Аймақтар • 03 Шілде, 2018

Қарашевтардың қарышты қадамы

714 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қабағынан қар жауған қарт Тарбағатай жырақтан қарасаң тым су­ық, сұсты. Қарлы шыңдарының етегі бұлыңғыр тартып дымданып тұ­рады. Қысының қары қалың, жазы салқын бұл өңір ешкімді де жат­сынбайды. Жақындап қойнына ене берсең сенен жылуын аямайды. Бауырына басып, баласындай мәпе­лейді. 

Қарашевтардың қарышты қадамы

...Тоқсаныншы жылдары елге жаңа жүйе еніп, әркім жеке отауын құрып жатқанда Қарашевтар «Юбилейный» ЖШС-ін құрып, бір кез­дері «Аксаковка», «Юбилейный» аталған кеңшарды ыдыратуға жол бермей, сақтап қалуға күш салды.

– Бастапқыда бұл ісімізге күдік­пен қарайтындар көп болды, – дейді бүгінде «Юбилейный» ЖШС бас­шысы Мамырбек Қарашев. – Ұжым­ды таратпай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара, бірлесе еңбек ету бастамасын қолдаудан гөрі кері тартатындардың көп бола­тыны белгілі ғой. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып бір жүйеге келгенше әрі-сәрі күй кеш­ке­німіз рас.

Ұзақ жолға шыққан керуен жүгін тез түзеп алды. Тарбағатайдың қой­нау­ында отырған ауыл жұрт­шылығы өзгеден көмек күтпей, өз еңбектеріне арқа сүйеді. Айрандай ұйыған Көлденең атты алақандай ауылдың атағы алысқа тарады. 1994 жылы Президент Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасын иеленген комбайншы жас жігіт Мамырбек Бақтығазыұлы мен бүгінде маусым кезінде 100-ден аса жанның басын біріктіріп, жұмыс көзін тауып беріп отырған ұжымның арасында тарих салған соқпақтар жатқаны рас. Жыл сайын «Үздік салық төлеуші» атағын жеңіп алып келе жатқан серіктестікке мұндай мәртебе өздігінен келген жоқ, әрине.

– Юбилейныйлықтар бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін дұрыс тү­сініп келе жатқан ұжым. Ауылдағы кө­мекке зәру, тұрмысы төмен отбасыларына, жастары егде тартқан қариялар мен мектеп ұжымына үнемі қолдау білдіріп келе жатқан Мамырбек Бақтығазыұлына алғыс айтамыз, – деді ауыл әкімі Сайлаухан Естемесов. – Ол ауылдағы мешіт, спорт кешені, қатымхана, мейрамхана, наубайхана, сұйық май шығаратын зауыт, қырман, машина-трактор жөндеу шеберханасы, аудан орталығындағы диірмен, – бар­лығының жұмысын алға бастырып отыр.

Қазіргі кезде облыс әкімі Д.Ахметов­тің тауарлы сүт фермаларын қайта жаңғырту идеясын қуаттап, аталған іске бел шеше кіріскен Мамырбек Көлденең ауылына ұзын­дығы – 120, ені 10 метрді құрай­тын қоражай салып, сиыр сауатын құ­рыл­ғылар сатып алды. Арнайы си­ыр бұзаулайтын және сауын сиыр тұратын қоражайлар қазір өнді­ріс­ке сақадай-сай. Сондай-ақ асыл тұ­қымды «Симменталь» сиырлары, Ресейден әкелген «Алтай», «Рысак» тұ­қымды жылқылары, қа­зақтың «Байыс» тұқымды қара қой­лары мен «Гиссар» қойлары да осы ша­руа­шылықта. Бағуы келіссе қой­лар­дың өзі 100 келіден ет бере алады.

Осының бәріне азық керек еке­ні белгілі. Көлденең ауылы жері құнарлы, шөбі шүйгін жерде орна­ласқандықтан астық өсіру – серік­тес­тіктің басты міндеттерінің бірі. Би­дай, арпа, күнбағыс секілді дәнді, май­лы дақылдардың әр гектарынан үнемі жоғары өнім алуға қол жет­кізіп келеді.
– Биыл 20 миллион теңгеге осы дақылдарды кептіретін агрегат сатып алдық, – дейді серіктестік басшысы. – Сол сияқты күнбағыс дәнін себетін «Матармакс» атты 3 тұқымсепкіш, 5 «Беларусь», 3 комбайн алдық. Бұдан өзге өзіміздегі «Заря» күнбағысына қосым­ша 23 миллион теңгеге жуыр­да ғана шетелдік «Санай», «Кон­ди», «Тристан» атты күнбағыс тұ­қым­дарын әкелдік. Сондай-ақ, Өскемен қаласындағы тәжірибе алма­су орнынан «Дарья», «Тома» деген бидай тұқымдарын сатып алған­быз. Алла қаласа, көктем шыға жер­ге сіңірмекпіз. Жерің қан­дай құ­нарлы, бонитеті жоғары болға­ны­мен, тыңайтқышсыз іс бітпейді. Жамбыл облысынан «аммафос»

ты­ңайтқышын, күздік бидайға Ақтау қа­ласындағы «Қазазоттан» селитра алып жерді тыңайтамыз. Бір сөзбен айтқанда, бәсекеге қабілетті, жаңа заманға лайық іс жасасақ деген ой.

...Биыл Тарбағатай қойнауына көк­тем кешігіп келді. Диқан қауымы мен малшылар күннің райын бақы­лап жата алмайтын халық. Бірі кетпен, күрегін алып, атыз бойлап кетсе, бірі мыңғыртып малын өргізіп Бар­қытбелдің бауырын жайлауда...

Берікхан ТАЙЖІГІТ,
журналист

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы