Суретті түсірген Ерлан ОМАР
Астана – еліміздің жаңа тарихында бой көтерген, Қазақстан дамуының бетбұрысты, заманалық кезеңінде жүзеге асырылған керемет жоба. Жас мемлекеттің басты бағдарлары анықталған және бекітілген кезеңде тарихи және ұлттық сәйкестендірудің негізгі қағидаттарын қалыптастырудың күрделі үдерістерінде Астананың жылдам дамуы еліміздің саяси және экономикалық жаңғыруына, сондай-ақ әлеуметтік оптимизмді нығайтуға, қоғамның жағымды үміттенулерін және құндылықтарын қалыптастыруға айтарлықтай негіз болды.
Мемлекет астанасының Арқа төріне ауысуы саяси жаңару, мемлекеттілікті нығайту идеясын жүзеге асырды, ұлттық құндылықтардың негізінде халықтың бірлігі сақталды. Еркін елдің елордасы күн нұрындай нұрланып, бүгінде дүниежүзіне ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ұлттық нақышты ұлықтаған, жаңашылдыққа ұмтылған қуатты жас астана ретінде танылып үлгерді. Біз үшін Астананың ғаламдық қала ретiнде дамуы, Еуразия кеңiстiгiнiң орталығына айналуы аса маңызды. Елбасы «Қазақстандағы дипломатия ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ОАЫҰ сияқты ұйымдар басымдығын бекітуге аса назар аудару тиіс», деп атап айтқан болатын. Міне, осы мақсатта елорда төрінде бағдарлы болашаққа, өркениет жолына бастайтын өміршең жобалар жүзеге асырылып келеді.
Алдына өршіл жоспарларды мақсат ету арқылы алып шаһар қарқынды дамып, санаулы жылдар ішінде халықаралық аренада өзін таныта алды. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі ретінде танылды. 2011 жылы «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды.
Астананың жетістігі – әлемдегі жетекші үдерістердің қатысушысы ретінде Қазақстанның халықаралық деңгейде мойындалуы, серіктестік пен сенім саясатын халықаралық деңгейде қуаттауы. Бүгінгі таңда Астана жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізуге қажетті алаңға айналды: Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, ЕҚЫҰ саммиті, Ислам Ынтымақтастығы ұйымының форумы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің саммиті, Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесі, Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздер. Осы және басқа да көптеген оқиғалар саяси тұрақтылықты нығайту, тиімді экономикалық реформалар саласындағы Қазақстанның маңызды жетістіктері.
Елорданың қарқынды дамуы, оның саяси, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымы қысқа уақыт ішінде ел үшін бизнес катализаторы және ұйымдастырушылық, еңбек, басқару, ғылыми-өндірістік және технологиялық ресурстарды біріктіретін орталық болуына мүмкіндік берді. Мегаполистің өспелі қажеттілігі «гравитациялық әсерді» жіберу ар-
қылы адамдарға, ақпараттарға, та-
уарларға және қызметтерге деген қызығушылығын арттырды. Осының арқасында өңірде қуатты өнеркәсіпті дамыту басталды.
Елордада индустриялық аймақтар мен технопарктер құрылуда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі қарқынды өсіп келеді және әлемге әйгілі кәсіпорындар пайда болуда. Мұнда тепловоздарды, вагондар мен тікұшақтарды, күн модульдерін және тағы басқаларын өндіруге арналған Қазақстан үшін аса жаңа индустрия салалары дамуда. Инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалуда: «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы 1 000 гектардан астам индустриялық паркпен жұмыс істейді. Бұл инвесторлар үшін бірқатар артықшылық береді, жер және мүлік салығын алып тастайды, әкімшілік рәсімдерді қысқартады, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жеңілдетеді. Мұның бәрі елдің экономикасын дамытуға зор үлес қосады.
Жаңа астана көптеген инфрақұрылымдық көлік жобаларына өмір сыйлады. Қазір Көкшетау мен Петропавл қалаларына дейін, оңтүстігінде Қарағанды арқылы Алматыға дейін салынып жатқан Бурабайға дейінгі алғашқы қазақ автобаны осыдан бастау алады. Елорда жаңа темір жол желілері жүйесі арқылы еліміздің шығыс және батыс өңірлері арасындағы байланысқа айналды. 1997 жылдан бастап бұрынғы Ақмоланың ауқымы үш есеге жуық өскен.
Технологиялық инновациялардың әлеуметтік контексі, оның аймақтың және тұтастай елдің негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге араласуы аса маңызды. Ең алдымен экономикалық жаңғырту үдерістері бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін дамытуға ықпал ететін жоғары білікті мамандарды ұсынуды талап етті. Мемлекеттің күш-жігері Астананың жоғары оқу орындарын және жаңа білім ордаларын дамытуға бағытталған.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ мемлекеттік медицина академиясы студенттерге өз есігін ашты. 2001 жылы Астанада М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылды, ірі мемлекеттік емес университеттер – Қазақ гуманитарлық-заң университеті, Қазақстан-Ресей университеті, Еуразия гуманитарлық институты және басқалары жұмысын бастады.
Бүгінде Қазақстанның жаңа ғылыми және білім беру жүйесінің үздік үлгісіне айналған Назарбаев Университет 2010 жылы жұмысын бастады. Назарбаев Университеттің негізінде ұлттық инновациялық және интеллектуалды кластер тез дамып келеді. Оның ішінде, Энергетикалық зерттеулер орталығы, Өмір туралы ғылымдар орталығы, Білім беру саясаты орталығы бар.
Астаналық жоғары оқу орындарында ғылыми зерттеулер мен білім беру үдерісіне жетекші ғалымдарды тарту үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Астана әлемнің әр түкпірінен келген талапкерлерге білім бере алатын орталыққа айналды. Әртүрлі елдердің ЖОО арасындағы халықаралық байланыстарды кеңейту жалпы білім беру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Білім беру мүмкіндіктері арқылы «ақылды экономика» жағдайында жұмыс істей алатын жаңа сипатқа ие білікті, білімді, басқарушылық қабілеті жоғары буын қалыптасты.
Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған жиында Елбасы елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берген еді: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді... Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».
Бүгінде бұл сөздер одан да маңызды және сенімді естіледі. Астана – заманауи, ыңғайлы, қонақжай, бай дәстүрлері мен керемет басымдықтары бар алып шаһар. Елорда – Қазақстанның рухани-мәдени орталығы. Қала әлеуметтік-экономикалық өмірдің жаңа қазақстандық стандартын қалыптастырады, әлемнің жетекші бағыттарына сәйкес мемлекеттің даму векторын анықтайды. Сондықтан Астана қазақстандықтар үшін ұлттық идеяның көрнекі көрінісі іспеттес.
Еркін КӨБЕЕВ,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, профессор