлардан қалған боз дала, бозінгеннің боз үні боздап тұрады.
Екіншіден, Сарысу домбырашыларының шанақты сөге қағатын сара қағысы Арқадағы Тәттімбет, Сайдалы Сары Тоқаның мәнеріне етене, ал енді екпінді, ұранды, желдірмелі, жорға күйлерде кездесетін үлгі Алатау күйшілік мектебінің басында тұрған Байсеркенің жолынан жұғысты болғаны рас.
Үшіншіден, бұғалық пен сағалықты кезек сарнататын теріс бұраудағы төкпенің бебеуі бағзы замандардағы шаңқобыз күйлерін еске түсіреді. Бұл әсілі туысқан қырғыз халқының фольклор мұрасынан сіңісті болса керек.
Төртіншіден, Жетісудың желдірмесінен тағы бір аңғарылатын мінез – сыбызғы уілі, бұл да Сарысу күйшілерінің тоғыз толғаса тоймайтын сүйген сазы. Мұның ізі түркінің алтын бесігі – Алтайдан сыр тарқататынын айтпаса да белгілі.
Сарысуда күйдің ішіне түсіп тартатын небір дарындар өткен, солардың ішіндегі жұлдызы жанған бір тұңғиығы – Мәді Шәутиев (1909-1993) деген күйші. Ел аузынан жеткен деректерге сүйенсек күйшінің ғұмырбаяны мынадай. Мәді қазіргі Жамбыл облысы, Сарысу ауданында туған, сүйегі – үйсін. Алты жасында ата-анасынан айырылып, Боданның Бегманы деген туысының қолында өсіп-жетілген. Сол өңірге аты шыққан Қосқұлақ Пірімбет деген күйшіден тәлім алған. Пірімбет күйшінің кім болғаны туралы дерек қалмады, тек «Қосқұлақ» деген оның ел қойған ныспысы екенін ғана болжамдай аламыз. Ұстазы оған күймен қатар жыршылық өнерді де үйреткен, соның арқасында жеткіншек Мәдіні қалың елі хисса-дастандарды мол білетін жыраулығымен де таныған. Бозбала кезінде шешек дерті жұғып (шешек тиіп) қос жанарынан айрылған. Соның азабын тартып қамығып жүргенде біраз күйлер мен жырлар шығарған деседі.
Өсе келе Мәді той мен асқа қатысқан атақты өнерпаздармен бірге болады, көзі көрмесе де өнер додасында талай жүлде алады. Мәдінің суырып-салма ақындығы жөнінде де азғантай деректер жазылған. Мәді таңнан-таңға күй шертетін эпик домбырашы болған, өз жанынан інжу-маржан күй шығарған өрелі сазгерлігімен ел есінде аты қалған адам. Қазіргі күйтаныммен қарағанда, Мәді Жетісу күйшілік ұясы, оның ішінде Сарысу мектебінің өкіліне жатады. Күйші жеткізген халық күйлері дәуірлік мазмұны арқылы күйдің әріден тартылған шежіре тарихы мен салтының сақталып отырғанын аңғартады. Мәдінің бір қыры Арқаның көсем қағысына жүйріктігі. Ол Тәттімбет, Тоқа, Ықылас, Сүгірге дейін созылған шертпе аламанының ортасында шаңдатқан мәрт мінез иесі. Бұл жерде Тәттімбет мектебімен қоса Ықыластың елі болған соң Сарысу күйшілігі өз кезегінде Сарыарқа мен Жетісуға ортақ тамаша музыкалық түзіліс (синтез) жасағанын айту маңызды.
Мәді қазақ әніндегі Балуан Шолақ сияқты құбылыс. Мәдінің қолында Сарыарқаның классикалық қара шертпесімен қоса Жетісудың желдірмесі, берісі – Қаратаудың кербез кертолғауы мен арысы қырғыз әуенімен суарылған «Алатоолық комуз қайрықтар» да кездесетіні таңғалдырады. Осыдан кейін, әуелгі үлгісі Арқадан шығады деп тұжырым жасаған қазіргі ғалымдардың уәжіне тоқтағанның өзінде, Сарысу шертпесінің сазы өз алдына бөлек музыкалық мәдениет екенін мойындауға тура келеді. Шындығында «Сарысу күйшілік мектебі» бөлек үлгі. Мұның жағырапиялық, тарихи қырларымен қоса стиль жағынан да себептері көп. Сарысулықтардың күй шерту машығымен қоса тұрмыстық салты, ауызша дамыған фольклоры, жыр-дастаны, қызыл сөз, жаяу әңгімесі қазіргі Қарағанды жерінің мәдениетімен кіндіктес, дәлдеңкірей айтқанда, Атасу, Мұңлы-Қулы, Ескене жайлаулары, Сарысу, Көктіңкөлі өзендерінің аңғарлары сарысулықтар үшін өз жері боп саналады.
Әрине пашпырт тергесек Боранқұл, Шәмшілда, Әйкендер Жаңаарқа, Жетіқоңыр, Ұлытау жерлерінде туған, яғни Сарыарқа перзенттері, солай бола тұра олар саналы өмірін жайлаудағы Арқада емес, қыстаудағы Сарысуда өткергендіктен сарындары бөлек. Сарысулық күйшілік дәстүр әлі күнге дейін Тәттімбет, Тоқа, Ықылас ізінен жаңылмай дамып әрі өз жолын сол ұлы арнамен өрелестіріп жүр. Осының бәрін қорытындылай келгенде, Сарысу өңірінің өз сарыны, өз үні бар домбырашылық мәдениет ретінде қазақтың күйшілік өнерінен өз орнын сұрап тұр. Бұл күнде Сарысу күйшілерінде Арқа, Қаратау, Жетісу жерінің термен сіңген ұлы әуені бар, өзіндік төлтума табиғаты қалыптасқан. Домбыраны бір қаққаннан, қияқты бір шалғаннан топырағының иісі бұрқ ете қалатын, дәстүрлі үлгісі нық қалыптасқан жеке күйшілік аймақ екенін еріксіз мойындауға тура келеді.
Сөз кезегі келген соң айта кетелік, күйтанымда «Сарысу күйшілік дәстүрі» деген орындаушылық үлгі өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері жалпақ жұртқа белгілі. Бұл туралы алғаш ғылыми талдау жасаған белгілі күйтанушы ғалым, шертпе күйдің кәсіби мектебінің ұстазы Уәли Бекенов болатын. Ол «Күй табиғаты» атты еңбегінде Сарысу аймағындағы күйшілік өнер туралы арнайы бір бөлімнен тұратын зерттеу мақала жазған еді. Көптеген күйшілердің шығармашылықтарын талдай келе солардың ішінде күйге кенені – Мәді Шәутиев екенін атап жазады. Уәли Бекенов өзінің «Күй табиғаты» атты монографиясында «Оның қолы жүрдек, асқан домбырашы, шертпе күйдің шебері. Мәді – көне мұраның көзі» деп жазады. Шынында қазақ халқының күй көшіне ілесіп, баба мақамын ұрпаққа жеткізген осы бір күйшінің қолынан шыққан шертпелер осы күні ұлттың рухани қазынасына айналды, оның туындылары көптеген антологияларға, күй жинақтарына кірді, оркестр, ансамбльдерде тартылады. Мәді күйшінің алдындағы өнерлі буын да мықты болған. Солардың ішіндегі Мәдінің үлгі тұтқан ұстазы, өнердегі пірі – Байсерке күйші.
Алатаудың күнгейі мен теріскейін күймен тербеген ғасыр абызы – Байсерке Құлышұлының (1841-1906) қолтаңбасын нақпа-нақ алып қалғандар жоқ. Көзін көріп, батасын алған шәкірттері алмағайып заманда қазан төңкерісіне жұтылып, атылып, асылып кеткені тарихтан белгілі. Байсерке де Шу мен Сарысудың бойын жайлаған, осы елдің төл перзенті. Осы күні Жетісу күйшілері Темірбек Ахметов, Әшірәлі Шынғожаев, Нұрғиса Тілендиевтер арқылы жеткен дауылпаз күйлердің арғы түбі Байсеркенің қолтаңбасы болып саналады, Шу өңірінен шыққан Бердібек, Қожабек, Сатқынбай, Қатшыбай сияқты оның ізбасарлары кезінде кер заманның салқынымен ашыла алмады, кеңес кезеңінде Байсерке мұрасын ақпатша режіміне қарсы «Ұран күй», «Жекпе-жек» атты жария күйлер шығарғаны үшін мүлде жауып тастады десе де болады. Бірақ отандық ғалымдардың ізденісінің арқасында оның күйлері аз да болса нотаға түсірілген болатын. А.Қ.Жұбанов, Б.Г.Ерзакович сияқты ғұламалар Байсеркенің аты өнер тарихында қалуы үшін көп еңбек еткенін айту аманат. Байсеркенің шығармашылығын зерттеген Г.Омарова, Б.Мүптекеев сынды ғалымдардың тұжырымына сәйкес, қазіргі кезде одан қалған күйшілік мәнердің бір шеті Мәдінің қолында қалған деп қорытынды жасауға мол мүмкіндік бар. Мәді Шәутиев бұл күнде халқымызға аты белгілі дәулескер домбырашы, халық арасынан шыққан дарынды композитор ретінде бағаланады.
Мәдінің күйшілік мұрасына алғаш ден қойған белгілі түркітанушы ғалым, академик Мырзатай Жолдасбеков еді. Ол Мәді күйшіні 1972 жылы Жамбылдың 125 жылдық тойына шақырған. Алматыдағы игі жақсылардың алдында Мәді күй шерткен, жыр айтқан. Мәдінің күйлерінің радиодан, күйтабақтардан естілуі осы уақыттан басталады десек қателеспейміз. Оған дейін күйшінің дабысы Алматыға жетпеді, Мәдіні тек өз айналасындағылар ғана білді. Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» атты мемуарлық кітабында мынадай естелік бар:
«Сарысудан өлеңші, жыршы, күйші Мәдінің (Шәутиев) келуі де ылғи оқиға болушы еді. Шіркін-ай, өнерпаз еді. Кейін 1972 жылы Мәдіні, ақын Төре-қожаны Жамбылдың 125 жылдық тойына Алматыға алдырып едім. Біздің үйде екеуі бір аптадай жатты. Алматының теледидарына да шығардым. «Астра» дейтін магнитофоныма екеуін де жазып алып едім».
Осы кездесу барысында Мәді Жамбыл тойында дүркірете күй тартып Алматының зиялы қауымын тәнті етеді. Мәді күйші ауылында тұрғанда жағдайы орташа болмаған көрінеді, Сарысуға арнайы іссапармен келген сол кездегі Орталық комитеттің арнайы өкілі Мырзатай Жолдасбеков оның құбатөбел тіршілігін көрген соң, Мәдіге жаңа баспана салдырып береді. Жергілікті атқамінерлерге күйшіге қамқор болуды тапсырады. Мәдінің өміріндегі жарқын кезеңдер күй зерттеуші ғалым Уәли Бекеновпен кездескен уақыттарда болды. Уәли Бекенов оның күйлерін жазып алды, арнайы очерктер жазды, радиода кең насихатталуына ықпал етті.
Тума талантының арқасында дала күйшілерінің ортасында Мәді абыройлы болды, оның күй тарту өресі өз тұрғыластарымен салыстырғанда, шынында биік еді, себебі ол жаңа заман үнімен қатар көне күйлерді де өз бойына көп сіңірген еді, репертуары мол, ерекше музыкалық зейін қонған жан болатын. Мәді Алатау мен Қаратаудың арасындағы кең байтақ алаптың мұрасын індете түгендеген шежіре күйші екенін кезінде Ақселеу Сейдімбек те өз еңбектерінде арнайы атап өткен («Күй шежіре»). Ықылас күйлерін домбырада сөйлету Қаратауда бұрыннан қалыптасқан дағды десек те, Мәді де осы бағытта біраз күйлерді өз деңгейінде Сүгірше толғап көрген домбырашы болды. Ықыластың «Қазан» күйінің ізімен Сүгірден ауысқан әдемі шертпе Мәдінің орындауында алтын қорға кірді, нотаға түсті. Тап осы жерде «Қазан» күйінің домбырада орындалған түріне тоқтала кеткеніміз артық болмас. Себебі Ықыластың күйлерін алғаш үйреніп, оны домбыраға қондырған Сүгір екені дау тудырмайтын шындық. Бірақ Сүгір ол күйлерді тек қана орындаудан бөлек, өз жанынан да саз қосып, авторлық туындысына айналдырып отырған. Мысал ретінде «Аққу», «Жолаушының жолды қоңыры», «Кертолғау» сияқты қобыз аттас күйлерді келтіре аламыз. Мұны біз Тәкен Әлімқұловтың жазбаларына сүйеніп айтып отырмыз. Тәкен Әлімқұлов «Қазан» атты күйдің Сүгірде болғанын былайша баяндайды:
«Тәттімбет, Құрманғазы тәрізді күйші – Сүгір. Ол шертпе күйдің шебері. Сонымен қатар ол шалқытып та тартады. Оның «Шалқымасы» ілік-шалыс тартылып, жөргемделіп, аяғы «аһылаған» арманға айналады. Сүгірдің үшінші ерекшелігі тағы бар. Ықыластан ауызданған ол қобыздың сарынын домбыраға түсіреді. Сүгір осы екеуін ұштастырады. Бірде қамығады, бірде сағынады. Әдетте күй сағалықтан бұғалыққа қарай тартылады ғой. Ал Сүгірдің «Қазаны», «Ақсақ тоқтысы» осының керісіншесі, бұғалықтан сағалыққа қарай тартылады. Оның «Тоғыз тарауы» бұғалықтан басталады. («Мың жасар». Мақала. «Мәдени мұра». Журнал. Қазақстан Республикасы музейі. №1 (58) /2015, қаңтар-ақпан, 64-бет).
Мәді жеткізген «Қазан» күйінде Ықыластан гөрі Сүгір сарыны мол, сондықтан аталмыш күйдің Сүгір Әліұлына тиесілі екенін айту парыз. Мәді Сүгірді көрген, ауылы аралас, қойы қоралас болған соң күйлерін тыңдап, қанығып өскен. Жаппас Қаламбаевпен жақсы таныс болған, Ықылас, Сүгір күйлерін шертумен қатар өзі де «Қоңыр», «Қосбасар», «Желдірме» сияқты Қаратау күйлерінің ізімен тамаша туындыларын шығарған. Әсіресе оның «Қосбасары» Сүгір күйлерінің үлгісіне жақын, оның ішінде «Қаратау шертпесіне» әуендес шыққан. Мәді Шәутиев туралы зерттеуші Уәли Бекенов былай деп пікір қалдырған еді:
«Оның қолы жүрдек, асқан домбырашы, шертпе күйдің шебері. Кішкентай қолдан жасалған қалақша қоңыр домбырасының үні ашық, тілі анық шешен аспап. Мәді көне мұраның көзі... Мәдінің репертуарында халықтың асыл қазынасына жататын, халық күйлері «Қара жорға», «Бозайғыр», «Тепеңкөк», «Ақжелек», «Қазан күйі», «Жау қарға», Алты қойдың дауы», Сабау күйі», «Ілебайдың баласын жоқтауы», «Ақсақ қыз», т.б. күйлер және Ықылас, Сүгірдің бірнеше күйлері бар» (У.Бекенов «Күй табиғаты», Алматы, «Өнер» баспасы, 1981 жыл. 83-бет).
Осы үзіндіде сөрсетілгендей, Сарысу күйшілік мектебінің абыройын аспандатқан Мәді Шәутиевтің Қаратау мұрасына да қосқан өзіндік үлесі бар. Күйшінің аты қалың көпшілікке танымал болуы үшін Уәли Бекенов, Абдулхамит Райымбергенов, Базаралы Мүптекеев, Мұрат Әбуғазы сияқты ғалымдар еңбек етті. Зерттеуші Ербол Тұңғышұлы мен Батырлан Әбенов Мәді күйлерінің нұсқаларын түпнұсқасынан нотаға түсірді.
Мәді шығармашылығындағы қобыз сарыны Ықыластан бәсіре болғанын айттық, сонымен қатар өзімен заманы бір Сағынтай Елепанұлынан жұғысты болғанын ескеру парыз. Сағынтай Елепанұлы Сарысу өңіріндегі ең даңқты қобызшылардың бірегейі еді, Ықыластың күйлерін тартуға келгенде алдына жан салмайтын шеберлігі бір бөлек, өзі де тамаша туындыларымен елге танылған қобызшы болды. Оның күйлері, сарындары Абдулхамит Райымбергеновтің нотаға түсіруімен жинақтарға енген болатын («Күй қайнары»). Әрине, Мәдінің айналасында Сағынтайдан басқа да Ықыластың даңқты шәкірттері, қобыз ұстаған жыршы-күйші қауым мол болды. Дегенмен солардың арасында «Сағынтайдың жыны бәрінен басым болғаны» туралы жазылған естеліктер бар.
Мәді Шәутиевтің орындауындағы ескі сарынды желдірме күйлердің аңызы көнеден сыр тартады, орындау мәнері де байырғы домбырашылардың дағдысы екендігі айқын аңғарылады. Мысалы, Мәді жеткізген күйлердің бірсыпырасы Алтын орда дәуіріндегі Кетбұғаның «Ақсақ құланын», Абылайхан заманындағы Байжігіт күйшінің «Көкбалағын» еске салады. Яғни арысы – Алтын орда, берісі – қазақ хандығынан кейінгі кезеңдердегі жауынгерлік жорық күйлердің ізін біз осы Мәді күйшінің қолынан шыққан туындылардан тани аламыз. Бұл жерде Мәдінің Жетісу күйшілік мектебінің байырғы өнегесін еміп өскенін аңғару да қиын емес. Мәдінің мәнерінен Тілендінің, Жамбылдың, Кененнің жібек күйлерінің ізі айқын аңғарылады. Жетісу жері түркілік сарындағы көне дәстүрдің ұйытқысы болғаны тарихтан белгілі. Осы орайда Жетісуда – «Алатаулық», «Тәңіртаулық», «Сарысулық» күйшілік үлгілердің өзара біртұтас мәдениет түзетінін айту артық болмас. Сөз жоқ, Мәдінің кеудесіне жастай қонақтаған мақам – арғы бабаларымыздан үзілмей келе жатқан асыл әуез. Кәсіби домбырашылық бәсте Мәдінің бір қыры – Тәттімбеттің көсем шертісін сақтауында болса, екінші қыры – Байсеркенің алабайрақ дауылды қағысын алып қалған көрегендігінде. Кез келген өнер адамының жалғыз шаппайтыны анық қой, Мәдінің де айналасы, ортасы сал-серілер, дәулескерлерден кенде болмаған. Осы жерде Мәдінің классикалық қосбасар күйлерге жүйрік болуының бір себебі оның әйгілі күйші замандасы Нақып Сембинмен аралас болғандықтан екенін айтқанымыз әділ болар еді, себебі Нақып Арқада туған, Сарыарқада сайрандаған сал, қосбасарлы мектептің майталманы. Нақып Сарысуға кейінірек көшкен, кезінде Арқадағы өзімен тұстас атақты сал-серілердің бәрімен үзеңгілес болған өнерпаз еді. Ендеше оның шертісі өзімен өнер өрелестірген інісі Мәдіге жұғысты болуы да заңдылық. Жалпылама сипаттауға келсек «Қырық буын қосбасардың» классикалық формасы, импровизациялық өрлеуі де Мәді шығармашылығының өн бойынан сезіледі де тұрады. Солай дегенмен де кейінгі күйшілік аламанды, жаңа заман үнімен астасқан домбырашылық жолды бажайлай келсек, Мәді Қаратау мен Сарыарқаның дәстүрін жалғастырушы ретінде бағаланғанымен жусаны жағынан сарысулық күй мектебінің алдыңғы қатардағы мықты өкілі болып қала береді. Мәді Шәутиев өзінен кейінгі толқындағы Қабыл, Дабыл, Боранқұл, Бексейіт сияқты күйшілерге де өнеге бола білді.
Мәдідей біртуар күйшінің замандастары туралы айтпасақ сөзге сын болады. Себебі сарысулық күйшілердің жаратылыс табиғаты біртұтас шығармашылығын талдасақ та орындаушылық мектебін жеке бөле қарастыру қиын. Олар бірін-бірі қуалаған Шу өзенінің толқындары сияқты өз келісімімен аққан мәңгілік сарынның бір арнасындай-ау. Мәдінің тұрғыласы, сыйлас болған замандасы – Әйкен Қоңырбайұлы (туған, қайтқан жылы анықталмаған) деген күйші өмір сүрген, ол қырқыншы жылдары қан-қасап соғыстан қайтпай қалған. Әйкен өз кезегінде Ықыластың төл шәкірті ретінде Арқа, Қаратауға аты шыққан ірі күйші болған. Сарысу күйшілік мектебінің тамаша өкілдері – Дабыл мен Қабыл Ажақаевтар осы Әйкен күйшінің тәлімін алған домбырашылар. Аталған күйшілер Мәдіні де өздеріне ұстаз тұтып кеткен. Боранқұл Қошмағамбетов, Бексейіт Тұрсынбековтер де Мәдінің тәлімін алған дарынды домбырашылар.
Мәді Шәутиевті зерттеушілердің ішінде фольклортанушы Саян Ақмолданың есімі бірден еске түсер еді. Саян Сарысудың тумасы, қобыз бен домбыраны қатар меңгерген майталман күйші. Саян көп жыл фольклор жинаумен айналысты, күй өнерінің інжу-маржанын теріп оны радио толқындары мен телеарналар арқылы насихаттады. Сарысу жеріндегі Мәді Шәутиевтен өнеге көрген атақты күйшілер – Қабыл мен Дабыл Ажақаевтардан, Бексейіт Тұрсынбеков, Боранқұл Қошмағамбетовтерден күй үйренген. Мәдінің сирек орындалатын күйлерін Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазған. Мәді мұрасы енген «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі» антологияларының құрастырушылар алқасының мүшесі, Сарысу өңірі туралы бірнеше мәдени-танымдық телебағдарламалардың авторы. Жалпы қазіргі кезде Мәді Шәутиевтің мұрасының жоқтаушысы осы Саян Ақмолда.
Халқымыздың ардақты өнерпаз тұлғасы – Мәді Шәутиев мұрасы әлі түгелденді деп айтуға болмайды. Жеке үнтаспасы мен күй жинағы шыққан жоқ. Бірен-саран күйлері ғана нотаға жазылды, алайда оларды қомақтап кәсіби оқыту тәжірибесіне енгізу жұмысы болашақтың иығына артылған күйі қалып отыр. Ел арасында Мәді күйшінің аузынан шыққан жыр, қисса, дастандардан үзіктер, өз жанынан шығарған термелері кездесіп қалады. Болашақта соларды індете зерттейтін лабораториялық кешенді жобалар жасалса игі. Жалпы Мәді Шәутиевтің бізге жеткізген күйлері өзіндік шежіресімен, ұлыстық ірілігімен құнды, ендігі ұрпаққа солардың қасиетін тани алатын өре берсін деп тілейміз.
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
күйші