Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Түркістаннан тарту» бағдарламасы «Түркия үні» радиосы арқылы тыңдаушыларға жол тартты

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғасырлық тарихы бар «Қазақ радиосы» әзірлейтін «Түркістаннан тарту» бағдарламасы әлемнің қырыққа жуық тілінде хабар тарататын «Түркия үні» радиосы арқылы тыңдаушыларға жол тартты.

Түркістаннан тарту» бағдарламасы «Түркия үні» радиосы арқылы тыңдаушыларға жол тартты

Ағайын арасына алтын арқау болған бұл игі іс «Қазақ радиолары» ЖШС мен Түркия мемлекеттік телерадио корпорациясының (TRT) «Түркия радиолары» басқармасы арасындағы екіжақты келіссөздер нәтижесінде жүзеге асып отыр. Атап айтқанда, биылғы мамыр айында Серіктестік басшысы Мәди Манатбекұлы бастаған радио делегациясы арнайы шақыртумен Түркияда болып, бауырлас екі елдің әріптес құрылымдары арасында мәдениет, руханиятқа арналатын хабар алмасу туралы уағдаласқан еді.

«Қазақ радиосы» тарихи отанынан тыс жүрген ағайынға халқымыздың бай мәдени мұрасы жайлы мол мағлұмат беріп, рухани асыл қазынамызды насихаттауды мақсат еткен «Түркістаннан тарту» бағдарламасын ұсынды. Радиохабар туған жерді аңсап, төл өнерімізге шөліркеп жүрген қиырдағы қандастардың сағынышын басуды көздейді.

Ал «Түркия үні» радиосы дайындайтын «Анадолы тынысы» хабары қазақ тыңдарманын Түркиядағы мәдени Һәм спорттық жаңалықтардан құлағдар етеді. Бұдан бөлек, аталған бағдарлама қазақстандық тыңдаушыны Түркияда тұратын қазақтардың өмір салтымен және екі ел арасындағы достық қарым-қатынас аясындағы іс-шаралармен таныстырады.

Бұл бағдарламалар арқылы түбі бір халықтардың рухани, мəдени, тілдік және тарихи тамырластығын ақпараттық кеңістікте де нығайта түсу көзделген.

Айта кетерлігі, алғаш 2018 жылдың 3 маусымында әуе толқынға шыққан радиобағдарламаларды апта аралатып, жексенбі күні тыңдауға болады.  «Түркістаннан тарту» хабары Астана уақытымен 19:40-та «Түркия үні» радиосының эфирінен беріледі. Ал «Анадолы тынысы» бағдарламасын «Қазақ радиосының» тыңдармандары сағат 15:00-де тыңдай алады.