Медицина • 29 Маусым, 2018

Бала ұрғаннан жаман бола ма?

3764 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ЮНИСЕФ Балалар қоры жүргізген зерттеуге сү­йен­сек, дүниежүзі бойынша үлкендер тарапынан қатыгездік, зорлық-зомбылық көріп жатқан бал­дыр­ған­дардың саны миллиондап саналады. Сәбилер мен мектеп жасындағы оқушылар балабақша, мектеп, қоғамдық орындарда ғана емес, үйде де ұрып-соғудың небір түрін бастан өткеруде. Қазіргі кезде әртүрлі себеппен жасы бірге толмаған сәбиін де аямай ұратын ата-аналар көбеюде. 

Бала ұрғаннан жаман бола ма?

ЮНИСЕФ-тің Балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілі Корнелиус Уильямс әлем бойынша балалар көріп жатқан қорлыққа бейжай қарауға болмайтынын айтады. Өкілдің айтуынша, сәби­лерді ұрып-соғу былай тұрсын, кішкентай қыздар мен ұлдарды азғындықтың небір түріне итермелейтін ересектердің пайда болуы алаңдатады. Нақты мәлі­метке сүйенсек, әлемдегі 2-4 жас аралығындағы 300 мил­лион бала өз үйінде пси­хологиялық қысым мен фи­зикалық тұрғыда жазалау­ды бастан өткереді екен. Отыз мемлекеттегі бір жасар он сәбидің алтауы үлкендер тара­пынан қысым көреді. Тәй-тәй басқан он бөбектің біреуін әке-шешесі ұрып-соғады деген де мәлімет бар. Балалардың жөн-жосықсыз қысымға ұшырап, зорлық-зомбылық құрбаны болуына отбасы құндылықтарының жойылуы мен дәстүрлі жан­ұялық жүйенің бұзылуы да себеп болуда. Әлемдегі бес жасқа толмаған 177 мил­­лион баланың анасы қа­сындағы ер адам тарапынан қысым көру­мен күнін өткізуде. Бұл әрбір төртінші бала туған әкенің ықыласына зәру деген сөз. 

Ата-ананың ұдайы бақы­лауы мен қарауынсыз қалған жас қыздардың зорлыққа ұшырау фактілері де азай­май отыр. 15-19 жас ара­лығындағы 15 миллион қыз азғын әре­кеттен зардап шегетіні анық­талған. Олар­дың 1 пайызы ғана кәсіби мамандардың пси­­хологиялық, медициналық көмегіне жүгінген. ЮНИСЕФ баяндамасына назар салсақ, жер бетіндегі 28 мемлекетте зорлық-зомбылыққа ұшы­раған қыз балалардың басым бөлігі қаскөйді тани­тынын мойындаған. Қа­зіргі кезде қыздар ғана емес, ұл балалардың да азғ­ын­дардан қорлық көргені туралы ақпараттар көрініс беруде. Соңғы жылдары мұ­ғалімдердің оқушыларға қол көтеру мәселесі жиі айтылуда. Әлем бойынша мектеп жасындағы балалардың тең жартысы, яғни 732 миллион адам мектепте ұрып-соғуға толықтай тосқауыл қойыл­маған елдерде өмір сүруде. 

Қазақстанға келсек, ха­лық­аралық ұйым статистикасына сәйкес бір жастағы балалардың үштен бірі қа­тыгездікке ұшырайды. Ал үл­кендер тарапынан дө­рекілік көрген 2-4 жастағы бал­дырғандар 50 пайызға жетеді. Балаларды ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу көр­­сет­­кіші 5-9 жас аралы­ғын­дағы балаларда 58 пайыз­ дең­гейіне көтерілген. Ха­лықаралық ұйым өкіл­дері жүр­гізген сауалдама нә­ти­жесі көрсеткендей, ата-ана­ның 67 пайызы, яғни сұ­рал­ғандардың үштен екісі ба­ласына психологиялық та, фи­зи­калық та қысым жаса­ғанын айтқан. Балалардың 62-79 пайызы әке-шешесінен ұдайы таяқ жейтіні анықтал­ған. 

Зерттеушілер балаға күш көр­сету арқылы тәрбие­леу ұрпақтан-ұрпақ­қа­­ бе­рі­­ле­тінін да айтады. Яғ­ни, кіш­кентай кезінде әке-­шеше­сінен жиі таяқ жеп­ өскен адам өзі ба­ла­лы-ша­ға­лы болғанда да ұл-қы­зына тым қатал қарай­ды. ЮНИСЕФ мамандары Қазақстандағы оқу­шы­лардың 66,2 пайызы мектепте күш көрсетуді бас­тан өткеретінін айтуда. Ұйым ел үкіметін баланы ұр­май-соқпай тәрбиелеу қағидаттарын енгізуде жас жеткіншектердің құқығын қорғауға бағытталған заңдар қабылдауға үндейді. Олар сондай-ақ баланы күш көр­сетпей тәрбиелеуге насихаттайтын ата-аналарға ар­налған бағдарламалар жасап, курстар да өткізген. Бұған қоса ЮНИСЕФ ел үкіметіне балаларға зорлық-зомбылық, күш көрсетуді азайтуға ба­ғыт­талған ұлт­тық жоспар қабылдауды ұсынуда. 

Баланы физикалық, психологиялық қысымнан сақтау тек үкіметтік жос­пар бойынша жүзеге асырылатын дүние емес. Бұл мәселеде басты тетік ата-ана қолында. Осы орайда үлкендердің өзін тәрбиелеу мәселесі де көтерілуде. Ха­лықаралық ұйымдар ондаған жылдан бері нұсқап келе жатқан экономикалық, әлеу­меттік теңдік тағы бар. Қы­сым көрген балаларға пси­хологиялық ақыл-кеңес бе­ріп, қажет болған жағдайда емдеу мәселесі де көтерілуде. Шетелдік мамандар елімізде балдырғандардың осындай бейбіт заманда ешкімнен қысым көрмей, жайма-шуақ жағдайда өмір сүруі үшін отбасында балалардың жағ­дайы мен қоғамдағы құ­қығын қорғауға басты назар аударуды ұсынады.

Жалпы, ата-аналарға «баланы ешқашан ұруға бол­май­ды» немесе «тәртіпке көн­беген баланы таяқтап алу керек» деп ақыл айтуға бол­мас. Өйткені қазіргі бала осыдан отыз-қырық жыл бұ­рынғы баладан басқа. «Баланы ұрмау керек» деп айту оңай болғанмен, үлкен кісі балаға еш себепсіз қол көтермесі аян. Таяқ жеуге барлық жағдайда баланың өзі кінәлі болмасы анық, ата-ананың ұл-қызын ұрып-соғуға сырттай себептер де әсер етуі мүмкін. Қыз­ме­тін­дегі келеңсіздіктер, әлеуметтік жағдайының төмендігі тәрізді өшін баладан алуға түрткі болатын жағдайлар аз емес. Қа­зіргі кезде жалғызбасты аналардың баласына қол көтеру жағдайлары туралы жазылып жүр. Бұл арқасүйер азаматы жоқ әйел басына түскен жүкті көтере алмай, ай­налаға деген ызасы үшін баласына қол көтереді деген сөз. Бірақ үнемі соққы көріп, ер жеткенше үлкендердің айғайынан көз ашпау бала­ның денсаулығына да, ақыл-ойына да теріс әсер ететіні белгілі. 

Мамандар үнемі ұрып-соғу арқылы тәрбиеленген бала өз қатарластарынан физикалық және әлеуметтік тұрғыда кеш жетілетінін айтуда. Психоэмоционалдық қысым салдарынан баланың ұйқысы бұзылып, тәбеті қашады, тіпті тілінде мүкістік пайда болуы мүмкін. Есте сақтау қабілеті төмендеп, жасына лайық қызығушылығы азаяды, мысалы, басқа балалармен бірігіп ойнауға зауқы соқпауы мүмкін. Бала бойындағы осындай депрессия ұлғая келе, мінез ерекшелігіне қарай агрессиялық әрекеттерге жетелеуі мүмкін. Мамандар баланың тілін табу қиын болған жағдайда әлеуметтік қызметкер, психолог сияқты мамандарға жүгінген абзал дейді. Бірақ өз баласын дұрыс тәрбиелей алмаған ата-ананы психолог түзу жолға түсіріп, қиын жағдайдан біржолата құтқарады деуге болмас. Тәрбие ісінде әр баланың болмыс ерекшелігін және ұлттық педагогика қағидаттарын да негізге ал­ған абзал. Баланың қабі­лет-қарымын, туабітті мінезін психолог емес алдымен ата-ана біледі емес пе? «Баланы әкеден артық ешкім танымас» деген жапон нақылы осындайда еске түседі.

«Online Psychology Degrees» порталының мә­ліметіне сүйенсек, да­мыған АҚШ-тың өзінде ата-аналар балаларын «сабап алу» арқылы тәртіпке салуды дұрыс көретіні байқалады. Бұл мемлекетте ата-ана­лардың 72 пайызы «бала ұр­ғаннан жаман болмайды» деген қағиданы ұстанады екен. АҚШ-тың 19 штатында мектепте оқушыны ұруға заң жүзінде рұқсат етілген. Шамамен 8 мың АҚШ мек­тебінде оқушыны ұру арқылы жөнге салады екен. Әлемдегі 52 мемлекетте (жер беті халықтарының 34 пайы­зы) баланы мектепте және түзету мекемесінде ұруға тыйым салынған. Олардың қатарында Армения, Әзер­байжан, Беларусь, Чехия, Түркия, Ұлыбритания бар. Ал 27 мемлекетте (әлем халықтарының 10 пайызы) тек мектепте ұруға болмайды. Бұл мемлекеттердің тізімінде Жапония, Иран, Алжир, Эквадор, БАӘ, Конго респуб­ликасы бар. 24 мемлекетте (жер беті халықтарының 6 пайызы) түзеу мекемелерінде баланы физикалық тұрғыда жазалауға болмайды. Бұған Қазақстан, Солтүстік Корея, Панама, Ямайка, Франция сияқты мемлекеттер кіре­ді. Ангола, Аустралия, Ирак, Тәжікстан, Сирия, Су­дан, АҚШ, Мексика, Үндіс­тан, Индонезия тәрізді 53 мемлекетте (жер беті халықтарының 39,6 пайызы) баланы ұруға заңмен тыйым салынбаған. 

БҰҰ-ның Бала құқығы жөніндегі комиссиясының ұстанымы бойынша, бала­ға физикалық тұрғыда қан­дай да бір күш көрсету өкі­леттікті асыра пайдалану бол­мақ. Америка ғалымдары 62 жыл бойы жүргізген зерттеу нәтижесін алға тартып, баланы физикалық тұрғыда жазалау жасөспірім бойында агрессияның өршуіне, антиәлеуметтік қадамдарға баруға итермелейді дейді. Сәби күнінде үлкендердің күш көрсетуін жиі бастан өт­кер­ген жанның жеке бас дамуында кемшіліктер болатыны да айтылуда. Жастайынан көп соққы көрген баланың миы зақымдалуы мүмкін. Шетел­дік зерттеушілер ата-анасы жиі ұрып-соғатын баланың IQ тест нәтижесі мәпе­леп өсірген баладан әлде­қайда төмен болады деген пікірде. 
«Қар қылаумен, бала сылаумен өседі» дейді қазақ. «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» деген де сөз бар. Баланы ұрмай тәрбиелеу үшін не істеу керек? Ең бас­тысы, ата-ана мен бала арасында рухани үйлесімділік болуы тиіс. Қандай да бір істің дұрыс-бұрысын сөзден гөрі іспен көрсету үздік тәрбие қағидаттарының бас­ты шамшырағы екені халық педагогикасында ай­тылған. Тәрбиенің ізгі шарты ата-ана ұл-қызына өзін үлгі тұтып, сыйлайтындай дәрежеде өнеге көрсетуі бол­са керек.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА