Аймақтар • 28 Маусым, 2018

Ақтөбе аймағында «Электронды өтініштер» атты жоба басталды

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында «Электронды өтініштер» атты қанатқақты жоба қолға алынды. Бұл бастама бұл бастама «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына арқа сүйейді. Оның басты мақсаты азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініш жазуын жеңілдету. Осы арқылы кез-келген адам қажетті органға анаулы минуттардың ішінде өтініш жолдап, оған тез жауап ала алады.

Ақтөбе аймағында «Электронды өтініштер» атты жоба басталды

Мұның өзі қарапайым тұрғындар мен әншейінде қол жетпестей болып көрінетін жоғары мемлекеттік органдардың арасын жақындата түседі. Тіпті тікелей байланыстырады. ҚР Бас прокуратурасының бастамасы бойынша тұсауы кесілген қанатқақты жоба республика облыстары арасында тұңғыш рет Ақтөбе облысында іске қосылған. Бұл үшін өзге емес, нақты осы өңір неліктен таңдалған?

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті төрағасының орынбасары Бақыт Әбішевтің айтуынша Ақтөбеде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы брйынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың деңгейі жоғары. Бұл өз кезегінде «Электронды өтініштер» жобасын жүзеге асыруға басты негіз қалайды. Облыс орталығындағы халықтық кеңсе қызметі де оны жүргізуге елеулі септігін тигізбек. Сондықтан да республика үкіметі қанатқақты жобаны Ақтөбеден бастау жөнінде шешім алыпты.

Азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған өтініштері қоғамның тамыр соғысын анықтайтын барометр іспеттес. Өйткені тұрғындар мемлекетті басқаруға осындай электрондық түрдегі өтініштері мен ұсыныстары арқылы қатыса алады. Аталған жобаны одан әрі жетілдірудің қажеттілігі де осында. Тағы бір түйінді мәселе: азаматтар алғашқыда өз өтініштерін қай органның атына жолдауын дәл білмеуі де мүмкін.Президент әкімшілігіне ме, жоқ әлде Үкімет пен салалық министрліктерге ме? Немесе «Нұр Отан» партиясы атына ма?   Сондықтан да олардың электронды өтініштері осы мәселелермен нақты түрде айналысатын органдарға келіп түсуі оңтайлы деп танылды. Жоба халықтық кеңсе, мобильді қосымша, «Казпошта» бөлімшелері және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізіледі. Қанатқақты жобаның прототипін ҚР Бас прокуратурасы мен «Зерде холдингі» ұлттық компаниясы бірлесіп әзірледі дейді бас прокуратура өкілі. Өз бастауын Ақтөбеден алған жарқын жоба тамыз айында еліміздегі үшінші мегополис Шымкентте, қыркүйекте жаңа облыс орталығы Түркістанда, қазан айында астана қаласында енгізілмек. Ал 2020 жылы «Электронды өтініштер» жүйесі тұтастай ел аумағын қамтымақ. Мұндай жағдайда берілген өтініштерге жылдам жауап алу тұтқалары енгізілгені еуропалық және әлемдік стандарттарға толықтай сәйкес келеді. Себебі «Электронды өтініштер» жағдайында кеңселік сырғытпа жауаптар болмайтыны айтпаса да түсінікті. Екінші жағдайда жаңа жүйе қай сала бойынша тұрғындардың өтініштері көбірек келуіне орай тиісті сараптамалар жасауға септігін тигізбек.

Дәл қазіргі күні Ақтөбеде қанатқақты жоба өз қызметін «Халықтық кеңсенің» көмегі арқылы бастап отыр. Мұндағы жұмыс істеу қағидаттары қандай дегенге келсек, бұл жерде өтініштерді қабылдаудың басты қосыны жұмыс істейді. Дәл осы жерде Ақтөбе қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері азаматтардың өтініштерін қабылдау мен оны тиісті жоғары мемлекеттік органдарға жіберудің жолдары мен тәртіптерін түсіндіреді. Бұл әрине алғашқы қадамдар екені белгілі. Кейін тұрғындар бұл істің бүге-шегесіне қаныққаннан кейін «Әлеуметтік өтініштерді»дербес өздері жолдай бермек.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ