12 Желтоқсан, 2011

Біз – бағы жанған халықпыз

923 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Азаттық. Тәуелсіздік. Егемен ел болу. Бұл халқымыздың талай асыл перзенттерінің ең бір қолжетпес арманы болатын. Сол жолда жандарын пида еткен ардақтарымыздың арманының орындалғанына 20 жыл толды. Еліміз бодандықтың томағасын сыпырып тастап, айналасына қыран көзімен қарап, қанатын алысқа сермеп, қияларды бағындырды. 20 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне көз жіберіп, тәубесін айтып, болашаққа деген жоспарларын құрып жатыр. Ол жоспарлар, әрине, ел ішінде ымыралы тіршілік, жаңылмаған жүріс, шын пейілмен ұғынысқан көңіл болмаса жүзеге аспасы анық. Осы күнге дейінгі табыстар қоғамымыздағы басты байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылық пен халық бірлігі арқасында Қазақ елінің салтанатын асыруда. Біздің тілшіміз Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВАҒА жолығып, оған Отанымыздың басты байлығы – ішкі саяси тұрақтылық пен басқа да құндылықтар, ондағы Тәуелсіздік декларациясының атқаратын рөлі туралы бірнеше сауал қойған болатын. – Светлана Жақияқызы, қа­былданып отырған Тәуелсіз­дік­тің 20 жылдығы Деклара­ция­сында «Мемлекеттің басты қоғамдық байлығы ішкі саяси тұрақтылығы мен халқы­мыз­дың бірлігі болып табылады» деп жазылыпты. Ұлтаралық татулықтың өзі өте нәзік дүние, егер дұрыс саясат жүргізілмесе, түрлі қызылсөздердің әсерімен шайқалып кетуі де мүмкін. Оны алыс-жақын елдердің мы­сал­дарынан көріп те жүрміз ғой... – Мен жақында «Хабар» ар­насында осы достық, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы әң­гіме қозғалған бір бағдарламаға қатыстым. Ол басталмас бұрын жиналған адамдармен пікір алы­сып тұрғанымызда бір кісі: «Осы Ассамблея дегеннің керегі бар ма, достық, ұлтаралық бірлік дегеннің барлығын ұран етіп, қолдан жасап отырған жоқпыз ба?» – деді. Содан мен ол кісіге: «Жарайды, сіз айтқандай-ақ бол­сын, бірақ соны кім жасайды? Мысалы, Өзбекстан мен Әзер­бай­жанды алып қарайықшы, олар­да мемлекет құраушы ұлт сол ел халқының 90 пайызын толтырып отыр, ал бізде тәуелсіздік қолы­мызға тигенде ол 50-ге жетпейтін. Сонда алдымызда тұрған үл­кен міндеттерді, тәуелсіздікті баян­ды ету үшін ең бірінші, әрине, өз ішің­дегі халқыңның тыныштығы керек еді. Ол бізде ең үлкен қа­жеттілік болды. Оны жасамай біз ешқашан алға баспас едік. Өйт­кені, сол уақытта әрбір халық өзі­нің ұлт екенін сезінді. Оны тек қазақтар ғана сезінді деп ойлай­сыз ба? Адамдардың сана-сезімінде өзін белгілі бір ұлттың өкі­лі ретінде ұғыну пайда бола­ды. Ал егер осындай саясат ұстанба­ғанда, көшіп кетпей осында қал­ғандарының өзі бір-біріне қырғи-қабақ болып, ісіміз ілгерілемес еді. Сондықтан бұл мәселе бізде ең бірінші ел үшін қажеттіліктен туды. Бұл – бірінші. Екіншіден, саясат дегеннің өзі егін еккендей. Дән дұрыстап дайындалған жерге сіңірілгенде ғана өнім береді емес пе, достық саясатының біздің жерімізде өнім беруінің сыры біздің қазақ халқының ежелден ешкімді жат санамайтын кең пейілінде жатыр. Осыдан барып, ол саясат өз жемісін берді. Және оны елдің қол­дағанының арқасында, партия­лар­дың, азаматтық қоғамның қол­­дағанының арқасында құнар­лы топыраққа егілген дән жай­қалып өсті. Елбасының әуелі – эконо­мика, сосын барып саясат деген ұстанымымен алға қарай дамыдық», дедім. Оппонентім маған қарсы еш уәж айта алмай қалды. – Біз қазақ ырымшыл ха­лық­пыз ғой. Кейде көп айтыл­ған нәрсеге тіл-көз тиеді деп қорқып жатамыз. – Ол да бар. Бірақ, мәселенің екінші жағына үңілейік. Тү­сін­діріп, әбден құлағының құры­шын қандырып айтпасаңыз, кейбіреулерге жетпей жатады. Әркімнің қабылдауы әртүрлі ғой. Біреу ымнан-ақ түсінсе, енді біреуге бажайлап айту керек. Меніңше, достық жайын айтудың артығы жоқ, бірақ көбіне іспен дәлелдеу керек. Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Ол алдымен адамның рухына әсер етеді. Жоғарыда айттым ғой, біздегі әрбір этнос өкілі тәуел­сіз­дікпен бірге өзінің тегін танып, ұлттық рухы оянды. Сонымен бірге, олардың әрқайсысы өзін Қазақстанның азаматы ретінде сезінуі тиіс болды. Жалпы, әр адамда осы ел менің Отаным, ал Отанымда менің орным болуы керек, мұнда менің дауысымды жоғары билік басындағылар естуі тиіс, билік басында мен де оты­руым керек деген секілді ұста­ным пайда болған сәтте әрбір азамат өзін елдің бөлшегі ретінде түйсінгісі келеді. Ассамблея ар­қылы осы мақсаттарға жетіп, екіншіден, Президентке сөзін жеткізіп, жоғары заң шығару органы – Парламентке депутат болып келіп отыр. Саны аз болса да оның дауысы Парламентте естіліп жатыр. Осы сезімдер азаматты ерекше күйге бөлейді... – Сөзіңіз аузыңызда, сіз рух жайында айтып қалдыңыз, ал­дында ғана Өзбекстан мен Әзер­байжанды мысал етіп кел­тірдіңіз. Жақында ғана Бакуге жол түсті. Сонда аңдағаным, онда әзербайжандардың бір-бірімен басқа тілде сөйлесу ой­ларына да кіріп шықпайды, ал жалпы барша жұртшылықта әзербайжанша сөйлеу кәдігім­дей сән көрінеді. Ал бізде мемлекет құраушы ұлт рухының биіктеуінде өзге этнос өкілдері­нің үлесі қаншалықты деп ойлайсыз? – Менің ойымша, Елбасы бастамасымен құрылған Ассамблея арқылы осыған әбден ықпал етуге болады. Бұл орган тек этнос өкілдерінің өздерін жақсы сезінуіне жағдай туғызып қана қоймай, ол этностарды біріктіре алады. Ассамблея арқылы қазақ­стандықтарды жұмылдырып, мем­лекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының құндылықтарын баға­лауға, қазақ тілінің төңірегінде бірігуіне жол ашуға болады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде кейбір өзге этнос өкілдері балаларын қазақ мектептеріне, балабақша­ла­рына беріп жатыр. Бәрі осы­лайша бірте-бірте қалыптасады. Әрине, болашақта қоғам мүшеле­рінің көзқарастарының, ділінің өзгеруіне қарай біз заңдарды да өзгертуге тиіспіз. Жалпы әлемде 5 мыңнан астам тіл болса, соның 200-інің ғана мемлекеті бар. Кейбір бізден халқының саны анағұрлым көп жұрттың өз мемлекеті жоқ. Бұл, біріншіден, ал екіншіден, біз азын-аулақ 20 жылдың ішінде тамаша жетістіктерге жеттік. Осы­ның барлығы өте сындарлы сая­саттың арқасында жүзеге асты. – Халқымыздың тарихында тәуелсіздіктің туын тігіп, оның мерейтойын бастан өт­керу бақытын дәл біздей көрген буын жоқ. Міне, Тәуелсізді­гіміздің 20 жылдығына бай­ланысты Декларация да қа­былдап жатырмыз. Сондық­тан Декларация маңызына тоқталып өтсеңіз. – Шынында да біз өте ба­қытты ұрпақпыз. Ең бірінші – біздің өз мемлекетіміз бар, екінші – біздің бабаларымыз асты мен үсті байлыққа толған кең-байтақ жерді бізге еншіге қалдырды, үшінші – бізге дұрыс жол көрсететін Елбасы берді, төртінші – еңбекқор, кеңпейіл­ді, дарқан да дарынды халқы­мыз бар. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы – өткенді ой елегінен өткізіп, жеткенді сараптайтын, келешекке бет түзейтін уақыт. Сондықтан Декларация осының барлығын сараптап, баға беріп, қазақша айтсақ, тәубемізге келіп, шүкіршілік деумен алдағы көшіміздің бағытын нықтайтын құжат болды. Жеткен жетістік­теріміздің саяси бағасын берді. Тәуелсіздіктен артық, бұдан асқан ұлы мереке жоқ. Бір жағынан тәуелсіздік – мемлекетке, халыққа үлкен сын. Осы­дан 20 жыл бұрын біздің тәуел­сіздігімізге күмәнмен қара­ғандар көп болды. Ал қазір барлығының көзі жетті, дегенмен, біз еліміздің нағыз эконо­микалық тәуелсіздігіне қол артуымыз қажет. Дүниеде да­мып кеткен елдер көп, ал біз солармен бәсекеге түсіп, көштің алдына шығуға тырысуымыз керек. Елбасы бәсекеге қабілет­тілікті бекерге айтып жүрген жоқ. – Өте дұрыс, тәуелсіздіктен артық ұлы ұғым жоқ. Алайда, біздің осы мереке Жаңа жыл қарсаңында болады да, биыл­ғыны қайдам, ал жылда басқа қалаларды айтпағанда, Аста­наның өзінде Тәуелсіздік мерекесі жаңажылдық безенді­рулердің тасасында қалып қойып жатады... – Бұл сөзіңізбен келісуге болады. Меніңше, бұл мерекені ерекшелеп, оған саяси мән беруіміз қажет. Мүмкін, бір жұ­мыстар жетіспей жатқан шығар. Әрине, жаңа жыл деген барлық елде бар мереке, ал 16 желтоқ­санның Қазақстан үшін орны бөлек. Сондықтан да, бәлкім, бүкіл жұртшылықты қамтитын бір акциялар өткізу қажет болар. Өткенде, ораза кезінде кә­сіпкерлеріміз бағаны көтер­мейік деп бір тамаша акцияға мұрындық болып, кедейге де, байға да мерекені сездіретін қадам жасады. Тауарлар арзан­дады, мүмкін, сондай акциялар өтсе, өнер шеберлері тегін қайырымдылық концерттерін қойса, т.с.с. шаралар ұйымдас­ты­рылса деймін. Тәуелсіздік еліміздің ең ұлық мерекесі екені анық. – Әңгімеңізге рахмет, Тәуел­сіздік мерекесі құтты болсын! Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.