Медицина • 26 Маусым, 2018

«Жұлдыздар» шайқасы» немесе отандық қонақүйлер бизнесіндегі бәсеке

555 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны әлі де есіп тұрғанына қарамастан, соңғы жылдары қонақүйлер бизнесінде серпіліс бар. Алматыдағы Азиада мен Универсиада, Астанада өткен ЭКСПО сияқты ауқымды шаралар ішкі туризмге қозғау салғаны анық. Еліміздің әр түкпірінен ағылған жерлестеріміз әйгілі жұлдызды отельдерді емес, бағасы мен сапасы көкейге қонатын қонақүйлерді қолайлы санайды. Алайда ЭКСПО сияқты ауқымды шаралар қырық жылғысын алдымен болжайтын әлемдік брендтерді Қазақстанға алып келді. Өткен жылдың өзінде елімізде The Rits Carlton Astana St.Regis Hotels & Resorts Astana сынды көптеген төрт және бес жұлдызды қонақүйлер ашылды. Осындай жағдайда отандық қонақүйлер қандай саясат ұстануы тиіс. 

«Жұлдыздар» шайқасы» немесе отандық қонақүйлер бизнесіндегі бәсеке

Оның үстіне халықаралық оқиғалар өтті де кетті. Шетел­дік туристер легі саябырсыды. Оған қоса тұтыну­шылық нарықтың да қауқары азайып тұр. Біраз жыл бұрын басталған қаржылық дағдарыс инвестицияның көлемін азайтты. Демек бұл инвестор­лар мен бизнес топтардың іссапарларына да тұсау салып отыр. Сондықтан бұл саланың сарапшылары қазір болжам айтуға аса құлықты емес. 

Осыған қарамастан Ас­тана­дағы отандық бес жұл­­дыз­ды қонақүйлер айтар­лықтай дамыды. Қа­зір ба­тыстық брендтерге ба­ға­сы­мен де, қызметімен де бәсе­ке туғыза алады. Ал­ма­тыда бұл мәселе әбден тең­­­­­дестірілген. Премиум са­на­тындағы қонақүйлерінің санымен, сапасы және нө­мірлерінің көптігімен бү­кіл елде көш бастап тұр. Ал­­­­­да­ғы уақытта Алматыда тағы да бірнеше танымал ха­лық­ара­лық қонақүйлер же­лісі ашы­лады деп күтілуде.
Керісінше аймақтарда жағдай ала-құла. Мәселен, Батыс Қазақстанда бес жұл­дызды қонақүйлер де халық­аралық қонақүйлер желілері де әлі де көп емес. Керісінше, Ақтау қаласында жоғары санаттағы жатын орындар жеткілікті болса да, төрт және бес жұлдызды қонақүйлер шетінен ашылып жатыр. Ал Атырау қала­сына келсек, қонақүйлер биз­несі тікелей «Теңіз» бен «Қа­шаған» кен орындарының келешегіне қарайлайды. 

Қысқасы, Қазақстанда бұл бизнес ырғақты дамып жат­қанымен, біркелкі емес. Еліміздің халықаралық және аймақтық туристік бизнесті дамытуға әлеуеті мен әрекеті болса-дағы, қазір тек іскерлік туризм ғана жанданып тұр. Халықаралық қонақүйлер желісі мен бес жұлдызды бренд­тердің ғана айы оңынан туып тұрғанын осымен байланыстыру керек.

Сондай-ақ қонақүйлердің көпшілігі қазір қолайлы кон­­­ференц-залдарымен де ұпайын түгендеуде. Мәселен, Crown Star («Қазақстан» қонақүйі) бас директоры Шейхмус Есин мәжіліс зал­дарына трафиктің өсіп бара жатқанын алға тартады. Қазіргі таңда қонақүйлердің табысы осы бағытта құйылып отыр. Өйткені соңғы жылдары елімізде түрлі шеберлік-сабақтар, семинарлар өткізу сәнге айналған. Сол сияқты әйгілі блогерлер, жазушылар мен сұранысқа ие психологтар бағасы мен жасайтын жағдайы көңілге қона­тын қонақүйге тоқтайды. Олардың тыңдаушылары мен тәлімгерлері сол жерден тамақтанады, сол қонақүйге түнейді. Демек бизнестің дәл осы түрімен айналысатын менеджерлерге жарнама тәсілдерін өзгертуге тура келмек. 

Ал қонақүй бизнесі қо­салқы бизнес түрлерін, жап­сарлас жағдайларды да алып жүруге тура келетін және жылдам ақталмайтын бизнес болғандықтан, оған құлаш ұрып жатқан жергілікті ин­весторлар аз. 

Мәселен, қазіргі жағдайда отандық іскерлерге үлкен қо­нақүйлер салғаннан гөрі қайтарымы тез қолжетімді хостелдер, жалға берілетін жа­тақханалар, кішігірім пә­терлері бар тұрғын үйлер сал­ған тиімді. Бұған шыққан қаражат әрі кетсе 7-8 жылда қайтады. 200 нөмірлі қо­нақүйлерге салынған қа­ра­жаттың қайтарымын он­даған жылдар бойы күтуге тура кел­­мек. 

Бірақ осының бәріне қа­рамастан соңғы жылдары елімізде қонақүйлердің тәу­ліктік бағасы аса өзгере қой­ған жоқ деуге болады. Ұлттық валютаның халі нешік болып, талай рет құбылғанда да отельдердің бағасы тұ­рақты болды. Ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы қонақүйлердің бағасы оның алдындағы жылмен салыс­тырғанда 4,4 пайызға ғана қымбаттаған. Ал бұл кезеңде инфляция 7,1 па­йыз болды. Керісінше, кейбір өңір­­лерде қонақүйлерде қо­ну бағасы арзандаған. Мұ­ны бәсекелестердің кө­бе­йіп, сұраныстың азаюымен байланыстырған жөн. Ең қызығы, соңғы жылдары ел­ордадағы қонақүйлердің бағасы орта есеппен 26,6 пайызға қымбаттаған.

Қысқасы, қонақүйлер саны көбейе берсін, қону бағасы мейлі арзандасын, мейлі қымбаттасын, бірақ қонақтар үшін бүгінде брендтер ешқандай маңызды емес. Себебі пәтерлерін жалға бе­ретін жекеменшік сектор­ отандық қонақүйлер бизне­сінің несібесіне кәдімгідей ортақтасып отыр. Мәселен, жоғарыда атап өткен ЭКСПО, Универсиада сияқты қайта айналып келмейтін шаралар хос­телдер мен бюд­­жеттік қонақ­үйлердің жет­кіліксіз екендігін көрсетіп берді. 

Ал елімізге іссапарлармен келетін бизнес-қауымдас­тық­тың өкілдері өздері білетін брендтерден басқаға аяқ бас­пайды. Корпо­ративтік топтар бол­са сол қаладағы нарықтың аужайын зерттейді, бағаларын бағамдайды. Ұжымның, ұйым­­­­ның қаражатын үнемдеу мақ­­­сатында «баға және сапа» мә­­селесіне тоқтам жасайды. Қазір қонақүй бизнесімен айналысып отырғандар үшін клиент ұстаудың бірнеше нұсқасы болса, біріншісі – бағаны бәсекелестерден 5-10 пайызға болса да арзандату. Ендігі жерде отандық отель­дердің жергілікті ойынын­да осы мәселе қаперде ұста­лынуы тиіс деседі сарапшылар.

Қалай десек те, үлкен қа­лалардағы жұлдызды қонақ­үйлерде үлкен бәсеке бар. Көзге көрінбейтін клиент үшін шайқас үнемі жүре берді. Ал сапарлап жүргендерді баға ғана қызықтырмайды, сервистің толық пакеті мен қызмет көр­сету деңгейі де ойландырады. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ