12 Желтоқсан, 2011

Еуразияшылдық идеясы – елбасы көрегендігі

1162 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 17 жыл бұрын ТМД аумағында Еуразиялық қауымдастық құру туралы айтқан идеясы өмірде іске асып келеді. Қазір оның дұрыстығын аймақтың азуын айға білеген саясаткерлері тегіс мойындап отыр. Осыған байланысты біз Сенат депутаты, экономика ғылымдарының докторы Анатолий БАШМАКОВҚА жолығып, бірнеше сауал қойған едік.

– Анатолий Афанасьевич, Парламент қабылдаған Декларацияда Президенттің еу­разияшылдық идеясы өзінің тарихи тұр­ғыдан дұрыстығын дәлелдеп берді деп атап көрсе­тілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың осы еуразияшылдық идеясының алғы­шарттары қандай еді? Бұл идеяның шығу төркіні қайда жатыр деп ойлайсыз? – Кез келген серпінді идея даму кезеңдерді бастан өткізеді. Еуразияшылдық идеясы алғаш, өткен ғасырдың бірінші жартысында Еуропада қуғында жүрген орыс эмигранттарының ара­сын­да туған. Оның өзі бұрынғы ақыл-ойдағы идеологиялық құндылықтардың өзгеріп, жаңа көзқарастың пайда болуымен байланысты ту­ған айрықша идея болды. 1921 жылы Еуропада жарық көрген орыстың еуразияшыл философ­тарының осы бағыттағы пікірлерін жинақтаған «Шығысқа шығу» атты еңбектің алғысөзінде: «Бұл мақалалар дүниетанудың апатты өзгерісі кезеңінде туған дүниелер. Болған және алдағы уақытта болатын өзгерістерден біз саяси, әлеу­меттік-экономикалық дағдарыстарды ғана емес, дүниетану көзқарасында да терең өзгеріс­тер болатынын болжап отырмыз», деп жазылған. Демек, еуразияшылдық идеясының сол кездегі туған жағдайы 90-жылдардың басында біз бастан өткерген жайларға дөп келеді. Нұрсұл­тан Әбішұлы философиямен арнайы айналыс­паған адам болса да өзінің айрықша сезімтал қасие­тімен осы идеяның өміршеңдігіне көзі жеткен сияқты. Сондықтан да ол осы идеяны іске асыру­дың артықшылығын көре білді және ол ақыл-ой жүйесінде ғана емес, нақты өмірде экономикалық интеграция түрінде қажеттілігін дәлелдеді. Сөй­тіп, озық идеяны өмірде іске асыру бағытын­дағы жаңа көзқарастармен байытты. Біртұтас экономи­калық шынжыр тү­рінде қалыптасқан кеңестік экономиканың қал­пына келіп, қайта жұмыс істеуі мүмкін бол­маған жағдайда жаңа интеграциялық құрылым қажеттілігі ауадай қажет еді. Ол Қазақ­станға ғана емес, Ресейге де, Украинаға да, Өзбек­стан­ға да және басқаларға да барлық жағынан тиімді болатын. Осы құрылымды Президент еу­разиялық қауымдастық болуы керек деп үлкен көрегендікпен атаған. Бірақ бастары тәуелсіз ел атанудың эйфориясына шырмалған көптеген ТМД елдері лидерлерінің бұл идеяны қабыл­дауға саяси қарымы мен ерік-жігері жетпеді. Тек алысты болжай алған Нұрсұлтан Назарбаев қана оның өміршеңдігін көре білді. Меніңше, Нұрсұлтан Әбішұлы философияда «еуразияшылдық ағым» деп аталған осы идеяны жақтаушылардың еңбегімен де жақсы таныс секілді. Өйткені, Ресей қол астындағы халықтар­дың тарихын орыс тарихының тар шеңберінде ғана емес, жалпы еуразиялық өр­кениет ауқымын­да қарастыру қажеттігін ұсынған П.Савицкий, Г.Флоровский, Н.Трубецкой, Г.Вернадский және басқалардың еңбегін жалғастырушы, «соңғы еуразияшыл» атанған Л.Н.Гумилевті ол жоғары бағалайтынын көріп жүрміз. 30-шы жылдардың ортасында КСРО-да бұл ағым ғылыми айналыс­тан күшпен шығарылып, оны жақтаушылар айыпталғаны белгілі. Оларды ардақтау тұңғыш рет Қазақ­станда ғана қолға алынды. Астанадағы Еуразия университетіне Л.Н.Гумилевтің есімінің берілуі де соның көрінісі. – Ақыры еуразияшылдықтың теория­лық негіздері туралы сөз қозғалған соң, сізден Л.Н.Гу­милевтің пассионарлық теория­с­ы тура­лы тұжырымын тарқатып беруді өтінер едім. Нұрсұлтан Назарбаевты біраз адамдар «пассионарлық тұлға» дегенді жиі айтады, соның мәнісі неде? – Бұл – Л.Н.Гумилевтің еуразиялық филосо­фияны теориялық тұрғыдан байытқан ғылыми тұжырымы. Пассионар тұлға дегеніміз қорша­ған орта мен өзін-өзі өзгертуге қабілетті адамдар. Сонымен бірге, ол адамның алда тұрған кедергілерді де еңсере алу қабілеті. Латын тілінен аударғанда «passio» деген сөз «құмарлық», «әуесқойлық» «ынтықтық» деген мағынаны береді екен. Нұрсұлтан Әбішұлының басынан да осы қасиеттерді көруге болады ғой. Сондықтан оны «пассионарлық тұлға» дегендер қателес­пейді. Сонымен бірге, Л.Н.Гумилев пассионар­лық тұлғаларды қоршаған ортаны өзгертуге қажетті күш-қуаты бар адамдар деп атаған. Адамзат тарихындағы өз ортасын өзгертіп, оны жаңа белеске көтеру үшін мақсатты түрде іс-қимыл ұйымдастыра алған тарихи тұлғалар­дың бәрі де пассионарлық тұлғалар делінеді. Олардың бойындағы қасиеттерінің ең үлкені «белсенділік» және «іс-қимыл жасауға ынтық­тық» дейді ғалым. Пассионарлық тұлға кейде көздеген мақсатына жету жолында өзін-өзі құрбандыққа да шалуы мүмкін екен. Пассионар тұлғаның осы қасиеті іс-қимылдың барлық бағыттарында да көрініс табады. Бұл қасиет тіпті адамның бала жасында-ақ көрініс беретін көрінеді. Л.Н.Гумилев оны адамның психика­сына қанмен берілген қасиет деп те атайды. Олардың ерік-жігері орасан бола­ды, сонымен бірге, олар іс-қимыл бары­сында өз­дерінің ашуы мен ақылын тежеп ұстауға қажетті қуатпен қамтамасыз етілген. Л.Н.Гумилев пассионар тұлға­лар қатарына Жанна Д.Аркты, Александр Македонскийді, На­полеон Бонапартты жатқы­зады. Ал енді осы қатарға Нұрсұлтан Әбішұлын қалай жатқызбайсыз? Оның өмір­баянын біршама білеміз. Бала кезден ол өз ортасының алды болған, бұл – оның белсенділік қабілетінің белгісі. Жастық шағында барлық ойын-той­дың, мәдени шаралардың ұйыт­қысы болып, жаңа бірдеңе табуға ынтық болғанын, өз ортасын үнемі жақсартуға құштар болғанын жақсы білеміз. Днепродзержинскіге қа­зақ­тың 67 баласы барып, металлург мамандығына оқыған. Оқу бітіріп келген соң кейбіріне жұмыс табылмай, кейбірі басқа мамандыққа ауысып, кейбірі ауылына қайтып, со­лардың ішінен тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана озат металлург болып, сол жерден өзінің өмірлік карьерасын бастады. Мың градустық оттан беті қайтпай, қасқая қарап тұрған жігітті көзге елестетіп көріңіз. Мектепте өте жақ­сы оқыған, оның үстіне белсенді, өнерлі, қо­лынан бәрі де келетін жас жігіттің басқа жұмыс тауып алуына болатын еді. Бірақ ол мың градус ыстыққа қазақ баласы да төтеп беріп, тамаша металлург бола алады дегенді бас­қаларға дәлелдеу үшін де сол жерден тап­жыл­маған. Мақсаткерлік жолында өзін құрбан ету­дің көрінісі осындай-ақ болар. Бірақ, ол құрбан болған жоқ, Алланың қалауымен сол жерден мың градустық қуат алып, жоғары өрледі. Енді, 1991 жылды көзге елестетіп көрелікші. 51 жастағы жігіттің мойнында Қазақстан сияқты алып республиканы бұрын жол түспеген қиыннан алып шығу міндеті тұрды. Қазақстан түгіл КСРО қол астында көзі тірі ешқандай адам көрмеген нарықтық экономика жүйесін құру қажет болды. Міне, сол кезде Нұрсұлтан Назар­баевтың бойындағы пассионарлық қа­сиеттері бар болмысымен ашылды. Жоғарыда біз пассионарлық тұлғаның бойын­да «іс-қимыл жасауға құштарлық» бола­тынын айттық. Сонымен бірге, білмекке құмар­лық, әуес­қойлық болатынын да айттық. Міне, осы қасиеттер Нұрсұлтан Әбішұлының бойы­нан, әсіресе, сол кездерде үлкен көрініс берді. Ол іс-қимыл жасап, қоғамды өзгерту үшін күндіз-түні жұмыс істеді. Бұл қыздырманың қызыл тілі емес, іс жүзінде солай болған еді. Өйткені, мәселен, ол Парижден кешкі сағат сегізде ұшағына мініп, алты сағатта Қазақстанға келгенде бес-алты сағаттық уақыт айырмашы­лығын ескергенде мұнда таң атып, жұмыс күні басталғалы жата­тын. Өзін күтіп тұрған ұлан-ғайыр жұмыстарды қаңтарып қойып, дем ала­тын адам Назарбаев емес-ті. Ол ел тұрмай қызмет орнынан табылып, мемлекеттік істер­дің қалың ортасына түсіп жүре беретін. Сон­дықтан күндіз-түні жұмыс істеді дегеніміз қызыл сөз емес, нақты жәйт. Осындай тыным­сыз еңбектің арқасында ол өз ортасын, яғни Қазақстан Республикасын биік белеске көтере алды. Ендеше, ол нағыз пассионар тұлға екендігін іс жүзінде дәлелдеген. – Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшыл­дық идеясының дәл осы кезеңде жылдам іске аса бастауының сыры неде деп ойлайсыз? – Біз жоғарыда идея ерте туатынын айттық. Бірақ оны іске асыру қай уақытта кешеуілдеп жүреді, тіпті іске аспай, әуеде қалықтап тұрған қалпында ұмыт болатын тамаша идеялар да болады. Коммунистік құрылыс идеясының классиктері идея іске асу үшін бұқараның үлкен тобын баурап алуы керек дейді. Таптық мүддені ғана ескеріп туған тұжырым болғаны­мен, бұл сөздің де жаны бар. Әлемнің қазіргі даму бағыты, ТМД елдерінің тәуелсіздік жыл­дарында қалай қарай дамуды өз іс-қимылы мен жүрісінен табуы еуразияшылдық идеясының қайта өрлеуіне табиғи үрдіспен жол ашты. Іс жүзінде жұмыс істей алатын интеграциялық құрылымдардың тиімділігін бәрі де көріп отыр. Бүгінгі күні әлемде 240 интеграциялық бірлестік жұмыс істейді екен. Соның ішінде біз Еуропалық Одақ, Солтүстік Американың NARTA, Оңтүстік Американың MERCOSUR құрылымдарының үлкен тиімділікпен жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Осылардың ықпалы, тиімділігі интеграциялық құрылымдарды жа­сау­дың қажеттілігіне қарсы шығатын саясат­кер­лердің көкірек көздерін аша түсті. Интег­рациялық құрылымдар жеке біреудің шамшыл мүддесі емес, елдің, халықтың мүддесі екендігі іс жүзінде көрініп тұр. Одан бас тартудың өзі саяси көрсоқырлық болар еді. Міне, сондықтан да бүгінгі күні еура­зияшылдық идеясы әбден пісіп-жетіліп, бұқараны баурап алды ғой деп ой­лаймын. Демек, оның бүгінгі күні жылдам іске аса бастауы – табиғи заңдылық. Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы экономикалық одақ­қа, меніңше, жақын уақыттарда Қырғыз­стан, Украина және т.б. мемлекеттер енетін шығар. – Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуроодақтың арасындағы ынтымақтас­тық қалай қалыптасады деп ойлайсыз? – Меніңше, бұл екі құрылым бір-біріне сұ­раныста болады. Өйткені, біздің Одақта ры­нок­пен қатар, ресурс көздері мол. Еуропа нақ бізден энергиялық ресурстарды алуға мүдделі. Ал өз тарапымыздан біз де Еуро­одақпен эко­номикалық ынтымақтастық жасау­ға мүдделі­міз. Ондағы жоғары технологиялар мен сапалы тұтыну өнімдеріне деген сұраныс бізде үлкен. Сондықтан екі құрылымның бір-біріне деген тартылысы зор, ұмтылысы үлкен болары сөзсіз. – Идея жоғары деңгейде ғана болмай, халықтың қайнаған ортасын баурағанда ғана өміршең болады деген де пікір бар. Сіздіңше, бұл идеяны іске асыруға әрбір қазақстандық үлес қоса ала ма? – Әрине. Мен басқаларды айтпастан бұрын жеке өз басымның қосқан үлесімді айтайын. Жоғары мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жасай жүріп мен Астана-Омбы-Астана бағытында авиарейс ашуға қол жеткіздім. Қазір Омбы өңірінде тұратын 120 мыңдай қазақ пен бұрын Қазақстанда тұрып, қазір көшіп кеткен, бірақ мұнда аралас-құраласы, туған-туыстары бар орыс, украин, татар, т.б. халықтардың өкілдері «СКАТ» авиакомпания­сының ұшақтарымен қуаныш­пен ұшып келіп жатады. Менің өз қызым да Омбы қаласында тұрады. Көп уақыт көре алмай, немерелерімді сағынып жүруші едім, енді екі аптада бір көруге мүмкіндік алдық. Осының өзі тамаша емес пе? Ал мен сияқтылар жүздеп емес, мың­дап саналады. Енді Еуразиялық экономикалық одақ шең­берінде Көкшетау-Барнаул жолын жөн­дету жөнінде депутаттық сауал жасамақ­шымын. Біздің учаскедегі 55 шақырымдай жол әбден бүлінген еді, соны жөндеп, қалпына келтірсек, екі елдің арасындағы қатынас тіпті жақ­сара түсер еді. Мұның өзі шекара маңындағы ынтымақтастықтың да жандануына жол ашады. Аралас-құраластық молайған сайын тауар айналымы өсіп, экономикалық тиімділік те арта түседі. Барлық уақытта экономи­каның жандануына мүмкіндік беретін күретамыр-жол екендігі белгілі ғой. Сон­дықтан жолдарды қалпына келтірумен қатар, сұраныс бар жерде жаңа жолдар ашылғаны абзал. Міне, Елба­сымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың идеясының іске асуына өз тарапы­мыздан осындай үлес қосып жатырмыз. Меніңше, идеяны жандан­дыра түсу жолын­дағы жаңа жоспары бар адамдар барлық жерлерден де табылары сөзсіз. – Декларацияны әзірлеу барысында айрықша пікірлер болды ма? Мәселен, оның қажеттілігіне күмән келтірген сияқты? – Жоқ, ондай болған емес. Мен Декла­ра­цияны әзірлеу жөніндегі редакциялық комис­сияның мүшесі болдым. Сондықтан барлық әзірлік жұмыстарына араластым. Демек, мен оны дайындау барысында қандай пікірлер айтылғандығына толық куәлік бере аламын. Ешқандай қарсы пікірлер болған жоқ, керісінше, дайындық жұмыстарына тартылған бар­лық әріптестерім зор ынтамен жұмыс істеді. Бәрі де осындай құжаттың өмірге келетініне қуа­ныш білдіріп, үлкен ықылас әрі белсенділік көрсетті. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Жақсыбай САМРАТ.