Осындай алыс-беріс кезінде Шымкент пен Сайрамда жер дауы өршіп кетті. Қалаға өтеді деген аумақтар күні бұрын таратылыпты. Соған сай жерді он гектарлап сатып алып, кейіннен 8 сотықтан бөлшектеп қайта сатқан пысықайлар да көбейген. Әйтеуір, осы кездері бұл мүмкіндікті пайдаланып, жер бизнесін қыздырған топтардың болғаны анық. Бұған бақылаудың жеткілікті деңгейде болмағаны да әсерін тигізген сияқты. Соның салдары енді шығып жатыр.
Шымкент қаласына қарасты Орманшы елді мекені облыс орталығына осыдан бірнеше жыл бұрын ғана өткен екен. Ал Орманшының тұрғыны Ермек Сағымбаев аталған ауылдағы баспанасын 11 жыл бұрын сатып алыпты. Айтуынша, бұрынғы жер иесіне Сайрам ауданы Бадам ауылдық округі әкімінің шешімі негізінде жерге және оны тіркеуге мемлекеттік акті берілген. Үйге жарық, су, газ кіргізілген. Сөйтіп жүргенде былтыр соттан шақырту келген. Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі баспана салынған аумақтың аталған мекеменің тұқымбаққа арналған жерімен беттесетінін, яғни сол аймаққа жататынын алға тартып, талап арыз берген. Сондықтан ақпан айында Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты жылжымайтын мүлікке берілген барлық құжаттарды жарамсыз деп тану, жерді босату жөнінде шешім шығарған. Әрине жерді босату деген сыпайы сөздің арғы жағында үйді бұзу, бір отбасының қаңғып көшеде қалуы жатқаны айтпаса да түсінікті ғой. Жауапкер облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымданғанымен, алғашқы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
– Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі осы 11 жыл ішінде бірде-бір рет келіп, жерге қатысты шағым айтқан емес еді. Енді бүтіндей бір ауыл салынып кеткен соң сотқа беріп, жұртты азан-қазан қылып жатыр, – деді бізге берген сұхбатында Е.Сағымбаев.
Соттасып жатқан жалғыз Е.Сағымбаев қана емес. Оның көршісі Мақсат Жасыбаев та осыдан он жыл бұрын сатып- алған үйінің тағдырына алаңдап, сотқа шапқылаумен жүр. Жерге уақтысында Бадам ауылдық округі әкімінің шешімі берілген. М.Жасыбаевтың айтуынша, баспананың дау болып жатқанын ол биыл наурызда кездейсоқ білген. Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі мұның алдында бір рет сотқа талап арыз берген. Кейіннен түсініксіз себептермен талап арыздан бас тартып, қайтарып алған. Алайда арада бір айдан астам уақыт өткенде талап арызды екінші қайтара бергені тіптен түсініксіз.
Тұрғындардың айтуынша, қазіргі уақытта баспаналарынан айырылып қалу қаупі туған отбасылардың саны 22-ге жеткен. Алғашқыда сот тұрғындардың мүддесін қорғап, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің берген талап арыздарын қанағаттандырусыз қалдырған. Артынша осы Сағымбаевтың ісінен бастап, талапкердің пайдасына ғана шешім шығарыла бастаған. Сонда мән-жайы ұқсас істер бойынша неге әртүрлі шешімдер шығарылады? Әзірге бұл сауалдың жауабы табылмай тұр.
Екіншіден, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі тұрғындарды сотқа бергенімен кейбір істер бойынша талап арыздарын қайтарып алған, кей істер бойынша талап арызды қайта берген. Енді бір істер бойынша шешімге апелляциялық шағым берген, біріне бермеген. Бұл неліктен екен? Рас, мекеменің даулап жатқан жері пайдалану нысаны бойынша тұқымбаққа арналған. Алайда бұл жерге көшет егілмегелі көп жылдар өтіпті. Арамшөп басып кеткен жерге тұрғындардың малы жайылады.
Аталған мекеменің басшысы Нұрмахан Жұмағұловпен сөйлескенімізде, ол тұрғындардың салып қойған баспаналары салдарынан жерге қатысты құжаттарды Шымкент қаласында қайта рәсімдей алмай отырғанын алға тартты. Ал сотқа талап арыз облыстық прокуратураның ұсынысымен беріліпті.
Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің ғимараты осы жерден таяқ тастам аумақта жатыр. Көз алдарында тұрғын жерге баспана салынып жатқан кезде басшылар қайда қараған?!
Бұл сауалдарымызға Н.Жұмағұлов:
– Мен бұл мекемеге 2015 жылы ғана басшы болып келдім. Сондықтан оған бұрынғы басшылар біледі, – деп жауап берді. Сонда бұл дауды болдырмауға, алдын алуға болатын еді ғой. Оның үстіне дау ортақ болғанымен, сот шешімдері неліктен әртүрлі? Айналып келгенде үйінің тағдыры таразыға түсіп жатқан момын халықтың мүддесін кім қорғайды?
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»