– Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Маңғыстаудың сакралдық және тарихи-мәдени көрнекті жерлерінің цифрлы картасын әзірлеу бойынша жұмыс қолға алынған болатын. Өңірдің туристік әлеуетін дамыту, әрі алыс-жақындағы туристерге өлке туризмі туралы мағлұматтың қолжетімділігін арттыру мақсатындағы жоба өз жолына түсті. Ұсынысты «2GIS-Ақтау» компаниясы қолдап, қазіргі таңда тарихи-мәдени және табиғи нысандарды цифрлы картаға енгізу бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді және бұл біткен жұмыстар тек жобаның бірінші кезеңінің ғана үлесіне тиеді, – дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Өркен Бисақаев.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірге туристік мақсатта келушілер саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, өткен жылы ішкі туризм бойынша Маңғыстаудың көрікті жерлеріне 177 178 турист келген болса, келу туризмі бойынша 28 726 адам Маңғыстау табалдырығынан аттаған. Бұл екі көрсеткіш те салыстырмалы түрде қарағанда 2016 жылғы деңгейден жоғары.
Жаңа жоба аясында өңірдің 24 киелі жерлері мен тарихи-мәдени орындары цифрлы картаға енгізілді.
– Бірлескен жоба Маңғыстауды Қазақстанның туристік сапармен келу кәртішкесі киелі жерлер мен көз тартарлық ландшафты-географиялық жерлерінің бірі ретінде насихаттау мақсатында тегін негізде жүзеге асырылды. Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен маршруттарды құру үшін картографиялық мәліметтерді жинақтау бойынша біз экспедиция ұйымдастырдық және 3000 шақырымнан астам жол жүріп өттік. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде «2ГИС-Ақтау» қосымшасында нысандарға баратын маршруттар құру мүмкіндігі, сонымен бірге көз тартарлық көгілдір айлақ, яғни жағажай, Саура (арна), Тамшалы (бұлақ, шатқал), Жығылған (құлама жар), Сұлтан епе жерасты мешіті, Қапамсай (арна), Шақпақ ата (жерасты мешіті), Шарлар сайы (шар тәрізді конкрециялар), Отпан тау (тарихи-мәдени кешен), Айрақты-Шоманай (тау қалдықтары), Шерқала (тау), Тұзбайыр (тұзды көл), Сфинкс (жартас), Сисем ата (қорым), Бекет ата (жер асты мешіті), Найза (тау, көрініс), Бозжыра (тау, сай), Шопан ата (жерасты мешіті), Радон су көзі (ыстық су көзі), Песчаный мүйісі (жағажай), Тоқмақ (тасты жағажай), Кендірлі (демалыс базасы), Қарынжарық (ойпат, тұзды көл) және Булыойық (үңгір) орындарына қатысты оффлайн режіміндегі мүмкіндік пайда болды, – деді «2ГИС-Ақтау» компаниясының директоры Ербол Байжігітов.
Мекемелердің толық анықтамасын, навигатормен қалалардың картасын біріктірген 2ГИС компаниясы базасында Қазақстан, Ресей және өзге де елдердің 320 қаласы туралы ақпарат шоғырланған. ТМД елдеріндегі ең кең тараған картографиялық, анықтамалық қосымшалардың бірі болып табылатын компанияның қызметін әлем бойынша 40 млн адам қолданады, демек, енді Маңғыстау туризмі осы 40 млн қолданушының назарында. Олар алыста отырып-ақ өлке туралы танып-біліп, сапарға шығу жолдарын анықтап, қажетті сұрақтарына жауап ала алады. Тағы бір жаңалығы – қосымша ғаламторға қосылмай смартфондарда жұмыс істейді, сондай-ақ онлайн-нұсқалары дербес компьютерлерге де қолжетімді.
Маңғыстау туризмін одан әрі таныту және туристерді тарта түсу бағытында жоспарланып отырған жұмыстар да жоқ емес екен.
– Бүгінгі таңда Маңғыстау облысының Туризм басқармасы тарапынан «Mangystau.Info» туристік-ақпараттық сайт пен «M-travel» мобильдік қосымшасын әзірлеудің бірінші кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта базаны тиісті ақпаратпен толтырылым жасалуда. Енді кез келген турист, ол қазақстандық немесе шетелдік болсын, облысымыздың тартымды барлық туристік жерлері туралы, тіпті жергілікті қонақүйлерді брондауға дейін ақпарат ала алады. Сонымен қатар 2018 жылға арналған жоспарға сәйкес, облысымыздың Мәдениет басқармасымен бірлесіп, өңіріміздің барлық мұражайларына Q-кодтар орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұлар – өңірге келетін туристерге нақты көмекші болатын іс-шаралар. Болашақта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, – дейді Ө.Бисақаев.
Жоспарланған жұмыстар қатарында Маңғыстау облыстық Туризм басқармасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетімен өңірлерде туризмді дамыту жолдарын жаңарту жұмыстары бар. Бұл бағытта таяу және шалғай орналасқан туристік нысандарға баратын жолдарды жақсарту межеленген. Маңғыстауда киелі жерлермен қатар, мемлекет қорғауындағы 13 мың мәдени ескерткіш бар. Олардың барлығы Ақтау қаласынан өте шалғай орналасқан, жол-көлік қатынасы да оңды емес. Ол орындарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және туристерге қолайлы жағдай жасау көп қаражатты талап етеді және қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да іс басындағылар таяудағы 5 жыл ішінде нақты бірнеше аймақта қажетті инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән бермек.
Алдымен Ақтау қаласының теңіз жағалауы аймағында электр жарығының жүйесін, сумен және газбен қамту, кәріз жүйесі, жолдарды жөндеу мен салу жоспарлануда. Бұл – қонақүй кешендері мен демалыс базалары құрылысын салу үшін инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. 2-3 жұлдызды, яғни халыққа қолжетімді кешендер салу қаралып, қазіргі таңда Ақтау қаласы әкімдігі жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде.
Шопан ата, Бекет ата киелі орындары жұмыс жүргізудегі екінші бағыт болып таңдалды. Жұмыс барысында Бекет атаға дейінгі 100 шақырымдық жол учаскесін асфальттау басталды. Бұл жолдың 0-51 шақырымдық аралығын жөндеу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді, жалпы жұмыстың бірінші кезеңі деп аталған бұл кезең 2019 жылдың қараша айында аяқталмақ.
Үшінші аймақ – Маңғыстау және Түпқараған аудандарының аумақтары. Бұл бағыттағы бірінші кезеңде Шерқала тауы, Отпан тау, Көгез этноауылы, Торыштың шар тәрізді конкрециялары, Жығылған, Форт-Шевченко қаласындағы Мұрын жырау мұражайына бару мүмкіндіктері кеңейтіліп, нысандарға жолдар салу, электр жүйесін тартып, сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал Тамшалы, Самал, Саура, Көгілдір айлақ екінші кезең жұмысына енгізілген. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 10 млрд-тан астам теңге қажет екен.
Маңғыстау туризмін жаңаша түлету – заман талабы. Сондықтан саладағы жұмыстардың жанданып, қарқын ала түскені көңіл қуантады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы