Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазғандай, «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адаса бастайды». Ақылға сыйымсыз еліктеушілік, әсіресе тіл, білім, дәстүр, өнер саласында қауіпті. Мәселен, сәбилерді де кеңестік интернационализм идеологиясына бейімдеуге ұмтылған сол кездегі этнопсихологтер бірнеше республикада балаларға ұлттық астары бар суреттерді ұсынып, ұнағандарын таңдаңдар деген. Орыс балалары Кремль, ақ қайыңдарды, грузин балалары тауларды, қазақ балалары далада шауып келе жатқан аттың бейнесін ұнатқан. Экспериментті жүргізушілердің балалар атамекендеріне қарамастан Кремльді таңдар деген болжамдары ойдан шықпаған. Ұлттық рух нәзік, оның терең жұмбақ сырын ұлттың перзенті жас кезінен бойына сіңіреді.

Ұлттық рухтың ұрығы сәби бойына ұлттық табиғи және әлеуметтік ортаның әсерімен өзінен-өзі себілетінін ғалымдар біле бермеген. Ұлттық идеяны бойына сіңірген, қазақ күй құдіретін сезінетін музыка маманы, қазақ перзенті ғана Құрманғазы оркестрінің дирижері бола алар. Дін де солай. Қасиетті Құранды аударған басқа дін өкілдері оның түрлі сырын, сиқырлы символдары мен таңбаларын, әуендері мен ырғақты дыбыстық интонациясын бере алмапты. Құрантанушы, ағылшын тілін жетік меңгерген араб ғалымы ағылшын тіліне аударған Құран Кәрімді оқып, бұл басқа кітап деген екен.
Ұлттық тектік сана қасиетті генетикалық кодқа негізделген тұқым қуатын қандас бауырластық деген пікір де орныққан. Орыс философы Бердяев оны «здоровый инстинкт нации» десе, примордиализм теориясы ұлттық қасиет табиғаттан, тіпті Құдайдан беріледі деп түйеді. Шындығында да ұлттық қасиеттер адам санасына ежелден тән. Туысқандық топтасу, туыстық қарым-қатынастар адам дамуының бір маңызды ортасы. Адамдардың өсіп түлеуі, сан жағынан ұлғаюымен бірге ұлттар құрылымы да күрделене түседі, қандас, сүйектік жақындықтар кең көлемдегі қауымдастықтарға бауырластық, рулық, тайпалық топтасу ұлт деген кең арнаға ұласады. Ортақ тіл, дін, дәстүр, мәдениет адамдарды бір-біріне бауыр етеді. Уақыт өте келе өзін ұлтқа жатқызу өзіне сүйеніш көретін ішкі жан дүниесіне айналады.
Бірақ табиғи ұлттық тұлғаға өзінен өзі берілмейді. Бұлбұл – әнші құс, әншілік оған табиғаттан туа біткен. Ал адамның туа біткен әншілік қабілетін жылдар бойы оқу-біліммен тәрбиелеу, дамыту керек. Адамның саналы пендеге айналуы, ұлттың өкілі болудың жолдары күрделі де қайшылықты. Англияда бір ғасырдан астам өмір сүріп жатқан орыс отбасының бесінші буынының өкілі былай дейді: «Тегімде бір тамшы ағылшынның қаны болмаса да, мен 100% ағылшынмын». Бірақ орыстық тегі, ұлттық сана-сезімі шайылмаған.
Ұлттық сана-сезім этностық қауымдастықтың ең бір тұрақты, берік, мызғымас тірегі. Қытайда 50-жылдары халық санағы бойынша 700 ұсақ этностық топтар тіркеліпті, кейін ол деректерді қайта қарап, этностардың санын 30-ға дейін түсірген. Қазақстанда 100-ден астам этнос бар деп айтқанымызбен, елімізде бір ұлт – қазақ ұлты және диаспоралар бар. Басқалары халық санағы жүргізілгенде орыстанғандарына қарамастан өздерінің тегін атаған. Біздің заманымыздан 800 жыл бұрын Ассирия империясы болғаны белгілі. Мәскеуде бірнеше мың ассириялықтар тұрады, олардың 84 пайызы әлі де арғы ата-бабаларының тегін дәл көрсеткен. Дегенмен жеке адамның өзін бір ұлтқа жатқызу сол ұлттың құндылықтары бойында бар дегенді білдірмейді.
Ресейде ұлтым қазақ, тілім орыс дейтіндер көбейіп келеді. Татарстан мен Башқұртстанда ұлтым – татар, болмаса башқұрт, дінім – православ дейтіндер ұлттың оннан бірін құрайды. 1917 жылға дейін Ресейде шоқынған 300 мың татар болған. Бүгінде олардың ұрпағын «крещенка» дейді, олар дербес топ. Сонымен қазақ болудың амалы, жолдары қандай?
Біріншіден, атамекенде өмір сүру. Дегенмен Қазақстан сияқты байтақ елдің аймақтарында қазақтардың қоныстануы бірдей емес. Аймақтық этнодемографиялық ерекшеліктер де әртүрлі ұлттық сана-сезім, қөңіл күйге негіз болады. Айталық, Солтүстік Қазақстан аймағында тұратын қазақтар мен Оңтүстік Қазақстан қазақтарымен салыстырғанда ұлттық тұрғыдан қазақ тілін меңгеруі, өздерін сезінуі мен көңіл күйлері, мәртебелері ерекше екені белгілі. Атамекенде өмір сүрген қазақ пен шетелдерде өмір сүрген қазақтардың ұлттық психологиясында ерекшеліктер көп. Сондықтан Қазақстанда тұрып қазақы тілдік орта қалыптаспаған елді мекендерде әртүрлі деңгейде ассимиляцияланған қазақтар бар. Сонымен бірге шетелде тұрып ұлттық келбетін толық сақтаған қазақтар бар.
Екіншіден, қазақ болу қай тілде білім алуына байланысты. Қазақ мектебі мен орыс мектебінде оқитын балалардың ұлттық менталитетке қарай ерекшеленетіні белгілі. Енді ағылшын тілін, егер ол тілді орыс тілі арқылы үйретсе, ұлттық азғындауға апара ма деген қауіп бар.
Замандасым «менің немереме үш тіл үйретеміз деген мұғалімдер оны қай тілдің ана тілі екендігінен адастыратын түрлері бар, әйтеуір отбасында қазақ тілін сіңіруге тырысып жатырмыз» деп ренжиді. Өскенде қай тілді ана тілі деп таңдайтынын сұраса: «ата, қазақ тілін біліп, қазақ болғым келеді» депті немересі. Ол отбасылық тәрбиенің ықпалы болар. Дегенмен қазақ болу бүгін оңай емес. Рухани тартыс отбасыларда да осылай жүріп жатыр.
Осыдан келіп, үшінші жағдай, отбасы және неке мәселесі алға шығады: ол отбасында тілдік қарым-қатынас. Ата-аналарының тегіне қарамастан орысша сөйлеу дағдыға айналған қазақ отбасылары көп екені белгілі. Ал аралас некеден туғандардың антропологиялық келбеті, тілі, мәдениеті, ұлттық ұстанымдары ерекше. Мынадай бір заңдылықтарға әлеуметтанушы ғалымдар назар аударады. Егер Ресейде тұрып анасы орыс, Өзбекстанда тұрып анасы өзбек болса, қазақ балаларына анасының тілі, мәдениеті үстем болады, кейде өсе келе әкесінің ұлтынан бас тартады, фамилиясын да өзгертетін жағдайлар бар. Қазақстандағы әкесі қазақ, анасы славян тегінің ұрпақтары қазақ болып жазылғанмен, көбінің тілі мен жан дүниесі бәрібір анасына жақынырақ.
Төртіншіден, қазақ болуға дәстүрлі дін қуат береді. Діннен ажыраған қазақтар ұлттық қасиеттерден де айырылады. Ортақ дінінен айырылған осетиндер мұсылман мен православ болып бөлінсе, түрік-месхетиндер грузин, католик дініндегілер француз, исламды қабылдағандар түрік, татар болып кетті. Бірақ әртүрлі дінге бөлінген ұлттар ғасырлар бойы қанға сіңген ұлттық дәстүрден, дағдыдан түгел қол үзбейді. Ұлттық құндылықтардың құдірет күші осында. Мұсылман осетиндер православ осетиндер туралы «бізден айырмашылығы олар доңыз етін жейді, өз мерекелері мен діни жоралғыларын ұстанады, ал көне дәстүрлерді, әсіресе ауыз әдебиетін православ осетиндер ұмытпаған», дейді. Бірақ уақыт өте, ұрпақ алмаса келе ұлттық символдар әлсіреп жойылады.
Христиан, басқа да дінге ауған қазақтардың жерлеу рәсімдерін орындауда дау туатын жағдайлар кездесіп қалады. Жақын туыстары марқұмның арғы тегі қазақ, мұсылман, сондықтан шариғат жолымен аттандырайық, мұсылмандар зиратына қояйық десе, қабылдаған дінінің өкілдері оған келіспейді, өз рәсімдерін орындатады. Осылай имандылық пен имансыздық арпалысуда.
Бесіншіден, ұлттың тарихын, өткенін білген халық болашақтың да иесі болады, ал білмеген ел балалар үйінде тәрбиеленген тегін білмейтін жетім баладай. Қазақ оларды мәңгүрттер десе, орыстар «Иваны, не помнящие родства» деп олардан жиренеді. Тарих қазақтың елін, жерін, ел басына қауіп төнгенде бірлікті қастерлейтін мінезін танытады. Көп нәрсені бабаларының шежіресінен біледі, осылай ел тарихы мен отбасы тарихы ұштасып жатады.
Алтыншыдан, кіші отан, ауыл-аймақ, жерлестік, туыстық қарым-қатынастардың қазақ мінезіне әсері мол. Туған елге тағзым, қолдап қолұшын беру перзенттік парыз, ерекше көңіл күй туғызады. Қазақ шетелге шықса қазақ, ал Астанада, Алматыда кейде «олар – астаналықтар», «ана жүздің қазақтары» деп жатады. Ақтөбеде олар «әлімдер», «шалқарлықтар» десе, Атырау мен Ақтауда «адай-таздар», «доссорлықтар», «жаңаөзендіктер» деп жатады. Бұл мекенжайлар мен туысқандыққа байланысты айтылатын орынды анықтамалар. Сондықтан да қазақ жеті атаға дейін қыз алмасуды қолдамайды. Торқалы той мен топырақты өлімде ағайын-туыстар қолұшын береді. Ал кейде рулық рушылдыққа, жерлестік жершілдікке ұласып жатады. «Мысалы, жершілдікті алайық, – деп жазады Елбасы, әрине туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзінің біртұтас ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды».
Аймақтық патриотизм сол аймақтың тарихи, экономикалық, табиғи, мәдени, территориялық, басқа да ерекшеліктеріне байланысты қалыптасады. Әрдайым басқа аймақтармен салыстыру орнын айқындау, аймақты бәсекеге қабілетті ету ұмтылысы азаматтық парыз.
Жетіншіден – қазақтың қазақ болуына сыртқы әлем, басқа ұлттармен қарым-қатынас әсер етіп, біз «қазақтар» және «олар», «басқалар», «бөтендер» деген психология қалыптасып, салыстыру, бәсекелестік ой туады. Сондықтан «ұлт – ұлттың айнасы» деген сөз де бар. Отарланған, қуғын-сүргін көрген қазақтарда әлде де өздеріне жағымсыз баға беру, басқаға жалтақтық, өз тіліне, мәдениетіне сенімсіздік білдіру, тым басқаларға еліктегіштік бар. «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деген Әлихан Бөкейхан.
Тарихи отанына, орыс тілінің үстемдігіне арқа сүйеген орыс диаспорасы, славян тектілер әлі де байырғы астамшылықтан арылар емес. Әлемдік тәжірибеде сан жағынан басым ұлттың тілі қолданыста басым тіл болатыны белгілі, оны мамандар үстем тіл, басым тіл дейді. Қазақстандағы жағдай өзгеше, сан жағынан аз халықтың, орыс диаспорасының тілі басым, үстем болып отыр.
Сегізіншіден, урбанизация үрдісі ауыл қазақтарын қалаға қоныс аударды. XX ғасыр басында қазақтардың 3%-ы ғана шағын қалашықтарда тұрса, бүгін қазақтардың 60%-ға жуығы қалада тұрады. Қазақтар дәстүрлі қоғамнан индустриалды, тіпті постиндустриалды қоғамға аяқ басты. Бірақ индустриалды ұлтқа әлі айнала алмады. Қала қазақтана бастаса, ауыл қазағының да дәстүрлі келбеті өзгере бастады. Негізінен орыстілді ортада енді қазаққа қазақ болу, ұлттың менін сақтау оңай болмай тұр.
Тоғызыншыдан, жаһандану үрдісі де ұлттарды бір стандартқа бейімдеп, ұлт ішіне жік салуда. «Жаңа қазақтар» пайда болды, ұлттық мүддеден аластану ірі көрініс алып отыр. Алыс-беріс, жақындасу барысында ұлттық ерекшеліктердің бояуы солғындап бара жатқан тұстары да бар және бұл бағыт бүгінде күш алуда. «Космополиттік мемлекет», «Космополиттік ұлт», «Ғалам адамы» деп мақтанатындар қазақ арасында көбеюде.
Қазақстан бүгінде тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналды. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәйгеге түсті және бұл бәсекелестік күресте ғасырлар қиыншылығын көріп, әлі еңсесін көтере алмай келе жатқан қазақ тілінің аман қалуы қиын.
Сонымен бүгінде қазақ болу көптеген жағдайларға тәуелді. Кейбір жағдаяттар қазақтың рухани күшін арттырса, кейбірі ұлт рухына сай келмей оны әлсіретеді. Ұлт болмысына ұлттық пен ұлтсыздық, имандылық пен имансыздық, шынайы руханика мен «рухани» алаяқтық үнемі екі жақты ықпал етуде. Сондай-ақ қазақтардың білімі, мәдениеті, діндарлығы, кәсіби деңгейі, экономикалық табысы, тұрмыстық жағдайы, қоныстануы (ауыл, қала), туып-өсуі, өлім-жітімі, отбасы және оның беріктігі, аралас некелер, қылмыстылығы, бір сөзбен айтқанда ұлттың әлеуметтік сапасы оның келбетін анықтайды.
Бүгінгі қазақтардың ішкі жан дүниесі күрделі де қайшылықты. Парықсыздық, немқұрайдылық, «маған бәрібір, тамағым тоқ, көйлегім көк» болса дейтіндер; нарциссизм, мақтанғойлық, ұлт әлсіздігін мақтанмен толтыру, шамадан тыс қазақты мақтау, тіпті кейде басқа халықтарға қарсы қоюға, оқшаулануға дейін бару, ұлтсыздық, оларды ақ сүт берген анасының омырауын тістейтіндер дейді, нигилистер бара-бара басқа тілге ауысады, тіпті сонысымен мақтанатындар бар.
Бірақ қазақтың келбетін құрайтын тек бұлар емес. Бірқатар ұлттанушы ғалымдардың негіздеуіне қарағанда, ұлтта организм, ерекше этно-әлеуметтік организм, басқалар сияқты оның пайдаға жарамсыз шығындары, кәдеге жарай алмайтын қалдықтары болатынын айтады. Кейде тіпті оны жеті пайызға дейін деп кесіп-пішіп жатады. Олар қазақтың арасында да бар. Қазақтың кемшін тұстарын білетіндер – оған күйінетіндер. «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» дейді Абай. Сөйте тұра елін өрге сүйреуге тырысатындар бар. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» дейді хәкім Абай.
Бүгін қазақ болудан қалып барамыз дейтін пессимистік ойлар жиі айтылады.
Дегенмен ұлттық азғындаудың әртүрлі көріністерін мойындай отыра, бүгін ұлттық рух, патриотизм қазақ халқының бойында бар, бірақ реңі, түрі, ерекшеліктері әртүрлі деген реалистік ой-пікір басым.
Бүгінде заман өте күрделі. Әсіресе елдің бірлігі, тұтастығы ойландырады. Елдік сана, бауырмалдық сезім бір-бірімізді қолдауға, қорғауға жетелейді.
Неміс философы Ф.Ницшенің айтқаны бар: «Бәрінен де мықты байлап тастайтын көзге көрінбейтін жіптер» деп. Ол көрінбейтін алтын жіптер – ұрпақтардың рухани байланысы, сабақтастығы.
XX ғасыр басында ресейлік әлеуметтанушы П.Сорокин «әрбір қоғамның тағдыры оның адамдарының сапасына байланысты... Ақымақтар мен қабілетсіздерден тұратын қоғам еш уақытта табысқа жетпейді. Олардың қолына керемет конституция, бағдарлама берсең де, тамаша қоғам жасай алмайды. Керісінше, жігерлі, білімді адамдардан тұратын қоғам жетістікке жеткізеді» деді. Сондықтан қазір қоғамның адамдық материалының сапасы қандай болса, болашағы да сондай болады. Тәуелсіздік заманында рухы қазақ интеллектуалды мамандар қалыптасуда.
Амангелді АЙТАЛЫ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы
Қоғам • Бүгін, 09:45
Президент қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады
Қоғам • Бүгін, 09:31
Елімізде «Жер сағаты» акциясы өтеді
Қоғам • Кеше
Биылғы Ораза кестесі жарияланды
Дін • Кеше
Ұқсас жаңалықтар