Әдебиет • 05 Маусым, 2018

Солженицынның Мойынқұмдағы күндері

827 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

«Солженицын... Тіксініп қалдыңыз, ә? Әрине, тіксініп қалдыңыз. Нобель сыйлығы тұрмақ, одан да өткен бір сыйлық шығып, соның да лауреаты бол­ғанның өзінде дәл біздің дәл осы адамды әспеттейтіндей жөніміз жоғы рас. Бас­қасын былай қойғанда, ана бір жылдары «Қайткенде Ресейдің көсегесін көгер­теміз?» атты трактат типтес салақұлаш уағыз жазғанында Қазақстанның сол­түстіктегі өңірлері ежелден орыс жері еді деп сандырақтағанын ұмыт­пайтынымыз анық». 

Солженицынның Мойынқұмдағы күндері

Көрнекті әдебиет зерттеушісі, пуб­лицист Сауытбек Абдрах­манов бұдан 15 жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» жариялан­ған мақаласын міне, осындай жолдармен бастап еді. Дұрыс айтқан. Біз де оны мақтайық, мадақтайық деп отырғанымыз жоқ. Мәселе басқада болып тұр.­ Жұрт аузында: «Бұл адам 50-­жылдардың басында қазақ даласында айдауда болыпты. Сонда қандастарымыз оған қолұшын беріпті. Ақталған соң қиын кезде дәм-тұзын өзімен бөліскен қазақ ауылының адамдарына рахметін айтып, Мәскеуге аттаныпты», − деген әңгіменің барын жақсы білеміз. Ылғи болмаса да ара-тұра айтылып қалатын осы сөзді біреу оқиға орын алған жерге барып зерттеп көрді ме? Көзкөргендермен кездесіп, мәселенің мән-жайына толық қанықты ма? Өкінішке қарай көп емес дер едік. Жариялылық жалауы желпілдеген 80-жылдардың аяғында Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінде тілші В.Вотчельдің шағын мақаласы шыққан. Одан соң «Ақжолға» жазушы К.Сәттібайұлы қалам тартқан. Ал одан бері Мойынқұмға осы тақырыпты зерттеп, зерделеуге біреу барыпты, жазыпты дегенді естімеппіз. Оған бұл жерге таяуда өзіміз арнайы келіп, Солженицынды көзімен көрген, сол жылдары бірге жүріп, араласқан адамдарды тауып, әңгімелескенімізде анық көз жеткіздік.

− Иә, − деді ауылдағы алғаш­қы жүз­дескен адамымыз, еңбек ардагері Шора Әміреқұлов ақ­сақал. – Оны білетін адам­дар осыдан оншақты жыл бұ­рын мұнда көп еді. Қазір енді солардың бі­разы жоқ. Әсіресе, Зейнағазы Сы­рым­бетов ағайды айтам да... 50-жылдардың басында ол кісі осы Көктеректе мектеп директоры болатын. Сонда түрмеден босап, «Сельпоның» қара жұмысын істеп жүрген Солженицынды мұ­ғалім етіп алған еді.

Әңгіме иесінің айтуынша оқи­ға былай болыпты. 1953 жыл­дың күзінде осы ауылдың С.М.Киров атындағы орта мекте­біне бір адам келеді. Көнетоз киім­ді, жүдеу жүзді ол дирек­торға өзін: «Александр Исаевич Сол­женицын, − деп таныстырады да. – Мұнда мұғалімдер жетіс­пей жатқан көрінеді. Ме­нің педагогикалық білімім бар. Мүмкіндік болса, жұмысқа қа­был­дасаңыз», − дейді.

Зейнағазы Сырымбетовтің көз алдына сол сәтте бұл адамның орталық сауда қоймасында жүк­ші болып жүргені елестейді. Мо­йынқұмда ол кезде не көп,­ ха­лық жауы деп түрмеге тоғы­ты­лып, одан шыққан соң да бақылауда ұсталынған бейбақтар көп еді. «Алдымда отырған мына адам да солардың бірі-ау шамасы», − дей­ді іштей мектеп директоры. Сөйтеді де үш-төрт күннен кейін келіп жолығуын өтінеді. Ойы аудандық партия комитетінен рұқсат сұрау-тын. Ондағылар келіспейді. Бірақ мектептегі 3-4 пән бойынша оқытушы жоқ­тығынан бір айдан бері сабақ болмағандығын естігенде ойланып қалады. «Оның мұғалімдік мамандығы бар ма екен өзі?» − дейді аупартком хатшысы ұзақ үнсіз­діктен соң. Зейнағазы Сырымбетов бұл сұраққа Солже­ни­цынның соғысқа дейін Ростов педагогикалық институтында оқып, ондағы физика-математика факультетін өте жақсы ба­ға­мен бітіргенін айтумен жауап береді. «Онда өзің біл», − дей­ді сауал иесі. Бұл: «Барлық жауапкершілікті мойныңа ал­саң ғана қызметке қабылда», − деген сөз еді.

«Әлгі адам уәделі күні алдыма қайта келгенде, − депті арада 36 жыл өткен соң облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі В.Вотчельмен әңгімесінде Зей­нағазы ақсақал, − жеке басқа та­быну салдарынан сенімсіз жан атанған оны жұмысқа алуға бекіндім. «Мұның не? Бұл үшін басың кетеді ғой», − деді менен 3-4 жас үлкендігі бар оқу ісінің меңгерушісі. Үндегенім жоқ. «Тәуекел», − дедім ішімнен. Өйт­кені әбден жүдеп-жадап, жүзі күзгі жапырақтай қуаң тартқан оған көмектеспесем, ар-ожданымның алдында өмір бойы кінәлі болып өтетіндей сезіндім өзімді».

Осындай шешіммен Сол­женицынның шаруасын шешкен мектеп директоры оны үйіне алып келеді. «Сол күні мен ас­үйдің еденін жуып жатыр едім, − деп еске алыпты Зейнағазы Сы­рым­бетовтің қызы Ғалия «Әке жолы» атты отбасылық жинақ­тағы естелігінде. – Аула жақтағы есік­тен кірген әкем: «Қызым, мына ағаңды тамақтандыр», − деді қасындағы сақал-мұрты өсіп, үсті-басы кірлеп кеткен кісіні көрсетіп. Балалық қой. Жаңа ғана тап-таза етіп жуған еден мен әдемілеп жиналған асүйге оны қалай, не үшін кіргізуім керек деген ренішімді әкеме айтуға оқтала бергенімде, ол кісінің қатты дауыс көтергенін өмірімде бірінші рет көріп шошып кеттім. «Қиқарланба, − деді қаһарлы үнмен. – Бұл адам баласы ғой. Мұның да біз сияқты екі қолы, екі аяғы, екі көзі бар. Басқалардан несі кем? Тағдыры, өмірі осылай болып тұрған соң не шара? Көмектесуіміз керек». Мына сөзден кейін мен зыр жүгірдім дейсің. Тамақтанып болған соң қонақ сыртқа шықты. Біздің отбасына деген өзінің ризашылық белгісі ретінде көп етіп отын бұтап берді».

− Ол кезде мен 9-сыныптың оқушысы едім, − деді отағасы Шора ақсақал жоғарыдағы бізге көрсеткен облыстық газет пен «Әке жолы» атты кітапты стол үстінен жинастырып жатып. – Бір күні класымызға арық де­нелі, атжақты, шашын артқа қа­рай жатқыза тараған орыс кісі келіп сабақ бере бастады. Аты-жөнін: «Александр Исаевич Солженицын», − деп таныстырған ол жүріс-тұрысының ширақ, сөй­леген сөзінің нақпа-нақ ерек­шелігімен мектептегілердің назарын өзіне бірден аударды. Клас­қа сергек кейіппен енетін. Са­бақты жігер­лілікпен бастайтын. Тақырыпты түсіндіріп болған соң, оқушылардың оны қалай ұғып, қабылдағанына ерекше мән беретін. Оны ол кісі сұрақ-жауап түріндегі әдіспен анықтайтын. Сон­дай кезде біздің миымыз әдеттегіден тыс шапшаңдықпен жанталаса жұмыс істеуші еді. Осындай сынақта Бесбай Тілегенов деген сыныптасымыздың бағы жанатын. Оған Солженицын қатты таңғалушы еді. Кейде басқа оқушы­лардың да қабілеті ашылып, ой-өрісі кеңейсін дей ме екен, кез келген есептің шешуін ауызша айтып, ешкімге дес бермей отырған Бесбайды дәлізге шығарып жіберіп, біздің де жауап беруімізге жағ­дай жасайтын.

− Солженицын мектепте­ріңізде сонда математикадан бас­қа тағы қандай пәндерден сабақ берген еді?

− Физика, астрономия. Кейін оған орыс тілі мен әдебиетінің қосылғаны бар.

Осылай деген Шора ақсақал кете­рімізде біз іздеп келген тақы­рыпқа байланысты Көктерек ауы­лының тұрғыны Айдар Әші­мовтің де көп нәрсе білетінін айтты. Сөйтті де отбасылық альбомынан ескі бір суретті алып көрсетті. Бір­ден айтайық, бұл өте қызықты дүние еді. Мұнда 50-жылдардың орта­сын­дағы С.М.Киров атындағы орта мек­тептің мұғалімдері мен жоғ­а­ры сынып оқушылары бейне­леніпті. Үлкен бәйтерек ағашы­ның саясындағы сол топ­тың ортасында біз сөз еткен білім ұясы­ның басшысы Зейнағазы Сы­рымбетов, оның жанында сол кезде осында оқытушы болып жүрген жазушы Александр Исаевич Солженицын көрінеді. Ал ең алдыңғы жақтағы көк шөп үстіне жантая жайғасқан екі жігіттің бірі Шора Әміреқұлов екен. Суретті 1955 жылдың мамыр айында жергілікті тұрмыс қажетін өтеу мекемесінің фотографы түсіріпті.

Ақсақалмен қоштасып, ол кісі нұсқа­ған үйге келгенімізде, күн кештетіп қал­ған кез еді. Соған қарамастан бізді ашық-жарқын жүзбен қарсы алған Айдар Әшім­ұлы алғашқы аман-саулықтан соң бір­ден негізгі әңгімеге көшті. Сөйтті де мынадай жайларды айтты.

− Сіздер сұрап отырған адам­ды мен ең алғаш 8 жасым­да көрдім. Қыс кезі еді. Ауыл балалары біздер ол кезде МТС жанын­дағы қалың қарға жайылған қы­зыл судан пайда болған мұз айды­нынан шықпайтынбыз. Бір ­күні аяғымдағы конькидің бауы үзілді де қалды. Оны көр­ген Миша атты сыныптасым: «Саша ағайға барайық. Ол көмек­теседі», − деді нық сеніммен. Жол­дасым айтқан адам осындағы Яков Мельничуктың үйінде тұрады екен. Бейтаныс жан Миша екеу­міздің өтінішімізді тың­да­ғаннан кейін үндемей жүріп, қабырғадағы ескі рюкзагының қайыс иықбауын ағытып алды. Сөйтті де оның шетін ұстарамен ұзыннан ұзақ етіп жіңішкелей тіліп, оны конькиімнің екі жағына теңдей бөліп байлап берді.

Саша ағайға біздер одан кейін де барып тұрдық. Өйт­кені бұл кісінің білмейтіні, қо­лы­нан келмейтіні жоқ-­тын. 50-жылдардың басы ғой. Ол уақыт­тағы балалар конькилері «снегурочка», «дуты» деп аталатын. Бұлар­дың бір қиындығы егеу мен шарыққа тәуел­ділігінде еді. Соны, яғни, конькидің мұз­ға түсетін табанының жүзін Саша ағай керемет шығаратын. Сон­дықтан оны тек осы кісіге қайратып алуға құ­мар болатын­быз. Көктем шыға танысымыз ескі шүберектердің арасына велосипед камераларының жыр­тылған резеңкелерін салып, кіш­кентай доп та жасап беретін. Бұл біздің сиырдың өлі жүнін тарап алып домбаздаған бұрынғы ойын дүниесінен әлдеқайда ыңғайлы еді.

Келесі жылы ол мектептегі жо­ғары сынып оқушыларына сабақ бере бас­тады. Бірде солармен бас­тауыш білім басқышындағы біз де экскурсияға шыққанымыз бар. Жетекшіміз Саша ағай екен. Әскери адам сияқты ықшам киі­ніп алыпты. Бір иығында – планшет секілді жол сөмке. Екінші иығында – шағын фотоаппарат. Беліне офицерлердің жалпақ былғары белдігін байлап алған. Саяхатқа қуанған балалар у-шу бола бастап еді, жетекшіміз қатаң да әмірлі үнмен: «Тынышталып, сапқа тұрыңдар!» − деп саңқ ете түсті. Сол-ақ екен дабыр-дұбыр сап тиылды. Оның командирлерге тән осы даусы мен қимылын өз басым көпке дейін ұмытпадым. Кейін ол Мойынқұмнан Мәскеу­ге аттанып, 60-жылдары атағы шыға бастаған уақыттағы өмір­баянын оқығанымда, бала кезгі танысымның Ұлы Отан соғысына қатысқанын, офицер болып, батареяға жетекшілік еткенін бір-ақ білдім. Сонда: «Е, бәсе... әскери адамға ұқсайтыны содан екен ғой», − дегенмін іштей.

Айдар Әшімұлы осылай деді де сәл үнсіз қалды. Осы сәтті пай­даланған мен үй иесінен бұры­нырақтағы ел аузынан естіген бір жәйттің анық-қанығын сұрадым. Ол: «Солженицын 1965-1970 жылдары Мәскеуден Көктерек ауылының адамдарына хат жазып, ризашылығын білдіріп тұрыпты», − деген жалпылама әңгіме еді. Олай дейтінім: ондай үшбу сәлемді ешкім көр­меген, осы уақытқа дейін мұндай дүние еш жерде жарияланбаған. Тек «сөй­тіпті», «бүйтіпті» деп келетін «дей­ді-дейді» әләулайдың бір түріне ұқ­сайтын. Мұны асықпай тыңдаған Ай­дар аға орнынан тұрды да Шора ақсақалдың үйінен көрген «Әке жолы» отбасылық кітабын алып келіп, оның 85-бетіндегі факсимилиені көрсетті. Бірден елең еттік. Сол­­женицынның хаты! «Мана қа­лай байқамағанбыз?» − деймін іштей. Сөйтіп жинақпен енді жақсылап танысуға отырдым. Ескерте кетейік, мұны жоғарыда отбасылық кітап деп айтып кеттік қой. Иә, солай. Себебі, тиражы шағын. 200 дана ғана. Содан соң онда бір әулеттің суреттері фотоальбом сияқты беріліп, ота­ғасы Зейнағазы ақсақалдың туған-туыстары мен балаларының естеліктері қамтылған да қойған. Бұлардың ішіндегі ерекшеленіп тұрғаны Солженицынның хаты дер едік. Онда мынадай сөйлем жолдары бар болып шықты.

«Қымбатты Зейнағазы! Се­нің хатыңа қатты қуандым. Ме­нің айдауылдың машинасынан түскен бойда Көктерек аудандық оқу бөліміне кіріп, өзіңді бірінші көргенде сенің күлімсірей қарсы алғаныңнан басталатын екеуміздің алғашқы таныстығымыз кезіндегі саған деген ең жылы сезімдерімді сақтап ке­лемін. Содан кейінгі біздің жақсы қа­рым-қатынаста болған жылдарымыз ұмытылған жоқ. Сенің әйелің есімде, оның әзірлеген қазақша еті үшін басымды иемін!

Менің айдаудағы жылдарда мектепте сабақ бергенім нағыз рахатты кезең болды. Кейін оқуға осыншалықты берілген балаларды басқа еш жерден кезіктіре алмадым: сыртқы әлемнен тысқары жүрген олар үшін мектептегі оқу соның бәрін алмастыра алатын жарық сәуле еді. Мен сол кездегі өз шәкірттерімнің табыстарына қуанамын, өйткені, олардың арасында айрықша та­ланттылары аз болған жоқ. Егер сен маған бұрынғы оқушы­ларым, оқытушылар туралы жа­зып жіберсең, жақсы болар еді. Мектеп үйі не болды, әлі өзгермей тұр ма? Әйтеуір бір кезде мен сонда барып, өзгерістердің бәрін өз көзіммен көріп қайта алсам, қуанатыным анық.

Сенің үлкен, тату-тәтті әулетің болға­нына қуаныштымын, сегіз балаңның бәрі жоғары білім алыпты, көптеген немерең өсіп келеді екен. Ал менің 21, 19 және 18-дегі үш ұлым бар, екеуі – Гарвард университетінің студенттері, біреуі – пиа­нист, қазірдің өзінде көптеген концерттерге қатысып жүр. Олар менің соңы­мнан отанымызға оралатын шығар деп ойлаймын, бәрі де орыс тілін жақсы біледі.

Бірақ мен үшін мұнда барлық жол әлі ашылған жоқ: кезінде өзім күрескен нәрселердің бәрі ептеп болса да алдымнан шығып жатыр. Біздің жасымызда ауру-сырқау деген таңсық емес қой, сондықтан бәріне төзуің керек. Ал жетіс­пеушілікпен өмір сүру – қиынның қиыны, бұған жүрегім ауырады. Себебі менің өзім де өмірімнің көп бөлігін жоқшылық пен таршылықта өткіздім, оны білемін.

Мені танитын жұрттың бә­рі­не өз атымнан шамаң жеткен­ше сәлем айт, ізгі тілегімді жет­кіз. Көктерекке сәлем де, мен оны туған жерімдей көріп кет­кенмін. Тап сол жерде қатты ауырып, ажалдың аузынан аман қал­ғаныма қарамастан, менің ондағы жағдайым жақсы болды. Қолыңды қатты қысамын. Солженицын. 24.6.91».

Біз бұл үшбу сәлемнің нендей ой-мақсатпен жазылғанын білмейміз. Білетініміз – біреу. Ол Солженицынның Зейнағазы ақсақалдың хатына қайтарған жауабы. Оны жоғарыдағы мә­тіннің басында тұрған: «Се­нің хатыңа қатты қуандым», – деген сөйлем айғақтап тұр. Ішкі ойымыз айтады: «Мұны Зей­нағазы Сырымбетов ақсақал жазу­шының 1990 жылғы 10 сәуір­де «Литературная газе­таға» шық­қан атышулы мақаласын оқы­ғаннан кейін оған ренжіп жазуы мүм­кін-ау», – деп. Олай дей­тініміз, Сол­женицын хатының соңындағы «24.6.91ж.» белгісінің тұруы. Осыған қара­ғанда бұл «Қайткенде Ресейдің көсегесін көгертеміз?» (10.4.90 ж.) атты шу­лығаннан кейін болған хат алмасулар.

...Далаға шықтық. Қыстың қысқа күні көкжиекке көрінбей батып барады. Аяз ақырып тұр. «Анау мүйіске дейін жаяу жүрейік»,  деген Айдар Әшім­ұлы сөз арасында бізге тағы бір әңгіме айтты. Солженицын Көк­терекке мұғалім болып келген алғашқы кезде Яков және Ека­терина Мельничуктердің үйінде тұрыпты. Содан соң ол жеке бәкене там­ға көшіпті. Пионер кө­шесіндегі бұл 10-үй кешегі өлара кезең, өтпелі тұс деп жүрген 90-жылдардың ортасына дейін болған екен. Содан соң қа­быр­ғалары құлап, орны жай төмпешік болып қалыпты.

...Қонақүйге келіп ойланып отырмын. Есіме 1945 жылғы Шығыс Пруссияда батарея коман­дирі болып жүргенде кеңестік қоғамға қарсы ой-пікірі үшін тұтқындалып, Мәскеу, Марфино және Екі­бастұздағы сталиндік лагерьлерде азапты күндерін өткіз­ген адам түсті. Содан соң көз алдыма 1953 жылы түрмедегі қиын жағдайдан дауасыз дертке ұшырап, ота жасалғаннан кейін жазасын Мойынқұмда өтеу­ге жер аударылған жан кел­ді. Осымен бір мезетте ойыма 1956 жылы ақталып, Мәск­еуге аттанған, 1959-1965 жылдары атақты «Новый мир» журналында кеңестік тоталитарлық режімді әшкерелейтін «Иван Дени­совичтің бір күні», «Мат­ренаның ауласы» мен «Кре­­четовка бекетіндегі оқиға» және «Захар-Калита» шығармалары жарық көрген жазушы оралды. Ал 1968 жылы «ГУЛаг архипелагы» романы өмірге келгенде... Солженицын есімі идолға айналып, туындылары оқырмандардың сана-сезімін төңкеріп түсірді. Ондағы ең басты, ғаламат нәрсе сол ол бұ­рын кеңестік қоғамда айтуға тиіс емес жабық тақырыпты қаза жазып, қызыл террордың жантүршігерлік оқиғаларын нақты дерекпен жайып салуы еді. Осы­дан кейінгі жағдай айтпаса да түсінікті. Жазушы өзінің алдындағы Ахматова, Зощенко, Пастернак сияқты қаламгерлер секілді сенімсіздікке ұшырап, қу­ғын­далды. Кітаптарының жа­рық көруіне тыйым салынып, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын тізімнен алынып тасталды. Жазушылар одағынан шығарылып, азаматтығынан айрылды. Сөйтіп 1974 жылы елден аластатылды. Соған қара­мастан озық ойлы шығар­ма­шылық өкілд­ері оны іздеді, түр­лі басқосуларда репрессия сұмдығын еш боямасыз ашып көрсеткен қаламгер туын­дыларын айтумен болды. Өйт­кені кешегі сталиндік азап ла­герь­лерінен аман оралғандар мен әке-шешелері тоталитарлық режімнің құр­баны болған ұрпақ өкілдерінен тұ­рат­ын сол кездегі миллиондаған оқыр­­ман ол қасіретті ұмытуы әсте мүм­­кін емес еді. Сондықтан да арада өткен 20 жыл ішінде «Қызыл доңғалақ» тетра­логиясының құрамдас бөліктері «Он төртінші жылдың тамызы», «Он ал­тының қазаны», «Он жетінің наурызы» ро­мандарын жазып бітіріп, Ресейге қайта ораларда ел оны хан көтеріп қарсы алуға пейілді-тін. Бірақ... Кешегі гуманист суреткер, адам құқығын алдыңғы орынға қоятын шығармашылық иесі, қиянатқа қаны қас қаламгер мұхиттың арғы жа­ғынан өзге­ріп келді. АҚШ-тан орала сала саясатқа араласты. Ұлт араз­ды­ғын қоз­дырып, ұлыорыстық шовинизмнің шоғын үрледі. Антисемитизмнің ауылынан да алыс болмады. Сөйтіп жазушы В.Войновичтің «Аңыз аясындағы буалдыр бейне» кітабындағы сөзбен айтқанда: «...Украиндарға тіл тигізді. Қазақтарды ренжітті. Еврей­лерге доқ көрсетіп, чешен­дерді шамдандырды. Ал оның Сібірді поезбен көктей өткен сапары ше? Теміржолдағы көрінген бекетте жиналыс ашып, елді шаршатты. Думаға келіп ақыл айтып, депутаттардың миын ашытты. Ресейдің жаңа тарихын жазамын деп кәсіби мамандармен жанжалдасты».

...Осыларды еске алғанда ойлайсың: «Талантты, табанды, батыл әрі қажырлы қалам иесі неге өз саласымен ғана айналысып жүре бермеді екен?» – деп. Иә, ол 60-70-80-жылдардағы қаламгер үшін жазу, тек қана жазу болып табылатын бағытынан танбай, таза шығармашылық еңбегімен жұрт жадында қалғанда ғой. Атақ, абырой, даңқ та одан ешқайда кетпес еді. Бірақ олай болмады. Қалам иесі үшін қаже­ті жоқ жоғарыдағыдай жағдай­ларға араласамын деп ол өзінің бұрынғы жеткен биігінен өзі құлады. Құдайға шүкір, Солже­ницын солай деді екен деп ешбір елде ештеңе өзгеріп кеткен жоқ. Аңғыртқа ұшып, адасқан өзі. Әйт­песе қор болғандар мен қорлан­ғандар шындығын жалғанның жарығына алып шыққан еңбегі үшін берілген мәртебелі Нобель сыйлығы оған аз ба еді? Біздің ойымыз осылай дейді. Десек те: «Қайткенде адам қалады адам болып?» деген данагөй сөзі мен : «Адам боп келіп өмірге, адам боп кету көп қиын», − атты атақты ақынның қос өлең жолдарындағы пәлсапа бо­йынша жер басып жүрген пенденің кей кездегі ұғымы мен ұстанымын түсіну қиын әрі күрделі. Иә.., күрделі.

Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы

Соңғы жаңалықтар