Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шайқорық елді мекенінде кезінде жүзім бауы болған. Кеңес дәуірінде әйгілі жүзімдік орнына айналған алқап кейінгі уақытта пайдаланылмай, 15 жыл бойы бос жатқан еді. Тіпті бұл жер ауыл тұрғындарының қоқыс тастайтын орнына айналып кеткен болатын. Алайда мемлекеттің қолдауы арқылы пайдаланылмай бос жатқан жер бүгінде жайқалған алма бағына айналды.
2014 жылы «Сады Востока» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылған кооператив әуелі аудан әкімдігі арқылы 117 гектар жер алып, шаруасын бастаған. Одан кейін 24 гектар жерге интенсивті алма бағын салды.
«Әуелі қоқыстарды тазарту жұмыстарымен бір жыл айналыстық. Бір жылдың ішінде 300 КамАЗ қоқыс шығарылды. Шаруаның бәрі ретке келіп, алма бағын салдық. 2016 жылы бұл жерден бірінші рет 400 тонна алма алдық», дейді «Сады Востока» ЖШС басшысы Альтаир Досымбеков.
Аталған өнімдер Астана, Алматы қалаларында және облыс аудандарында 120-150 теңге аралығында сатылыпты. Ал 2016 жылы осы жерден тағы да «Шайқорық бауы» деп аталатын өндірістік кооперативі құрылған. Бұл мақсатқа «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы лизингпен 680 миллион теңге бөлініп, 50 гектар жерге алма бағы салынған. Алма бағының көшеттері арнайы Польшадан әкелінген екен. Бүгінгі таңда өндірістік кооперативте 10 адам бар. Ал ағымдағы жылы тағы да 15 гектар жерге интенсивті алма бағы егіліп, кейінгі жылдары өнім беруге дайын.
Серіктестік басшысы интенсивті алма бағына қатысты бір мәселені айтып өтті. «Мемлекет бізге әр түп алма көшетіне 315 теңгеден субсидия беріп отыр. Нәтижесінде биыл 800 тонна алма алдық. Бүгінде бұл жерде 50-60 адам жұмыс істейді. Құдайға шүкір, өнім жаман емес. Бірақ бізге енді алма сақтайтын заманауи қойма керек болып тұр. Жиын-терім кезінде өнімдердің бәрін бір мезгілде сату қиын. Сатсақ та, арзан бағаға сатылады. Егер қойманы өзіміз салатын болсақ, оған кеткен шығынды ақтай алмаймыз. Мәселен, Еуропа мемлекеттерінде кәсіпкер қойма салатын болса, оның 70 пайызын мемлекет төлейді екен. Бізде де осы үрдіс жолға қойылса екен деймін. Біз жиналған өнімдерді Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылындағы қоймада сақтап отырмыз. Сақтағанымыз үшін әр кило алмаға 6 теңгеден төлейміз. Одан кейін тасымалдың шығыны тағы бар. Техниканың бәрі лизингте. Несиені төлейтін уақыт та жақындап келеді», дейді ол.
Мықты маман қай кезде де сұранысқа ие. Сондықтан аталған серіктестіктен 4 адам білімін жетілдіру мақсатында Польша мемлекетіне жіберілген. Сонымен қатар Альтаир Досымбеков жас мамандарды тарту, оларды жұмысқа үйрету бүгінде өзекті екенін жеткізді. Жақсы маман болмаса, жақсы нәтиженің де болмайтынын айтты.
Интенсивті алма бағын дамыту Жамбыл ауданында бірыңғай қолға алынып, бүгінде мұнда үш ірі алма бағы салынған. 2015 жылы Ақбастау ауылында «Әулие-Ата Алма» өндірістік кооперативі құрылып, аталған кооператив 2016 жылы көктемде 50 гектар жерге алма көшетін отырғызыпты. Әр гектардан 10 тонна алма алу жоспарланып отырған алма бағы 2021 жылға қарай өнім бере бастамақ. Мұнда да «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 664 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде кооперативтің 10 мүшесі бар. Басшысы Рустам Ганижановтың айтуынша, кооператив мүшелері аталған соманы 10 жылдың ішінде мемлекетке қайтару керек екен. Алайда кәсіпкер бұл жерде үлкен мәселенің бар екенін айтып өтті. «Ауыл шаруашылығы министрлігімен әуелгі келісім бойынша 14 пайыз несиенің 7 пайызын мемлекет төлейтін болған. Кейін министрлік тарапынан өзгерістер орын алып, енді 14 пайыз несиенің бәрін де өзіміз төлейтін болып отырмыз», дейді ол.
Ал Қаракемер ауылдық округі Құмтиын елді мекенінде орналасқан «ALTYN ALMA – A» өндірістік кооперативі де «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы лизингпен қаржыландырылған. Мұндағы алма бағының жалпы алаңы 60 гектар болса, оның 50 гектарына көшеттер отырғызылған. Алма бағы 2020 жылы толық қуаттылығына шыққанда жылына 2500 тоннаға дейін өнім береді екен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев мұндай несие қазір тек бір жылға ғана берілетінін айтады. Басқарма тарапынан алма бақтарын тамшылатып суару үшін 1 гектар жерге кететін шлангаға 134 мың теңгеден, ал бір түп көшетке 315 теңгеден төленеді екен. Сонда шаруалардың кеткен шығынының 30 пайызын басқарма өтейді.
Бүгінде облыстағы қарқынды алма бақтары қолдауға ие. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау аз емес. Алайда кәсіпкерлерді қойма жайы мен несие жайы алаңдатып отыр. Егер 14 пайыз несиені түгелімен өздері төлейтін болса, өнімнен түсетін табыстың бәрі қарызды жабуға кететінін айтады. Сондықтан да мемлекет тарапынан осы тектес мәселелер бойынша қолдау күтетіндерін жеткізді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы