Медицина • 29 Маусым, 2018

Ел үшін егілген бақ

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел үшін егілген бақ

– Иә, жігіттер, кеп қап­сың­дар, – деді орманшы үзеңгіден аяғын босатып жатып.

Қимылы ширақ екен. Ат тіз­гінін немересіне ұстатты да, бізді бауға қарай бастай жөнелді. 

– Ақсақал, мына бақты біреу еккен бе, жоқ әлде, өзі осылай өсіп-өнген бе?!. – деп сұрадық біз таңырқап.

Тау жоталарындағы алма, өрік, алша, қара өрік ағаш­тары иіліп, жемісін әзер кө­теріп тұр. Расында да, таң­ғажайып бақ. Түндегі жау­ған жаңбыр тамшылары қалың жапырақтардың арасынан сығалап, күн көзіне шағылысып жалт-жұлт етеді.

– Е-е, – деді қарт орманшы қарсы алдымыздағы баққа қарап күлімсіреп. – Бұрын бұл тауда тек жабайы алма ғана өсуші еді ғой. Енді міне, өздерің куәсіңдер... Жемісімді үзіп ал да жей бер деп тұр­ған жоқ па?!. Одан қалса, сөмкелеріңді толтырып ала кетіңдер. Ел үшін егілген бақ қой бұл!..
Орманшы қарттың өзі де, сөзі де бізге сондай қызық көрінеді. Тап бір күн шуағынан жаралып, ғайыптан пайда бола кеткен ертегідегі данагөй қария секілді. 

«Ел үшін... Қызық екен? – деген ой келеді басымызға. – Бақ түгілі, жерде жатқан заттың да өз иесі бар емес пе?..» 

– Иә, – деп күлімсіреді қарт орманшы біздің ойымызды көзімізден оқып тұрғандай басын изеп. – Қазір мен сендерге бұл баудың қызық тарихын айтып беремін...

Сөйтті де ол әңгімесін бас­тап кетті.

* * *

– Біз майданға аттанатын күні тау жақтан алып-ұшып жеткен жездем жарықтық: «Апыр-ай, естіген заматта асығып, алды-артыма қарамай шаба жөнелдім. Жол-жөнекей қолыма бар іліккені осы болды. Туған жердің жемісі ғой. Тым құрыса, осыны жолыңа ала кет», деп бір дорба алма ұсынды.
Көкжиекке батып бара жатқан күн сияқты қып-қызыл, доп-домалақ же­міс­терді кеудеме қысып, ұзай бердім.

Кешкілік стансадан «тауар­ный пойызға» мінгенімізде барлығын қасымдағы жігіт­терге үлестіріп бердім де, өзіме алып қалған біреуін жол­қап­шығыма салып, көпке дейін сақтап жүрдім. Ауыл еске түскенде, міне, бүйтіп... мұр­ныма тақап, иіскеп-иіскеп қоямын... 

Әне, сол кезде алғаш рет: «Осыдан елге аман-есен оралсам, Тәңіртаудың бөктеріне бау өсіріп, армансыз өмір сүрер ем-ау!» деп ойлағам.
Міне, бұл бақ – менің сол арманымның жемісі! 

* * *

Содан бері де талай уақыт өтті арада. 

Баяғы Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысып, Ресей, Карелия, Заполярье, Норвегия, Польша жерлерін аралап өтіп, ауылға аман-есен оралғаннан кейін қазіргі Түркістан облы­сындағы Сай­рамсу қорығында орманшы болып жұмыс істеген Екінші дәрежелі «Даңқ» орде­­нінің кавалері Әуел Ыс­қа­қов атамыздың осы бір әң­гімесі ешқашан да есімнен шықпайды.

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»