Парламент • 28 Маусым, 2018

Мәжілістің үшінші сессиясы қорытындыланды

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің үшінші сессиясының соңғы жалпы отырысының күн тәртібіне төрт мәселе шығарылды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин­нің төрағалығымен өткен бұл отырыста депутаттар бірнеше заң жобасын тұтастай мақұлдады.

Мәжілістің үшінші сессиясы қорытындыланды

Депутаттар алдымен «Еура­зиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқым­дарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабыл­дады. Бұл келісімнің мақ­саты – Еуразиялық эконо­микалық одақ шеңберінде тұ­қымдардың жалпы нары­ғын дамыту, аталған одаққа мүше мемлекеттердің өсім­дік тұқымдарының жалпы ақпараттық ресурсын қалып­тастыру, сонымен қатар тұқым­ның сұрыптық және егу сапасын айқындаудың бір­ың­ғай әдістерін қолдануды қам­тамасыз ету. Келісімді іске асыру сұрыптарды сынау, тұқым саласындағы заңна­маны жетілдіру, еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тұқымдар­дың жалпы нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтуге, селек­ция­ны және тұқым шаруа­шы­лығын дамытуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін бәсекеге қабілеттілігін артты­руға мүмкіндік бермек.

Жалпы отырыста сондай-ақ «1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосарлан­ған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Респуб­ли­­касының Үкіметі мен Өз­бек­стан Республикасының Үкіметі арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов заң жобасының негізгі баптарына тоқталып өтті.

«Заң жобасында бірінші­д­ен, алдағы уақытта салық­тың барлық түрлері бо­йынша ақпарат алмасуды қалып­тастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақ­тастық­ты нығайту қолға алынады. Екінші­ден, ішкі заңнамада көзделген салық төлеуден жалтаруға қарсы шараларды қолдану; үшіншіден, заңды тұлғалар бо­йынша қосар­ланған резиденттік проблемаларын жою; төртіншіден, кейбір қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде, олардың табыстарына бірінші күннен бастап салық салу көзделген», деді Б.Сұлтанов.

Қаржы министрінің айтуына қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы соңғы 10 жылда (2008-2017 жылдар) 17,8 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың көрсеткіші бойынша отандық экспорттың негізгі баптары қара металдар (22,6%), мұнай өнімдері (18,9%), бидай (16,7%), бидай ұны (9,1%) болып отыр. Ал импорт құрылымында жемістер мен жаңғақтар (32,5%), табиғи газ (15,5%), көкөніс (10,2%) басымдыққа ие.

Депутаттар «Еуразиялық экономика­лық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да тұтастай мақұлдады.

Бұл құжат бойынша баян­дама жасаған Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қор­ғау министрі Мәдина Әбіл­қасымова:

«Келісім Еуразиялық экономика­лық қоғамдастық­қа мүше мемлекеттер­дің өнді­ріс­тегі жазатайым оқи­ға салдарынан зардап шек­кен азаматтардың еңбек құқық­тарын қорғауға бағытталған. Келісім қызметтік іссапар кезеңінде еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтармен ғана емес, өз бетінше жұмысқа орналасқан азаматтармен, сондай-ақ мекемелер жұмысқа қабылдап алған жұмыскерлермен де болған жазатайым оқиғаларды тексеру тәртібін бекітуге арналған. Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтарымен екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асырғанда ұшыра­ған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру тәртібі жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленеді», деді.

Бұл ретте, келісімде қатысу­шы елдер үшін өндірістегі жазатайым оқиға туралы актінің бірыңғай формасын бекіту көзделген. Ал тексеру аяқталғаннан кейін, жұмыс беруші жазатайым оқиғадан зардап шеккен қызметкерге жазатайым оқиға туралы актіні беруге міндеттелмек. Сондай-ақ актінің бір данасы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің еңбек инспекциясына жолданады.

«Топтық, ауыр немесе адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаларды тексеру аяқталғаннан кейін, актіні тексеру материалдарымен бірге зардап шегуші азаматтың тұратын мемлекетінің уәкі­лет­ті органына жолданады. Қатысушы мемлекеттің аума­ғындағы болған жазатайым оқиғаны тексеруге байланыс­ты берілген құжаттар немесе екінші қатысушы елдің біреуінің аумағында жасал­ған құжаттардың көшірме­­­лері қоғамдастықтың басқа елдерімен заң­дастырусыз қабылданады», деп атап өтті министр.

Мәжілісте осыдан тура бір жыл бұрын бірінші оқылымда мақұл­данған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­намалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Жарнама қызметін мемлекет­тік реттеуді жүйелендіруге және жарнама саласындағы заң­наманы жетілдіруге ба­ғыт­талған құжатқа осы уа­қыт аралығын­да жұмыс тобы шамамен 200 түзетуді қараған.

Жалпы отырыс соңында депутаттар орталық және атқару­шы органдардың басшыларына депутаттық сауалдарын жолдаған соң Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин биылғы сессия жұмысын қорытындылады. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде:

– Бұл сессия Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мәжілістің алдына қойған маңызды міндет­тері мен тапсырмаларын орын­дауға арналды. Ең бас­тысы, Президентіміз Парламентте өзінің Бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын. Сондықтан осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету біздің депутаттарымыздың осы сессиядағы негізгі міндет­терінің бірі болды. Бұл жолда көптеген заң қабыл­данып, көптеген парламенттік шара өтті, – деді.

Атап айтар болсақ, осы сессияда Мәжілістің 38 жалпы отырысы өтіп, 200-ден астам мәселе қаралды. Осы кезеңде палата қарауында 128 заң жобасы болып, оның 91-і мақұлданып, Сенатқа жолданған. Сонымен бірге 18 «Үкімет сағаты» мен 2 парла­менттік тыңдау, 21 көш­пелі отырыс және 3 халық­ара­лық конференция ұйымдас­тырылды. Палата Төрағасы атап өткендей, осының барлы­ғы – депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі.

Ал ертеңге жоспарланған Парламент палаталарының бірлескен отырысында Парла­мент­тің үшінші сессиясы қоры­тындыланып, алдағы жоспарлар белгіленетін болады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»