Әдебиет • 18 Маусым, 2018

«Бозоқ аруы» атты кітап жарық көрді

112 реткөрсетілді

Жақсы кітап оқысаң жаның жадырайды. Тағылым аласың. Көңіл көкжиегі кеңейеді. Шарпысқан тірлікте кімнің кім екенін білесің. Сондай салиқалы дүниенің қатарына біз таяуда ғана жарық көрген «Бозоқ аруы» атты кітапты да қосар едік. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Бозоқ аруы», екінші бөлім – «Көмбедегі қазына немесе айымдар әпсанасы» деп аталады. 

Бұл басылым осыдан екі жыл бұрын «Ұлы дала арулары»­ серия­сымен жарық көрген «Сүйінбике» деген жинақтың заңды жалғасы деуге болады. Осы арада ұлт ру­хания­тының өркенін өсіру, өрі­сін кеңейту ісіне де, түркі дү­ниесі мен қазақ әлемінде өзін­дік орны бар айтулы аруларды­ кейінгі ұрпақпен табыстыру жо­лындағы озық идея мен жоба­ның, көркем хикаяттардың авторы, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреа­ты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәр­бану Бейсенова екенін айта кетсек дейміз.

Қаламгер «Бозоқ аруында» Аста­наның іргесіндегі ежелгі Бо­зоқ қаласына жүргізілген архео­логиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ару қаңқасына тіл­ бітіре отырып, елдік мәселенің иірі­міне қатысты танымдық, та­ғылымды ойларды қозғайды. Бү­гінгі елорда тарихы кешелі беріден емес, ежелгі дәуірлерде ір­гетасы қаланғанын, оған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ортағасырлық Бозоқ қаласы – Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы – қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады», деген сөзін дә­йекке келтіре отырып, Бозоқ қа­ласын топырақтан аршыған археолог-ғалым Кемел Ақышевтің дәлелдерін, оның ішінде қазба жұмысы кезінде табылған әйел мүрдесінің екі жағына қойылған 800 інжу моншақтың табылуы мысалдармен айтылып, хикаяттың басты кейіпкері Шырақбектің түсіне елес болып тіл қататын Інжу арасында дамиды. Шырақбектің прототипі – Кемел Ақышев болса, Інжу 800 інжу маржанмен көм­керілген қыпшақ аруы еді.

Ұлт тарихының тамыры терең екенін зерделей білген Шы­рақ­бек­тің болжамы ақиқатқа ай­на­лады. Қала сілемі ашылып, адам қаңқасы табылады. Зерттей кел­генде сүйек әйел затына тән болып шығады. Жас айым (ару) екені де анықталады.

Түркі жұртының қызы да атқа мініп ел мен жерін қорғағаны әлімсақтан белгілі. Толған айдай сәуле шашқан Інжу Шырақбектің түсіне жиі енеді. Он ғасыр кө­мескіде қалған ару рухы оянып, Шырақбекке сыр ашады. Бірақ ол өз атының Інжу емес, Бану-Шешек екенін айтады. Шырақбекті ол батыр жігіт дейді. «– Айтшы, Бану-Шешек, сен мені неге Батыр жігіт дейсің?» дегенде қыз: «Жұрт жанынан өтуге жүрексінетін обаларды сескенбей қазып жүрсің. Бұл – батырлық емес пе?» дейді. Шырақбектің өзіне деген сезім ниетін аңғарған да Бану-Шешек: «– Батыр жігіт, мен тірілер санатында жоқпын. Елеспін», дейді де өзінің өмір жолын баян етеді.

Жалпы, хикаяттағы аңыздай ай­тылатын оқиғалардың астарында ақиқат жатқанын аңғару қиын емес. Мұндай оқиғалар қазақтың ауыз әдебиетінде молынан екені де белгілі. Жазушы осыны заманға сай әдемі икемге келтірген. Әрбір көріністі көркем тілмен баяндаған тұста, кейіпкерлердің түр-тұлғасы биік дәрежеде көрініс табады. Түйінді шешімдер де иландырады. Соның бәрінің астарында – елдік идея, халықтық қалып жатыр.

Шырақбек соңғы бір әңгімесін­де оғыздар бұл қаланы қалай ата­ған дегенде, Бану-Шешек «Бозоқ­тар қонысы» деген дейді. Әйтсе де, Шырақбек ендігі жерде бұл қо­нысты «Бану-Шешек бегім қала­сының орны» десек қайтеді деп ұсыныс айтады. Ару бұл қонысқа ешқандай еңбегінің сіңбегенін, Хан-Төренің аруағына кінәрат тү­сіруге болмайтынын тілге тиек­ етеді. Онда еңбегі сіңген Хан-Төренің атын беру жайын қоз­ға­ғанда ол «Күйеу баланың атын қойып, аруақты жерді күңі­рентпексің бе?» деп тек Бозоққа ғана тоқтайды.

Бану-Шешек Шырақбекке: «Бұл – сен тапқан қала. Оған ешкімнің дауы жоқ... Абырой-атағының бәрі сенікі. Менің рухымды кеңістікке алып шықтың... Менің Хан-Төрем өз заманының ер-жігіті болса, сен – өз заманының ер-жігітісің. Арамызда он ғасыр жатыр. Он ғасыр... Он ғасыр... Он ғасыр...». Осылай деп Бану ғайып болады.

Сол кезде Шырақбек: «– Қош, Бану-Шешек! Қош, оғыздың аяулы перзенті! Қош, Бозоқ аруы! Сенің тә­нің он ғасыр бұрын өлгенімен, рухың мәңгі тірі. Ол көне қала үстінде ұшып жүрері аян. Рухтар өлмейді... Мен соған сенемін». Бұл Шырақбектің түйін сөзі. Ал біз қазір жаңа қала тұрғындарымыз...

Ал жаңа қала тұрғыны саналатын автор: «Бану-Шешек бегімнің сыр-дастанын қағазға түсіріп отыр­­ған мен де: «Қош, Бозоқ аруы! Осы жазғаныма рухың ри­за болғай, оғыздың асыл туған пер­зенті!» дегенімде көзімнен бір там­шы жас үзіліп түсті...» дейді.

Екінші бөлімнің бастау басынан Шәрбану Бейсенованың «Ұлы даланың ұлы анасы», «Адал­дықтың ақ құсы – Бегім сұ­лу» ­ат­ты екі туындысы орын алыпты. Бірін­шісінде – Домалақ Ана туралы тарихи баянды таратып айтса, екін­шісінде – Бегім сұлу жайлы аңыз­дың түп-тамырында ақиқат жатқанын алға тартады.

Аналар галереясы жинақталған бұл бөлімдегі Ж.Аймұхамбеттің «Үкөк ханшайым кім еді?», «Үр­жар айымының оянуы», сол­­ секілді Б.Қорғанбековтің «Әу­лие аналар жайлы», «Лала би­бі», «Әнуар ана», «Гауһар ана», «Айша бибі», «Ақбикеш», «Қара­шаш», «Ұлбике» туралы әп­са­­налары топтастырылыпты. Кі­тап «Ешқашан өкініштен пенде өлмейді, Ешбір жанын сүйген жан­ға тең келмейді. Тұтқасы қол­дан шығып, сынып қалған, Ақ сан­дық енді қайта жөнделмейді», өзге де отты өлеңдерімен талай­ды талмаусыратқан, 22 жасында қызғаныштың құрбанына ай­налған Ұлбикенің өкінішті өмі­рімен түйінделеді. Сөзбен өрнектелген кітаптағы суреттерді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі суретші Камиль Муллашев салғанын айта кетелік.

Міне, қазақ кітап әлеміне қосылған бұл жинақта түркі арулары, қазақ аналары қайта жаңғырып отыр. Тіпті, мұндай құнды кітапты қазақ арулары мен аналарының әпсанасы десек, жарасатындай.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар