28 Маусым, 2018

ХВҚ: Қазақстан экономикасында өсім байқалады

475 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы миссиясының басшысы Марк Хортон кеше БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ел экономикасына жасалған сараптаманың қорытындысын баяндап, алдағы өзгерістерге қатысты болжамдарымен бөлісті.

ХВҚ: Қазақстан экономикасында өсім байқалады

Миссия жетекшісі М.Хортонның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан экономикасында өсім байқалады. Биылғы жылға жасалған болжам бойынша экономикалық өсім 4 пайыз шамасында болмақ.

– Алайда аталған көрсеткіш одан да жоғары болуы әбден мүмкін. Шамамен − 4,5 пайыз. Ал мемлекеттік органдар жасаған болжам біз көрсеткен межеден жоғары болып отыр. Оған басты се­беп, елдегі жүргізіліп отырған ре­фор­­малардың сәтті іске асуы, экономи­каны әртараптандырудың жол­ға қойылуы деп бағамдаймыз. Бұ­ған қоса, екінші дең­гейлі банктердің тұрақ­ты­лығы мен әлеуетінің жоғары болуы, эко­но­миканың негізгі қозғаушы күш­те­рінің бірі, – деді М.Хортон. Миссия жетекшісі жасаған болжамына сәйкес, алдағы 4 жылда елдегі ІЖӨ 5,5 пайызды құ­ра­уы ықтимал. Ол үшін мемлекет бас­­шылығы мен Ұлттық банк құ­ры­лым­дық реформалардың жүйелі іске асуын назарға алуы тиіс.

– 2000-2007 жылдары мұнай ресурс­тары көптеп ашылып, Астанаға тар­тыл­ған инвестиция көлемі айтарлықтай артып, мемлекеттік инвестицияның қар­қын алып тұрған шағында елдегі ІЖӨ үлесі 7,5 пайызды құраған еді. Бұл көр­сеткішке қайта қол жеткізу үшін жос­пар­лы түрде жұмыс жүргізу қажет деп есептеймін, – деді миссия жетекшісі.

Оның айтуынша, өсімнің артуына салық саласындағы реформалардың да оң ықпалы бар. Халықаралық валюта қоры жалақысы төмен азаматтардың кіріс салығын төмендету сияқты ша­ралар­ды қолдайтындығын білдірді. Алайда жоғары жалақы алатындардың прогрессивті межесін көтеру арқылы жеңілдік шараларына кеткен қаражатты ақтап алуға болатынын айтады. Ал білім мен денсаулық саласында адам басына қарай қаржыландыру тетігін енгізудің нәтижесінде бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге мүмкіндік бар.

– Ұлттық банк өз жұмысын ойдағыдай атқарып келеді. Инфляцияның деңгейі 6 пайыздың айналасында. Аталған көр­сеткішті төмендету мақсатында тиіс­ті шаралар атқарылуда. Теңге баға­­мы да айтарлықтай өзгерген жоқ. Оған көп жағдайда мұнай бағасы мен рубль­дің бағамы әсер етіп отыр. Гео­сая­си факторлардың ықпалы да бар. Жал­пы, бүгінде елде экономикалық өсім байқалады. Енді Ұлттық банк пен мемлекеттік органдарға экономиканы қаржыландыруды азайту қажет деп санаймын. Бизнес бірінші орынға шығуы тиіс. Оған тағы бір-екі жыл керек екені анық. Меніңше, елдегі қолға алған бастамалар соңына дейін сәтті жүзеге асатын болса, экономикалық өсімнің көрсеткіші артады, – деді Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы миссиясының басшысы.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»