Аймақтар • 28 Маусым, 2018

Қарағанды облысы Астанаға аллея мен монумент тарту етті

649 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жиырмасыншы белесін бағындырып, мерейтойдың шуағына малынған Астананың қуанышына барша Қазақстан жұртының ортақтасып жатқаны сүйсінтеді. Мұның өзі «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» мақсаты жолында жұдырықтай болып жұмылған елдің ертеңіне деген сенімді ұлғайтып, ортақ тойдың мән-мағынасы мен қадір-қасиетін тіпті де асқақтата түседі.

Қарағанды облысы Астанаға аллея мен монумент тарту етті

Мәңгілік Елдің астанасына мырза көңілден жасалған әрбір сый-тартудың орны бөлек, әрине. Дегенмен, Тұңғыш Пре­зидентті еңбекпен шыңдап, саясаттың сахнасына үкілеп шығарған Қарағанды халқының Елбасының төлтумасы санал­ған арман қалаға деген ыстық ықыласы, жомарт сыйы назарды өзіне ерекше аударады. Қарағанды облысы Астананың айшықты тойына «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс!» деп аталған монументті сыйға тартпақшы.

Салтанат қақпасынан Түркі­стан көшесіне дейінгі жерді алатын аллея ұлт ұясы Ұлытаудың қастерлі жәдігерлерін көруге мүмкіндік беретін ашық аспан астындағы мұражай есебінде болады. Басты тосынсый Әмір Темірдің жазуы басылған Алтын Шоқы дөңінің басында болған тастың көшірмесі болмақ. Ол тастың түпнұсқасы әлемге әй­гілі Эрмитажда сақталған.

Ғалымдар тас тақта 1391 жылы Әмір Темірдің Алтын Ордаға шыққан атақты жорығы кезін­де орнатылған деген болжам жасауда. Міне, осы баға жет­­пес тарихи жәдігердің көшір­­ме­сі тұңғыш рет көпші­лік­­ке қол­жетімді жерде қалың жұрт­шылық назарына ұсыны­лады. Сондай-ақ аллеяда тари­хы 4 мыңнан астам жылға терең­дей­тін Теректі-Әулие және Бай­қо­ңыр петроглифтері орын алады.

Ұзындығы 190,3 метр, ал ені 18,6 метр болатын жаяу жүр­гіншілер аллеясы монумент алаңы мен сол жердің «Мәңгілік Ел» алаңына ұласатын батыс жақ бөлігінің арасында болады. Гүлзардың екі қапталында сәкілер мен қоқыс жәшіктері қатар түзейді.

Аллеяның ортаңғы бөлігі кеңи келіп, алаңқайға айналады да, ол жердегі тақырыптық альпинарий аясына Ұлытау даласын ежелден мекендейтін киіктердің мүсіні қойылады. Сонымен қатар, аллеяның табанына геометриялық өрнектерді құрайтын тас тақтайшалар төсе­ліп, оның екі жиегі түрлі ағаш, қызылды-жасыл гүл, көкорай шалғынмен көмкеріледі.

«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі қазіргі таңда Қара­ғанды көркем өнер комбинатында жасалып жатыр. Үш баланы құшағына алып, бауырына басқан қазақ әйелінің – қамқор ананың тұлғасы қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосып санағанда 13,35 метрге жетеді. Мүсіншілер монументтің кескін келбетіне зұлмат заманында түрлі зобалаңға ұшырап, қазақтың даласына зорлықпен қоныс аударылған өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, өз баласындай бауырына басқан қазақ халқының асыл қасиеттерін айшықтайтын мән-мағына беруге тырысқан. Жеті метрлік тұғырға қонған ескерткіш орын тебер алаңның жалпы көлемі 45,6х42,6 метр деп жоспарланған.

Монументтің орын тебер жері де дұрыс таңдалған: алыс­тан мендұндалап көрі­нетіндей өте ыңғайлы алаң­қай. Монументтің бас қасбеті қарай­тын Түркістан көшесі­нен және Салтанат қақпасы жағы­нан да көзге бірден түсетін болады.

Осыдан біраз бұрын Астана­да, Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифинг барысында Қарағанды облы­сының әкімі Ерлан Қошанов өңірдің елорда тойына тарту етер сыйы туралы толық ақ­парат берген болатын.

– Зады, тартылған сый­дың қанша тұратыны айтыла бермейді. Дегенмен, бұл тарту­дың ту сыртында демеушілер тарапынан болған мол үлестің тұрғанын атап айтқым келеді. Олар бұл игі іске қатыстылығы барын жария еткісі келмей­тін өзіміздің кәсіпкерлеріміз. Бірақ олар бұл сыйдың барша қарағандылықтар атынан еке­нін мақтанышпен айтады, – деп атап өткен еді Ерлан Қошанов.

Арқа төсіндегі алтын тәжді Астананың осыдан 10 жыл бұрынғы мерейтойына да Қарағанды облысы тамаша тарту жасаған болатын. Елорда циркінің алдына қарағандылық шеберлер қақ ортасында эквилибрист бала мүсіні орналасқан музыкалық субұрқақ салды. Субұрқақтың айналасына ертегі кейіпкерлерінің, жан-жануар­лардың мүсіндері қойыл­ды. Кеш түсе алуан түсті жарықпен әрленіп, музыка сазымен мың бұрала билеп, метр биіктікке дейін шапшитын бұл субұрқақ қазіргі уақытта Астананың ажарына айтар­лықтай көрік берген компози­циялық кешендердің бірінен саналады.

Жиырма жылда жер-жа­һан­ға түгел танылған Астана шаһары көрші облыстың дархан жүректен ұсынған тарту-сыйымен тіпті де шырайлана түсері анық. Ал қарағанды­лық құрылысшылар болса, «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументінің жұмыстары маусым айының соңына қарай толық аяқталып, елорда жұртының көзайымына айналады деп жоспарлап отыр.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ