Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, Арнайы мониторинг тобының төрайымы Айгүл Соловьева, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин, «Халықтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті» ҚҚ президенті Мұсағали Дуамбеков қатысып, атқарылған жұмыс жөнінде ақпарат берді.
«Қазақстанда түбегейлі реформалардың арқасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңа моделі қалыптасып, әлемдік стандарттарға сәйкес институттар мен механизмдер қолданысқа енді. Басты мақсат – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, олардың себептерін анықтап, түбегейлі жою. Сондықтан қоғамды қатыстыру арқылы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет. Азаматтардың қоғамдық бақылауды жүзеге асыруына және мемлекеттік органдардың қызметін бақылауына мүмкіндік беретін мемлекеттің ашықтығы мен есеп берушілігін қамтамасыз ету қажет», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Арман Бердалин Агенттіктің жанынан құрылған мониторингтік топтың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл, ең алдымен, жасалып жатқан мемлекеттік қызметтің кемшілігін анықтауға, жемқорлықты қайтіп жеңеміз деген сұраққа қоғамның көзімен жауап іздеуге мүмкіндік береді. Осы орайда біз Қазақстанның барлық облыстарын аралап шыққан болатынбыз. Айта кету керек, тек қана облыс орталықтарын ғана емес, сонымен бірге, шалғай жатқан ауыл-аудандарға да соқтық. Ол жердегі халықтың ой-пікірін тыңдап, хал-ахуалын көріп, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызмет дер кезінде және уақтында сапалы жетіп жатыр ма деген сұрақтар төңірегінде сараптама жүргіздік. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің 746 түрі көрсетіледі. Солардың 70 пайыздан астамы электронды түрде қолжетімді болып отыр. Біз өзіміздің сапарымыз барысында кейбір елді мекендерде интернет желісі қосылмағанын көрдік. Бұрындары бір жапырақ қағаз алу үшін аудан, одан қалды облысқа баруға тура келетін. Қазіргі таңда бұл жұмысты үйден шықпай-ақ орындауға мүмкіндік туды. Дегенмен, халық соны толықтай игерді ме, жоқ па, осыны анықтау біздің басты міндетіміз», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»