Үкімет • 26 Маусым, 2018

Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамыту мәселелері талқыланды 

404 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астана агломерациясының іске асырылу барысы туралы ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz

Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамыту мәселелері талқыланды 

Р. Дәленовтың айтуынша, Қазақстанның ұзақмерзімді өсім негізі ретінде Астана агломерациясын қалыптастыру мақсатында 2020 ж. дейін Астана агломерациясын дамыту бойынша Өңіраралық іс-шаралар жоспары қабылданды, онда үш басты бағыт бойынша 82 шараны іске асыру қарастырылған. Бүгінгі таңда 72 пункт орындалды, 10-ы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Бірінші. Астана агломерациясын аумақтық және институционалдық дамыту.

Қала құрылысын жоспарлау құжаты — Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленіп, бекітілді. Астана қаласын және Ақмола облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламаларына агломерациялық даму бөлігінде өзгерістер енгізілді. Жалпы бірінші міндеттің жоспарланған 10 іс-шарасының ішінде 9 іс-шара орындалды және бақылаудан алынды, агломерация елді мекендерін егжей-тегжейлі жоспарлау орындалу сатысында.

Екінші. Республикалық және өңірлік нарықтарда Астана агломерациясын экономикалық орнықтыру.

Астана агломерациясының экономикалық мамандануы қаржылық, әлемдік деңгейдегі жоғары мамандандырылған медициналық, білім беру қызметтерін ұсыну, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістерді дамыту болып табылады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «ақылды қалалардың» үлгілік тұжырымдамасы әзірленді, ол Smart City технологияларын іске асырудың негізін қалаушы қағидаттарын, тәсілдерін, мақсаттарын, басымдықтары мен міндеттерін де айқындайды. Бұл жоба бірінші кезекте Астанада іске асырыла бастады.

Сонымен қатар медициналық кластер құрылған, оның шеңберінде медициналық қызметтердің 6 заманауи орталығы жұмыс істейді.Жалпы барлық 10 іс-шара орындалды және бақылаудан алынды.

Үшінші. Өзек-қала Астананы, оның қала маңы аймағын және тартылыс аймағын инфрақұрылымдық үйлестіріп дамыту.

Астана агломерациясы географиялық тұрғыдан тиімді орналаса отырып, Қазақстанның барлық көлік жүйелерін одан әрі дамытуға ықпал ететін ірі хабқа айналуы тиіс.

Мұндай ірі инфрақұрылымдық жобаларды: «Астана — Алматы», «Астана — Өскемен»  автожолдарының құрылысын, жаңа әуежай мен теміржол вокзалының құрылысын іске асыру республиканың көліктік каркасын елордадан бастап шалғайға одан әрі дамытуға бағытталған.

Жалпы жоспарланған 62 іс-шараның 51 іс-шарасы орындалды және бақылаудан алынды, 9 іс-шара орындау сатысында.

«Қазіргі кезде Өңіраралық жоспардың 10 іс-шарасы іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2018 жылдың соңына дейін ірі қалалардың, оның ішінде Астана қаласының дамуының 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиялары әзірленетін болады», — деп нақтылады Р. Дәленов.

Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек атап өткендей, ИДМ 2020 ж. дейін Астана агломерациясын дамыту бойынша Өңіраралық іс-шаралар жоспарының үш пунктін іске асыру бойынша жауапты болып табылады. Бүгінгі таңда Жоспардың бір пункті орындалған, екі пункті орындалу үстінде.

«LRT жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда Қытай компаниялары консорциумының қатысушысы – China Railway №2 Engineering Group Co. компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия (І санат) алды және қадалы тірек, эстакадаларды орнату бойынша шаралар жүргізілуде. Барлық желі бойынша құрылыс объектілерінде 121 ауыр техника, 2260 жұмысшы жұмылдырылған», — деді Ж. Қасымбек.

Бұдан өзге, Астана қаласы маңындағы аймақтың сыртқы көлік жүйелерімен байланыстары бар айналма жолдарды (ішкі және сыртқы) дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Астана қ. сыртқы айналма жолдарын тұйықтау мақсатында «Астананың Оңтүстік–Батыс айналма жолы» автокөлік жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Автожолдың ұзындығы – 33 шақырым. Жол төрт жолақтық қозғалысы бар І техникалық санатты болады. Шарт бойынша құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталды және 2019 жылы жобаны аяқтау көзделген», — деп атап өтті Ж. Қасымбек.

Сондай-ақ, Астана әкімі Әсет Исекешев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Астана агломерациясын іске асыру туралы баяндады.

Астана қаласының әкімдігі Жоспардың 45 пунктін орындады, 8-і атқарылып жатыр. Ақмола облысы бекітілген 32 шараның 31-ін іске асырды.