Әлемнің түрлі елдерінде бизнес жүргізудің жеңілдігі олардың ұлттық экономикасы бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіші болып саналады және әрдайым инвесторлардың назарында болады. Әлемнің барынша бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жұмысының шеңберінде Қазақстан жеке капиталға және кәсіпкерлік бастамаға мейлінше оңтайлы жағдайлар жасау үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Қазіргі уақытта Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде 36-шы позицияда тұр және соңғы жылы ең көп жаңалықтар енгізген әлем мемлекеттерінің тізімінде екінші орында. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азия өңірінде көш басында келеді.
Соңғы жылдары Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі, атап айтқанда, «Кәсіпорынды ашу» индикаторы бойынша позициясын жақсарту үшін Ұлттық Банк заңды тұлғаға банк шотын ашу процесін барынша жеңілдетуге мүмкіндік беретін заңнаманың едәуір жүйелі реформаларын жүргізді. Бұл орайда банк шотын ашу, оның ішінде банктің офисіне бармай қашықтан ашу тәсілімен қоса алғанда, талап етілетін құжаттар тізбесі барынша азайтылды.
Қазіргі кезде заңды тұлға банк шотын ашқан кезде банкке компания жарғысын және мемлекеттік тіркеуден өту туралы құжатты ұсыну талап етілмейді. Банк шотын басқаратын уәкілетті тұлғалардың, мысалы, ұйым жетекшісі, бас бухгалтердің қолдарын нотариуста куәландыру қажеттілігі жоқ, қолдардың шынайылығын банк қызметкері куәландырады. Қазақстан заңнамасы бойынша мөрі болуға тиіс заңды тұлға – ұйымдарды қоспағанда, заңды тұлға-ұйымда мөр болмаса, банк құжаттарында оны қою талап етілмейді. Қазіргі уақытта заңнамада банк шотын банкке бармай, қашықтан, яғни офисте не үйде отырып-ақ ашу мүмкіндігі көзделген. Банкпен банктік қызмет көрсету шарты оның электронды цифрлы қолтаңбасын қою арқылы жасалады. Банк шотын ашуға өтініш те банкке электронды нысанда жіберіледі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында халық пен бизнес үшін цифрлы көрсетілетін қызметтерді жетілдірудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің ықпалдасуы жекелеген мемлекеттік көрсетілетін қызметтерден кешенді көрсетілетін қызметтерге «бір өтініш» қағидаты бойынша өтуге мүмкіндік береді», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Осы саясатқа сәйкес, бизнес жүргізуді жеңілдету мақсатында заңды тұлғаны тіркеу сатысында бір мезгілде мемлекеттік және қаржылық көрсетілетін қызмет алу мүмкіндігі іске асырылды. Егер бұрын құрылтайшы алдымен заңды тұлғаны тіркеп, содан кейін шот ашу үшін тіркеу туралы анықтаманы банкке беруге, сондай-ақ міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін сақтандыру компаниясына баруға тиіс болса, енді www.egov.kz «электронды үкіметтің» порталында іске асырылған «Заңды тұлғаны банк шотын ашу және қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыруды ескере отырып тіркеу» жаңа композиттік қызмет көрсетудің арқасында азаматтар екі жұмыс күні ішінде заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, банк шотының нөмірін және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы қол қойылған шарт ала алады. Бүкіл осы процесті өтініш беруші өзінің офисінен не үйінен шықпай жүзеге асырады. Тұтастай алғанда, рәсім бес жұмыс күнінен екі күнге дейін қысқарды.
Бүгінгі таңда «egov» порталында аталған сервисті қолдану арқылы мынадай банктерде банк шотын ашу мүмкін – «ForteBank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Альфа-Банк» АҚ. Шартты «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-пен және «Азия Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-пен жасасуға болады. Басқа банктер мен сақтандыру компаниялары да мұндай қызмет көрсетуді ұсыну бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Аталған «бір терезеден» онлайн-қызмет (заңды тұлғаны тіркеу, банк шотын ашу және сақтандыру шартын жасасу) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетіледі. Бұл қызметті пайдалану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес заңды тұлғаны тіркеу кезеңінде банк шотын ашу үшін өтініш берушіден: банк шотын ашу шартына қосылуға (бар болса) өтініш толтыру, тізбесімен электронды үкіметтің сайтында танысуға болатын қажетті құжаттарды қоса беру талап етіледі.
Қазақстанның бизнесмендері бұл жаңалықтың ыңғайлылығын және тиімділігін бағалап отыр. 2018 жылғы қаңтардан бастап осындай функционал арқылы жаңадан құрылып жатқан компаниялар «электронды үкіметтің» порталы арқылы электронды тіркеу рәсімдерінен өту кезінде банк шотын ашуға екінші деңгейдегі банктерге 199 өтінім келіп түсті.
Жанар МАМАҒҰЛОВА,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері
департаменті төлем жүйелерінің
саясаты басқармасының бас маман-экономисі