Әдебиет • 15 Маусым, 2018

Сарқыт (әңгіме)

1746 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сарқыт (әңгіме)

Құстың сүтінен басқаның бәрі табылатын берекелі, мол дастарқан басындағы қауым алдарына ас тартылғанда сәл желпініп, қауқылдасып қалған. Шынында да, жеңді білектей қазы туралып жатыр екен. Майлы қарта «мені көрдіңдер ме?» дегендей жалпақ астаудың жарымын алып жатқан ұзын омыртқаның шетіне жайғасыпты. Мәртебелі қонақтар етті бүгін көріп жүрген жоқ, талай-талай жомарт дастарқандардың басында дәм татысып, мәжіліс құрған. Әйтсе де бүгінгі астың ажары бөлек екен. 

– Паһ, шіркін, жарықтықтың семізін-ай!.. – деп төрде отырған жігіт ағасы дастарқан иелеріне ризашылығын білдірді. 

– Соңғы кезде жылқыны дәрімен семірту белең алып кетті, – деді манадан бері тіс жармай отырған елудің жуан ортасындағы мейман, – сырттай қарағанда көзің сүйсінгенімен, дәмі табиғи семірткендей болмайды екен. Тіпті бар ғой тәбетің қанша шауып тұрса да, сүйсініп жей алмайсың. Ал былай қарағанда әп-әдемі, құдды сурет сияқты. Қазысы да табан елі, жаяның сыртындағы қыртыс тайдың қазысындай. Қартадағы майдың қалыңдығы сондай, тіпті бармағың батпайды. Өткенде сондай бір ет бұйырды. Сұлбасына сүйсінгенімізбен, дәмсіз болған соң қарбытып қаужаңдай алмадық.

Енді бір сәт әңгіме сарқыт жайына ойысқан. Әркім білгенін айтып жатыр. 

– Баяғыда бала кезімізде әжеміз асқа, тойға барғанда алдынан жүгіріп шығатынбыз. Ол кездегі ел қанағатшыл ғой, қамзолдың қалтасына салып бір-екі карамель кәмпит, бірер тоқаш әкеледі. Соған таласушы едік. Қазір ғой дастарқаннан дастарқан қоймай сыпырып-сиырып алып кететінді шығарды. 

– Осыдан бес-алты жыл бұрын ғой деймін, Бурабайдағы мейрамханалардың бірінде үлкен той болды. Тойды сол кезде айтқыштығымен танылып жүрген әне бір ақын інішек басқарып еді. Заманында ел тізгінін ұстаған екі ағамыз көлдей-көлдей екі пакеттен төрт пакет сарқыт алып кетіп бара жатыр екен. Шығарып салушылар:

– Аға, бүгін асаба сізге тиіспеді ғой, – деп жай жатқан жыланның құйрығын баспасы бар ма?..

Сол сәтте әлгі ел ағасы қарап тұрмай неге тиіседі, осыдан тиіссін жағасын жыртайын деді. Әңгіменің аужайы оң жамбасына келіп қалды-ау деймін, асаба да сарт еткізсін:

– Бурабайда бір жайсыз жыр туды, аға,

Ағам дайын жағамды жыртуға да.

Базардан қайтқан әйел құсап пакет арқалап,

Басыңызға соншалық не күн туды, аға?!.

– Қатырған екен, – деп қоштады жұрт. 

– Сарқыт алған дұрыс шығар, – деді жөн білетін біреу, – мысалы, осы дастарқан қонақтарға арналып жайылған. Сондықтан көпшіліктің несібесі болған соң алған дұрыс. Қазір алдыңнан жүгіріп шығып сарқыт сұрайтын ешкім болмаса да, әдеппен, сыпайылық сақтап алғанның артықтығы жоқ шығар деп ойлаймын. 

– Мен бір қызық айтайын. Сарқыт тосатын балалар мен немерелер болмаса да, менің бөрібасарым тосады. Қайдан білетінін кім білсін, кешке қарай жиналып қонаққа бара жатсақ, құйрығын бұлғаңдатып қуанып қалады. Өткенде ауызашардан қойдың тұтас жамбасы тиген. Әлгінің жейтін жері жоқ, аппақ қардай май. Мұздатқышта екі күн тұрды да, үшінші күні бөрібасардың аузына аттанды. Содан бері әлгі патшәғар сарқыт дәметеді, – деп сынықсүйем қазының етегін, жамбастың шетін, көлденеңнің қыртысын орап жатып біреу дастарқанды басына көтере қарқ-қарқ күлген. Бірақ ешкім қоштай қоймады. 

Осы арада сәл үнсіздік туды. Дастарқан басындағылар ит жайлы «игі» әңгіме айтқан мейманның қолына қараған. Салып жатқаны бөрібасарға алған сарқыты емес пе екен... Төрде отырған, жөн сөз айтқан ақсақалдың іші мұздап кетті. 

Байқал БАЙӘДІЛОВ