Қазақстан • 01 Шілде, 2018

Абай ұстаған тұмар домбыра көрмеге қойылды

1261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай Құнанбайұлы өзінің досы Н.И.Долгополов арқылы 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған тұмар домбырасы Жидебайдағы музей-үйінен арнайы Семейдегі Бас музейге жеткізіліп көрермен назарына ұсынылды. Тұмар домбыра Абай алақанының табы қалған өте құнды жәдігерлердің бірі.

Абай ұстаған тұмар домбыра көрмеге қойылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінде ұйымдастырылып отырған көрме Елбасымыздың Ұлттық домбыра күнін бекіту туралы жарғысының халық арасында үлкен қолдау тапқанының көрінісі.

-Хәкім Абай қазақтың кез келген өнер түрін үлкен талғаммен аса жоғары бағалап отырған,-деді Абай музейінің қызметкері Мейіржан Нұрланов,-ақын өз тарапынан оларды дамытуға үнемі қамқорлық жасағаны Абайға қатысты естелік еңбектерден белгілі. Маңайына тек әнші мен күйшіні, ақын мен жыршыны топтастырып қана қоймай, ел ішінде он саусағынан өнер тамған ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін таратушы ұсталар мен зергерлерді, ағаш шеберлерін, ісмерлерді іздестіріп арнайы тапсырмалар беріп, құрметтеп, басқаларға үлгі еткен. Абай ауылының әншісі Әлмағамбет Қапсәләмұлы, Ахат Шәкәрімұлы, Әсет Найманбайұлы, Мәдениет Ешекеұлы, Шәкір Әбенұлы, Мұсахан күйшінің домбыралары көрмеден орын алған.

Сонымен қатар көрмедегі Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет пен Дина сынды атақты күйшілер туралы және дәстүрлі қазақ өнерімен халықты сусындатып жүрген өнер тарландары туралы А.Жұбановтың «Құрманғазының күйлері қалай шыққан», Т.Ибрагимов, С.Малаевтың «Шыңғыстау өңірінің шертпелері», Ш.Әбенұлының «Әнім мен күйім-халқыма сыйым» еңбектері, мәдениет пен өнерге қатысты кітаптар мен мерзімді басылымдар келуші меймандардың қызығушылығын тудырары анық.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

Суреттерді түсірген автор 

СЕМЕЙ