Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Қоныстарын Ақтөбеден тапты

505 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күнделікті өмірде елене бермейтін мәселенің бірі – сыртқы көші-қонның жағдайы. Оны «ұлы көш» деп атаса да, «үлкен көш» деп атаса да артықтық етпейді. Дүниенің әр қиырына тағ­дырдың жазуымен тарыдай шашырап кеткен ағайындарымыздың атамекеніне бет бұруы – жағымды жайт, мемлекет құраушы ұлт­тың үлесін толықтыра түсетін құбылыс. Жо­ғарыда аталған көшті жүргізу жоғары мем­ле­кеттік органдардан ғана емес, сонымен бірге өңір басшыларынан да жүйелі жұмысты талап етеді. Өзге елден өз ота­нына оралған қан­дастарымызға жайлы жағдай туғызу – ортақ па­рызымыз. Әсіресе олардың белгілі бір қоныс пен баспанаға қол жеткізуі және еңбекпен қамтамасыз етілуі елеулі рөл атқарады. «Нұрлы көш» бағдарламасының басты арқауы да осы арнадан тамыр тартады. Сыртқы көші-қон бағдарламасына қатысты алғанда айтылар ойдың бір ұшы аталған мәселеге табан тірейді. 

Қоныстарын Ақтөбеден тапты

Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйек­терге кезек берелік. Айталық, еліміз тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен кейін таяу және алыс шетелдерде тұратын бауырларымызды көбірек қабыл­даған өңірлердің бірі – Ақтөбе. Осы аралықта облыс аумағына 8178 отбасы қоныс аударыпты. Олардың басым көпшілігі Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстан республикасынан келді. Бұдан кейінгі кезекте туған топыраққа бет бұрғандардың қатарын Ресейден, Моңғолия мен Қытайдан және Ираннан келген қандастарымыз құрайды. 

Егер Ақтөбе аймағына саны бойынша ең көп қоныс аударғандар Қарақалпақстаннан келгендер деген тұжырымды тағы да нақтылай түссек, бұл елден 6037 отбасы немесе 30186 адам келіп құтты қоныстарын Ақтөбеден тапқан. Қазіргі кезде отандастарымыздың саны табиғи және демографиялық өсім есебінен өсіп келеді. Яғни жиынтық сан бойынша есептегенде көрсеткіш 42260 адамға жоғарылаған. Тағы бір көңіл аударар мәселе отанына оралған ағайындарымыздың сандық факторға қоса сапалық құрамы да жоғары екенін айтқан жөн. Өйткені олардың арасында ғылым докторлары мен кандидаттары, жоғары техникалық мамандар және мәдениет пен өнер қайраткерлері жүздеп саналады. 

Ақтөбе өңірі аумағының кеңдігі жөнінен Қара­ғанды облысынан кейінгі екінші орында тұр. Ал оның оңтүстік бөлігіндегі шекарасы Қарақалпақстанмен шектеседі. Өзге таяу және алыс шет елдермен салыс­тыра қарағанда сыртқы көші-қонның үлесі аталған республикадан көбірек болуы осындай шекаралық жақындастыққа, сондай-ақ Ақтөбе аймағының жыл сайын өсіп-өркендеп, адамдардың сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызылып жүргенінде деуге болады. 

Біз бұған дейін сыртқы көші-қон мәселе­лерін реттеудегі басты қағидаттар ретінде отандас­тары­мыздың тұрақты қонысты иеленуі мен жұмысқа орналасуы екенін жазған едік. Бұл ретте өңірде жүйелі жұмыстар қолға алынып, қандастарымыздың өмір сүріп, еңбек етуіне барлық қажетті  жағдай жасалды. Бүгінде олар өңір экономикасының өрге басуы­на лайықты үлестерін қосып жүр. 

Ақтөбеге қоныс аударған қандастарымыздың ұл-қыздарын облыстың жалпы білім беретін мектептеріне қабылдау ісінде де алдын ала ұйым­дастыру шаралары жүргізілді. Рас, алғашқыда  жалпы орта білім беретін мектептерге түсетін жүктеме мен оқушылар саны өсіп кеткендіктен қиындықтар туындап, екі және үш ауысымдық оқу кестелері кездескені рас. Дегенмен қазіргі кезде облыс орталығы мен аудандарда қосымша жаңа мектеп ғимараттарының бой көтеруі бұл тығырықтан шығуға жол ашып отыр.

...Отандастар көші одан әрі жалғасуда.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ