12 Желтоқсан, 2011

Конституция – кемел келешек кепілі

1739 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
90-жылдары Кеңес Одағы тарап, егемендік ал­ған мемле­кет­тер­дің бар­лығы елдігін қалып­тас­тыру жолында жаңа конс­ти­ту­цияларын қабылда­ды. Осы мем­ле­кеттердің конституциялық құ­ры­лыс тәжі­рибесіне зер сал­сақ, бұл аса қар­қынды үдеріс екендігін байқай­мыз. Тәуелсіз мем­ле­кеттердің то­лыққанды қалып­тасуы жолында конституциялық құқықтық жаң­ғырулары бүгінгі күнге дейін жал­ғасуда. Бұл сая­си-экономи­ка­лық және әлеу­мет­тік ре­форма­лар­­дың жалғасып жат­қан­ды­ғы­мен бай­ланысты. Яғни, тәуел­сіз ел­дер шеруіне ілескен Қа­зақстан да осы жолмен жүріп өтті. 1993 жылы конституциялық құқық бойынша заңгерлер то­бын­да болып,  Конституция жо­ба­сын дайындау бойынша жұ­мыс істегенмін. Кейіннен, осы са­лада белсенділік танытқан мені және Константин Колпаковты 1995 жылы Президент Нұрсұл­тан Назарбаев жаңа Ата Заңның жобасын жасау үшін шақырды. Екеуміз де жас әрі кәсіби заң­гер­лерміз. Президент бізді барлық міндеттерден босатып, Қазақ­стан­ның жаңа Конституциясын жасауда қолғабыс білдіріп, кө­мек­ші болуды тапсырды. Әрине, бұл істе тәжірибелі сая­­саткер әрі беделді қайраткер Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бізге жол нұсқап, қайрат­тан­ды­рып отырды. Ата Заң­ның әр бабын Елбасымен бірге ұзақ тал­қылап, оның әр нор­ма­сы бойын­ша пікірталас өтетін. Өзі күн сайын жаңа ұсыныстар алып келіп, оларды бізге талдап, сал­мақ­тап шығуды ұсынатын. Кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғы­сын­да» атты кітабында осы жаңа Ата Заңды дайындау кезіне қа­тыс­ты: «Жоғарғы Кеңес тара­тыл­ған соң, Конституция жобасы жөніндегі жұмыспен мен нақты және шұғыл айналыса бастадым. Ондай жауапты қызметті ойдағы­дай атқаруға маған көмектескен адамдарға ризашылығымды айта кеткен жөн. Олар: Нағашыбай Шәйкенов – заң ғылымдарының докторы, профессор; Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Колпаков – заң ғылымдарының кан­ди­даттары. Заңның әр түрлі сала­ларының мамандары. Әрқай­сы­сы өз тарауларын зор жігермен жа­зып шықты», деп атап көрсетті. Президентіміздің олай дейтін жөні бар. Өйткені, бабалардың ғасырлар бойы армандаған мемлекеттілігіне қол жеткен шақта оны уыстан шығарып алмай, елдікті ны­ғайтып, Тәуелсіздікті тұ­ғыр­лан­дыру жайы көзі қарақты елжанды азамат үшін ауыр міндет жүктей­тіні белгілі. Конс­ти­ту­цияның та­рау­­ла­рын жазған заң­гер­лердің дені қа­зақ мемлекетін келесі ғасырларда қуатты ел ретінде көргісі келді. Осы арман-мұраттар алдымыздағы ақ қағаз­ға елдің бас­ты заңының бап­тары­на айналып түсіп жатты. «Жобаны талқылау үшін 11 сарапшы тағайындадым. Кейде біз Конституция баптары үстінде 12-14 сағаттан бас көтермей жұ­мыс жасадық. Іске зор жауапкершілікпен қарау, ешбір беделге бас ұрмау – басты талабымыз бол­­ды. Жобаға әбден сын көзбен қарау­ды, қайта-қайта талқылауды талап еттім», – деп толғанады Ел­басы өз еңбегінде. Бұл елі­міз­дің сын сағатындағы кезі бола­тын. Елбасының сындарлы саясаты мен көрегендігі арқасында елі­міз­дің болашағына айқын да ашық  жол тартылды. Өйткені, біз­дің Конституциямыз әлемдік конституционализмнің үздік жетістіктерін қамтыды. Мазмұны жағынан бұл маңызды құжат ал­дыңғы қатарлы дамыған демо­кра­тиялық елдердің Ата Заң­дары­мен тең түсті. Жаңа Конституция шығыс х­а­лықтарына тән менталитетті ескере отырып, еуропалық-құқық­тық дәстүрді, батыс демокра­тия­сының озық үлгісін бір құжатқа біріктірді, елдің қоғамдық-саяси құрылысын түбегейлі өзгертті. Мемлекеттік, қоғамдық-саяси инс­ти­туттардың негізгі қағидаттарын қалыптастырып, адам мен аза­мат­тың конституциялық мәр­те­бе­сін орнықтырып, қоғамның негізгі саяси және әлеуметтік даму бағыттарын айқындады. Онда мем­лекеттілік, азаматтық, жер, тіл, президенттік бас­қа­ру пішіні, қос палаталы Парламент, Үкімет, сот саласын реформалау, Конс­ти­туциялық сот­тың орнына жаңа мемлекеттік ор­ган – Кон­с­ти­туциялық Кеңес құру туралы негізгі тұжырымды мәселелер то­лығымен шешімін тапты. Ал өз кезегінде жаңа Конституцияның жаңа нұсқасын жетілдіруге отан­дық заң ғылы­мы­ның барлық әлеуеті тар­тыл­ды. Басқа  да аралас қоғамтану саласының бар­лық мамандары, тәжірибелі са­рап­шылар атсалыс­ты. Сонымен бірге, шет елдердің де  консти­ту­циялары зерттелді. Жоба бойын­ша өте көп ұсы­ныс­тар ескеріліп, оған өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізілді. Сөйтіп, 1995 жылы 30 тамыз­да қазақстандықтар бүкіл­ха­лық­тық референдумда Қазақстан Конституциясының соңғы нұс­қа­сын жақтап дауыс берді.  Референдумда дауыс беруге 7 млн.-нан астам адамның қатысқанын ескерсек, Конституцияның нор­ма­лары мен ережелерін, қағи­да­тын, бастамасын әрбір қазақ­стан­дық өз қалауымен, жүре­гі­мен қолдады деп еркін айта ала­мыз. Онда ел тарихындағы мемлекеттік басқарудың жоғарғы өкі­летті органын белгілеу үшін «парламент» ұғымын алғаш рет қолданды. Жалпы, қос палаталы Парламент федеративтік мемлекеттерде ғана бар. Унитарлық елдер бір палаталы парламенттен тұратыны – оның басты ерекшелігі. Қазақстан унитарлы мемлекет бола тұра, қос палаталы парламент институтын таңдады. Бұл әлемдік конституциялық құры­лыс­та жаңа құбылыс болды. Қос палаталы Парламент заң­дар­дың сапалы қабылдануына қол жеткізеді. Палаталардың тал­қы­сынан өткен заң жобалары бір парламентке қарағанда сапалы әрі тереңірек саралаудан өтетіні анық. Сонымен қатар, Парла­мент­тің кәсібилігі де оның басты ерекшелігі болып табылады. Негізгі Заңда берік тұғырнамасы қа­ланған қазақстандық парла­ментаризмнің қалып­та­суы ел­дің жаңа құқықтық жү­йе­сінің іргета­сын бекітті. Осы­лай­ша, Консти­ту­циямызда белгі­лен­ген тәртіпте қабылданған респуб­лика заңда­ры халық­ара­лық үлгі­лерге сәй­кес келеді. Оның желісімен бір­ың­ғай ұлт­тық заңна­ма­лар қалып­тас­ты. Жал­пы, постке­ңес­тік мем­лекеттердің конс­титу­ция­лық құ­рылысындағы ерекше­ліктердің бі­рі – бұл жаңа қоғамдық құ­ры­лыстың қалып­тасуы болды. Тарихи деректерге сүйенсек, ұдайы дамып, жетіліп, өзгеріп отыратын мемлекеттік құрылыс пен қоғам өмірі конституцияның дамуына әкеледі. Ал консти­ту­циялық реформа – қоғам дамуы тұсындағы қажеттілік пен бұ­қ­а­ра­ның құқықтық танымы дең­гейі­нің талабы бойынша үкімет әрекеті және саяси-құқықтық ше­шім­дердің тізбегімен дүниеге келетіні белгілі. Міне, осындай өмір өткелдеріне орай 1998 жыл­ғы 7 қазанда Қазақстан Консти­ту­циясына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізілді. Жаңа өзге­ріс­тер мен толықтырулар қос палата қызметінің мерзімі, депу­тат­тар­дың сайлануы, Үкімет мүше­лері­не құзыреті шегінде ана­ғұр­лым кең дербестік беру, әкім­дер­ді сайлау тәртібін бекіту мәсе­ле­л­еріне қа­тыс­ты болды.  Қазақ­стан саяси пар­тиялардың проп­о­р­цио­нал­ды өкі­леттік негізінде пар­тия­лық тізім бойынша Мәжіліс сайлауына қатысуына мүмкіндік жасады. Ал осы өзгерістердің жалғасы іс­петті 2007 жылғы 21 мамырда «Қа­зақстан Республикасының Конс­­титуциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» За­ңымен Конституцияға жаңа ма­ңыз­ды өзгерістер енгізілді. Өйт­ке­ні, біле білсек конституциялық даму жоспарлылық, бұрынғымен сабақтастық, қоғамдық құры­лыс­ты сатылап, кезеңмен жаңғыр­ту­шы қасиетімен дараланады. Демек, конституциялық процесс пен саяси реформалар осы ай­тыл­ған талапқа сәйкес келуге тиіс. Сондықтан бұл конс­ти­ту­ция­лық реформа кезінде негізгі мемлекеттік құрылым нұсқасы өзгер­меді, бірақ көптеген түбегейлі өз­герістерді әкелді. Бұл адам­зат­тың тарих соқпағынан даңғыл жо­лына түскен Қазақ мем­ле­кеті­нің керуенін жылдамдатты. Алай­да, бұл реформа да Негізгі Заңды өз­гертумен шектеліп қалмады. Парламент «Қазақстан Республикасы Президенті туралы», «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының Үкіметі туралы», «Қа­зақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» бірқатар Консти­ту­циялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Азаматтардың құқығын қор­ғау бұрынғы кеңестік конс­ти­ту­цияларымызда да айтылып келді. Бірақ, өкініштісі сол, олар тек қағаз жүзінде болған еді. Енді, міне, азаматтардың консти­ту­ция­лық құқығының қорғалуына мем­лекет тарапынан көп мән беріліп, іске асты. Конституция бойынша адам құқықтары мен бостан­дық­тары танылады және оларға кепілдік беріледі. Әркімнің өз құ­қық­тары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Соның бір бағыты Конс­титуциялық нормалар арқылы ел­де орнаған саяси тұрақтылық Қазақстан экономикасын ауқатты шетел инвесторларына тартым­ды етіп көрсетті. Отандық ин­дус­трияның дамуына қажетті ка­питалдың қайнар көзі осы шетел инвестицияларымен бірге келді. Біз шетелден келген инвести­ция­ны алып қана қоймай, олардың қаржыны басқару менедж­менті­нің озық дәстүрін де қысқа уақыт ішінде өз бойымызға сіңірдік. Қазіргі таңда елімізде Ата Заңы­­мыз және ұлттық заңнама­мыз адамдар үшін ғана жұмыс істеп тұрған жоқ, ол адамдардың шы­ғар­машылық, жасампаздық қуа­тын күшейтіп, кәсіпкерлікке ша­быт­тандыруда. Бұл сөзімізге дәлел боларлықтай, Қазақстан Респуб­ли­касы ҰҒА академигі, заң ғылым­дарының докторы Сұлтан Сар­таев­тың «Біз конституциялық ке­ңіс­тікте өмір сүрудеміз», – дегені бар. Ал еліміздің географиялық ор­наласуы жағынан орталық ай­мағындағы Сарыарқа атты сайын дала төсінде салынған сұлу ша­һар – Астанамыз Қазақ халқы­ның тәуелсіздік тұсында қол жеткізген жетістігінің келбеті, жасам­паз­ды­ғының символы болып табылады. Айта берсе, жиырма жылда тын­ды­рылған іс көп. ТМД елдері ішін­де бірінші болып экономикалық ре­формаларды қолға алдық. Кәсіп­кер­лікке мемлекет тарапынан қар­жылық қана емес, әкімшілік саты­лар­ды қысқарту арқылы және құ­қықтық нормативтік құжаттарды жетілдіру арқылы қолдау көр­се­тілді. Кедендік Одақ жұмыс істей бастаған тұста Қазақстанның бизнеске жасаған қамқорлығын сезінген көрші елдердің кәсіпкерлері өз бизнестерін қазақ жеріне көшіруге асығуы – осының нақты айғағы. Ірі өндіріс ошақтары іске қосы­лып,  кәсіпорындар жергілікті ха­лық­ты жұмыспен қамтуда. Бұл қа­зақс­тан­дықтардың болашағы жар­қын екенін тағы да бір айғақтайды. Енді болашақта Қазақ­стан­ның конституциялық дамуы мен өзгеруі ұлттық мемлекеттің арқа­ла­ған міндеттерін шеше алатын конституциялық принциптермен және мемлекеттік-құқықтық инс­титуттармен тығыз байланысты болмақ. Еліміз мүше болған Кеден одағының дамуындағы мәсе­ле­лердің рөлінің маңызы арта түспек. Ұлттық деңгейден жоға­ры тұратын ұйымдар құру кезінде конституциялық заңдылық мә­селелері өзекті болады. Ал өз ке­зегінде конституциялық заң­ды­лықты қамтамасыз етудің маңыз­ды тетіктері Конституциялық Кеңестің қызметін тиімді ету болып табылады. Елбасы Ата Заңның дайын­далуы барысында саяси көре­ген­ділікпен: «Мен жұмыс барысында қоғамның бір орнында тұрмай­ты­нын, жаңа сан қилы сапалық дең­гейлерге көтерілетінін, кез келген мемлекеттік шешімдер мен құжат­тар да ерте ме, кеш пе, бәрібір уа­қыт талабынан қалып қоятынын ойладым. Ондай кептен қоғам мен мемлекет өмірінде болып жатқан шын өзгерістерді бейнелеуге тиісті Конституцияның да қашып құтыла алмайтындығы даусыз. Сондықтан да кез келген елдегі конститу­ция­лық процесс Конституцияның қа­был­дануымен тоқтап қалмайды. Әлеу­меттік-экономикалық және сая­си про­цестердің құқықтық кепілдемесі қоғамдағы өзгерістер қарқынына ілесіп қана қоймай, алға озып оты­ру­ға тиісті», – деп жаңа дәуірде, социалистік құры­лыстан еркіндікке бет алған Қазақстанның ахуалын сұңғыла түйсікпен сезіне отырып, әлемдік жаһандану процесінің қар­қын алып, ертеңді болжау бұлың­ғырға айналған тұста, алдағы уа­қыт­та ірі реформалар мен қоғам­да­ғы өз­ге­рістердің болатынын, оған алдын ала дайын болу керектігін дәл болжап берді. Сол рас екен. Енді, міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерейтойы тұсында мен сол бір ұйқысыз, толғаныспен өт­кен кезеңдерді аса бір жылы­лық­пен еске аламын. Қазақ елінің тағ­ды­ры талқыға түскен шақта Ел­ба­сы­мен бірге ғасырларға жүк болар ауыр еңбектің салмағын көтері­суге қосқан үлесім үшін тағ­ды­ры­ма ризамын. Өйткені, Тәуел­сіз­діктің 20 жылында Қазақ мем­ле­кетінің қол жеткізген тола­ғай та­быс­­­тары­ның бәрі Елба­сымыз Н.На­­зар­баев­тың атқарған айрықша еңбегімен келгені мәлім. Ірі реформалар мен серпінді өз­геріс­тердің әрқайсы­сын­да Елба­сы­ның қайталанбас қол­таң­басы жа­тыр. Соның негізінде ғана Қазақ­­стан­ның демократиялық, за­йыр­лы, құқықтық мемлекетке ай­на­луы үшін ғасырларға жүк болар қы­руар істер атқарылды демекпін. Бауыржан МҰХАМЕДЖАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.